ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ: КӘСІПТІК ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту және оларды қоғамға қайта бейімдеу шараларын жетілдіру мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиында пробация есебіндегі тұлғаларды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, кәсіптік оқытуға тарту, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ олардың қоғамға бейімделуіне қажетті жағдай жасау бағыттары талқыланды. Кеңес барысында бұл туралы Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтов баяндады.
Бүгінде пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша облыста пробация есебіндегі 436 азамат жұмыспен қамту шараларына өтініш берген. Оның 401-і жұмыспен қамтылды.
Атап айтқанда, 307 адам тұрақты жұмыс орындарына, 55 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар 5 адамға қайтарымсыз грант берілді. Бұл ретте аталған санаттағы тұлғалардың кәсіп бастауына және тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылуда.
Пробация есебіндегі азаматтарды жұмысқа орналастырудың тағы бір тиімді тетігі – жұмыс орындарына квота белгілеу. 2026 жылы 119 мекемеге 180 квота орны бекітілген. Бүгінгі таңда квота бойынша 163 адам жұмысқа жолданып, жоспар 90,6 пайызға орындалған.
Бұдан бөлек, жиында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту, пробация қызметі, жұмыспен қамту органдары және жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ жиын барысында өңірдегі еңбек нарығын тұрақтандыру, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Осы шешімдер аясында Сарыағаш ауданы бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие тігінші, арнайы тігінші, пішуші мамандықтары бойынша 25 адамды кәсіптік оқытуға жіберу нақтыланды. Курстар тікелей жұмыс берушінің өндірістік орындарында өтеді. Бұл түлектерге заманауи құрылғыларды меңгеріп, оқуды аяқтаған бойда 100% жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайту және білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытында нақты тапсырмалар берілді.