Абай мұрасы және қазіргі жастар: рухани жаңғыру мен жаңа көзқарас

Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Абай мұрасы және қазіргі жастар: рухани жаңғыру мен жаңа көзқарас» тақырыбында тағылымды дөңгелек үстел өтті.
Абай – қазақ халқының рухани әлемін жаңа биікке көтерген ұлы ойшыл, ақын, ағартушы. Оның шығармаларында адам болмысы, білім мен ғылым, еңбек, әділет, ар-ұят, ұлттық сана сынды мәңгілік мәселелер кеңінен қозғалады. Сондықтан хакім Абайдың мұрасы уақыт өткен сайын өзінің өзектілігін жоймай, керісінше, әр жаңа ұрпақпен бірге жаңаша қырынан танылып келеді.Осыны мақсат еткен рухани кездесуге әдебиет пен мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым мүшелері, кітапхана мамандары мен жастар қатысты. Дөңгелек үстелдің негізгі өзегі – Абай шығармашылығының қазіргі қоғамдағы орнын айқындау, ақынның тағылымды ойларын жас ұрпаққа насихаттау және ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен сабақтастыру болды.

Кештің шымылдығы қазақтың дәстүрлі өнерімен ашылды. «Шабыт» орталығының өнерпаздары ұлттық киім киіп, қонақтарды Абайдың «Торы жорға» күйінің сүйемелдеуімен қарсы алды. Дәстүрлі өнердің әуезді үні мен Абай шығармашылығының астасуы кездесудің мазмұнын айрықша әсерлі ете түсті.Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтардың қатарында қазақтың белгілі дикторы, радиожүргізуші, ұстаз, жарты ғасырдан астам уақыт «Қазақ» және «Шалқар» радиоларында еңбек еткен Аманжан Еңсебайұлы болды.Асылы Әлиқызы Осман — белгілі қазақстандық ғалым,қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор және мемлекеттік тілдің жанашыры. Сонымен бірге ҚР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш қатысып, әдебиет пен руханияттың қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталдыБелгілі қазақ жазушысы, журналист, публицист, баспагер, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Бейсенбай Жолдасбекұлы да басқосуға арнайы келіп, өз ойымен бөлісті.Кездесудің мазмұнын кеңейте түскен тағы бір ерекшелік – қазақ руханиятының шетелдегі өкілдерінің қатысуы. Германиядан келген қадірлі қонақ, Еуропадағы қазақ диаспорасының белсенді мүшесі Сүлеймен Шатпан елден жырақта жүріп ұлттық мәдениет пен рухани мұраны дәріптеудің маңызын танытса, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға – достық» қоғамдық қорының директоры, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қалалық филиалының президенті Мұратхан Шоқан да өз пікірін ортаға салды.

Ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Абай облысы Үржар ауданының құрметті азаматы, PhD докторы Ержан Жұмабекұлы үшін де Абай мұрасы – ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды негіздерінің бірі. Ал «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің президенті Болат Құрымбаев ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды ұлықтаудың бүгінгі ұрпақ үшін маңызына тоқталды.Дөңгелек үстел жұмысына «Шабыт» орталығының өкілі Сауле Карсенова, Принтмедиа колледжінің кітапханашысы Кенжебекова Алмагүл Дүйсенбаевна, Кездесуді саясаткер, тарихшы, PhD докторы Берік Ағыбаев жүргізіп, сөз тізгінін өз қолына алды. Ол дөңгелек үстелдің негізгі мақсатына тоқталып, қатысушыларды Абай мұрасын кеңінен насихаттауға және ұлы ойшылдың рухани құндылықтарын жас ұрпаққа жеткізуге шақырды. Кездесу барысында Абайдың шығармашылық мұрасы тек әдеби құндылық ретінде емес, адамның өзін-өзі жетілдіруіне, қоғамның рухани дамуына ықпал ететін философиялық ілім ретінде қарастырылды. Әсіресе ақынның «толық адам» концепциясы бүгінгі жастар үшін аса маңызды екені сөз болды.

Абай адамды білімге, ғылымға, еңбекке ұмтылуға шақырып қана қоймай, адамдық қасиетті биік қоюды үйретті. Оның шығармаларындағы «ақыл», «қайрат», «жүрек» ұғымдарының үйлесімі қазіргі жастардың тұлғалық қалыптасуы үшін де өзекті. Ақынның білімді болу, еңбектену, талаптану туралы ойлары бүгінгі цифрлық дәуірдегі жас буынның ізденісімен үндеседі.Бүгінде ақпарат ағыны күшейіп, жастардың дүниетанымы жаһандық кеңістікпен тығыз байланыста қалыптасып келеді. Осындай кезеңде ұлттық болмысты сақтап, әлемдік өркениетке ашық болу – маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда, Абай мұрасы жас ұрпаққа ұлттық тамырын ұмытпай, жаңа заманның талаптарына сай ойлауға мүмкіндік беретін рухани бағдар бола алады.Кездесудің көркемдік бөлігі де Абай шығармашылығымен сабақтасты. «Шабыт» орталығының өнерпаздары хакімнің халық жүрегінен орын алған «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап, әдеби кештің мазмұнын әсем әуенмен толықтырды. Абайдың сөзі мен сазының үндесуі қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Дөңгелек үстел барысында қонақтар өзара пікір алмасып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Әдебиет, ұлттық құндылық, кітап оқу, рухани тәрбие және Абай мұрасын заманауи форматта насихаттау мәселелері қозғалды. Мұндай ашық пікір алмасулардың ерекшелігі – жас буынның зиялы қауым өкілдерімен тікелей жүздесіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ой-тұжырымдарын тыңдауында.

Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген гуманистік идеясы мен адамды кемелдікке ұмтылуға үндеген философиясы қазіргі қоғам үшін де маңызды бағдар болып қала береді. Оның шығармалары жастарды дайын жауап іздеуге емес, ойлануға, ізденуге, өзін тануға және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге шақырады.Кітапхана қабырғасында өткен бұл рухани басқосу Абай мұрасын ұлықтаумен ғана шектелмей, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға жол ашты. Қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің жастармен жүздесуі – ұлттық әдебиетті насихаттаудың, кітап оқуға қызығушылықты арттырудың және жас ұрпақтың рухани дүниесін байытудың маңызды тетігі.
Дөңгелек үстел соңында Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың жетекшісі Балнұр Асқарқызы кеш қонақтарына алғысын білдіріп, арнайы сыйлықтарын табыстады. Қонақтарға уақыт бөліп, тағылымды ойларымен бөліскені үшін ризашылығын білдіріп, алдағы шығармашылық және қоғамдық қызметтеріне сәттілік тіледі.
Абайды оқу – өткенді тану ғана емес, бүгінді түсініп, болашаққа бағдар жасау. Хакімнің ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан ойларының бүгінгі қоғаммен үндесуі – оның шығармашылық мұрасының мәңгілігін көрсетеді.Абай мұрасы – ұлттың рухани қазынасы. Оны сақтау, зерделеу және жас ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Кеш барысында айтылған тағылымды ойлар мен пікірлер де осы ұстанымның өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ғали Махаббат,
«Мұхтар Әуезов атындағы
кітапхананың қызметкері»
