Бағлан БӘБІЖАН. ҚАПЕЗ БАЙҒАБЫЛҰЛЫ ӘНДЕРІНІҢ МУЗЫКАЛЫҚ НОТАСЫ
04.08.2026
24
0

Биыл ағартушы-қайраткер, алаш рухты ақын-композитор Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл. Республика аумағында аталып өте бастаған бұл мерейтой барысында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, алқасөздер, республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы, республикалық кәсіби суретшілер байқауы, ғылыми экспедициялар ұйымдастырылуда.
Осы мерейтойға орай Қапез әндерінің көркемдік-музыкалық ерекшелігі туралы мақала жариялауды жөн көрдік.

Жетісуға аты әйгілі болған әнші-композитор Қапез Байғабылұлы Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ өңіріндегі Ақтоғай деген жерде 1896 жылы өмірге келген. «Ол жасынан өлеңге, әншілікке құмар болып өседі. Ауыл молдасынан сауат ашып, он бес-он жеті жасында өзі құралыптас Сауыт­ақын [ұйғыр] және Шәршікенмен бірге Стамбұлға барып, діни оқу үйреніп қайтады. Сауытақын мен Шәршікен молдалықты, ал ол ағартушылық жолын таңдайды. Жүрген жерінің бәрінде мектеп ашып, елді сауаттандыру ісімен айналысады, әншілікті де тастамайды. 1931–33 жылдардағы ашаршылық кезінде алпыс үйлі аш-жалаңаштың басын қосып, «Облатком» деген ауыл құрып, адамдарды аштықтан алып қалуға мұрындық болады» [1, 141].
Қапез халықтың арасында өмір сүргендіктен, өзін олардан бөле алмайды. Сондықтан Қапездің өзі қазақ халқының тарихын бастан кешірді, оның өміріндегі барлық нәрсе қазақ тарихымен байланысты. Ол ерте кезден бастап ұлттық істерге араласты. Оның жеке тарихы ел өмірімен тығыз байланысты. Сондықтан оның заманының тарихы оның әндері арқылы айтылады.
Сталиндік-голощекиндік әсірелеушіліктің нәтижесінде бүкіл қазақ даласын жайлаған аштық тек Қапез үшін ғана емес, оны бар жүрегімен сүйген бүкіл қазақ халқы үшін қайғылы оқиға болды.
«Қапез Байғабылұлы Сталин-Голощекин қуғын-сүргінінен алғашқылардың бірі болып зардап шекті. Оны алғашқылардың бірі деп айтуымыз бекер емес. Біріншіден, ол білімді болды. Ауыл молдасынан оқығаннан кейін, ол Стамбұлда оқыды, содан кейін Алматыда мұғалімдер даярлау курсын бітірді. Сол кезде мұндай білімі бар кез келген адам білімділердің ішіндегі ең білімдісі болып саналды» [2, 164].
Біріншіден, ол білімді. Балаларға сабақ берді. Екіншіден, ол көшбасшы болды, барған жеріне мектеп салды.
Үшіншіден, ол ақын болды. Ол қолынан келген жерде өлең жазды. Осылайша, ол белгілі бір дәрежеде қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосты. Төртіншіден, ол композитор болды. Ол өз ойларын басқаларға ән арқылы жеткізуді жөн көрді: «Егер халық әндері жоғалса, онда олардың әдебиеті де, сәні де жоғалады, егер сәні жоғалса, онда олардың жаны да жоғалады…» Ол өз іс-әрекеттерімен замандасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөздерін көрсеткен ерекше талант. Өз іс-әрекеттері арқылы ол қазақ музыкасына да үлес қосты.
Бесіншіден, ол сол кездегі Алаш зиялыларымен, мысалы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Әубәкір Жүнісов, Садық Аманжолов және басқалармен тығыз байланыста болды және ұлт мүддесі үшін күресте бірдей мұраттар мен ниеттерді бөлісті. Өзі сияқты білімді адамдардың орталығы болған отбасында ол елдегі прогрессивті ойдың отын тұтатқандармен жиі кездесті.
Алтыншыдан, Қапез өз саласында жаңашыл, қоғамның даму бағытын алдын ала болжап, белсенді әрекет ететін көреген адам болды. Бұл оның сауатсыздықты жоюға бағытталған жаппай білім беру науқаны кезінде жасаған оқыту әдістерінен, салған мектептерінің сәулетінен, сондай-ақ киім кию стилінен, әндерінің құрылымынан және өлеңдерінің мазмұнынан айқын көрінеді.
Қапез Байғабылұлы 1937 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен жер аударылып, қайтып оралмады. Коми АССР-індегі Ухта қаласында қайтыс болған ағартушы-қайраткер соңына өлмес мұра қалдырды.
Шығыс әдебиетінен мол хабардар Қапез қисса, дастандарды да көп білген. Оның бізге жеткен «Айхой», «Дүние-ау», «Қоштасу», «Үш Меркі» әндері терең мазмұндық сипатымен ерекшеленеді.
Кезінде айтуға тыйым салынғандықтан, ұмтылуға айналған Қапез шығармаларын оның жерлес әрі тағдырластары, бірге «халық жауы» деген жаламен айдалып, жастары жетпегендіктен бір жылдан кейін елге оралған Мүсілім Шәкіров, Қанәділ Әбдікәрімов және шәкірттері Нұрақын Қасымбеков, баласы Нұржігіт, немере баласы Байтайбек Әбішошев, жары Жібек жеткізіп, сол топырақта дүниеге келген әншілер Ғалымжан Досанұлы, Рамазан Стамғазылар халыққа жария еткен болатын. Қапез Байғабылұлының әндерін алғаш рет нотаға түсіріп және ол туралы аз да болса мағлұмат жинастырып кітап бетіне шығарған, оның жоқтау­шысы болған филолог, зерттеу­ші-ғалым Сағатбек Медеубекұлы және жетісу күйшілік дәстүрін зерттеуші, күйші-музыкатанушы Базаралы Мүптекеевтер болатын.
Қапез әндері күрделі әндер қатарына жатады. Оның шығармашылығында «Үш Меркі» әні қайталанған жарты шумақ формасында шығарылған. «Қайталанған жарты шумақ» термині музыкатану ғылымында қазақ әндерінің қалыпты, көп кездесетін формасы ретінде қолданылады, яғни шумақтың басында берілген бірінші және екінші тармақтағы әуен үшінші, төртінші тармақта қайталанады. Әннің бұл формасы туралы ғалым С.Елеманова былай дейді:
«…куплет народно-профессиональ­ной песни обычно состоит из четырех музыкальных фраз. Это нормативное музыкальное воплощение. В качестве нормативной выступает также структура строфы, унаследованная от кара олен – повторенная полустрофа…» [3, 89].
«Үш Меркі» әнінің композициялық құрылысы шумақ және көлемді қайырмадан тұрады. Бұл ән ең әуелі тыңдаушы құлағына біркелкі әрі күрделі ырғағымен есте қалады. Мұнда дыбыс-буын функциясы бір буынға екі дыбыс функциясымен алмасып отырады. Ән диапазоны аса үлкен емес секста ауқымында болғанымен, мұнда композитордың кәсіби шеберлігі шумақ ішіндегі 1-ші, 2-ші тармақ арасындағы асинхронды тәсілмен берілген. Асинхронды тәсіл дегеніміз әндегі сөз бен саздың үйлеспеуі, яғни поэтикалық жол біткен жерде музыкалық жол бітпейді және керісінше музыкалық жол біткен жерде поэтикалық жол бітпейді. Ән шумағының негізгі әуен берілген 1-ші және 2-ші тармағы төрт музыкалық әуен жолға бөлінеді (A,B,A1,D). Әуен жолдың аяқталғанын тұрақты дыбыстан және ұзақтығы жағынан ұзақ нотаға аяқталуынан білеміз. Сондай-ақ ән қайырмасының 7-8 буынмен құралуы үлкен композиторлық шеберліктің нәтижесі. Әннің шумақ, қайырма ішінде кездесетін «ахау», «оу», «ей» деген одағай сөздер әнді аса күрделі етіп, музыкалық фразаларды толықтырып тұрады. Ән шумағының поэтикалық құрылысы: ААВА. Музыкалық құрылысы: ABAB.
Қапез әндерінің ішіндегі ел ішіне әсіресе кең тарағаны «Дүние-ау» әні. Өлең мағынасы терме тектес өсиет, насихатқа толы. Ән шумағының поэтикалық құрылысы 11 буынды қара өлең, ұйқасы – ААВА. Әннің композициялық құрылысы шумақ және қайырмадан тұрады. Шумақтың әр жолы жаңа әуеннен құралған. Композициялық құрылысы – ABCD. Бұл қазақ әндерінде өте сирек кездесетін форма. Мұндай форма бүкіл қазақ әндерінің ішінен тек 5-6 әнде ғана кездеседі. Мысалы, Кененнің «Бозторғай» әнінде, Әсеттің «Қысмет» әнінде, Естайдың «Қорлан» әнінде осындай өзгеше формалар кездеседі. Бұл Қапездің композиторлық шеберлігінің өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Шумақтың соңғы тармағының ортасында «дүние-ау» деген одағай сөз қолданылады. Әннің диапазоны «нона» интервалын құрайды. Мұндай интервал көбінесе қазақтың күрделі әндерінде қолданылады.
Ән қайырмасының басы «оу» деген қаратпа буыннан басталады. Әннің мұндай қаратпа буыннан басталуы жоғары деңгейдегі кәсібилікті көрсетеді. Мұндай тәсілді қазақтың көптеген кәсіби әнші-композиторлары қолданған. Бұл туралы қазақ әншілік өнеріндегі кәсібилікті зерттеген музыка зерт­теуші, ғалым Саида Елеманова өз еңбегінде жазып кеткен болатын. Қайырманың немесе шумақтың жоғарғы тоникадан басталуы немесе жоғарғы тоникаға қарай баспалдақтап өрлеп басталуын ғалым АМФ деп атаған (ақындық мелодиялық формула – С.Елеманова термині). Ән басындағы жоғарғы дыбыс туралы ғалым былай дейді: «Высокий протяжной звук в верхнем (предельно высоком) регистре, как показывают музыкально-этнографические записи и современная исполнительская практика, предваряет многие народно-профессиональные песни. Но в народно-профессиональном творчестве зачинный возглас используется не только в своем прикладном качестве, он получает здесь особое развитие, превращаясь в музыкальную структуру…» [3, 76].
Ғалымның пайымдауынша, жоғарғы созылыңқы дыбыс әнді жаңаша формада көрсетеді, яғни Қапез Байғабылұлы кәсіби композитор ретінде әннің осындай дамыған формасын жасауды, шығаруды білген. Мұндай қаратпа жоғарғы дыбыстан кейін қайырманың бірінші жолындағы
V сатыдан төмен, I сатыға қарай кері секіріс қазақ әндерінде кездесе бермейтін жаңашылдық. Ән қайырмасының формасы да ерекше – ААВС. Шумақтың соңындағы екі бунақтан тұратын музыкалық әуен қайырманың соңында қайталанады, яғни тоникаға келер тәсілі шумақтың соңында да, қайырманың соңында да бірдей.
Қапез Байғабылұлының ел ішінде аса көп танылмай қалған әндерінің бірі – «Айхай». Бұл әнді қазіргі кезде Рамазан Стамғазиев және оның шәкірттері көбірек орындап жүр. «Айхай» әні үлкен октавалық диапазонмен, дыбысаралық үлкен арақашықтықтарымен ерекшеленеді. Ән ырғағы біркелкі болып келеді, композициялық құрылысы шумақ және қайырмадан тұрады. Өлеңнің поэтикалық формасы – AABA, 11 буынды қара өлең. Музыкалық формасы – ABAB, яғни қайталанған жартышумақ формасында. Ән жоғарғы тоникадан, лирикалық интонациялармен, біркелкі ырғақпен, жоғарыдан төмен қарай секвенциялық айналымдармен басталады. Қапездің басқа да әндерінде кездесетін төмен қарай тоникаға келетін субкварта бұл әнде де кездеседі. Бірінші тармақтың екінші әуен жолы «айхай» деген одағай сөзбен басталады. Қайталанған жартышумақ формасы болған соң, бұл әдіс үшінші тармақтық екінші әуен жолында да тура солай қайталанады.
«Айхай» әнінің қайырмасы да «Дүние-ау» әнінің қайырмасы сияқты жоғарғы дыбыстан «Айхай» деген одағай сөзден басталады, тек бұл әнде жоғарғы нотаға бірден емес, төменгі тоника арқылы V сатыға көтеріліп барып, IV сатыға түседі. Қайырмасының өлшемі – 4 және 7 буынмен алмасып отырады. Бірінші тармақта берілген әуен екінші жолда қайталанады. Мұндай форма қазақ әндерінде өте сирек кездеседі.
Қапез әндерінің тағы бірі – өзінің автопортреті, «Қапездің әні» деп аталады. Әннің сөзіне үңілсек, бұл Қапездің өмірінің соңында, айдалып бара жатқанда шығарған әні екенін түсінеміз. Әннің қайырмасында халқына ренжіп, Азизов деген адамнан сатқындық көргенін айтады. Бұл әннің әуені толықтай өкпе, реніш, өкінішке толы интонациялардан құралған. Әннің бастапқы әуен жолы «Айхай» әнінің алғашқы әуен жолына қатты ұқсайды. Бірақ формасы жағынан бұл әр жолда жаңа әуен берілетін күрделі, яғни шумақтың құрылысы – АВСD. Әннің диапазоны октаваның көлемінде. Әннің композициялық құрылымы шумақ және қайырмадан тұрады. Әннің поэтикалық құрылысы – AABA. Қайырманың басында Қапездің стиліне тән V сатыға баспалдақтап көтеріледі. Қайырмасының өзі екі бөлімді: біріншісі речитатив түрінде 7-8 буынды өлеңмен өрілсе, екіншісі «илигай, ах, ух» деген алексикалық сөздер мен буындардан құралған. Осы тұста одағай, алексикалық буындардың жайдан- жай кездеспейтінін музыкатанушы ғалым Ілияс Қожабеков айтып кеткен болатын. «Олар тармақтың соңында келеді де, белгілі бір ойды аяқтайды» дейді ол [4, 215]. Расымен де, одағай буын мен алексикалық сөздер әндегі сөз жетпеген жерді, әсіресе өкініш, күйініш сезімдерін барынша толықтырып тұрады. Қапездің бұл әні формасының күрделілігі жағынан бүкіл қазақ әндерінің ішіндегі алғашқы бестікке кіретін ән деп нақты айтуға болады.
Кейбір әндердің қайырмасы әннің басты драмасын ашатын бөлім болып кетеді. Мұндай әндер туралы ғалым Айжан Бердібай өз еңбегінде былай деп ойын жеткізеді: «Иногда музыка широкомасштабных припевов по всей мелодической содержательности превращается в музыкально-драматический центр всей музыкальной формы (в чем можно было убедиться на примере устно-профессиональной песни «Қорлан») и тогда припевная часть в музыкальном отношении перерастает в свои дополнительные функции и превращается в главный, ведущий импульс музыкального развития» [5, 82]. «Қапездің әнінің» қайырмасы туралы да тура осылай айтуға болады. Онсыз да формасы жағынан күрделі шумақты, екі бөлімді қайырма одан сайын күрделендіріп, толықтырып, шеберлігі жағынан толықтыра түсті.
Бұл мақалада Қапез Байғабылұлының әндері алғаш рет музыкалық теориялық тұрғыдан талданып отыр. Композитордың жалпы шығармашылығы жөнінде дипломдық жұмыстар жазылғанмен, әндері осы уақытқа дейін толық бір мақалада теориялық тұрғыдан қарастырылған емес. Қапез әндерін талдай келе, оның барлық әндеріне ортақ, келесі тұжырымдарды шығаруға болады:
Қапез әндерінің ырғағы біркелкі болып келеді;
Қапез әндерінің диапазоны «октава», «нона» ауқымында болады;
Қапез әндерінің шумақ формасы көбінде күрделі ABCD болады;
Қапез әндерінің қайырмасы
V сатыдағы АМФ-тан немесе жоғарғы тоникадан басталады;
Қапез әндерінің қайырмалары көлемді, күрделі, екі бөлімді болады;
Қапез әндерінде асинхронды тәсіл кездеседі;
Қапез әндерінің тармақ соңында төменгі субкварта кездеседі;
Қапез әндеріне минорлы тональдық тән.
Қапез Байғабылұлының осы уақытқа дейін табылып, ел ішінде айтылып жүрген әндері аса күрделі формадағы әндер. Бұл – композитордың ой тереңдігін, ән формасын құрастырудағы үлкен композиторлық шеберлігін, ақын ретінде ойын қажетті сөздермен жеткізе білетін мықты ақындық шеберлігін көрсетеді. Өзінің әнінде айтқандай, Қапез өзі жас кезінде Стамбұлға барып білім алады. Сонау қиын-қыстау заманда сондай алыс, басқа мемелекетке барып білім алуы – оның зейіні мен зеректігінің көп адамнан артық және ерекше екендігін білдіреді. Қапез әндері еліміздегі барлық музыкалық оқу орындарында үйретіліп, оқытылады. Ендігі кезек Қапез әндерінің теориялық жағынан басқа да ерекшеліктерін анықтап, оқу бағдарламасына енгізу.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір