Қазақ әншісі әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде енді
04.08.2026
20
0

К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Өнер иесі алты сағат бойы бір сәтке де тоқтамай 114 ән орындап, осы санаттағы жаңа әлемдік рекордты тіркеді. Жоба аясында өнер иесі «Ең ұзақ этномузыкалық марафон» номинациясы бойынша GBR (GLOBAL BEST OF RECORDS) әлемдік рекордын сәтті орнатып, Азия және Африка елдерінің Әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде енді.

Комиссия құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Берік Жүсіп, Азия мен Африка халықтары бойынша рекордтарды тіркеу дивизионының офицері Қуандық Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Ыдырысов болды.
Рекорд орнату рәсімі Тараз қаласында өтті. Әншіні қолдауға тыңдармандары, әріптестері мен жақындары, өнерсүйер қауым жиналды. Бақыт Шағырбаевтың айтуынша, әлемдік рекорд орнату идеясы осыдан бір жыл бұрын туған. Өнерпаз бұл бастаманың басты мақсаты қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемге таныту екенін айтты.
«Бұл жай ғана өнер де, жай ғана байқау да емес. Бұл – қазақ халқының өнерін әлемнің 200-ге жуық еліне танытатын үлкен мүмкіндік. Репертуарымда халық композиторларының әндері, термелер, халық әндері бар. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, Ілия Жақановтың шығармаларын және қырғыз әндерін орындаймын. Соның барлығы маған жігер береді», – дейді әнші.
Рекордтық бағдарлама аясында Бақыт Шағырбаев халық әндері мен халық композиторларының шығармаларынан бөлек, қазақстандық авторлардың туындыларын және онға жуық қырғыз әнін орындады. Осыған дейін бұл санаттағы әлемдік рекорд 101 әнмен тіркелген болатын.
Global Best of Records ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, Бақыт Шағырбаевтың нәтижесі ресми түрде әлемдік рекорд ретінде тіркелді.
Бақыт Шағырбаев 35 жылдан бері қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттап келеді. Оның репертуарында 400-ге жуық ән бар. Сонымен қатар өнерпаз Қазақстанның 245 ауылында тегін концерт өткізіп, ұлттық өнерді дәріптеп жүр.
Рекордтарды тіркеумен айналысатын ұйым өкілдерінің мәліметінше, биыл әлем бойынша тіркелген барлық рекорд арнайы жинақ болып жарық көреді. Басылым жеті тілге аударылып, әлемнің 200 еліне таратылады. Сондай-ақ ұлттық кітапханалар қорына тегін жолданады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір