АЛМАТЫЛЫҚ ЖАС ДАРЫНДАР ГОНГКОНГТІ БАҒЫНДЫРДЫ
03.08.2026
37
0

Алматылық өрендерден құралған «Future Axions 218» командасы халықаралық робототехника чемпионатынан қос бірдей ірі жүлдемен оралды. Бүгінгі таңда әлемдік білім беру кеңістігіндегі басты тренд — STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) саласы екені даусыз. Бұл бағытта еліміздің жас буыны халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін жыл санап дәлелдеп келеді. Осының жарқын айғағы ретінде жақында ғана Гонконг төрінде өткен беделді халықаралық «First Lego League Hong Kong Championship 2026» чемпионатында қазақстандық өрендердің айбыны асқақтап, көк туымыз биікте желбіреді.

Алматы қаласының, қазақ елінің намысын қорғаған «Future Axions 218» командасы әлемдік додада зор табысқа жетіп, ел абыройын асқақтатты.
Әлемнің кіл мықты, ең таңдаулы жас инженерлері мен робототехниктері бас қосқан бұл жарысқа жалпы саны 68 команда қатысты. Азулы қарсыластармен өткен тартысты әрі жоғары бәсекелестік жағдайында отандық құрама ерекше шеберлік пен шығармашылық тапқырлық танытты. Жарыс қорытындысы бойынша «Future Axions 218» командасы қос бірдей жоғары марапатты жеңіп алды: «INVITATIONAL 2nd runner up» — халықаралық деңгейде шақырылған ең үздік командалар арасында жүлделі 2-орынды қанжығаласа, сонымен бірге «TEAM POSTER AWARD» — команданың техникалық және шығармашылық идеясын жан-жақты насихаттаған ең үздік командалық постер номинациясын ұтып алды.
Бұл жетістік – отандық робототехника мектебінің халықаралық аренадағы үлкен жеңісі.
Еліміздің интеллектуалды әлеуетін әлемге танытқан жас кейіпкерлеріміз бен олардың жетекшілерін мақтанышпен атап өту парыз. Команда құрамында Алматы қаласындағы озық білім ордаларының оқушылары өнер көрсетті. №218 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Заманбек Ринат, №218 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Қалиасқар Іңкәр, №24 лицейдің оқушысы Тұрсын Медина, №24 лицейдің оқушысы Тұрсынбек Әдия дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылардың ортасында додаға түсті.
Оқушылардың бойындағы талантты ұштап, оларды осынау жауапты додаға дайындаған білікті маман, команда менторы — Қарағол Бақкелді Бегжанұлы. Ұстаздың қажырлы еңбегі мен дұрыс бағыт-бағдар бере алуы балалардың өз күшіне сенуіне және техникалық күрделі тапсырмаларды мінсіз орындап шығуына септігін тигізді.
Халықаралық додада топ жару — тек оқушы мен ментордың ғана емес, мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен ынтымақтастығының нәтижесі.
Жас дарындардың ғылым жолында еркін қанат қағуына үлкен қолдау көрсетіп, мектеп қабырғасында барлық жағдайды жасаған білім ордаларының басшылары: №218 жалпы білім беретін мектебінің директоры Айна Сырымханқызына, №24 лицей директоры Ләззат Бақытбекқызына, сонымен қатар қос мектептің ұстаздар ұжымына команда әкімшілігі ерекше алғыс білдіреді. Балалардың халықаралық деңгейдегі додаға баруына жан-жақты жағдай жасап, материалдық және рухани тұрғыдан зор демеу көрсеткен ата-аналардың да еңбегі ерен. Ата-ананың бала болашағына салған инвестициясы мен шексіз сенімі — осы жеңістің ең басты іргетасы болды.
Гонконгтегі жеңіс — жас зерттеушілер үшін шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын үлкен белес қана. «Future Axions 218» командасы алдағы уақытта да тоқтап қалмай, жаңа жобаларды жүзеге асыруды және еліміздің атын бұдан да биік шыңдардан көрсетуді мақсат етіп отыр.
Ел Президенті атап өткендей, заманауи әлемде тек білімді, технология тілін меңгерген ұрпақ қана бәсекеге қабілетті мемлекет құра алады. Олай болса, әлемдік аренада Қазақстанның атын озық технологиялар арқылы танытқан жас өрендеріміздің қадамы құтты, болашағы жарқын болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір