ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНА және ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР
29.06.2026
86
0

Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері 71 жастағы науқастың өмірін аман алып қалған. 27 наурыз күні 103 қызметіне шұғыл шақырту түсіп, бригада науқасқа тез жеткен. Дәрігерлер оның инфаркт алғанын және жағдайы өте ауыр екенін анықтады. Көмек көрсету кезінде науқастың жүрегі тоқтап қалғанында Ержан Жантуғанов және Гузеля Шаяхметова сынды білікті фельдшерлер бірден жүрекке массаж жасап, екі рет ток беріп, қайта соқтыра алды. Бірнеше минут­тан кейін науқастың жүрегі қайта соғып, тынысы қалпына келді. Осындай сәт­терде әр секунд маңызды. Бұл жолы да дәрігерлер уақыт­ты жоғалтпай, адам өмірін аман алып қалды.
Шымкент дәрігерлері күрделі операцияны сәт­ті жасап, жұлын ішіндегі ірі ісікті алып тастағаны да көптің назарын аударды.
70 жастағы науқас бірнеше ай бойы екі аяғының ұюына, сондай-ақ үлкен және кіші дәретінің бұзылуына шағымданған. Уақыт өте келе оның жағдайы нашарлап, №1 қалалық клиникалық ауруханада толық тексеруден өт­ті. Тексеру барысында кеуде омыртқасының 6-7 тұсында жұлын ішінде үлкен көлемді ісік анықталды. Егер ісік шұғыл түрде алынбағанда, ол өте ауыр және қайтымсыз асқынуларға, соның ішінде аяқтардың сал болып қалуына, жұлынның қайтымсыз зақымдануына әкелуі мүмкін еді. Дәрігерлер жоғары кәсіби шеберлік пен зергерлік дәлдіктің арқасында аса қауіпті аймақта орналасқан ісікті толық алып тастады. Операция бірнеше сағатқа созылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізілді. Нәтижесінде жұлын ішіндегі ісік толық алынып, ота сәт­ті аяқталды. Нәтижесінде науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған: аяқтарындағы ұю толық жойылып, үлкен және кіші дәретінің қызметі қалпына келген.
Шымкент жүрек орталығының пациент­тері де сала жетістіктеріне дән риза. Олар: «Сіздердің еңбектеріңіз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен кең жүректеріңіз адам өмірін сақтап, науқас жандарға толыққанды өмірдің қуанышын қайта сыйлауға көмектеседі. Дәрігерлерімізге, мейіргерлерімізге және бүкіл ұжымға жанқиярлық еңбегі мен өз мамандығына деген адалдығы үшін алғыс айтамыз!» – деп, медицина қызметкерлеріне жоғары кәсібилігі, ілтипат­ты қарым-қатынасы, қамқорлығы мен емдеу барысында көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Қалалық медицина тетіктері түрлі аппарат­тармен жабдықталып, денсаулық сақтау бағытындағы шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады.
Мәселен, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының қан тамырлары хирургі Ерлан Дауренбекұлы науқасқа төсек жанында планшет­тік ультрадыбыстық аппарат­тың көмегімен зерт­теу жүргізуде. Дәрігердің айтуынша, планшет­тік УДЗ аппараты – ықшам әрі тасымалдауға ыңғайлы заманауи құрылғы. Оның көмегімен науқастарды қабылдау бөлімінде, жансақтау бөлімінде және палатада, яғни төсек жанында тексеруге мүмкіндік бар. Бұл технология диагнозды жедел әрі дәл анықтауға, уақтылы медициналық көмек көрсетуге және пациент­тер үшін тексеру процесін барынша қолайлы етуге септігін тигізеді.
Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдар заманауи планшет­тік үлгідегі ультрадыбыстық диагностикалық аппарат­тармен жабдықталған. Мұндай құрылғылар диагностикалық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арт­тырып, шұғыл жағдайларда медициналық шешім қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.


Сәуір айының 6-10 күндері аралығында «ТМД-дағы денсаулық және адам құқықтары апталығы» ат­ты мемлекетаралық іс-шара өт­ті. Бұл шараның маңыздылығы ерекше, себебі Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен 2026 жыл Тәуелсіз Мемлекет­тер Достастығындағы Денсаулық сақтау жылы болып жарияланды. Бұл бастама халық денсаулығын нығайтуға, салауат­ты өмір салтын қалыптастыруға және қоғамдағы әлеумет­тік жауапкершілікті арт­тыруға бағыт­талған.
Апталық аясында Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студент­терімен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Жастар арасында психикалық денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруды, зиянды әдет­тердің алдын алу және құқықтық сауат­тылықты арт­тыруды мақсат тұтқан кездесу барысында орталықтың нарколог дәрігерлері мен мамандары студент­терге темекі, алкоголь және психоактивті зат­тардың адам ағзасына тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жастар арасында буллинг, күйзеліс, эмоционалдық тұрақсыздық және тәуелділіктің алдын алу мәселелері де кеңінен түсіндірілді.
Мамандар салауат­ты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталып, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, психологиялық тепе-теңдікті сақтау және бос уақыт­ты тиімді ұйымдастыру бойынша кеңестер айт­ты. Кездесу еркін формат­та өтіп, студент­тер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, дәрігерлерден нақты жауап алды.
Осындай профилактикалық кездесулер жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арт­тырып қана қоймай, қоғамда психикалық саулық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында зиянды әдет­тердің алдын алып, олардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Сала мамандарын қуантқан жаңалық – Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына 25 жаңа мамандандырылған автокөліктің кілтін табыстады. Арнайы техникалар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Олардың қатарында кардиографтар, дефибриллятор-мониторлар, өкпені жасанды желдету аппарат­тары, электрлі сорғылар, от­тегі баллондары және науқастарды тасымалдауға арналған арнайы құрылғылар бар.
Жедел жәрдем автопаркінің жаңартылуы шұғыл шақыртуларға дер кезінде әрекет етуге, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арт­тыруға мүмкіндік береді. Қала басшысы жауапты мамандарға техникалардың тұрақты дайындығын қамтамасыз етіп, қызмет сапасын одан әрі жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ біршама уақыт бұрын Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылғы 4 айдағы қызметінің қорытындысына арналған алқа отырысы өткен болатын. Жиын қала әкімінің орынбасары А.Сәбитовтің төрағалығымен ұйымдастырылып, денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды.


Алқа отырысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков 2026 жылдың 4 айындағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жергілікті бюджет есебінен екі медициналық ұйымға заманауи КТ және МРТ аппарат­тары сатып алынып, пайдалануға берілді. Ұлт­тық аккредит­теуден өтуі тиіс 90 медициналық ұйымның 60-ы аккредит­теліп, көрсеткіш 67 пайызды құрады. Жоғары технологиялық медициналық көмек аясында 4 айда 106 ота жасалған.
Жиын барысында медициналық және фармацевтикалық бақылау, жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал, иммунопрофилактика, МӘМС жүйесінің жұмысы және тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды қарау нәтижелері де талқыланды.
Отырыс қорытындысында мемлекет­тік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшыларына қызмет сапасын арт­тыру, халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты №7 емханада жаңа емдік және инфрақұрылымдық нысандар іске қосылғаны ел әлеуетін арт­тыруға бағыт­талған іс, яғни емхананың оңалту бөлімшесі базасында «Тұзды шахта» (галотерапия) бөлмесі ашылды. Бұл – қала емханалары арасында алғаш рет енгізіліп отырған емдік қызмет түрі. Тұзды үңгірде қалыптасатын ерекше микроклимат тыныс алу жүйесіне оң әсер етіп, бронхит, астма, аллергия сияқты аурулары бар пациент­терді оңалтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған әдіс иммунитет­ті нығайтуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, №7 емхана аумағында екі корпусты байланыстыратын өтпелі галерея пайдалануға берілді. Галерея науқастардың қауіпсіз және қолайлы қозғалысын қамтамасыз етеді. Әсіресе ауыр халдегі немесе операциядан кейінгі пациент­тер үшін ауа райының қолайсыз жағдайларынан қорғай отырып, бір бөлімнен екінші бөлімге кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Жаңа галерея мүмкіндігі шектеулі азамат­тар, қарт­тар мен балалар үшін де ерекше қолайлы жағдай жасайды әрі медициналық қызметкерлердің бөлімдер арасында жедел қозғалуына жағдай жасап, шұғыл көмекті уақтылы көрсетуге ықпал етеді.
Шымкент­те соңғы жылдары күрделі әрі жоғары технологиялық операциялар тұрақты түрде жасалып жүр. Дәрігерлер ағза трансплантациясын 13 жылдан бері шетелдік мамандардың көмегінсіз жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында бүйрекке 200-ден астам операция жасалып, оның 95 пайызы сәт­ті өткен.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының м.у.а. Жайсаң Бегайдардың айтуынша, 2026 – 2029 жылдарға арналған арнайы жол картасы әзірленген. Аталған жол картасында медициналық қызмет­тердің сапасын арт­тыру, жоғарғы технологиялық көмекті кеңейту, шетелдік және өңірлік пациент­терді мед туризм саласына тарту бойынша нақты шаралар көзделген. Өткен жылы қалада 160-тан астам шетелдік медициналық көмекке жүгінген екен. Дертіне шипа тапқандардың қатарында Түркия, Эстония мен Литва, тіпті Швейцария елдерінің азамат­тары бар. Мамандар: «Біздегі медициналық қызмет­тің сапасы мен бағасы шетелдіктер үшін тартымды болып отыр. Өйткені көршілес Ресейде дәл осындай жоғары технологиялық операциялар үш есе қымбатқа түседі», – дейді.
Тағы бір деректерге сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 11 500 орта буын медицина қызметкері еңбек етуде. Оның ішінде: 8 500-і – мемлекет­тік ұйымдарда, 3 000-ы – жекеменшік медициналық мекемелерде қызмет атқарады. Кадрлық әлеует­ті дамыту мақсатында Шымкент қаласының Жоғары медициналық колледжінің қосымша білім беру бөлімінде жыл сайын 2 500 орта буын медицина қызметкері біліктілікті арт­тыру курстарынан өтеді. Оның 1 150-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқытылады. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап Шымкент қаласы бойынша мектеп мейіргерлері арнайы сертификат­тау курстарынан өтуде. Бұл бастама алғашқы медициналық көмектің сапасын арт­тыруға және балалар денсаулығын қорғауды күшейтуге бағыт­талған.
Аймақ медицинасы халықаралық қатынастарда да игі бастамаларды жүзеге асырып келеді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков Біріккен Араб Әмірліктерінен келген медицина саласының мамандарымен кездесіп, жүздесу барысында тараптар денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ана мен бала денсаулығын қорғау, перинаталдық қызмет­ті дамыту, заманауи медициналық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу бағыт­тары қарастырылды.
Іс-шара аясында шетелдік мамандар қалалық перинаталдық орталықтың жұмысымен танысып, бөлімшелерді аралады. Орталықтың материалдық-техникалық базасы мен медициналық қызмет көрсету сапасы туралы ақпарат берілді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақыт­та бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасуды жалғастыруға уағдаласты. Мұндай халықаралық әріптестік өңірдегі медициналық қызмет сапасын арт­тыруға оң әсер етеді.
Қызметкерлерге серпіліс беру де назардан тыс қалмайды. Осындай негізде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен орта буын медицина қызметкерлері арасында «Мамандық бойынша үздік» қалалық байқауы өт­ті. Аталған байқау – медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби деңгейін арт­тыруға, тәжірибе алмасуға және үздіктерді анықтауға бағыт­талған маңызды шаралардың бірі.
Байқауға қаладағы 25 медициналық ұйым­нан 35 үміткер қатысып, алғашқы кезеңде теориялық білімдерін тексеру мақсатында тестілеуден өт­ті. Нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 16 қатысушы келесі кезеңге жолдама алып, өзара бақ сынады. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. II кезеңде қатысушылар «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында өзін-өзі таныстырып, өз кәсібіне деген сүйіс­пеншілігін, жетістіктері мен тәжірибесін таныстырды. Ал III кезеңде жағдаят­тық тапсырмаларды орындау арқылы коммуникативтік дағдыларын көрсетіп, тәжірибелік іс-әрекет­терін дәлелдеді.
Үздік фельдшер, үздік акушер, стационардың үздік мейіргері және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін үздік патронаж мейіргері деген төрт номинация бойынша өткен байқаудың қорытындысында: «Үздік фельдшер» ретінде Ольга Андреевна (жедел медициналық жәрдем станциясының №1 бекетінің фельдшері), «Үздік стационар мейіргері» ретінде Зарина Ешетқызы (№1 қалалық клиникалық аурухананың мейіргері), «Үздік акушер» аталымы бойынша Қарлығаш Маратқызы (қалалық перинаталдық орталығының акушері), «Үздік патронаж мейіргері» ретінде Нәзира Сайидвалиқызы (№2 қалалық аурухананың емханасының аймақтық мейіргері) жеңіске жетіп, барлық қатысушылар мен жеңімпаздар Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапат­талды, қалалық кезең жеңімпаздары республикалық деңгейде өтетін «Өз кәсібінің үздігі» байқауына жолдама алды.
Шымкент қалалық ЖИТС орталығы жұ­мы­сының жоғары бағаланғаны да қалалық медицина көрсеткішінің жоғары екенінің дәлелі.
Алматы қаласында Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы мен Жаһандық қор бірлесіп, «Өмір үшін бірлік» ат­ты АИТВ саласындағы медициналық мекемелер мен үкімет­тік емес ұйымдардың әріптестік диалогын ұйымдастырған еді.
Кездесуде сарапшылар АИТВ инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу шараларын, сондай-ақ медициналық қызмет­тердің қолжетімділігін кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады. Диалог алаңында тестілеуді кеңейту, үздіксіз терапиямен қамтамасыз ету, емге бейілділікті арт­тыру және стигманы төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін барлық тараптардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өт­ті. Іс-шара бүкіл мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіруге, тәжірибе алмасуға және әріптестікті дамытуға мүмкіндік беретін тиімді платформаға айналды.
Іс-шара қорытындысында Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы ұжымының кәсібилігі, халық денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігі, профилактикалық шараларды күшейтуге қосқан үлесі жоғары бағаланып, орталық Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы тарапынан жоғары алғысқа ие болды. Бұл марапат – үкімет­тік емес ұйымдармен тиімді серіктестік орнатып, Қазақстанда АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізудің айқын көрінісі.
Шаһарда тиімді жүздесулер де жиі ұйымдастырылады. Соның бірі – Шымкент жоғары медициналық колледжінің қабырғасында өткен жиында қабылданған Конституция мен медицина, саланың болашағы және конституциялық бастамалар төңірегінде әңгіме өрбіді. Іс-шара дәрігерлерді, медбикелерді, фельдшерлерді, медициналық ұйымдардың басшыларын және студент­терді біріктіріп, елдің негізгі Заңын және оның кәсіби қызмет пен қоғам өміріне ықпалын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында қатысушылар әрбір азамат­тың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу құқығын кепілдендіретін жаңа Конституция баптарына ерекше назар аударды. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арт­тыру, ұлт денсаулығын қамтамасыз етудегі мемлекет­тің рөлі мәселелері қозғалды. Сонымен қатар медициналық қызметкерлердің әлеумет­тік қорғалуы, еңбек жағдайларын жақсарту, мамандықтың беделін көтеру мәселелері кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, кәсіби тәуекелдердің алдын алу, медицина қызметкерлерін үшінші тұлғалардың заңсыз әрекет­терінен қорғауды күшейту шаралары да сөз болды.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Мұндай кездесулер медициналық қоғамдастықтың бірлігін нығайтып, саладағы өзекті мәселелерді талқылауға және оларды шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Денсаулық аптасы» аясында тұрғындарға ашық формат­та қабылдау жүргізіліп, әрбір азамат­тың өтініші мен сұрағы жеке қаралды. Қабылдау барысында барлығы 20 пациент келіп, білікті мамандардан кеңес алды. Тұрғындарға қажет­ті медициналық түсіндірмелер мен өзекті сұрақтарына жауап берілді. Сонымен қатар келушілерге аурулардың алдын алу, салауат­ты өмір салтын ұстану және уақтылы медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы жөнінде ақпарат­тық-кеңестік жұмыстар жүргізілді. Аталған шара халыққа қолжетімді медициналық көмекті арт­тыруға және тұрғындардың денсаулығына қатысты сауат­тылығын көтеруге бағыт­талды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жоспарына сәйкес, Психикалық денсаулық орталығында Денсаулық күніне орай «Спорт – есірткіге қарсы» ат­ты алдын алу акциясы өткізілді. Салауат­ты өмір салтын насихат­тауды, медицина қызметкерлері арасында спорт­тық белсенділікті арт­тырып, есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруды мақсат тұтқан іс-шара барысында медицина қызметкерлері эстафеталық жарыстар, жүгіру, волейбол, шахмат және басқа да спорт түрлері бойынша сайыстарға қатысты. Жалпы шараға қалалық Психикалық денсау­лық орталығынан 150-ден астам қызметкер қатысқан. Төрешілер алқасы үздік командалар мен белсенді қатысушыларды марапат­тап, кәсіподақ тарапынан ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Акция Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының медициналық ұйым қызметкерлерінің белсенді қатысуымен өтіп, ұжым арасындағы бірлікті нығайтуға және салауат­ты өмір салтын насихат­тауға бағыт­талған.
Шымкент қаласына ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының дәрігерлері жұмыс сапарымен барғаны да өзара тәжірибе алмасудың тиімді жолы. Республикалық орталық мамандары қала стационарларында күрделі хирургиялық операциялар жүргізіп, тұрғындарға консультациялық қабылдау ұйымдастырған, тегін кеңес беріп, қажет­ті ем түрлерін тағайындаған.

Екі күндік іс-шара барысында мамандар Шымкент қалалық №1, №2 көпбейінді ауруханаларында және онкологиялық орталықта жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып, пациент­терге кеңес беріп, қажет­ті тексерулер мен емдеу шараларын жүргізді. Сонымен қатар қала дәрігерлері үшін лекциялар, семинарлар және тәжірибелік шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, олардың кәсіби біліктілігі арт­тырылды. Аталған іс-шара Шымкент қаласы әкімдігімен жасалған меморандум аясында ұйымдастырылған.
Денсаулық саласы мамандары ерекше балалардың қоғамда тең мүмкіндікке ие болуына да бей-жай қарамайды. Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты №2 оңалту орталығында дамуында ерекшеліктері бар, психоневрологиялық бағыт­та қолдауды қажет ететін балалардың тұсауы кесілді. Орталық мамандарының жүйелі жұмысының нәтижесінде балалар алғашқы сенімді қадамдарын жасап, ата-аналарына үлкен қуаныш сыйлады. Әрбір отбасы үшін бұл сәт үміт­тің, жаңа мүмкіндіктердің және болашаққа деген сенімнің ерекше нышанына айналды. Өз кезегінде ата-аналар медицина қызметкерлері мен қонақтарға көрсеткен қолдауы мен қамқорлығы үшін шынайы алғыстарын білдірді. №2 оңалту орталығында соңғы екі айда 301 бала ем қабылдаған. Оның ішінде 51 бала оң нәтижемен емін аяқтаса, 153 балада сөйлеу дағдылары қалыптаса бастаған.
Орталықта тірек-қимыл аппаратына байланысты және даму ерекшеліктері бар балалар кешенді оңалтудан өтуде. Әрбір нәтиженің артында үлкен еңбек, ата-ананың үміті мен мамандардың кәсіби біліктілігі жатыр.

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір