БАҚ ДАРЫҒАН ЖЫР ӨЛКЕСІ
08.06.2026
46
0

Сырдарияның пайда болғанына 17 мың жыл болыпты. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын парсылар өзенді «Үлкен маржан» деп атаса, жаһанды жаулаған Ескендір сүзек ауруынан қасиетті дарияның суын ішіп айыққан екен. Одан кейін арабтар жұмақтың бір өзенінің атымен «Сейхун» десе, монғолдар «Гүлзариян» деген атау беріпті. Ұлы өркениеттер осы өңірде пайда болыпты. Кешегі Ақмешіт астана болған кезде «қазақ» атауы Сырдың бойында қайтарылғанын ешкім де жоққа шығармасы анық. Сырдария өзенінің екі жағасына қанатын жайған Қызылорда қаласының күн санап, жайнап, жасарып келе жатқан келбеті бүгінде көңіл қуантып, көз сүйсіндіретін баршаға аян.

 

Өңір тарихы музейде

Сұлу Сырдың бойында тарихы терең, мұрағаты кемел, көненің көзіндей, өткеннің өзіндей, қойнауы толы мәдени мұраға бай, рухани асыл көмбенің мекені Қызылорда қаласы уақыт жетегінде күн санап қарыштап келеді… Жаңарып, жасарып, әсем ғимараттармен толығып, қала түрленіп, жаңаруда. Бой көтерген жаңа ғимараттардың әрқайсысы ел игілігіне берер, көрсетер қызметімен ерекшеленеді. Соның ішінде тарихи және өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимаратының салынуының орны бөлек.
Әңгімені әріден бастасақ, 1938 жылдың 15 қаңтарында Қызылорда облысын құру туралы қаулы қабылданса, 1939 жылы 7 ақпанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумы ұйымдастыру комитетінің арнайы қаулысымен Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейі құрылды. Музейдің ең алғаш тұрағы 1890–1898 жылы салынған Христос Спаситель шіркеуінде болды. Кейін 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша музейге екі қабатты ғимарат бөлініп, 1985 жылдың 7 мамырында ол келушілерге есігін айқара ашты. Музей орналасқан бұл ғимараттың өзі 1953 жылы салынған, қаламызды көркейтіп тұрған архитектуралық ескерткіштердің бірі. Сыр өңірінің рухани мұрасын сақтап, насихаттап облыстың 85 жылдығынан сыр шертетін тарихи, мәдени мекемелердің бірі болып келеді.
Музейде өлкеміздің құрылу тарихы, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мәдениет пен спорт, ғылым-білімі медицина салалары бойынша жетістіктерін айғақтайтын көрмелік экспозициялық залдар халық назарына ұсынылып келеді.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ қалаларына жүргізілген архео­логиялық ғылыми зерттеу жұмыстары кезінде табылған экспонаттар, соның ішінде сақ дәуірінде алтыннан жасалған бұйымдарды ерекше атауға болады.
Осы тұрғыда облыстық Қызылорда телеарнасында тележурналист ретінде аймақтың тарихи жерлерін таспаға түсіріп, оның тарихымен көрермендерді таныстырып келген «Туған өлке» бағдарламасының тізгінін ұстап, археологтармен бірге іссапарға шығып, жоғарыда айтылған құнды жәдігерлердің табылу сәтіне талай мәрте куәгер болған едім. Ол сапарлар видеоға түсіріліп, архивте сақтаулы.
Музей қорында әйгілі Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясының табылуы нәтижесінде, Мәскеуден арнайы әкелінген 2000-ға жуық құнды археологиялық бұйымдар сақталынған. Сонымен бірге XVIII–ХХ ғғ, Санк-Петербург, Стамбул, Ташкент, Қазақ қалаларының баспасынан шыққан кітаптар мен сирек қолжазбалар өте құнды рухани байлығымыз болып табылады. Шетелдік зерттеушілердің аса қызығушылығын тудырып жүрген артефактілердің бірі – Жоңғар дулығасы. XVII–XVIII ғасырларға мерзімделген аталмыш дулыға Қазақстанда баламасы жоқ дүниелердің бірі болып табылады.
Сондай-ақ Қорқыт ата кітаптарының көшірмелері сатып алынған (Қорқыт Ата: оғыз тілінде этникалық поэмасы туралы әңгіме Ватикан мен Дрездендегі қолжазбалар түп нұсқаларынан, түрікшеден тәржіме). Хусса-мадин Әл-Сығанақидің Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасынан электрондық жеткізгіш жолымен алынған кітап үлгілері сақталған, көрермен көзайымына айналған: Сыр елінде алғаш рет Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтарымыз «Арқаның Алтын адамы» мен Алтын Орда дәуіріне жататын гипперреалистік кейіптегі Болған ана бейнесі, Батыс өңірінің «Сармат көсемі» мен «Таңсай ханшайымы» сынды «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлерінен «Алтын киімді ұлы дала елі» атты көрме ұйымдастырылып, Сыр жұртшылығы ұлы даланың жауһар жәдігерлерімен танысуға мүмкіндік алды.
Атқарылған ірі жұмыстардың бірі ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған археологиялық материалдар негізінде ақсүйек әйелдің реконструкциясын және ежелгі Шірік Рабат қалашығынан табылған материалдар негізінде сақ жауынгерінің реконструкциясын дайындау жұмысы сәтті аяқталды.
Сыр елінде тарихи ірі екі оқиға аталып өтті. Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-нің бірінші астанасы болғанына 100 жыл толды. 1925 жылғы V съезде қазақ атауының қайтарылуы ерекше тарихи оқиға екені даусыз. Жаңарып, жасарып, кемелденіп, тынысы ашылып, құшағын кеңге жайған Сыр өңірінің басшысы болған Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен, дарияның сол жағалауынан салынған облыстық музейдің жаңа ғимаратында өлкетану жұмысын бастағанына да көп бола қойған жоқ. Заманауи музейден әрбір келуші өзіне қажетті ақпаратты, архивтік кадрларды, бейнежазбаларды, анимацияларды, және деректі фильмдерді интерактивті сенсорлық панельдер, диаграммалар, интерактивті сахналық композициялар арқылы көре алады.


«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: – өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс екенін баса атап өтті.
Жолдауда жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуына, осы салаға бұрынғыдай айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз» деген жолдарға орай Сыр елінде атқарылған қыруар жұмыстар да көз алдымызға келіп, көңіл қуантады.
2024 жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өңірдің 7 ауданында салынған замануи руханият орталықтары, қалада бой көтерген мың орындық «Өнер орталығы», ерекше форматта қаланып, халық игілігіне берілген, жұмыс барысындағы Сыр еліне сапарында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың өзі куә болған «Анаға тағзым» орталығы, Отбасы орталығы, «Оқушылар сарайы», «Облыстық тарихи өлкетану музейі», «Музыкалық колледж» оқу ғимараты, «Теннис орталығы», «Сыр жұлдыздары» инновациялық шығармашылық академиясысының ғимарат­тары осының айғағы іспетті алғашқы қадамдар жасалынды. Қаланың сол жағалауында әлі де жаңа нысандар бой көтеруде.
Жаңадан бой көтерген «Достық» үйін­де биыл, 2026 жылы қазақ елінің V-шақырылған құрылтайы өзгеше леппен, соны бастамалар, тың жобалар мен өзгерістерді қоғам назарына ұсынды.
Қазақ халкының тарихы мен тағдырында өнердің алар орны асқақ, нәзік те киелі. Сыр руханиятының да алар бәсі биік. Бұл салада Сыр елінің атын алысқа паш ететін халық қаһарманы Роза Бағланова, сөз зергері мен тарлан ақын-жазушыларымыз Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхаммеджанов, Зейнолла Шүкіров, Аскар Тоқмағанбетов, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Нартай Бекежанов, Манап Көкенов сияқты әдебиет пен өнер жұлдыздарының даңқты есімдері қашанда асқақ естіледі.
Облыстағы осындай киелі шаңырақтың бірі – бастауын сонау әншікомпозитор, ақын Нартайдың концерт­тік-эстрадалық бригадасынан алатын, елу жылдан астам тарихы бар ұжым Қызылорда облыстық мемлекеттік филармониясы. Осыдан 53 жыл бұрын 1972 жылы 16 карашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен құрылған. Алғашқы жылдары сазгер Тәңірберген Қалауов басшылық жасап, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамбілі, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда филармонияның жанынан құрылған 13 өнер ұжымы түрлі бағытта жемісті еңбек етіп келе жатыр. Облыстық симфония оркестрі, Тұр-мағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фолькролық ән-ARU» би ұжымдары мен камералық хор ансамблі, «Томирис» және «АІ ұжымы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы және «Сыр самалы» вокалды-аспаптар ансамблі, «Тұран» триосы, эстрадалық және классикалық орындаушылар, ұлт руханиятының насихаттаушылары дәстүрлі орындаушылар өнердің түрлі бағыттарында жемісті еңбек етуде.
Міне, осындай өнер ұжымына Сыр өңіріндегі «Руханият» жылы аясында аймақ басшысының бастамасымен өнер мен мәдениетке қолдау ретінде салынған 1000 орындық «Өнер орталығының» филармония ұжымына пайда-лануға берілуі (2024ж, 3 наурыз күні) барша сырбойылық өнерпаздарының таланты мен өнерін одан әрі өрістетуге жол ашқан үлкен мүмкіндік болды.
Осындай ғажайып ғимаратқа ие болған облыстық филармонияның ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері көп. Әрине, бұндай ауқымды жұмыстардың басым көпшілігі аймақ басшысының, облыстық мәдениет басқармасы басшысының қолдауымен жүзеге асатыны белгілі. Саралап айтар болсақ, өткен жылы солистер мен техникалық мамандар Италия, Белоруссия елдерінде біліктілігін арттырса, биыл да бұл жоба жалғасын тауып, классикалық орындаушылар Италия мемлекетінде шеберліктерін шыңдап, арнайы сертификат иегері атанды. Өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған Сырдың талантты перзенті, өзі ұстаз, дирижер Кеулімжай Шалтақбайұлы «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атағын алды.
«Руханият» жылы аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен мәдениет және өнер қызметкерлеріне бөлінген 40 кызметтік пәтердің 15-і филармония ұжымының әртістеріне берілді.
Биыл Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында Еуропаның үш бірдей мемлекетінде Қызылорда облысының өнер күндері өтті. Гастрольдік сапардың алғашқы концерті Финляндияның Хельсинки қаласында басталса, өнер туры Эстонияның Талин қаласында жалғасып, Испанияның Мадрид қаласында қорытындыланды.
Филармония әртістері қос тарапты меморандум аясында, әріптестік байланыс пен өңіраралық достықты нығайту мақсатында Батыс Қазақстан облысының Орал және Ақтөбе қалаларында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өте жоғары деңгейде өтіп, өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп оралды. Сондай-ақ аймақ басшысының қолдауымен Сыр елінде алғаш рет әзербайжан классигі Узейір Гаджыбековтың «Аршын Мал алан» комедиялық опереттасы сахналанды. Ал музыкалық опереттаны бастан аяқ сүйемелдеген симфония оркестірінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мүслім Әмзенің еңбегі орасан зор.
Жақында ғана қазақ халқының ұлы ақыны, философ, композитор, ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған мерейтойдың аясында біз әңгімелеп отырған өнер ұжымы Сыр өңірі делегациясының құрамында Абай облысына барып, өнердің қаймағы бұзылмаған кең жазира қазақ даласы мен Шыңғыстаудың ұшарына жететіндей өнер қыранын қалықтатып, әлемді домбыраның күмбіріне бөлеп, ән-жырымен боз даланы тербеп қайтқан еді.
Өнер орталығында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалінің гала-концерті өтті. Фестиваль Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп, халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркия Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және отандық белгілі ғалымдар, зерттеушілер, мәдениет пен өнер майталмандары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Әзербайжан Республикасының Габала қаласында өткен Түрік мемлекеттері ұйымының 12-саммитінде: «Түбі бір түрік жұртының тарихы тамырлас» халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымақтастығымыздың алтын арқауы», – деген болатын.
Бауырлас халықтардың рухын көтеру, фольклорлық музыкалық өнерін дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайтуда фестивальдің маңызы зор. Қорқыт баба мұраларының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілуі – жылдар бойы бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижелі жемісі.
Күллі түркі дүниесінің назарын өзіне аударған, кең даланы жырға бөлеп, нұрға толтырған бұл дәстүрлі өнер мерекесі – ұлттық рухымыздың, түркі жұртының мәңгілік мұрасы мен мәдени сабақтастығының жарқын көрінісі.
«Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түбі бір түркі туыстардың басын қосқан халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Қызылорда облысының басшылығына алғысын айтты.
Концертте әйгілі жыраулар мен жыршылардың қайталанбас мақамдарын бүгінге жеткізген, ұлттық өнеріміздің шынайы насихатшыларына айналған Сыр сүлейлерінің ізбасарлары Елмұра Жаңберген, Ұлжан Байбосынова, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Биімбетова, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түркпен, Бисембек Төлеубай, және Жетісу жыр мектебінің түлегі Нұржан Жанпейісов, Арқа мектебінің өкілі Біржан Есжанов, Салтанат Ерсұлтан жырдан шашу шашты.
Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан келген Урмат Ынтаев, Айдын Орсулов, Әзербайжаннан келген «Карабах» мұғамшылар тобы, Қырғыз елінің комызшылар ансамблі, Өзбекстанның «Шашмаком» ансамблі мен бишілер тобы, Алматы қаласынан келген «Арқайым» неоэтнофольклорлық ансамблі мен Түркия Республикасынан келген Синан Барыш, Камбер Нардың өнеріне көрермен ерекше қошемет көрсетті
Міне, осының бәріне куә болып, «Өнер орталығында» мындаған көрерменнің ортасында отыру да біздің ғұмырнамамыздың бір парағына бұйырғанына шүкіршілік етемін.
Сондай-ақ қалада бой көтерген мың орындық «Өнер орталығы»ерекше форматта салынып, халық игілігіне берілген, жұмыс барысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі куә болған «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы» орталығы, Облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Музыкалық колледж» оқу корпусы, «Оқушылар үйі», «Теннис» орталығы, «Сыр жұлдыздары» инновациялық, шығармашылық академиясының ғимараттары көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді.

«Анаға тағзым» бірегей жобасы

Мемлекет қайраткер Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен 2018 жылы Ақтөбе, 2021 жылы Тараз қалаларында бой көтерді. Осынау өміршең бастаманы Сыр елінің аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев одан әрі жалғастырды. Мәдени орталық 2023 жылдың 29 қыркүйегінде облыс әкімінің аймаққа белгілі тұлғалардың, еңбек ардагерлерінің, депутаттардың, ақ жаулықты абзал аналардың, асампаз жастардың қатысуымен ашылды. Ал 023 жылдың 10 қазан күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған үкіметтік делегация орталық жұмысымен танысып, мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында орталықта қолға алынған байыпты бастамаларға ризашылығын білдірді.
«Анаға тағзым» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі – аймақ басшысының бастамасымен қала орталығында жаңадан бой көтерген ұлттық және заманауи үлгідегі мәдени- әлеуметтік нысан. Пайдалануға берілген мерзімі 2023 жылдың шілде айы. Қаржыландыру көзі – демеушілік. Жалпы сметалық құны – 1,7 млрд теңгені құрайтын жобаны «Парасат» орденінің иегері, кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаев қаржыландырды. Ол өз сөзінде: «Осындай орталықты салуға демеушілік жасау менің кемел шағымдағы ең бір үлкен арманым еді. Бұл тек жай ғана демеушілік емес, осы елдің төл тумасы ретіндегі азаматтық, перзенттік парызым! Сыр елінің барлық анасы менің өз анамдай. Орталыққа келген әр адам тағзым жасасын деген мақсатпен ананың зәулім мүсіні орнатылды. Бәрінің де игілігін көріңіздер!» – деді.
Ғимараттың кіре берісінде әлем аналарына деген сүйіспеншіліктің белгісі ретінде «Ана» сөзі 32 тілде жазылған. Бұл – анаға деген шексіз құрметтің көрінісі.
– Ана – тек отбасының берекесі ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Келешекте жас отбасылары мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтарды алады деп сенеміз, – деген болатын ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Н.Нәлібаев
Алғыс пен жақсылықтың шырақшысына айналған «Анаға тағзым» орталығы бүгінде жасөспірім қыздан бастап, асыл әжеге дейін бас қосатын тәлім-тәрбие алаңына, мәртебелі меймандар мен шетелдік туристер бетбұратын жайлы мекенге айналды.
Ашылғалы бірнеше мәрте бас сұқсам да үнемі жаңаша бір қозғалыстың, өзгерістер мен бастамалардың куәсі болып жүремін. Таяуда шығармашылық иесі ретінде «Анаға тағзым» орталығында жастармен кездесіп, мәртебелі мейман болғаным менің шабытымды шарықтатып, көңілімді көтеріп, жастармен ішкі жан дүниемді, шығармашылық жолымдағы сәттеріммен бөлісуге мүмкіндік берді. Бұл – әрбір шығармашылық иесіне тың серпіліс, таусылмайтын күш-қуат сыйлайтын, кейінгі ұрпаққа айтарыңды жеткізе алатын ұмытылмайтын қымбат сәттер…
Жемісті де жеңісті жылдар легі анаға деген құрметті арттырып, абырой биігіне шығара берсін, «Анаға тағзым» ұжымы!

Креативті индустрияны дамыту

«Анаға тағзым» – кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы алтын көпір. Әйел­дердің өз кәсіптері арқылы өнімдерін коммерциялауға қолдау көрсету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, орталық қызмет бағытының бір бөлігін креативті индустрияға бейімдеген. Бүгінде облыста 68 336 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, оның 857-і креативті индустрия бағытында жұмыс жасайды.
Өңірде Сырдария ауданы, Бесарық ауылдық Мәдениет үйінде, 7 ауданда пайдалануға берілген «Руханият» орталықтарында Креативті индустрия бұрыштары жұмыстарын бастады.
Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында өңірдегі 172 мәдениет үйі мен клубтарда жүзеге асырылған «Адал адам – мәдени тәрбие» жобасының бір бағыты креативті индустрияға бағытталды.
Креатив хабтарда қолөнер шеберлерінің сату-көрме жәрмеңкелері, шеберлік сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылып, кәсіпкерлер өз өнімдерін монетизациялауға мүмкіндік алуда.
Қос тарапқа да тиімді мүмкіндік, ыңғайлы орта ұсынған игі бастамалардың бірі – «Брендке бір қадам» сауда көрмесі. Аталмыш көрме айына 2 мәрте тұрақты түрде ұйымдастырылып, кәсіпкерлер өз қолымен жасаған туындыларын жарнамалауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ аймағымызда креативті кәсіпкерлердің кластерін қалыптастыруды діттеген қаржылық сауаттылық, бизнесті бастау және дамыту, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары секілді өңірімізге белгілі бизнес спикерлердің ақпараттық-танымдық семинар-тренингтеріне қатысуға, өз өнімдерін кең аудиторияға таныстырып, тұтынушылар қатарын арттыруға жағдай жасалған.
«Анаға тағзым» орталығында ұлттық құндылықтарды насихаттап, креативті идеяларды жүзеге асыратын «ОЮLIKE» кәсіби-шеберлік алаңы – Қызылорда қаласында және жеті ауданда жергілікті жердегі креативті кәсіпкерлерді іздеу, оларды насихаттауға бағытталған көшпелі «CREATIVE CARAVAN» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында креативті кәсіпкерлер базасы 200-ден аса шебермен толықты; «Анаға тағзым collection» рухани-мәдени сән көрсетілімі өткізіліп, 7 дизайнер жасаған 30 үлгіден құралған 9 коллекция ұсынылды, орталықтың 7 образдан тұратын эксклюзивті топтамасының тұсауы кесілді; халқымыздың тұрмыс-салтын, ұлттық тағамдарын, қолданбалы өнерін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін кеңінен дәріптеуге арналған «Ұлт уызы» этно-мәдени фестивалі; «Руханият» орталықтарындағы креатив хабтардың жұмысын жетілдіру бағытында «Рух керуен» рухани-ағартушылық креативті жобасы қолға алынды.
«Анаға тағзым» орталығы жанынан құрылған «Creative Orda» бизнес клубы – өңірдегі креативті индустрияны дамытуға бағытталған маңызды алаң. Оның құрамында дизайн, қолөнер, сән индустриясы, мобилография, SMM, фото-видео өндіріс, ұлттық өнім жасау, IT, маркетинг және шығармашылық кәсіптің түрлі бағыттарында еңбек етіп жүрген 200-ге жуық креативті кәсіпкер бар.
Биыл материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ЮНЕСКО-ның техникалық гранты негізінде Қызылорда облысындағы Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Түкті кілем» шеберлер мектебі ашылды.
IT бағыты бойынша, орталық тоғыз IT резидентпен бірлесіп жұмыс жасауда. Атап айтқанда, «Grand master» бағдарламалау мектебі, «Smartgeneration», «Kazrobotics», «RedOrda», «Safe cyberspace», «Flyorda», «MetaSchool», «Vertex», «Kyzylorda Business Hub» ұйымдары.
Алдағы уақытта креативті индустрия саласы бойынша ауқымды жобалар: «CREATIVЕ BATTLE» креативті кәсіпкерлер арасында сайыс (креативті кәсіпкерлерге өз идеяларын көрсету және кәсіби дамуға мүмкіндік беру, жасанды интеллект құралдарын пайдаланып идеяларды визуализациялауға, прототип жасау және кәсіби бағалау тәжірибесін дамыту, «Ақ жаулықтан – ақ кимешекке дейін» облыстық сәндік-мәдени шеруі (аналар мен әжелерді құрметтеу арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жас ұрпаққа тәрбиелік өнеге беретін, қала тұрғындарына рухани серпіліс сыйлайтын мәдени шара) ұйымдастырылатын болады.
Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұрасы.
Қазақ даласының қай өңірін алсақ та, оның қойнауында ғасырлардан сыр шертетін тарихи жәдігерлер мен рухани құндылықтар жатыр. Солардың ішінде Сыр бойы – өркениет пен мәдениеттің, ғылым мен руханияттың ежелгі бесігі ретінде айрықша орын алады. Сыр өңірінде сақталған тарихи-мәдени мұра нысандары халқымыздың бай тарихын, мемлекетіміздің қалыптасу кезеңдерін және ұлттың рухани сабақтастығын айқындайтын баға жетпес құндылықтар саналады.
Бүгінде өңірде тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу, қайта жаңғырту және туристік мақсатта тиімді пайдалану бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет тарапынан тарихи мұраларға ерекше көңіл бөлініп, жүйелі қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде Сыр өңіріндегі көптеген тарихи нысандар жаңаша сипат алып, халық­аралық деңгейде танылып келеді.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 483 тарихи-мәдени мұра объектісі мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31 ескерткіш республикалық маңызға ие болса, 398-і жергілікті маңызы бар нысандар санатына енгізілген.
Облыстағы ескерткіштердің басым бөлігін археологиялық және сәулет нысандары құрайды. Атап айтқанда, 131 археологиялық ескерткіш, 206 қала құрылысы және сәулет ескерткіші, 121 монументтік өнер құрылысы, 23 киелі нысан және 2 ансамбль мен кешен бар. Бұл көрсеткіштер Қызылорда облысының тарихи-мәдени әлеуетінің жоғары екенін аңғартады.
Сыр өңіріндегі тарихи ескерткіштер тек жергілікті маңызбен шектелмей, ұлт­тық деңгейдегі рухани құндылықтарға айналып отыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық жинағының ІІІ томына облыс бойынша 12 жалпыұлттық және 60 өңірлік қасиетті нысан енгізілді. Бұл – өңір тарихының тереңдігін танытатын маңызды жетістік.
Соңғы жылдары облыстағы археологиялық ескерткіштерге жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің ауқымы кеңейді. Әсіресе туристердің қызығушылығын тудыратын көне қалашықтарда тұрақты археологиялық қазба және консервациялық жұмыстар жүргізілуде.
2014 жылдан бері облыстық бюджет есебінен ежелгі Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент және Сығанақ қалашықтарында кешенді археологиялық зерт­теулер тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Қазба барысында ортағасырлық қалалардың қорғаныс қабырғалары, мұнаралары, кесенелердің орындары, тұрғын үйлер, қыш күйдіретін пештер мен басқа да маңызды құрылыс нысандары аршылып, ғылыми тұрғыда зерттелді.
Археолог мамандардың айтуынша, Сыр бойындағы көне қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда, мәдениет және ғылым орталықтары болған. Сондықтан бұл нысандардың тарихи маңызы халықаралық деңгейде жоғары бағалануда.
Жанкент қалашығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ерекше туристік композиция жасақталды. Консервацияланған тұрғын бөлмелердің негізінде оғыз дәуірінің тұрмыс-салтын бейнелейтін тарихи мүсіндер қойылып, келушілерге ежелгі қаланың тыныс-тіршілігін сезінуге мүмкіндік берілді. Бұл бастама ішкі туризмді дамытуға да оң ықпалын тигізуде.
Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде облыс музейлерінің қоры 10 мыңға жуық құнды жәдігермен толықты. Табылған артефактілердің арасында тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ түрлері, әшекейлер, қыш ыдыстар және сәулет элементтері бар.
Сондай-ақ археологиялық деректер негізінде тарихи реконструкциялар жасалды. Атап айтқанда, «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» бейнелері қайта жаңғыртылып, ғылыми-көрмелік жобаларға ұсынылды. Бұл реконструкциялар жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіп отыр.
Қазіргі таңда Сыр өңірінің тарихи мұраларын халықаралық деңгейде насихаттау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясы аясында Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениетінің 11 асар ескерткішін ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.
Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда Сыр бойындағы тарихи ескерткіштердің халықаралық мәртебесі артып, өңірдің туристік тартымдылығы едәуір күшеймек.
Аталған тарихи нысандарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат­тық стендтер орнатылып, ескерткіштердің буферлік аймақтарына арнайы белгілер қойылды. Бұл жұмыстар шетелдік туристер үшін де қолайлы ақпараттық орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Соңғы жылдары республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштерді қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Сығанақ және Жанкент қалашықтары, Ақтас мешіті мен Құттыбай кесенесінде ауқымды реставрациялық жұмыстар жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, реставрация барысында ескерткіштердің тарихи келбетін сақтау басты назарда болды. Ғылыми негізде жүргізілген жұмыстар көне нысандардың бастапқы архитектуралық ерекшеліктерін жоғалтпауға мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Атап айтқанда, 2026 жылы ортағасырлық Сығанақ қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстардың келесі кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар тарихи ескерткіштердің ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз етеді.
Қызылорда облысында тарихи-мәдени мұра нысандарын туризм саласымен ұштастыру бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Бүгінде өңір бойынша арнайы туристік маршруттар мен соқпақтар бекітіліп, олардың құрамына 39 тарихи-мәдени мұра объектісі енгізілген.
Туристік бағыттар арқылы келушілер Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Бәбіш мола сияқты көне қалашықтармен қатар, киелі орындар мен тарихи кесенелерді аралап көруге мүмкіндік алуда. Бұл ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, жергілікті экономиканы жандандыруға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта тарихи мұраны насихаттау ісінде цифрлық технологиялардың мүмкіндігі кеңінен қолданылуда. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыстардың ауқымы артып келеді.
Бүгінгі күнге дейін тарихи-мәдени мұра нысандарын таныту мақсатында 140-тан астам ақпараттық пост жарияланды. Оның аясында фотоматериалдар, тарихи нысандар туралы бейнероликтер, жасанды интеллект көмегімен әзірленген анимациялық роликтер, инфографикалар мен арнайы танымдық жарияланымдар кеңінен таратылды.
Бұл заманауи контенттер жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беруде.
Тарихи-мәдени мұра – өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпір. Сыр өңірінде атқарылып жатқан кешенді жұмыстар тарихи ескерткіштерді сақтау ісінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Ғылыми зерттеулер, реставрация, цифрландыру және туризмді дамыту бағытындағы жобалар өңірдің тарихи келбетін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға жол ашуда. Қызылорда облысының бай тарихи мұрасы – тек өңірдің ғана емес, тұтас қазақ халқының ортақ қазынасы. Оны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Халықаралық балаларды қорғау күнінде аймақ басшысы әлеуметтік желі арқылы ел болашағы – өскелең ұрпаққа бағыттап құттықтау жолдады.
«Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Еліміздің ертеңі, әрбір отбасының көзқуанышы болып өсіп келе жатқан жеткіншектерімізді қорғау – бір күннің ғана емес, күнделікті жұмысымыздың негізгі бағыты. Бүгінгі мерекеде сіздерге әдеттегіден көбірек көңіл бөлеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіру – баршаға ортақ парыз. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай береді» деп жұмыс бағытымызды айқындап берді.
Кейінгі жылдары біздің өңірде балалардың сапалы орта және қосымша білім алуына, бос уақытында пайдалы іспен айналысуына мүмкіндік беретін заманауи нысандар бой көтерді. «Келешек мектептері», физика-математика мектеп-интернаты, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық академиясы, облыс, аудан ортал ықтарындағы «Оқушылар сарайлары», спорт кешендері балаларымыздың білімін ұштап, талабын шыңдайтын орынға айналды. Ойын және спорт алаңдары, қалалық мәдени-демалыс паркі, Президент саябағы сияқты кеңістіктер бүгінде балалардың игілігінде. Жақында ғана ашылған жыл бойы жұмыс істейтін «Оқу-сауықтыру» орталығы да сіздердің армандарыңызға қанат бітіретін мекен болмақ.
Біздің бүгін жоспарлаған, қолға алған барлық жұмысымыз болашаққа, яғни сіздерге арналады»,– деді облыс әкімі Мұрат Ергешбаев.

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА
(Жалғасы газетіміздің келесі
сандарында)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір