Шахановты шақырып, сөгіс алдым (Қаз-қалпында)
02.06.2026
32
0

Қазақстанның Еңбек Ері, атақты ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың өмірден өткеніне 40 күн. Тал бесіктен, жер бесікке түскен ағамыздың есімі әлемге әйгілі. Осыдан 45 жыл бұрын, 1981 жылдың Наурыз айында Мұхаң Қарағандыға алғаш рет келген еді. Сол жолы әуежайдан күтіп алуға көлік таппай қатты қиналғаным әлі есімнен шығар емес. Ол кезде облыстық телерадио комитетінің жастар редакциясында редактормын. Ай сайын «Жас қанат» хабарын жүргіземін. Ара-тұра бағдарламамызға әдебиет пен мәдениетіміздің көрнекті өкілдері қонақ болатын. Бір күні телеарна төрағасы Степан Путиевке барып, кезекті хабарға ақын М. Шахановты Алматыдан шақырып, жастармен шығармашылық кездесу кешін өткізсем деген өтінішімді білдірдім.

Ұсыныс басшылар тарапынан қолдау тауып, ресми шақыру қағазы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне жіберілді. Өйткені Мұхаң сонда шығармашылық жастар бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқаратын. Көп кешікпей бөлім меңгерушісі Биғали Каюповтан (10.03.81ж.) Қарағандыға «барады» деген хат келді.
Бір аптадан соң, 1981 жылдың 18 наурыз күні ақын ағамызды әуежайдан тостық. Сол күні ауа-райы салқын болып тұрды. Жер-ана әлі ақ көрпесінен арыла қоймаған. Алматыда көктем. Мұхаң мінген ұшақ уақытында қонды. Бірақ, мен 50 минут кешігіп жеттім де, өз «миссиямды» ойдағыдай орындай алмадым. Сәрсенбінің сәтті күні мен үшін сәтсіз болды. Сценарий бойынша Мұхаңды облыстық комсомол комитетінің ақ «Волгасымен» қарсы алуымыз керек еді. Өкінішке қарай әлгі «темір тұлпарды» әлде біреулер тізгіндеп кетіпті. Ол кезде көлік дегеніңіз тапшы. Содан телестудияға келіп, жібі түзу көлік іздейін. Асыққанда табыла қояма, әйтеуір алыс ауданнан әупірімдеп жеткен әріптесімнің көлігіне ие болдым-ау.
Жүрген сайын жанармайдың жағымсыз иісі қолқаңды қабатын УАЗ-иктің жүрісі де өнбей қойды. Келсем, Мұхаң жеңіл киінген екен, жаурап қалыпты. Амандықтан соң, ананы-мынаны айтып ақтала бастадым. Бір жақсысы сол жерде ақынның келер уақытын күн ілгері біліп алған ҚарМУ-дың студенттері менің орнымды жоқтатпағанына қуандым. Тіпті сүйікті ақынға бір құшақ гүл сыйлапты! Арнайы шақырып алған М.Шахановты сыртқы жамылғысы шұрық тесік цыгандардың арбасындай шоқаңдаған көлікпен алып келе жатқаныма іштей ұялып отырмын…
Сүт пісірім уақыттан соң, қаладағы ең зәулім «Қазақстан» қонақүйіне атбасын тіредік. Тағы бір «қырсыздық» алдымыздан шықты. Әкімшілік басшысы орын жоқ дейді. Біз Обком комсомолдың «бронімен» келгенімізді, олардың «орын дайын тұр!» — деп айтқан сөзін еске салумен болдық. Байқаймыз тапсырыс берілмеген сияқты. Құрметті қонағымыздың атақ-даңқын тілге тиек етіп, «ұят болды көмектесіңізші» деп қанша жалынсақ та мәселе оң шешілмеді.
Осы кезде өзіммен бірге жұмыс істейтін әріптесім Насыр Әуезов күтпеген жерден кездесе кеткені. Ол қонақүйдің директоры Ібіжан Рахымжановты жақсы таниды екен. Дереу үйіне телефон соғып, күрмеуі қиын күрделі мәселені әп-сәтте шешіп берді. Қуанып кеттік.
Қонақүйдегі жайлы орынның төлемақысына келгенде алдымыздан тағы «проблема» шықты. «Мұхтар Шахановтың жатақ орны, тамағы және жүріп-тұру төлемақысын өзіміз шештік, оған қам жемеңіздер» деп уәде берген обком комсомолдағы басшылардың сөзіне құдайдай сенген біз ыңғайсыз болса да мәртебелі мейманның өзінен 25 сом сұрап алып, жайлы бөлмеге жайғастырдық. Сол жерде шағын ғана дастарқан жайылды.
Келесі күні қонақүйдің буфетінен оразамызды ашып, Мұхаң екеуміз телестудияға жаяу тарттық. Жол үстінде алдағы жоспарлы істің жай-жапсары айтылды. Мен оған бүгін телестудияда запись болатынын, кешке біздің үйден тамақ ішетінін, ертеңіне ҚарГУ-де студенттермен кездесу болатынын, одан соң, Алматыға шығарып салатынымды айттым.
– Бауырым, менің ой-жоспарым басқашалау! – деді бір кезде Мұхаң. – Қарағанды қаласына алғаш рет аяқ басып отырмын. Арқа жері – аруақты! Сарыарқада небір саңлақтар мен ұлы тұлғалардың ізі жатыр. Кешегі Мәди мен Тәттімбеттің әні мен күйін тыңдап, Қаз дауысты Қазыбектің елін-жерін аралап, аңызға айналған Шайтанкөлді көрсем – деп келдім. Бұл сенің екі күніңе сыя қоярма екен?! Осылайша, өрбіген сұрақ-жауап сұхбаттың соңына нүкте қойып үлгергенше телестудияға да келіп қалыппыз.
Мен отыратын қуықтай бөлменің табалдырығын бірге аттадық. Ескілеу әрі жайсыздау орындықтың біріне жайғастыра бергенім сол еді, бас редакторымыз, белгілі жазушы Өтен Ахметов кіріп келді. Амандық-саулықтан соң іс-жоспар ортаға салынды. Бастығым баяғы мен айтқан бағдарламаны ақынға айна қатесіз жеткізді.
Бір кезде мәртебелі мейманымыз жезқазғандық азамат Жәлел Қалмағанбетовтың осында қызмет ауыстырып келгенін айтып, қазір қайда істейтінін сұрап білді. Ол кезде Жәлел Шұбайұлы Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, қазіргі үрдіспен айтқанда, облыс әкімінің орынбасары болатын. Мұхаң дереу Қалмағанбетовтің қабылдау бөлмесіне телефон соғып, өзінің телестудияда отырғанынан хабардар етті.
– Өтеке, «Жас қанаттың» жазылуына біраз уақыт бар екен. Бірге жүріңіз, ақ үйге барып Жәкеңе сәлем беріп шығайық. Көлігін жіберіпті! – деп екеуі орнынан тұрды. Біз студиядағы бағдарламаның дайындық жұмыстарын пысықтадық. Арада бір сағат өткенде, құрметті қонағымыз қайтып келді.
– Әли, мәселе Мұхаңның ойлағанындай болды. Ж.Қалмағанбетов Қарқаралы мен Егіндібұлақ аудандарының бірінші хатшылары Махмет Бекшин мен Шалабай Қуанышовқа Шахановты жақсылап күту туралы, телефонмен нақты тапсырмалар берді. Тіпті Алматыға қайтқанша қызмет бабындағы «Волганы» мініп жүруіне рұхсат етті, – деді Өтекең. Телевидениеде ондай жайлы көлік қайдан болсын!
Сол күні студияда облыс жастарымен ақын кездесуі өткізіліп, есте қаларлықтай әдемі хабар жазылды. Әдебиет жайлы орамды ойлар ортаға салынып, қазақ поэзиясының бүгіні мен ертеңі, ұлттық үрдісіміз бен салт-дәстүріміз туралы сан алуан сұрақтарға жауап берілді. Студенттер Ш. Жалмаханов, Н.Нұрпейісов, Т.Ермекбаев тамаша белсенділік танытты. Сындарлы сұхбат барысында ақын өлеңдері оқылып, соңынан Мұхтар Шахановты ортаға алып, суретке түстік.
Алматыдан келген арқалы ақынды кешке қазақи дәстүрмен дастарқанымнан дәм татсын деп үйге шақырдым. Мүслиманың асы піскенше алуан тақырыптың аясында әңгіме қозғап, қонақтар біраз мәселенің басын қайырды. Ет жеп, шай ішіліп болған соң, Мұхаң «Сенім патшалығы» деген кітабына қолтаңбасын қалдырды:
«Менің інім – Тойжігітов Әлиді,
Қазір бүкіл Қарағанды таниды.
Ұшқыр уақыт жақындатсын алысын,
Ертең оны байтақ Отан танысын!
Әумин!
Ағаң Мұхтар Шаханов, 19 наурыз
1981 жыл».
Аллаға шүкір, текті ақынның тілегі мен ақ батасы уақыт өте келе қабыл болды. Келесі күні таңертең М.Шаханов пен Ө.Ахметов Қарқаралы, Егіндібұлақ аудандарына жүріп кетті. Өкінішке қарай Мұхаң ол жақта көп бөгелмей, екі-үш күннен кейін Қарағандыға қайтып оралды. Сол күні КарГУ-де студенттермен кездесу өткіздік. Кеш 3 сағатқа созылды. Студент жастардың көптігінен акт залында ине шаншар орын болмады. Өзі де кездесуге көңілі толып, ризалығын білдірді.
Жұма күні мәртебелі мейманды әуежайдан шығарып салдық. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталады» демекші, менің «сөгіс» алуымның әлқиссасы Алматыдан басталды. Ол кезде Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, қазіргі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов. Қарамағында істейтін Мұхаңнан Қарағанды сапары қалай болғанын сұрайды ғой. Ағамыз жағдайды боямасыз айтып, облыстық комсомол комитеті тарапынан еш көңіл бөлінбегенін жеткізіпті.
Ақынның көңілсіздеу әңгімесін естіген Қуаныш Сұлтанов, сол мезетте Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қайрат Аманбаевқа телефон соғып, М.Шахановты дұрыстап күту керегі туралы тапсырмасының орындалмағанына қатты ренжіген көрінеді.
Осы жайсыз хабардан соң, Қ.Аманбаев ізін суытпай (ашуға басып) Қарағанды облыстық телевидениесінің бастығы С.Путиевке звондайды ғой. «…Осындайда, осындай… сіздерде жұмыс істейтін Әли Тойжігітов деген редактор қайдағы бір ақынсымақ адамды студияға шақырыпты. Бізбен неге келіспедіңіздер?! Неге дұрыстап күтпедіңіздер?! Мен сол үшін «бастығымнан» таяқ жедім. Ендеше, облыстық партия комитетінің «бюро мүшесі» ретінде сізге қатты ескерту жасаймын! Ал, ана журналистке қатаң шара қолданыңыз!» – депті. Әрине, мұнысы «таз ашуын тырнадан аладының» кебі болса керек. Басында Қ.Аманбаев М.Шахановқа қатысты мәселенің орындалуын өзінің орынбасары Алшын Шалабаевқа тапсырған екен. Жауапты азаматтар ұмытып кетсе керек. Ең соңында Шалабаевтың шалалығынан мен таяқ жедім.
Ол кезде партияның саяси бюро мүшесі болған азаматтың билік құзыры кез келген мекеме басшысына жүреді. Оның айтқан ескертпесі міндетті түрде орындалатын. Осы мақсатпен телеарна төрағасы маған түсініктеме жаздырып, арнайы шара қолданатынын айтты. Екі күннен кейін осы іскерлігім үшін, бастығымнан қатаң сөгіс алдым, яғни жазықсыздан кінәлі болдым. Бұл – моральдық жағынан сол кезде маған қатты соққы болып тиді. Ол аздай алты ай жұмыс істеп жүріп, сыйақы мен көтерме жалақыдан қағылдым…
Жақында Парламент Сенатының депутаты, қарымды қаламгер Дархан Мыңбай ағамыз Қарағандыға келген сапарында осы әңгімені естіп отырып: «Әлеке, сіз Шахановты шақырып сөгіс алсаңыз, мен «Егеменді Қазақстан» газетіне басшылық жасап жүргенде, Шахановқа кабинетім де шапан жапқаным үшін сөгіс алған едім», – деп күлді.
Иә, күні кешеге дейін, ақиық ақынмен ағалы-інідей араласып, хабарласып тұрдым. Осындай ұлы ақын үшін, сөгіс алғаныма қазір еш өкінбеймін! Кезінде дауылпаз ақын Қасым Аманжолов қайтыс болғанда, көрнекті сөз зергері Әбділда Тәжібаев:
«Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы,
Біз оны көп айтамыз, жоқтап әлі!» – деген екен.
Сол айтқандай Мұхаң жайлы, нағыз ұлт жанашыры туралы әлі талай есте жүрген естеліктер жазылады. Бүгінгі еске алу соның бастамасы ғана…

Әли ТОЙЖІГІТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Ақпарат саласының үздігі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір