Сөнген шырақ
04.05.2026
42
0

«…Қанша үйдің ұрлап адамын.
Қанша үйде сөніп қалды оттар?
Көрдің бе ұлын ананың,
 Соғыстан қайтқан солдаттар

Ата-анам немересі Қуанышпен. Қуаныш Әшірбай атамның мен көрген суретіне ұқсайды.

 Жадымда қалған жаңғырық

         Бұл әңгіме 1939 жылы Қызыл әскерге әскери борышын өтеуге кетіп, Ұлы Отан соғысы басталған соң сұрапыл соғыста Ленинград үшін шайқаста қаза тапқан Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қызылту колхозының тумасы 1918 жылғы Сәлімбаев Әшірбай (Салимбаев) туралы.

Ордабекқызы Гүлбағира

         Мен —  Ордабекқызы Гүлбағира Сайрам ауданы Қарасу ауылының тумасы, Сәлімбаев Әшірбайдың ағасы 1906 жылы туған Сәлімбаев Әзімбайдың немере қызымын.

         Атамыз 1978 жылы дүниеден озды. Бұрын үйде басында буденовка кепкасы бар әскери киімде түскен Әшірбай атамыздың портреті 1995 жылдарға дейін төрде ілулі тұрды. Өкінішке орай оны таппадым. Есімде қалғаны 3 класта оқып жүргенімде радиода «Бармысың, бауырым?» тақырыбында хабар болушы еді. Мен сол хабарды тыңдап, атамның інісі алдымен әскерге кетіп, соғыс басталғаннан кейін соғысқа кеткені, оның жараланғаны, госпитальде емделгені, інісін іздеп сол жерге барғаны және онымен кездесе алмағаны, кейін соғыстан хабар-ошарсыз кеткені туралы айтқан ақпаратын пайдалана отырып, редакцияға хат жазғанмын. Ол хатым «Ана тілі» кітабымның ішінде болған. Сабақ оқып отырғанда кітаптан сырғып түскен хатты атам оқып, маған мақтау сөз айтқаны есімде.

Атам Сәлімбеав Әзімбай, Әшірбай Сәлімбаевтың ағасы

        Анам марқұм «Қайтыс болды дегенді білгім келмейді. Мүмкін әлі де тірі болар, келер деген үмітпен атам мен іздеу салған хатты жібермеңдер» дегенін айтқан. «Әшірбай тәтем соғысқа кеткенде мен кішкентай екенмін. Апам мен келгенше сен үлкен жігіт боласың деп айтқан» деп әкем Ордабек Әзімбайұлы есіне алады.

       Жастықпен мән бермедім ба, әйтеуір осы іздеу аяқсыз қалды. Небәрі 25 жасында қыршын кеткен, Отаны үшін от кешіп қаза болған, жат жерде мәңгілікке қалған әулеттің ұлы Әшірбай атамыз туралы жазып, бала кезімде аяқталмаған әрекетті соңына жеткізіп, оның есімін халқына білдірсем деген ниетпен қолға қалам ұстадым.

       Сұрапыл соғыстың біткеніне 80 жылдан кейін Ресей федерациясы қорғаныс министрінің «Ұлы Отан соғысының 1941-1945жж. кезеңіндегі Қызыл армия мен әскери-теңіз флотының мұрағаттық құжаттарын құпиясыздандыру туралы» 2007 жылғы 8 мамырдағы No181 бұйрығы шығып, іздеу отрядтары хабар-ошарсыз кеткендер мен соғыс болған жерлерден мәліметтер табылып жатқаны туралы іздеу жұмыстары басталғаннан кейін мен де із-түзсіз кеткен Әшірбай атамызды іздестіруді жөн көрдім. Ол туралы мынадай ақпарат табылды.

         Сәлімбаев Әшірбай (Салимбаев Аширбай) 1918 жылы туған, әскерге шақырылған орны Сайрам аудандық әскери комиссариаты, 1939 ж., әскери  шені — аға сержант, әскери-жіберу пункті — 48 қордағы атқыштар полкі, команда нөмірі — 13621.

 «Ленинградты қорғағаны үшін»

          Табылған мәліметке қарағанда қызыл әскер Сәлімбаев Әшірбай 1943 жылы 3 шілдеде КССРО-ның Жоғарғы Советі Президиумы бекіткен Жарлығымен «Ленинградты қорғағаны үшін» («За оборону Ленинграда») медалімен наградталған. 268 атқыштар дивизиясы әскери бөлімінің наградтау құжатында әскери атағы — қызыл әскер, награда атауы «Ленинградты қорғағаны үшін» (медаль «За оборону Ленинграда»), № 67А бөлімше бұйрығы 20.11.1943ж. делінген. Бұл марапатты, яғни медаль беру туралы бұйрық қызыл әскер Әшірбай Сәлімбаев қайтыс болғаннан кейін шыққан.

Санкт-Петербордан келген суреттер

          Мұрағаттық құжаттарда 268 атқыштар дивизиясы 339 жеке барлау ротасының ұрыс әрекеттері журналында 1942 жылғы 10 ақпан мен 1943 жылғы 30 қазан аралығында болған қиян-кескі ұрыстар, жау соққысынан кері шегініп, өте ауыр жағдайда жаудың бората атқылаған оғының астында батпақ үстінде қызыл әскер сарбаздары қорғау шептерін жасағандары суреттелген. Нәтижесінде, жаудың әлсіреген қорғану жүйесінде қызыл әскер барлаушылары 113-ДЗОТ, 9 көмілген танк, 54 миналық батареясының болғанын, фашистердің күшейгенін анықтаған. Бірақ жау да кері шегінбеу мен ілгері жылжу үшін алдыңғы және ортаңғы шепте траншеялар мен қорғану шептерін жасап, бірқатар учаскеде мықты қарсы тұру тораптарын жасаған.

Санкт-Петербордан келген суреттер

         Әр адым үшін болған қиян-кескі ұрыстардың бірінде 1943 жылғы 30 тамызда Анненское деревнясында Әшірбай Сәлімбаев та қаза болған екен. Сол кезедегі ұрыста жау 39 деревняны жойып жіберген. Ол сол жылғы 2 қыркүйекте бірінші жерлеу орны Ленинград облысының Анненское деревнясының шығыс шетіне Бауырластар зиратына жерленіпті. Кировск қаласының әскери комиссары полковник А.Копиннің 1995ж. шілдедегі мәліметінде әскери жерленгендердің есеп карточкасында Ресей федерациясы Ленинград облысы, Киров қаласы, Краснофлотская көшесіндегі Бауырластар зиратына барлығы — 4530 адам, оның ішінде:белгілісі -2616, белгісізі — 1914 адам деп көрсетілген. Бұл дерек шығындар туралы ақпаратта (ақпарат дереккөзі ісінің нөмірі 676, ішкі тізім № 18001, ақпарат көзі қорының № 58, дереккөз аты ЦАМО) жазылған. Қызыл әскердің 268 атқыштар дивизиясы 339 жеке барлау ротасының 1943 жылғы 29 тамыз бен 5 қыркүйек аралығындағы басшылық және қатардағы құрамының шығыны туралы атаулы тізімде «Сәлімбаев Әшірбай 30.08.1943ж. ұрыста қаза тапты. 07.09.1943ж. №35 хабарламада (қара хат) ағасы: Сәлімбаев Әзімбай (Салимбаев Азимбай) көрсетілген. 1941-1944жж. ұрыста жау 39 деревняны жойып жіберген екен.

          Қазақстан аумағынан шақырылған Ұлы Отан соғысы кезеңінде қаза болғандар мен із-түзсіз жоғалғандар мәліметінің банкінде (Банк данных погибших и пропавших без вести в период Великой Отечественной войны военнослужащих, призванных с территории Казахстана) Сәлімбаев (Салимбаев) тегімен бірнеше азамат бар екен. Ал Сайрам ауданы, Қызылту колхозынан жалғыз Сәлімбаев Әшірбай тіркелген.

Санкт-Петербордан келген суреттер

          Ұлы Отан соғысының 1941-1945жж. кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы бойынша отбасымен жазбаша байланыс үзілген әскери қызметшілердің атаулы тізімінде де із-түзсіз жоғалды (пропал без вести) деген құпия дереккөзде Сайрам аудандық әскери комиссар майор Жумадиловтің 1948ж. 12.5. жіберген тізімде 42 адам болғандығы, бұл тізімнің дұрыс және соңғы екендігі, әр отбасын жеке аралап, расталған нақты тізім туралы Москва қ.( Фрунзе көшесі, 19 үй) қайтыс болғандар мен із-түзсіз жоғалған сержант пен қатардағы құрамды есепке алу жөніндегі орталық басқармаға жазылған хатта да Әшірбай Сәлімбаев жазылған. Мәскеуге оның №1 данасы жіберіліп, №2 дана істе, орындаған аудандық әскери комиссариат  офицері аға лейтенант Ташбулатов деп көрсетілген.

«Ерлік елеусіз қалмас»

          Аталған деректерге сүйене отырып, қазіргі уақытта Санкт-Петербор қаласының әскери оқу орнында оқып жүрген қазақстандық докторанттың көмегімен Ленинград облысы, Киров қ. және Киров аудандық әскери комиссариатының әскери комиссары подполковник О. Горпишиннің қызыл әскер Салимбаев Аширбайдың Киров ауданының аумағында белгілі және жерленгендер тізімінде жоқтығы мен оған дәлел ретінде ұсынылған құжаттар негізінде жауынгердің аты-жөні қаза болғандарды есепке алу картотекасына енгізілетіні, дайын болу мерзіміне байланысты батырдың аты мәңгі есте сақталу үшін мемориалдық тақтайға аты-жөні жазылатыны туралы 2025ж.02.10. No2/2174 жауап хаты келді.

Әкем, немересі мен қызы, яғни әпкем

         Отбасын құрып үлгермеген, соғыс майданында Отаны үшін небәрі жиырма бес жаста қоршаудағы жау жойып жіберген Ленинград облысының Анненское деревнясында жанын қиып, ерлікпен қаза тауып, мәңгілік мекенінде қалған Әшірбай Сәлімбаевтың аты өз Отанында да есте сақталып, Шымкент қаласындағы Даңқ мемориалы мен туған жері Сайрам ауданының Ақбұлақ ауылында мемориалдық тақтаға аты-жөні жазылса деген ниет пен тілек бар. Ер есімі ел есінде қалса екен.

         Батырлар рухын қастерлеген халықпыз. Болашақта бұрынғы Қызылту қазіргі Ақбұлақ ауылында дүниеге келген Әшірбай атамыз тұрған шаңырақ жерінен бір уыс топырақ алып, Ленинград облысы Киров қаласындағы бауырластар зиратына жеткізсек, батырдың рухына тағзым етіп Қарасу ауылындағы атам Әзімбай жерленген зиратқа да Әшірбай атамыздың рухы үшін ол жердің де бір уыс топырағын әкеліп салсақ деген жоспар бар.

         Ұлы Отан соғысында із-түзсіз кеткен Әшірбай атамызды іздестіру бұл тек тарихи әділеттілікті орнату емес, бұл — ата-бабамның аманатына адалдық, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің көрінісі деп білемін.

 Мың алғыс

         Іздеу жұмысына басшылық еткен өмірлік жолдасым Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 41 жыл еңбек сіңірген, қазіргі уақытта зейнеткер, Ұлттық қорғаныс университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарып жүрген генерал-майор Лут Сапуұлы Әлшекеновтің, аталған оқу орнында қызмет атқарып жүрген полковник Нұртаза Турабекұлы Асилов пен Санкт-Петербор қаласында адъюнктурада оқып жүрген полковник Айтжан Әдиманұлы Тануев та орасан көп жұмыс атқарып, көмек көрсеткенін атап өтуді жөн көрдім. Іздеу барысында осы азаматтар атқарған көп жұмыс арқасында қажетті мәліметтер мен деректер табылды.

       Оларға атам Әзімбай мен әкемнің, отбасымыздың атынан айтар алғысым шексіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір