Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту – уақыт талабы
Электрондық еңбек биржасында мүгедектігі бар адамдарға жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілердің тізбесі жарияланды. Бұл жылы мүгедектігі бар адамдар үшін 16 мыңнан астам жұмыс орны квоталанды. Еңбек министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылы квота 2,6 мың жұмыс берушіге белгіленген және 16,7 мың жұмыс орнын көздейді. Бұл – мүгедек азаматтар үшін жұмыс табудың, тұрақты табыс табудың және өздерінің кәсіби әлеуетін іске асырудың нақты мүмкіндіктері.
Квоталауға қатысатын жұмыс берушілердің тізбесі аудандар мен қалалар бөлінісінде электрондық еңбек биржасында жарияланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазіргі уақытта елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұратынын айтқан болатын.
«Бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7%-ы құрайды. Оның ішінде шамамен 56%-ы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 29%-ы – зейнеткерлер, 15%-ы – балалар. Биыл мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жиынтық шығыстар 1,1 трлн теңгені құрайды», – деді Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында. Инклюзивті қоғамды оңтайландыру, мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қамтамасыз ету бүгінгі уақыттың басты талабы болып тұр.