Детектив және фантастика жанры: нәтиже қандай?
13.04.2026
65
0

Өткен есеп беру жылында Детектив жанры кеңесі әртүрлі ұйымдастыру, шығармашылық тақырыбында 5 отырыс өткізді. Кеңес жұмысында ілгерілеушілік, сан мен сапаны жақсарту көрсеткіштері байқалды. Мәселен, осы жылы Кеңес құрамына Ғ.Юсупов, М.Қарекенов, Н.Сәрсенбаев сияқты жазушылар қабылданды. Детектив жанрындағы бай тәжірибесі ескерілген Ғ.Юсупов Кеңес төрағасының кеңесшісі болып сайланды. Л.В.Лазарева біздің Кеңестің ұсынысымен Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданды. Маусым айында АҚШ мемлекетінің азаматы Азат Баттақовпен кездесу ұйымдастырылып, детектив, фэнтези жанры бойынша тәжірибе бөлістік. Ол Кеңес мүшелеріне бірнеше детектив кітаптарын сыйға тартты.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 12 қыркүйектегі №36 санында Ғ.Юсупов жанр кеңесінің ғана емес, жалпы Жазушылар одағының сан салалы жұмыстары туралы кең мағлұмат берді. Сол сияқты, ол ақтөбелік жазушы Зияш Телеуовның «Бас» атты романына көлемі ауқымды рецензия жазып, газет бетінде жариялады.
2025 жылдың 21 қарашасында Кеңес мүшесі Л.Лазарева Алматы қаласының «Адидас» атты оқырмандар клубының мүшелерімен, сол сияқты басқа қалалардағы «Адидас» клубы оқырмандарымен «онлайн» режимінде творчестволық кездесу өткізді.
Ғ-С.Юсупов «Шахизаданың құпиясы» повесімен республикалық «Заң медиа» газеті жариялаған детектив жанрындағы байқауға қатысты. Ол еңбектері «Заң» газетінде жарияланды.
Жазушы Ғ.Юсупов өткен жылы жазушы Т. Т. Ахметовтың «Детективное агентство «Барс» атты детектив жанрындағы романы мен «Родник у озера» атты романын орысшадан қазақ тіліне аударды. Екіншіден, осы романның үш тарауының қазақша аудармасын республика бойынша жарияланған «Айбоз» байқауына жолдады. Осы байқауға «Балалар әдебиеті» және детектив жанрлары бойынша, барлық саны үш шығармашылық еңбектерін ұсынды. Биылғы жылы детектив жанрындағы «Барыс» шабуылға дайын» атты бес сериядан тұратын романның бірінші кітабын жазып, ол еңбегі Алматы, «Тоғанай Т» баспасынан кітап болып шықты.
Әріптесіміз Ғ.Юсупов республикалық «Заң» газетінің №81, 28 қазандағы санында жарияланған «Ұлы Абайды «Абай» қылған кімдер?» деген сын мақаласы оқырмандар арасында үлкен резонанс тудырды. 2025 жылдың қазан айында Ғабекең өзі бұрындар тұрған және тұңғыш кітабы – «Күрес әлі алда» атты повесі шыққан Қаратал өңірінде оқырмандармен кездесу ұйымдастырды. Атап айтқанда, Үштөбе қаласында Пушкин атындағы мектептің кітапханасы мен аудандық орталық кітапханасында шығармашылық кеш өткізді. Кездесу барысында ҚР Жазушылар одағында атқарылып жатқан игі шаралар мен одақтағы тың жаңалықтарды кеңінен жеткізіп, оқырмандар сұрағына жауап берді. Соңында екі кітапхананың қорына әр тақырып жанрда жазылған 16 деректі және көркем проза кітаптарын сыйға тартты, оқырмандармен естелік суретке түсті.
Детектив жазушысы демекші,Ғ.Юсупов ағылшын еліндегі атақты детектив Шерлок Холмсты мысал етіп келтіреді.
Қазақ көркем әдебиетінің детектив жанрында әр жазушы өз «Шерлок Холмсын» тықпаламай, еліміздегі атақты, тәжірибелі, қылмыс әлемінің бүге-шүгесін жақсы білетін және ол қылмыстарды ашуды шебер меңгерген тұлғаны, қазақ елінің өз Шерлок Холмсы детективін шығармаларына кейіпкер етуді тұспалдап ұсынған екен. Несі бар, ағылшын елі Шерлок Холмсқа ескерткіш, музей ашу арқылы, бүкіл әлемнің туристерін қызықтырып, ел бюджетін толтыруға орынды пайдаланып отыр. Осы тәжірибені біздің әдебиетке де енгізсек, қай жағынан болмасын, ұтылмасымыз анық.
Людмила Лазарева мен В.Григорьев «Бифириум. Мәңгі өлместік Құдайы» романын,
Айнагұл Садықова Шыңғыс Абдуллаевтың «Үміт ұялаған үй» атты романын орыс тілінен қазақшаға аударды.
Т.Ахметов «Диктатордың сәтсіз індеті» атты повесін «Заң» газетінің байқауына жолдап, жарияланған еңбек оқырмандар ілтипатына бөленді. «Тайны голубых куполов» повесі «Простор» журналында басылды, «Благославление матери» романы Ресейдің ЭКСМО баспасы жариялаған «Реальный детектив» байқауына қатысқан болатын.
Сөз соңында айтарым, детектив жанрының басқа жанрлардан өз ерекшеліктері бар. Мәселен, бір қылмыс жасалды делік. Нақты қылмыскер белгісіз. Бірақ бірнеше күдіктілер бар. Тәжірибелі детектив қылмысты ашады. Бірақ осыны кейбір автор еш шиеленіссіз, тым қарапайым жолмен суреттеп береді. Бұл жағдайда, жаңағы шығарма детектив емес, шытырман оқиға дәрежесінде қалады. Мысалы, жазушы Зияш Телеуова «Бас» атты триллерінде 90-жылдардағы әлеуметтік мәселелерді көбірек қамтып, қылмыскердің сол қылмысты жасауына ықпал еткенін бірнеше жерде қайталап, оқырмандарды жалықтырып, тіпті ренішін туғызатындай суреттеген. Біздің қайырымды ақсақалымыз
Ғ.Юсупов «Эх зона, зона» романында қылмыскерлерді ұстаған құқық қорғау органы қызметкерлерінің қылмысты ашу шеберліктерімен қоса, олардың балаларының да үлгілі өмір жолын романына еңгізіп жіберген. Әрине, жақсының жақсылығын айту жөн ғой, бірақ детективке еш қатысы жоқ жанұя мүшелерін романға еңгізу артықтық еткен сияқты.
Сонымен бірге, әлеуметтану, құқықтану, криминалистика салаларындағы соңғы зерттеулер детективті жанрдың қоғамдық өмірдің осы салаларына оң ықпалын тигізетінін, азаматтардың құқықтық тәрбиесін қалыптастырып, құқықтық білімдерінің аясын кеңейтетіндігін айқын көрсетеді.
Психологтардың айтуынша, ұрыс-төбелес, қанды оқиғалар, дау-жанжал, әр түрлі қылмыс көріністері бар, бірақ, ақыр соңында, заңдылық, әділдік, адамгершілік үстемдік алып, жақсылық жеңетін бұндай шығармалардың игі әсері сол – олар жеке басындағы, сондай-ақ, жалпы қоғамдағы қандай да бір келеңсіздіктерден шаршаған қатардағы, қарапайым азаматтардың бойын жайлаған жағымсыз сезімдерін сейілтіп, психикасындағы ширығысты тарқатуға септігін тигезетіндігі хак.

 

Темірболат АХМЕТОВ ,

Детектив жанры кеңесінің төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір