Айтбай СӘУЛЕБЕК. ЛАЛАГҮЛІ ЕҢ, МАХАББАТ ДЕГЕН ТАУДЫҢ

СЕН АМАН БОЛ
Шырын ба едің?
Жұпар иісі аңқыған,
Жырым ба едің?
Шалқар көлдей шалқыған.
Құштарлықпен бал ерніңді өпкенде,
Рахат сезім иірімінде балқығам.
Күнім бе едің?
Шұғыла-нұры төгілген,
Түнім бе едің?
Ай сәулесі көрінген.
Қуанғаннан теңіздейін толқимын,
Өмірімсің өлең болып өрілген.
Бақыт па едің?
Басыма кеп қонатын,
Жақұт па едің?
Сыр-сандыққа толатын.
Ақ пейілмен аймаласқан сәттерде,
Шаттық,
Ләззат –
Бәрі менде болатын.
Сен жоқ сәтте бақытсыз боп жүремін,
Сен бар жерде бақыттымын, білемін.
Сен жоқ сәтте қысылады жүрегім,
Сен аман бол!
Осы менің тілегім.
МЕН СҮЙГЕН ЕРІН
Мен сүйген ерін –
Алқызыл гүлдей ашылған,
Жұмақтың исі сезілетіндей шашыңнан.
Өзіңе дейін өтпеген болып көрінді,
Алғашқы сезім – махаббат менің
басымнан.
Мен сүйген ерін –
Қызғалдақ сынды құлпырған,
Бота көздердің кірпіктеріне сыр тұнған.
Жанартау сынды атылып кетіп
жүрмесін,
Жүрегіңді сипап, басу айтайын бұлқынған.
Мен сүйген ерін –
Нәп-нәзік,
Жұмсақ,
Бал шырын,
Сеземін анық,
Тәп-тәтті дәмін тамшының.
Махаббат сынды өмірді сақтай білейік,
Осынау қысқа сабындай болған қамшының.
Мен сүйген ерін –
Ешқашан,
Еш кез болмаған,
Дәл мұндай бақыт ешкімге әлі қонбаған.
Шабыт шалқыды,
Көңілім көкке жеткендей,
Жыр-сәлем осы,
Өзіңе арнап жолдаған.

МӘҢГІЛІК ОТ
Құр сүлдем қалды,
Қалмады басқа ештеңем,
Өзімнен қорқам,
Өзімнен-өзім сескенем.
Лапылдап жанған оттай ем кеше
бақытты,
Тұтана алмадым,
Нем қалды сонда өшпеген?
Сезім де кетті,
Жүрек те кетті,
Өзіңмен,
Ғашықтық оты ғайып боп
кетті көзімнен.
Ес-түссіз сүю осы ма еді,
Ей, Алла,
Шөкімдей қуат қалмады ақыл-төзімнен.
Көрмесем сені,
Көзім де көрмей қалардай,
Кесеме біреу у қосып балды салардай.
Ғашықтық зары – ең ауыр жаза екен ғой,
Жалғыз қалғанда жанымды біреу алардай.
Махаббат неткен тәтті едің,
Неткен қатал ең?
Төзбесем оған,
Өзімді-өзім атар ем.
Сүйгенім менің жарығын төккен
Күн болса,
Күн сайын кешке ұясына бірге батар ем.
Көрмеуге сені,
Ендігі шыдай алмаспын,
Сынығы едім,
Тот баспайтұғын алмастың.
Құшағы жердің кең әрі жайлы болғанмен,
Мына түріммен ұзаққа қала алмаспын.
Жарқ етіп шықсаң,
Алдымнан таң боп күлімдеп,
Қуаныш қан боп тамырларымда жүгірмек.
От құшағына махаббат мені орайды,
Тұрған сәтімде құр сүлдем қалып дірілдеп.
СҮЮ
Сүйіп қалдым,
Қайтейін,
Сүйіп қалдым,
Сенсіз мүлде қалады ұйып қаным.
Еніп кеттім махаббат майданына,
Дей алмаймын,
Көрермін бұйыртқанын.
Сүйіп қалдым,
Қайтейін,
Амал бар ма?
Махаббаттан нәр алғам жаралғанда.
Бірін-бірі сүйетін ғашықтарға,
Бұл фәниде алынбас қамал бар ма?
Саған арнап шығарармын әнімді,
Сезімім де от сияқты жалынды.
Махаббат!
Ол – Алланың марапаты!
Сүймегендер ұға алмайды жанымды.
Сүйгенімді аңсап, күтіп, жылайын,
Қуанғаннан көз жасымды бұлайын.
Адам Ата, Хауа Анадан тараттың,
Сүйгендерді жарылқай гөр, Құдайым!
СЕНІ ОЙЛАСАМ
Сені ойласам,
Жаным тыныш табады,
Саған жырды жүрек өзі жазады.
Ыстық сезім лапылдасын,
Сөнбесін,
Махаббаттың тарқамасын базары.
Сені ойласам,
Тәтті түстер көремін,
Пейіштегі гүлзар баққа енемін.
Бақыт деген –
Сенің ыстық құшағың,
Бір сен үшін бәрі-бәрін беремін.
Сені ойласам,
Сезім от боп жанады,
Сенсіз жерде өртке ұласып барады.
Ынтық сезім құмарынан шықпаса,
Алынбайды махаббаттың қамалы.
Сені ойласам,
Ұмыт болар барлығы,
Әсер етпес патшаның да жарлығы.
Сенің нәркес жанарыңды көргенде,
Құлпын ашар махаббаттың сандығы.
Сені ойласам,
Жаным тыныш табады,
Саған жырды жүрек өзі жазады.
Бірін-бірі құлай сүйсе ғашықтар,
Түкке тұрмас махаббаттың азабы.
МЕН СІЗДІ ҰНАТҚАН ПЕНДЕМІН
Мен – сізді ұнатқан пендемін,
Аспанда емес, жердемін.
Бұйрығын алып Алланың,
Сізді қуантуға келгенмін.
Мен – сізді ұнатқан па қырмын,
Қорқақ емеспін, батылмын.
Жырыммен сізге мәңгілік,
Ескерткіш қоятын ақынмын.
Мен – сізді ұнатқан ғашықпын,
Алдыңызда тұрсам, жасықпын.
Жанарыңыз жарқыл қаққанда,
Кетіп қалуға асықтым.
Мен – сізді ұнатқан пендемін,
Сүйгенім барда төрдемін!
Көрсете көрме, ей, Алла,
Ғашық жүректің сөнгенін.
СҮЮ КЕРЕК
Сенің көзің
Мөлдіреген,
Тұп-тұнық,
Тұратындай бір шындықты ұқтырып.
Сүйе білу –
Жазылмайтын дерт емес,
Сүйе білу –
Адамшылық,
Мықтылық!
Сүю үшін жол жүресің, азапты,
Бастан кешіп,
Қорлықты да,
Мазақты.
Маған салса,
Ұлы адам деп атар ем,
Махаббатты кие тұтқан қазақты!
Сүю деген –
Махаббаттың жаршысы,
Сондықтанда сүйе алмайды бар кісі.
Сүйе алмайтын сорлыларды фәниде,
Жазалайды Жаратқанның қарғысы!
Сүю керек,
Өлу керек,
Сүйіп те,
Шыдау керек,
Қызғанышқа, күйікке.
Сүйгендерді Алла өзі қолдайды,
Қалады олар арман атты биікте!
АМАНАТ
Күлкің қандай әдемі,
Күлкіңді мен ұнатам,
Атып келе жатқандай
Қосақталып бұла таң.
Күле алмаймын мен сендей,
Күлемін деп, Құдай-ай,
Өзімді-өзім жылатам,
Өзімді-өзім жұбатам.
Көзің қандай әдемі,
Көзіңді мен өбейін,
Қорықпасаң, сәби ғып
Жыр-бесікке бөлейін.
Маған сені кез еткен
Тағдырыма не дейін,
Жүректегі сезіммен
Сені желеп, жебейін.
Ғашықтық деп аталған
Дертке ұрындым, асқындым.
Баяғы әуен емеспін,
Тіпті басқа, басқа үнмін.
Таудан асқан тасқынмын,
Өмірімді уыстап
Бір өзіңе тапсырдым…
МЕН СҮЙГЕН ҚЫЗ
Мен сүйген қыз
Жылап та алады,
Жүрегінен кейде сыр ақтарады.
Алланың сыны –
Ең ауыр сауал,
Кей кезде өтпей, құлап та қалады.
Мен сүйген қыз
Бұлақтай тұнық,
Мөлдір көзінен құпия-сыр ұқ.
Мен ғана оның кілтін табамын,
Жүрегінде оның жабулы құлып.
Шын сүйген жүрек өзі емдеп, жазады.
Ғашығы салған кездейсоқ жараны.
Шын сүйген жүрек быт-шыт қып жояр,
Қаяу боп түскен өкініш-наланы.
Мен сүйген қыз
Тұрақ табады,
Жүрегінде оның жыр сақталады.
Күнәсі болса, өзіме жазам,
Мен сүйген қыз
Жұмаққа барады.