Женишбек АСАНКУЛОВ, Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы: ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗҒА ОРТАҚ ТҰЛҒА
13.04.2026
213
0

 

Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Женишбек Асанкулов Қазақстан Жазушылар одағына ресми сапармен келіп, Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен кездесті. Басқосу барысында бауырлас елдердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту, қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қос елдің тарихында айрықша орын алатын бірегей тұлға Жүсіп Әбдрахмановтың еңбек жолын ұлықтау жолындағы жайлар қозғалды. Жиын соңында Женишбек мырзаға аздаған сауалымызды қойған едік.

– Қырғыз халқының тарихи қайраткері Жүсіп Әбдрахманов – қазақ елі үшін де ерен тұлға. Қазақстан Жазушылар одағына арнайы ат басын бұруларыңыз да осы тұлға есімімен байланысты екен.
– Иә, бүгін Қазақстан Жазушылар одағына арнайы келіп отырмыз. Біршама уақыт бұрын Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Әбдешұлы Қырғызстанға келген іссапарында Қырғызстанның мемлекет қайраткері, Қырғыз Комиссарлары Кеңесінің бірінші төрағасы, қырғыз мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі Жүсіп Әбдрахмановтың еңбегі турасында жан-жақты айтқан болатын. Мереке ағаның сөзін қырғыз тарихшылары мен жазушылары, қырғыз зиялы қауым өкілдері бірауыздан қолдаған еді. Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты да сол ерен тұлғаның жүріп өткен жолын, қайраткерлігі мен тұлғалық болмысын ұлықтай отырып, Алматы шаһарында Жүсіп Әбдрахманов атына көше беру, ескерткішін орнату жайын талқылау болды.
Небәрі 26 жасында Қырғыз Республикасы үкіметінің басшысы болып тағайындалған Жүсіп Әбдрахмановтың еңбек жолы, саясатты алғашқы қадамы қазақ елінде, Алматы қаласында бастау алған. 1901 жылы 28 желтоқсанда Ыстықкөл облысының Чиркей ауылында дүниеге келген ол 1920 – 1921 жылдары Алматы, Талдықорған қалаларында қызмет атқарған.
Жүсіп Әбдрахмановтың ашаршылық жыл­дары зұлмат кезеңге тап болған қазақ­тарға қол ұшын созғаны да тарих беттерінде жазылған. Мереке Әбдеш­ұлының: «Қиын шақта біз кімді паналадық? Қырғызстанды паналадық. Сол кездегі үкіметтің басында отырған Жүсіп Әбдрахмановты біз ет жүрегіміз елжіреп жақсы көреміз. Қазақ деген айбарлы елдің астанасында немесе Алматы қаласында Жүсіп Әбдрахмановтың ескеркішін орнату маңызды деп есептеймін. Ол кісінің еңбегі турасында кеңінен жазу да – біз үшін басты мұраттардың бірі», – деп айтқаны біздің де көңілімізді толқытып еді.
– Тағы қандай шараларды жүзеге асыруды жоспарлап огтырсыздар?
– Бірінші мәселе – көшеге атын беру болса, екінші жоспар – Алматы қаласына Жүсіп атамыздың ескерткішін орнату. Осы мақсат аясында да Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының мүсіншілері өзара ақылдасып, жұмыс жасауда. Екі елдің де осы салаға жауапты тұлғаларымен сөйлесіп, келісімдер жүргізіп, мамыр айының басында ауқымды шара өткізуді ұйғарып отырмыз. Бұған дейін Талдықорған қаласында Жүсіп Әбдрахманов атына көше берілгені де тарих үшін өзекті.
– Осындай игі жұмыстар қазақ-қырғыз халықтарының рухани, ұлттық байланысын одан әрі нығайта түсері анық.
– Әрине. Айтып өткенімдей, Жүсіп атамыз алғашында қазақ еліндегі Жетісу облысында жұмыс істеп, содан кейін Қырғыз елінде еңбек жолын жалғастырған, мемлекет дамуына айрықша үлес қосқан. Жүсіп Әбдрахмановтың жары қазақ қызы болғанын да атап өткеніміз жөн. Гүлбахрам Әбдрахмановамен қазақ елінде шаңырақ көтеріп, екі ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, 1924-жылдары отбасымен Қырғызстанға қоныс аударған. Қазақ жерінде қызметте жүрген кездері туралы күнделігіне де жазған екен атамыз.
– Ұрпақтары Қырғызстанда өмір сүріп жатыр ма?
Екі ұлдан кейінгі қызы Аида Жүсіпқызы Қазақ ССР КГБ басшысының орынбасары Абдуманап Төлеулиевке тұрмысқа шығып, Алматы қаласында тұрақтап қалды. Ұлы, немерелері осы шаһарда. Ал атамыздың қалған ұрпақтаы Бішкекте, қырғыз елінде.
– Жоспарларыңыз сәтімен жүзеге аса берсін!

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір