АБАЙ ӘЛЕМІНЕ ТЕРЕҢ ҮҢІЛУ
12.04.2026
198
1

8 сәуір күні И.А,Крылов атындағы кітапханада жоспарлы түрде Абайды талқылау «Білімге жол» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияның басты мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы мұрасын жаңа қырынан талдап, оның рухани-философиялық тереңдігін заманауи көзқараспен саралау болды.

Кешке түрлі ғылым саласының ғалымдары, ұстаздар мен оқырмандар қатысып, мазмұнды пікір алмасу алаңы қалыптасты. Бұл кездесу тек ғылыми талқылау ғана емес, рухани ізденіске жол ашқан тағылымды басқосу болды.

Кештің құрметті қонағы – философия ғылымдарының докторы, абайтанушы Досым Омаров. Ғалымның ғылыми еңбектері адам болмысы, сана, рухани даму мәселелерін терең зерделеуімен ерекшеленеді. Ол өз баяндамасында Абайдың «толық адам» ілімін қазіргі қоғам тұрғысынан талдап, оның мәні мен маңызын кеңінен ашып көрсетті. Ғалымның пікірінше, Абай мұрасы – тек әдеби құндылық емес, ол – адамды өзін тануға жетелейтін рухани бағдар.

Досым Омаров – отандық философияда өзіндік орны бар зерттеуші. Бүгінде оның 14 кітабы жарық көрген. Соның ішінде сегіз еңбегі Абай Құнанбайұлы ілімін терең талдауға арналса, екі кітабы Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасын зерттеуге бағытталған. Сонымен қатар, автордың екі еңбегі орыс тілінде жарық көріп, ғылыми қауымдастыққа ұсынылған. Оның барлық еңбектері ғылыми негізде жазылып, рухани-философиялық бағыттағы жүйелі ізденістің нәтижесі ретінде бағаланады.

Көпшілік біле бермейтін маңызды деректердің бірі – ғалымның алғашқы еңбектерінің бірі «Абайтану» оқулығы болғаны. Бұл пән бір кезеңде мектеп бағдарламасына енгізіліп, жас ұрпақтың рухани танымын қалыптастыруға бағытталған еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл бастама ұзаққа созылмай, екі-үш жыл ішінде тоқтатылды. Соған қарамастан, бұл еңбек – ұлттық руханиятты білім беру жүйесіне енгізуге жасалған маңызды қадамдардың бірі.

Сонымен қатар, ғалымның ғылыми мақалалары мен зерттеулері республикалық «Абай әлемі», «Абай» журналдарында және «Абай.кз» сайтында тұрақты түрде жарияланып, оқырман қауымға кеңінен таралуда. Бұл оның еңбектерінің ғылыми ортада ғана емес, көпшілік арасында да сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Кештің маңызды сәттерінің бірі – Досым Омаровтың «Абай – руханият тірегі» (дүниетаным) атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. Жаңа еңбек Абай дүниетанымын терең философиялық тұрғыда талдауға бағытталған құнды зерттеу ретінде көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шара барысында Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен үзінділер оқылып, қатысушылар тарапынан ғылыми пікірлер айтылды. Әсіресе, Абайдың «жүрек, ақыл, қайрат» туралы тұжырымдары қазіргі қоғаммен байланыстыра талқыланып, тың ойлар ортаға салынды. Сұрақ-жауап бөлімінде қонаққа мазмұнды сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.

Бұл кеш – Абай Құнанбайұлы мұрасының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды жиын болды. Сонымен қатар, отандық философия мен руханият саласына сүбелі үлес қосып жүрген Досым Омаров сынды ғалымдардың еңбегін насихаттауға бағытталған маңызды рухани шара ретінде есте қалды.

А.Жолдасқызы,

қаламгер,

кітапханашы

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.04.2026 | 12:54

Өте жақсы жазылған рецензия екен. Ғалымның шын бағасы да берілген. Керемет басқосу болған екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір