Инклюзивті білім беру – адами әлеуетті арттырудың алғышарты
03.04.2026
34
0

Инклюзивті қоғамды оң мүмкіндіктермен толықтыру уақыт сұранысы болып отыр. Бүгінде түрлі диагнозбен өмірге келген балалар санының артуын мамандар экологиямен, азық-түлікпен, өзге де себептермен байланыстырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар тиісті реабилитация қабылдау үшін жарты жыл уақыт күтеді. Сөйтіп, уақыт жоғалтады. Кезегі келген кезде толық оңалтудан өтуге мәжбүр. Балалар сапалы қызмет алу керек. Мемлекет тарапынан арнайы психолог мамандарының даярлануына назар аударылуы керек.
Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жұмысты қолға алуы керек», – деп айтқаны бұл мәселеде дабыл қағып қана қоймай, нәтижелі жұмыстар жасалуы тиіс екенін дәлелдейді.
Осы орайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамытуға күш салуда. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен инклюзивті білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өткен болатын.
Қазақстанда инклюзивті білім беру адами әлеуетті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір баланы оның қажеттіліктеріне қарамастан қолдау – әділетті әрі орнықты қоғам қалыптастырудың негізгі шарты. Тең мүмкіндіктер қоғамын құру және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету салада жүргізіліп жатқан реформалардың басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.
Қабылданып жатқан шаралар аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда 537 бейінді ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 48 балабақша, 99 мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы бар. Қолдау кабинеттерінің саны 1 095-ке дейін артты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 95,2 пайызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасаған. Инклюзивті ортада 94 527 бала білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында 7 775 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Жұмыс тобының отырысы барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауға бағытталған мүдделі тараптардың ұсынымдары таныстырылды. Бұл ұсынымдар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерінің өзара іс-қимылын біріктіріп, баланың дамуының барлық кезеңдерінде қажетті қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Түрлі қажеттілігі бар балаларға дер кезінде медициналық, психологиялық, өзге де дамыту негізіндегі оңалту жұмыстарын жасаса, нәтижесі де айқын болмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір