АБАЙ және ҰЛТТЫҚ ДАМУ
Бізде тағы да «Paradigm shift» басталып кетті… Себебі ескі қоғамдық жүйе заңдары мен құндылықтары бұдан әрі қарай тиімді жұмыс істей алмайды. Өйткені әлем жаңа халықаралық тәртіпке, жасанды интеллект (ЖИ )заманына, IV өндірістік революцияға қарай жылжып барады. Климаттың өзгеруі, жылдам технологиялық өзгерістер, экономикалық тұрақсыздықтар, геосаяси дағдарыстар, гибридтік соғыстар және қоршаған ортаның нашарлауы, психикалық денсаулық эпидемиялары, жалған ақпарат, азық-түлік қауіпсіздігі және киберқауіптер кез келген дайындықсыз қоғамды жүйелік күйреуге әкелуі мүмкін.

Осындай сыртқы және ішкі сынақтар мен сұраныс-талаптарға сай өзгере білген қоғамның ғана өмірі ұзақ болады, әрі ұлттың ішкі тұтастықта болуы, бірегейлікке ұмтылуы да мемлекеттің нығаюына әкеледі. Сондықтан «Парадигмалық ауысу» керек.
«Парадигманың ауысуы» деген термин қоғамдық өмірде қалыптасқан негізгі сенімдер мен құндылықтар жиынтығы және оны қабылдау тәсіліндегі түбегейлі өзгерісті білдіреді. Ол көбінесе дағдарыстармен, технологиялық жетістіктермен, жаңа ақпаратпен айқындалған шындықты (реальность) түсінудің мүлде жаңа тәсілдерін ұсынып, ескі дүниетанымдарды алмастырады.
XXI ғасырдың екінші ширегінде «Парадигмалық ауысудың» негізінде ғылым мен технология жатуы керектігі ешкімге күмән тудырмаса керек. ЖИ заманында кім ұтады, артықшылық кімде? Ең үлкен артықшылық – жай ғана бірінші болу. ЖИ-ді түсінуге, қолдануға, бейімделуге бірінші болып кірісу. Бұған білім керек, ғылым дамуы керек, ғылымның дамуында да алда болу керек. Оған әлемдік деңгейдегі озат университеттер мен жаңа технологиялар керек. Басқа жол жоқ.
Ғылым мен жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Мысалы, Coventry University, Heriot Watt University, Berlin Technische Universität, Cardiff University, University of Arizona және т.б. Тарихта бірінші рет Қазақстан әлемдік озық университеттері бар 14 елдің ішіне кірді, осылай біртіндеп академиялық хабқа айналу жоспары бар, яғни Қазақстан білім экспорттаушы елге, білім беру бизнесін дамытушы әрі жұмсақ күш дайындаушы ел болмақшы. Ең алдымен, озық білім беру технологияларын, оқыту әдістерін, ғылыми ынтымақтастықты трансферттеу және отандық университеттерді халықаралық академиялық қауымдастыққа біріктіру, әлемдік жоғары оқу стандарттарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Әлемдік озық университеттердің осылай тобымен елімізге келуі – қазақ тарихында бірінші болып отырған феноменалдық құбылыс.
Қазақстан – мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда да әлемдегі көшбасшылардың бірі. Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютердің Қазақстанға әкелінуі, цифрландыруға мемлекеттік деңгейде маңыздылық берілуі, жоғары оқу орындарында ЖИ міндетті пән ретінде оқу жоспарына енгізілуі, әлемдік көшбастаушы Google, Nvidia, Microsoft сынды ақпараттық компаниялармен бірлескен арнаулы курстардың жазылуы, қазақ, орыс тілдеріне аударылып, платформа мен контенттің жасалынуы да – осы үлкен өзгерістердің негізі.
Бұл ғылыми-технологиялық өзгерістерге Президент Қ.Тоқаевтың ерекше көңіл бөліп отырғаны еліміз мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды стратегиялық бағытты дұрыс таңдағанын көрсететді. ЖИ әлемдік жаңаша дамудың, жаңа экономикалық моделдің өзегі болатынына ешқандай күмән жоқ.
Әлемде қандай өзгеріс болса да оны жасайтын, жүргізетін, бақылайтын әрі дамытатын адам. Әлемнің дамуы бірінші кезекте адамзатқа керек. ЖИ-дің өзі сол адамзаттың белгілі бір даму кезеңінің көмекші құралы ғана. Өмірде орын алып жататын кемшіліктер көп ретте адами факторға байланысты, яғни жекелеген адамдардың білімі, жауапкершілігі, әділдігі пен мейірімінің аздығынан болып жатады. Сондықтан атап айтарымыз, ЖИ адамзатқа дұрыс қызмет ету үшін оны қолданатын адамның кісілік сапасы жоғары болуы керек. ЖИ-ді алаяқтыққа, жемқорлыққа, адамзатқа қарсы зұлымдыққа қолдануға да болады. Адамды әрқашан адами болмысы анықтайды. ЖИ дәуірінде адами капиталды дамытумен қатар тәрбие жұмыстары басты назарда болуы керек екені түсінікті.
Жасанды интеллект дәуірінде адам болу дегеніміз – біздің бейімделу қабілетіміз, шығармашылығымыз, жақынға деген жанашырлығымыз және даналығымыз сынды ерекше адамдық қасиеттерімізбен болып жатқан, болатын өзгерістерге төтеп беру дегенді білдіреді. Бұл бізге көмектесе алатын ЖИ құралдарынан қорықпаумен қатар, адамға ғана тән мейірімділік пен әділдік сияқты құндылықтарды ұмытпау дегенді білдіреді.
Сөз басында «Бізде тағы да «Paradigm shift» басталып кетті!» дедік. «Тағы да» дейтіндей ондай өзгерістер қазақ қоғамында бұрын-соңды болып па еді? Сонау XV–XVI ғасырлардағы Асан қайғы мен Бұқар жыраудан бері XIX ғасырдың екінші жартысындағы Абайға дейінгі уақыт жазушы Мұхтар Әуезовтің атауымен «Зар заман» деп аталады. Ақындар мен батырлар, билер мен шешендер бұқара халыққа ел басына төнген қиындықтарды зарлап жеткізгенімен, одан шығатын төте жолды көрсете алмады. «Зар заман» дәуірі ақындарының өлеңдеріне ұлттың мінезін өзгертетіндей, ұлтты сілкіндіретіндей үлкен идея болмады. Қазақ қоғамы үш ғасырдай сапалы өзгеріске түсе алмай, оның салдары тәуелсіздіктен айырылуға, бодандыққа, Абай тілімен айтсақ «Дәр ул харб» дәуіріне әкелді. Қоғамның көшбасшы, белсенді тұлғалары тудыратын, беретін ақыл-білім жалпақ жұртқа онсыз да белгілі ақпараттық (информативтік) деңгейде ғана болды. Ал қоғамды өзгеріске әкелу үшін ілім-білім трансформативті болып, адам санасында түбегейлі жаңа сенімдер мен құндылықтар қалыптастыра алуы керек еді. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамында бұл «рухани кризистің» шешімінің табылуына үлкен сұраныс туды, өзгерісті керек етті. Еуропадағы, әлемдегі ғылыми-технологиялық жаңалықтар, бірінші ғылыми-өнеркәсіптік революцияның сыртқы әсері, Ресейдің отарлау саясатының қадамдары жаңаша ойлап, еуропалық ғылым-білім алуға шақырған Абайдың және оның ізін басқан Алаш зиялыларының тарих сахнасына шығуына алғышарт болды.
Қоғамға пайдалы болуға негізделген білім беру жүйесінің басты шешімі – позитивтік білім беру, адам сапасын өзгертетін пайдалы білім – шеберлік (профессионализм) пен дағды арқылы адамдардың, қоғамның сұранысын қанағаттандыру, адам капиталын дамыту. XX ғасыр басындағы Алаш зиялыларының барлығы дерлік жәдидтік үлгідегі медреселерден бастап, Ресейдің, Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттерінде оқыды және бірнеше мамандықты қатар игеруге тырысты, ғылыммен айналысты. Ең ғажабы сол алған озық білімдерін өз ұлтының қажетіне жаратуға тырысты. Бұл қазақ тарихындағы бірінші «Парадигмалық ауысудың» басы болатын. Бұл өзгеріс те сол кезеңдегі жаңа заманауи ғылым-білімге, халықаралық тәжірибеге негізделді.
Адам сапасы мен оның мінезін өзгерту жолындағы Абайдың жүріп өткен жолы мен ізденістері әлі де өзекті. Шынайы саяси еркіндікке жету үшін бірінші сана еркіндігі керек. Түбегейлі өзгеріс адамның санасында жасалу керек. Адамның басқа жанды жаратылыстан айырмашылығы – саналылығы. Сана (consciousness-сознание) көне түрік тілінде бүгінгі қазақшадағыдай сандарды санай білу қабілетін білдіреді. Сөз, жазудың пайда болуы, ғылым, проза, поэзия, технология салаларының дамуы – сананың жемісі. Сондықтан Абай бірінші өзіне «Адам деген кім?» деген сұрақ қойды. Адамның кім екенін біліп барып қана оны сапалы өзгертуге болатынына көз жеткізді, «Адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейтін тұжырымға келді. Сократ хакімнің жолымен қазақ тарихында бірінші рет сыни (критикалық) ойлауды қолдана отырып, пенденің адамдығын анықтайтын жүрек, ақыл, мінез, қайрат деген ұғымдарды терең зерттеуге барды. Бұл – таза психология ғылымының саласын анықтауышы ұғымдар. Өз заманындағы белгілі батыс психологиясымен де жақсы таныс болды, Мұхтар Әуезов өзінің «Абай Құнанабаев» атты монографиясында философ Рене Декарт пен Абайдың дуализімін (жан мен тән, мен және менікі) салыстырып жазады. Қырық үшінші қара сөзіндегі «жан қуатына» қатысты «подвижной элемент», «сила притягательная однородного», «впечатлительность сердца» деген ұғымдар философ әрі психолог Фридрих Бенекенің «Тәрбие мен оқытуға арналған іліміне жетекші нұсқау құралында» кездеседі.
Сонымен қоса Абай «тән» мен «жанды», «нәпсі ілімі» делінетін ислам психологиясы шеңберінде де терең зерттеген. Адам өлген соң жанның «ұшып кетуі» көне түркілік дүниетанымда да бар. Біз өлген соң «жан ұшып баратын» жерді «Жұмақ» дейміз. «Ұжмақ» деген сөз айтыла келе «жұмаққа» айналды. «Ұжмақ» о баста «Ұшпақ» болатын. «Ұшпаққа шығарайын деп пе ең?» деген сөз тілімізде әлі қолданыста бар.
«Адам деген кім?» деген сұраққа Абай адамда сана болғандықтан ақыл мен ғылым сол адамдықты анықтаушы сипаттар екенін жақсы білген. «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады» (Отыз екінші сөз). М.Әуезовте «Абай ел мінезін сынағанда» деген сөйлемдер бар. Мінезге ерекше көңіл бөлген Абай адам мінезі жайында «Тасдиқ кітабын» (Отыз сегізінші сөз) жазды. «Тасдиқ кітабы» – Абай қара сөздерінің шыңы, ең көлемдісі. Қоғамға пайдалы адам тәрбиелеудің, «толық адам» негізін қалыптастыру жолын көрсететін төте әрі қысқаша әдістеме құралы.
Кітаптың тақырыбы адам мінезі жайында. Кітаптың мақсаты – адам тәрбиесі. Туғаннан бастап қоғамға пайдалы, шынайы патриот адам тәрбиелеу үшін қандай шарттар керек және нені оқыту керек? Адам танымы қандай категорияларды қамту керек және адамда қандай қасиеттер болуы керек деген үлкен сұрақтарды қамтиды.
«Тасдиқ кітабының» құрлымы: «Ұрпақ үшін жазылған мінез жайындағы жәдігер» дейді Абайдың өзі. «Толық адам» тәрбиелеу жолы.
Тұжырым: әрбір кісінің адамдығы оның ақылымен және білімімен өлшенеді.
Адамға ақыл мен білім үйрету үшін қойылатын шарттар мен әдістер:
1. Ақыл-есі мен денсаулығы дұрыс болуы керек;
2. Жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы орта (құрбы) керек;
3. Бала өздігінен ізденгенше зорлап та, алдап та үйрету, ғылым-білімге талаптандыру, ынтықтыру, білуге ұмтылдыру керек.
Одан кейін үш танымдық категория (танытатын объект):
1. Жаратушыны тану; Құдайдың сипаттары: Біреу, бар, құдіретті, әділетті, мәңгі тірі, уақыттан тыс, барлығын көреді, естиді… Құдай адамды жаратушы болғандықтан, Ол сіздің жоспарыңыз бен мақсатыңызды ең терең деңгейде түсінуші. Құдайды тану – жеке дамудың, мәңгілік өмірдің және ішкі тыныштықтың негізі ретінде өте маңызды. Құдайды түсіну арқылы адамдар өмірдің мақсатын анықтайды, өзіне түскен ауыртпалықты жеңілдетеді және өмірдің қиындықтарынан қорықпайтын негіз табады. Бұл қарым-қатынас тұрақтылық көзі, өзінен жоғары күшке сене отырып адам өз өмірінің күрделілігін жеңуге мүмкіндік алады.
2. Өзін тану; Адам кім? Тән мен жан, менікі және мен (сана, тән, жан, рух, нәпсі). «Ең жаман нәрсе өзіңнің кім екеніңді білмегенің» депті бір ғұлама. «Сыр мен сымбат екі түрлі» дейді Абайдың өзі. «Сыр» – адамның ішкі дүниесі, «сымбат» – сыртқы дүние, яғни тән. «Сыртқа қасиет бітпейді» дейді тағы Абай. Бүгінгі ғылым сана мидан бөлек өмір сүреді деген тұжырымға келе жатыр. Өзіңді тану – жеке дамудың негізгі алғышарты, ол сізге салмақты шешімдер қабылдауға, басқалармен мағыналы қарым-қатынас орнатуға және шынайы мақсатпен өмір сүруге мүмкіндік береді. Негізгі құндылықтарыңызды, күшті жақтарыңызды және кемшіліктеріңізді анықтау арқылы сіз өмірлік қиындықтарды ойсыз әрекеттермен емес, төзімділікпен жеңуге мүмкіндік аласыз.
3. Дүниені тану. Дүние – жаратылыс. Жаратылыс, жалпы материя белгілі бір заңдылықтарға сүйеніп пайда болып, дамып, өзгеріске түсіп жатады. Дүниелік пәндерді игеру, (пәндер-фәндер, фәнилік ғылым, Шәкәрім материалистерді «пәншілдер» деген), табиғат, физика, математика, география, биология, т.с.с. Дүниені тану ойлауды, салмақты шешім қабылдауды және еркіндікті дамытады. Дүниенің қалай жұмыс істейтінін түсіну, заңдылықтарды талдау, қабылданған түсініктерге күмән келтіру арқылы сіз қоғамға маңызды үлес қосу мүмкіндігіне ие боласыз. Бұл білім практикалық мәселелерді, күрделі жаһандық мәселелерді шешу және сыртқы пікірлердің оңай ықпалына түсуден аулақ болу үшін қажет. Адам баласы жасағандықтан, ЖИ да – дүниенің бір бөлшегі ғана, онда сезім, эмпатия, ерік бостандығы (free will) жоқ болғандықтан, тек белгілі бір алгоритмдердің симуляциялық жиынтығы.
Қосымша үйретуге: Өзінің адамгершілігіне нұқсан келтірмей пайда табу мен зияннан қашық болуды үйрету; жемқорлықтан қашу, адал пайда табу, өзіне, ортасына, қоғамға зиян келтірмеу.
Абай адам Аллаға ұқсау керек дейді. Хадис: «Алла адамды өзіне ұқсатып жаратты». Бұл – физикалық сыртқы ұқсастық емес, адам бойындағы Жаратушының тарапынан келген рух сипатының көрінісі. Құдай адамды Жерге өзінің орынбасары қылып жіберді. Хакім адамның көзге көрінбейтін ішкі табиғаты, рухы Жаратушыға ұқсағандықтан, сол Алланың сипаттарынан «толық адам» қасиетін «тағифтап» («тағриф» – ислам логикасында (мантық) анықтама дегенді білдіреді, яғни ұғымның, заттың немесе құбылыстың мәнін түсіндіру үдерісі), дедукциялап шығарады, яғни ислам фәлсафасын (мантық) қолдану арқылы «толық адам» үш қасиетке: «Әділ», «Мейірімді», «Ғылымды-білімді» болу керектігін дәлелдеді. Осы дәлелдің дұрыстығын тексеру үшін «толық адам» сипатын жауанмәрттік (жомарттық-рыцарлық, жауанмард – парсы этикалық ұғымы, «ерлік», «батылдық» және «жанның асылдығы» дегенді білдіреді) сипатпен салыстырады. Хакім кітапта «Толық адамда» қандай қасиет болу керегін көрсетіп берген және ақынның өз анықтамасы бойынша толық адам қатарына пайғамбарлар, онан соң әулиелер, хакімдер, ең ақыры кәміл мұсылмандар жатады. Жоғарыда аталған үш қасиет кез келген адамның бойында бар. Тек соны дамытудың жолында болу керек.
«Тасдиқ кітабын» дін мен философиядан гөрі, негізі адамды, адам мінезін қалыптастыру жолын көрсеткендіктен адамтану, жантану саласына жатқызамыз. «Толық адам» сипатын бойына сіңірген адамнан зұлымдық, жемқорлық, жалпы жамандық шықпайды.
Абай айтқан үш таным жақсы насихатталып, кеңірек түсіндірілсе, құндылық деңгейіне жеткізілсе түсініктер мен құндылықтар ортақтығы қоғамның, ұлттың бірегейлігіне бастайды. Таным ортақтығы ұлттық бірегейліктің негізі, діл ортақтығы.
Мына заңдылыққа назар аударайық, Абай айтқан «Толық адам» сипаты – әділет, мейірім, ғылым. Бұл – жеке адамның қасиеттері болғанмен, мемлекеттік макро деңгейде де қолдануға, іске асыруға болатын идея. Бүгінгі мемлекеттің ұстанған бағыты – әділеттілік, әлеуметтік мемлекет, ғылым, білім, технологияның дамуы. Мемлекеттің халқын әлеуметтік қорғау бұл сол елдік деңгейдегі мейірім болып табылады.
Абай 120 жылдан астам уақыт бұрын айтқан даму қағидасы бүгінгі әлемдік даму үрдісімен айнымай қабысып жатыр және сол жол бізге әлемдік тәжірибе арқылы келіп өзінің дұрыстығын дәлелдеп отыр. Білім беру, әділеттілік және әлеуметтік жүйе – бұл үшеуі дұрыс жұмыс істейтін қоғамның өзара тәуелді негізгі тіректері болып табылады, сондықтан олардың біреуін басқаларынан ажыратып қарау мүмкін емес.
Білім, ғылым беру негіз ретінде «өзгерістердің қозғаушы күші» болып қызмет етеді. Ол адамдарға жүйелік теңсіздіктерді анықтау және демократиялық процестерге қатысу үшін қажетті сыни ойлау дағдыларын береді. Білімсіз әділдікті қорғау немесе түсіну мүмкіндігі жоқ.
Әділдік негіз ретінде: «Әділет барша ізгіліктің анасы» дейді Абай. Әділдік қоғам мүшелерінің бір-біріне қалай қарайтынын анықтайтын ережелер мен этикалық шекараларды белгілейді. Әділет – әр нәрсенің өз орнында тұруы. Бұл – әлеуметтік жүйенің әділдігін қамтамасыз ететін тетік. Әділетсіз білім беру қоғамға қауіпті, ал әлеуметтік жүйе күйреп, теңсіздікке ұласуы мүмкін.
Әлеуметтік жүйе негіз ретінде: Әлеуметтік жүйе (үкіметті, мемлекеттік саясатты және экономикалық құрылымдарды қоса алғанда) – бұл идеалдардың жүзеге асырылатын ортасы. Ол ресурстардың әділ бөлінуін, адамдардың еркін білім алуы және өмір сүруі үшін қажетті физикалық және институционалдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді анықтайды.
Бұл үш жүйе қауіпсіз, бейбіт және біртұтас қоғам құру үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек. Біреуі сәтсіздікке ұшыраған кезде, мысалы, сот жүйесі әділетсіз деп қабылданған кезде, ол әлеуметтік жүйені тұрақсыздандырады және білім берудің құндылығын төмендетеді.
Жоғарыда Абай «адам Аллаға ұқсау керек» деп айтқан дедік. Бұны хакім өзі ойлап тапқан жоқ. Имам Әл-Бұхари (6227) мен имам Mүслім (2841) Әбу Хурайрадан жеткен хадис: «Алла адамды өзіне ұқсатып жаратты». «Сотворил Бог человека по образу Своему и подобию» (Бытие 1:26–27) деген христиандық түсінік те бар. Бірақ исламда Алланың өз жаратылыстарына мүлде ұқсамайтыны туралы түсінік сенім негізгі болып табылады.
Осы Жаратушының ұлы (жалпы) сипаттарынан Абай «толық адам» «әділетті», «ғылымды», «мейірімді» болуы керек деп, үш қасиетті (жалқы) дедукциялап шығарады. «Жалпыдан жалқыға» көшу — бұл дедукция әдісі, яғни жалпы ережелерден, заңдылықтардан немесе теориялардан жекелеген фактілер мен қорытындылар шығару процесі. Ойлаудың бұл түрі бүтіннен бөлшекке қарай бағытталып, ақиқат алғышарттардан қажетті нәтижені алуға кепілдік береді. Осы жерде «Абай дедукцияны білген бе?» деген заңды сұрақ туады.
Америкалық жазушы-саяхатшы (George Kennan «Siberia and the Exile System» English. Published: New York, Century Co., 1891, І том,175-бет) Джордж Кеннанның «Сібір және Қуғын-сүргіндік жүйе» (1891) атты кітабында Семей кітапханасында Абайдың Леонтьевтен «индукция мен дедукцияның» айырмашылығын сұрағандығы жайында дерек бар. Осы жерде жалпы Абай философ па деген сұрақ қоса туындайды. Батыстық философия мен ислам философиясының айырмашылығы бар, негізі фәлсафа (пәлсапа) деп ислам философиясын айтады. Ислам фәлсафасы – адам ақылы мен ислам ілімі арасындағы үйлесімділікті қалыптастыруға бағытталатын әрекет. Мысалы, Абай қолданған «тасдиқ», «тағриф» терминдерінің түп-төркінінің қайдан шыққанына үңіле келе, ислам мантығына (логикасына) тірелесіз. Ал логика – философияның құрамдас бөлігі.
Дәстүрлі ислам логикасының арғы жағы Аристотельдің логикасына «концепция» – «анықтама» мен «силлогизмге» – «пайымдау, тұжырымдауға» барып тіреледі. Әл-Фараби бабамыз грек ойшылдарын тәржімалағанда «тасдиқ» терминін бірінші қолданған.
Бүгінгі ғылым сана мидан бөлек өмір сүреді деген тұжырымға келе жатыр дедік жоғарыда. Абайдың «Өзін танудағы» «жан мен тәні», «тән жанның қонақ үйі», «мен және менікі» дейтін ойлары бүгінгі атақты нейрохирург, адам санасы кафедрасының меңгерушісі Джулио Тонони (University of Wisconsin–Madison, Giulio Tononi) мен алғашқы микропроцессор Intel 4004 мен «touch screen» сенсорлық экранды ойлап тапқан Фредерик Фаджиннің (Federico Faggin) сана жайындағы түсініктері, сананың тәннен, мидан бөлек бола алатындығы жайындағы деректері мен дәлелдері хакімнің ойымен қабысып жатқанына тәнті боласыз. Абай өз ойының бастауларын Құран мен хадистерден алғанына күмән жоқ. Мысалы, Тонони «Адам санасы адам сергек отырғанда бірге болады, ұйықтағанда кетіп қалады, оянғанда қайтып келеді» дейді («Consciousness and sleep», «Celpress, 1594 Neuron 112, May 15, 2024). Құранда жан жайында (39:42): «Сондай-ақ өлмегендердің жанын ұйқыда алады (сезім қабілеттері тоқтайды.) Сосын өлуіне үкім берілгендердікін тоқтатады да, басқалардікін белгілі бір мерзімге дейін қайта жібереді» делінген (Х.Алтайдың түсіндрмесі). Бұл жерде Тонони адам санасын айтса, Құран адам рухын айтады. Біз бұдан аттары басқа болғанмен, адам санасы мен рухының арасындағы тығыз байланысты көреміз. Ал физик әрі өнертапқыш инженер Фаджин өзінің кеудесінен ғаламат жарық энергия шыққанын, ол сонда «өзінің рухын, махабатты» көргенін айтады және «Сана – негізгі және азаймайтын шындықтың көрінісі, ол мидың қасиетіне жатпайды» деп тұжырымдайды (Irreducible: Consciousness, Life, Computers, and Human Nature Paperback – June 1, 2024 by Federico. Faggin).
«Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңінде Абай:
«Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үш жолдасың қабірден әрі өткенде», – дейді.
Жоғарыда айтылғандай елімізде «Парадигмалық ауысу» басталды, оның негізінде ғылым, білім, технология жатыр, бұл тарапта үлкен жұмыстар істелді. Әділеттілікті негізге алған әлеуметтік мемлекет құру керек деген мақсат та қойылды. Әрине, бұл істің басы ғана. Десе де Абайдың өз сөзімен айтсақ: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» (Отыз жетінші сөз). Жан-жағыңда алып мемлекеттер әртүрлі геосаяси ойындар жүргізіп жатқанда, жекелеген мемлекетте толық өзгерістер мен реформа жасау оңай болмасы анық,
Болашақта бұл идеяны Орталық Азиядағы тілі, ділі, түбі бір елдермен бірігіп, әрі қарай жалғастырып, іске асырса көңілде XXI ғасырда тағы бір «Түркі ренессансын» қайталауға мүмкіндік болады деген үміт мол.
Сұлтан ЫБЫРАЙ,
абайтанушы