ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУШІ
02.04.2026
50
0

Академик Зәки Ахметов досы Зейнолла Қабдоловтың шығармашылығы туралы мақаласында ғалымның күш-қуатын, үлкен адамгершілік-парасатын жоғары бағалап, мынандай сөздер арнаған еді: «Қанша қудым, жеттім десең де, әлі атқарылмаған істер алдағы аспаған асудай бой көрсетіп тұрады. Осындай ұзақ жолда шаршап-шалдықпай еңбек ету үшін жазушыға, ғалымға сарқылмас күш-қуат, жігер-қайратқа, дарқан дарын, зор шабытқа қоса үлкен адамгершілік, парасат­тылық қажет», – деген болатын. Академиктің досына арнаған осы жалынды сөзін ғалым Қарлығаш Байтанасоваға да арнауға болады. Өйткені өмірін ғылым мен ұстаздыққа арнаған ғалымның бойында осы қасиеттің бәрі бар.

Ғалымның қаламынан туған әдебиет­тану саласындағы зерттеулері мен оқу құралдары – салмақты, зерделі еңбектер. Атап айтатын болсақ, «Эмиграция әдебиеті: көркемдік даму мен сабақтастық. Монография», «Әдебиеттануға кіріспе, «Әдебиеттануға кіріспе пәнінің практикумы», «Көркем мәтін және мекеншақ сипаты. Монография», «Фольклортану теориясының негіздері» Монография, «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» т.б. еңбектері еліміздің жоғары оқу орындарында ғалымдар мен білім алушыларға танымал еңбектер екені ақиқат.
«Әдебиеттануға кіріспе» оқу құралының ерекшелігі – әдеби категориялар мен ғылыми-теориялық ұғымдардың анықтамасын, қалыптасу және даму, зерттелу кезеңдерін шағын көлемді мәтіндерде жүйелі түрде түсіндірген еңбек. Басқа оқу құралдарынан артықшылығы – әдеби жанрларды жан-жақты қарастыруында. Әрбір жанрдың табиғатына тән эстетиткалық, мәдени-танымдық ерекшеліктерін көркем шығармалардан мысал келтіре отырып, мәтіндерді талдау барысында анықтап береді. Сондай-ақ басқа «Әдебиет­тануға кіріспе» оқулықтарында кездеспейтін «Әңгіменің жанрлық ерекшелігі», «Хикаяттың жанрлық ерекшелігі», «Романның жанрлық ерекшелігі», «Өмірбаян жанрының ерекшелігі», «Эссенің жанрлық ерекшелігі» деп аталатын тарауларда әр жанр кеңінен ашыла түскен.
Жанрдағы канон мәселесі – әдебиет­тануда жанр табиғатын, оның тұрақты белгілері мен тарихи өзгермелілігін түсіндіретін маңызды теориялық мәселе. Канон (грек. kanon – өлшем, үлгі, ереже) – белгілі бір жанрға тән тұрақты құрылымдық белгілердің, әдеби шығарманың композициялық принциптері мен стильдік нормаларының жиынтығы. Абай қазақ поэзиясында канонды жаңартса, М.Әуезов «Абай жолы» роман эпопеясында роман канонын ұлттық мазмұнмен, бір ұлттың белгілі бір кезеңдегі тарихи оқиғалары мен әдет-ғұрпын бейнелеумен толықтырды. Сондықтан Қ.Байтанасова еңбегінде: «Романның жанр тудырушы факторлары – сюжеттік-композициялық жүйе, уақыт пен кеңістік, баяндау, кейіпкерлер – шын мәнінде, бұл жанрдың көркем құрылымын жан-жақты ашып берді. Көркем мәтін – тұтас құрылым болса, оның ішінде роман – көп үнді тілдік құбылыстардың жиынтығы», – деп, романның жанр тудырушы факторлары ретінде уақыт пен кеңістіктің суреттелуін, кейіпкерлер мен романның сюжеттік-композициялық жүйесін және көп үнділікті нақты атап көрсетеді. «Өмірбаян жанрының ерекшелігі» тарауында автор әдебиет­танушы-ғалымдар Л.Гинзбург, С.Розанова, Қ.Әбдезұлының пікірлеріне сүйеніп, өмірбаяндық жанр тарихи тұлғалардың өмірін суреттеуде сол кезеңдегі қоғамның, заманның тарихи шындығын, сол замандағы адамдардың тұрмыс-салтын ғана емес, қалыптасқан рухани-мәдени жағдайларды да қамтитынын алға тартқан.
«Эссенің жанрлық ерекшелігі» тарау­ы­­н­­­­­­­­­да эссе жанрының өмірбаян, күнделік, исповедь түрлерінен айырамшылығын анықтап берген. «Өмірбаян «менді» бұрын болған, өткен жағдайлардың аясында ашады, күнделікті болып жатқан, осы шақтағы жағдайларды тізбелейді, исповедь (мінәжат) болашаққа бағытталып, соның алдында есеп береді, өзімен-өзі қалып, кешірім мен тәубе сұрайды. Осы үш жанрдың да элементтері эсседе көріне алады, бірақ эсседе «мен» тұтас, үздіксіз, баяндау тақырыбына түгелдей кіріккен түрде емес, баяндаудағы үзінді түрінде көрінеді, «мен» өзінен ерекшеленетіні соншалық, тіпті «мен» түрінде көрінбеуі де мүмкін», – дейді ғалым. Бұдан шығатын қорытынды, эсседегі «менді» оқырман қалай танитынына мән берсек, эсседегі «мен» кейіпкер емес, баяндаушы емес, ол – ойлаушы субъект. Бұл – көркем шығармадағы образ емес, сананың көркем формасы, эссені жазған адам санасының көркем формасы.
«Әдебиеттануға кіріспе» оқу құралының білім алушыларға жан-жақты талдап, түсіндіретін тарауы – «Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт бірлігі» тарауы. Әдеби жанрлардағы уақыт пен кеңістіктің суреттелуі – көркем шығарма құрылымындағы ең маңызды поэтикалық категориялардың бірі. Бұл ұғымдар әдебиеттануда М.Бахтин енгізген хронотоп термині бойынша анықталады. Хронотоп – шығармадағы уақыт пен кеңістіктің бірлікте ұйым­дасу формасы. Ғалым Қ.Байтанасова: «Кеңістік пен уақыт аралығында үнемі жалғасып отыратын күрделі байланыс бар. Автор өткен мен бүгінді бір шығарманың аясында тоғыстырады. Көркемдік кеңістік автор қиялында өзгеріп, жаңғырып, кеңе­йіп немесе тарылып отырады да, бүтін бір құралым жасайды.
Автор шығармашылық иесі ретінде адамзатты ойландырып, тіршілігіне із қалдырған жайттарды көркемдік дүниетанымынан өткізіп, белгілі бір уақыт және кеңістікке сыйғызады», – деп суреткер шығармадағы оқиғаларды суреттеу барысында бір ғана уақытты емес, «өткен мен бүгінді», яғни бұрынғы уақыт пен қазіргі уақытты да суреттейтінін, соған сай «көркемдік кеңістік автор қиялында өзгеріп, жаңғырып, кеңейіп немесе тарылып отыратынын да жеткізеді.
Оқу құралында әдеби ағым-бағыттар, әдеби даму, көркемдік стиль, тақырып пен идея, көркем туындының сюжеттік және композициялық құрылымы жан-жақты қарастырылған. Автор бұл тұрғыда: «Әдеби даму арқылы жаңа құбылыстар, дәстүр жалғастығы орнығады. Мәселен, ХХ ғасыр әдебиеті тарихи-қоғамдық өзгерулер мен жаңаруларды бейнелей отырып, идея жалғастығын, жанрлардың тууын, кейіпкерлер жүйесінің қалыптасуын көрсетті», – дей келе, көркем әдебиеттегі идея, жанр, кейіпкерлер жүйесі мәселесін басқа тарауларда тереңінен, әр түрлі қырынан зерттейді.
Меңгерген теориялық категориялар мен ұғымдарды көркем мәтін арқылы талдаудың жолдарын үйрету үшін еңбек екі бөлімнен құралған. Біріншісі – әдеби-теориялық ұғымдарды қамтыған анықтамалық, екінші бөлім – көркем мәтінді талдаудан тұрады. Анықтамалықта әдеби терминдердің қысқаша анықтамасы мен мысалдары анық, түсінікті жазылған. Қазір мектеп оқулықтарында автор бейнесі, авторлық ұстаным, автор идеясы, автор мен кейіпкер мәселесін көркем мәтінмен талдау тапсырма түрінде ұсынылып жүр. Бірақ мектеп мұғалімдері үшін автор категориясы туралы теориялық еңбектерді оқып-түсіну оңайға соқпасы анық. Сондықтан бұл практикумда осы ұғымдарды анық, түсінікті тілмен беру оқу құралының басты артықшылығы болып саналады. Сондай-ақ практикумда әдеби реминисценция, акмеизм, амплификация (кеңейту), анаколуф, жанрлық формалар, имманентті талдау, оксюморон, психологиялық портрет, макробейне, мегабейне, микробейне, нарратология сияқты теориялық ұғымдардың мазмұнын, қызметін, мәнін жүйелі және бірізді түсіндіріп берген.
«Әдебиеттануға кіріспе» пәнінің практикумы көркем әдебиетті ғылыми тұрғыдан тануға мүмкіндік беретін негізгі терминдердің мағынасын дәл, жүйелі, бірізді түрде ашып көрсетуге негізделген. Екінші тарау­дағы талдауға батырлар жырынан, Бұқар жырау, Шернияз Жарылғасұлы, Дулат, Сара Тастанбекқызы, зар заман ақындары мен Ыбырай, Абай, Ш.Құдайбердіұлы, Ақыт Үлімжіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Мәуленов, Қ.Аманжолов сияқты ХХ ғасырдағы белгілі ақын-жазушылардың өлеңдері мен шығармаларынан үзінділер берілген.
Ғалым Қарлығаш Байтанасова ғылыми зерттеулермен қатар әдебиетті оқытудың, көркем шығарма талдаудың әдістері мен әдіснамасын меңгерту мақсатында бұдан басқа да еңбектер жазды. Оқу құралын жазудың маңызы – білім беру жүйесіндегі ең өзекті ғылыми-педагогикалық мәселелердің бірі. Әдебиеттану оқу құралы – ақпарат беру ғана емес, әдеби категориялардың мазмұнын ғылыми негізге сүйеніп зерттеу нәтижесінде тиянақты түсіндіретін, оқытудың әдісін және бағытын жүйелейтін негізгі дидактикалық құрал.

Мақпал ОРАЗБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір