«МАҚСАТ МӘРТЕБЕМІЗДІ АСҚАҚТАТУ БОЛДЫ»
Жалғасқали ДҮТМАҒАНБЕТОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы
– Құрметті Жалғасқали, таяуда әлемдік мәдениет пен өркениеттің орталығы саналатын Париж қаласына барып, біраз қабырғалы жұмыс бітіріп келгеніңізді естіп, білдік. Әуелі әңгімеміз сол туралы өрбісе деп отырмын.
– Иә, Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан мұндай ізгі әрекеттің болуын құп көріп отырмын. Өйткені менің Парижге сапарым жеке басымның мақсаты емес, бүкіл алты алаштың мәртебесін асқақтату болатын. Әрине, көзіқарақты қауым жақсы біледі, менің о бастағы мақсат-мүддем ел тарихына қатысты, ұлт тағдырына байланысты ақтаңдақтарды ашып, шама-шарқым жеткенше тарихи ақиқатты оқырман талқысына ұсыну еді. Мен одан бұрын да жұмыс бабы және ел көру, жер тану мақсатымен шетелге жиі шығып тұратын едім. Францияда әлденеше рет болдым. Ал осы жолғы Париж сапарының себеп-сыры мүлде бөлек болғанын айта кеткенім жөн шығар.
– Демек, бұл жолы Парижге жетелеген ниет те ел тарихына қатысты айтулы оқиғаны Еуропа төрінде жаңғырту болған сыңайлы ғой?
– Кез келген тарихи оқиғаның дүбірімен қоса жалғаса жүретін жаңғырығы болуы да заңды құбылыс. Адамзат тарихындағы ең алапат қырғынның бірі саналатын 1812 жылғы орыс-француз соғысы да сондай оқиға. Оған қазақтар орыс патшалығы бізге кеңдік береді, теңдік жасайды деген үмітпен де қатысып еді. Бірақ, өкінішке қарай, отарлау саясаты барған сайын кеңейе тамырланып, күрделене түсті. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ортасынан басталған ерекше дүмпулі оқиғалар легі бүгінгі формациялар дамуына ұласты.
– Кітаптың жазылуына не түрткі болды?
– Кітапқа орыс-француз соғысындағы тарихи оқиғалар, оған қатысушы батыр бабаларымыздың ерлігі алтын арқау болды. Екі елдің арасындағы сұрапыл соғыс өрті өшті. Ел бейбіт өмірге көшті. Патшалық Ресейдің құзырындағы қазақ халқының өмірі анау айтқандай ізге түсіп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнай қоймады. Буырқанған оқиғалар тізбегі жалғасты. Бәрі бірдей момақан халқымыздың пайдасына шешілмеді. Бейбітшілік кезеңдерінің өзінде де оның кері көріністері үзілмеді. Сол себепті тәуелсіз ел болсақ деген үкілі үміт қасиетті қазақ жерін жанындай сүйетін әрбір жұмырбасты пенденің ойынан бір кетпеді. Ол 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрғанға дейін сағыздай созылды.
Өзіңіз білесіз, кеңестік тоталитарлық режим заманында айтылмай, тыйым салынған тақырып деп құжатталған 1812 жылғы орыс-француз соғысына қазақтардың қатысқаны, онда ерекше ерлік көрсеткені туралы айрықша жаңалық хабарды француздар тарапынан естідік.
– Сіз бұл жөнінде сонау балалық кезіңіздің өзінде естіп, білген сияқтысыз, солай ма?
– Дәл солай, Өмеке! Әкем өте әңгімешіл кісі болатын. Оң тізесіне қонжиып, аталар туралы сұрайтын едім. «Айналайын, балам, бұл жөнінде осы бастан білгенің жақсы. Біз – Құрманқұл би бабадан тарайтын ұрпақтармыз. Ол кісі менің бесінші, ал сенің алтыншы атаң болып келеді. Орыс патшалығы заманында өмір сүрген. Балалары елге белгілі би, болыс болған. Бес бірдей немересі соғысқа қатысып, Парижге дейін барған», – дейді.
Сөйтіп, 1812 жылғы орыс-француз соғысы туралы алғаш рет әкемнен естідім. Оған қатысқан Құрманқұл бабамыздың немерелерінің біреуі Ізтілеу қан майданда опат болып, сүйегі соғыс даласында қалады. Бірақ көмусіз қалмайды, жанында бірге болған бауырлары ақ жауып, жаназасын шығарып көмеді. Екеуі – Қазыбек пен Нәзібек жарақат алып, мүгедек болып оралса, екі немересі Айдос, Құлынқара Наполеон Бонапарттың әскерін Парижге дейін өкшелеп қуып барып, жеңіске өз үлестерін қосады.
Бұл бала мені ғана емес, естімеген, білмеген үлкендердің өздерін еліктіретін қызықты сауалдар ғой. Содан айта түссе екен деп, түнде төсекке жатып, көзім қашан ілініп, тәтті ұйқыға кеткенше әкемнен тағы да айтыңызшы деп қылқылдап сұрай беремін. Ол кісі содан жүз елу жылдан астам уақыт шамасы бұрын болған оқиғалардан естіген, білгендерінің бәрін айтады. Мен өстіп түртпектеп сұрап, әкемнің аузынан талай керекті әңгіме, деректерге қанықтым.
Бір жылдары башқұрт жігіті Қайыршақтыға келіп, қыс бойы балаларды оқытып, діни сауатын ашады. Сол кісі апамыздың біреуін ұнатып қалады да, үлкендердің батасымен еліне алып кетеді. Содан тараған жиеніміз Жиһангер жеңімпаз орыс әскерінің сапында біздің аталарымызбен бірге Францияның астанасына дейін соғысып барады, одан кейін де қанды шайқастарға қатысады. Француз ғалымының қызына үйленіп, сонда қалып қояды. Атбегілікпен айналысады. Жылқы шаруашылығымен шұғылданып, байиды. Араға уақыт салып Америкаға кетеді. Үйренген кәсібін сол жақта да қолға алып, жалғастырады. Содан тараған ұрпақтар өсіп-өркендейді. Америка Құрама Штаттарының Трамптан бұрынғы президенті Джо Байден сол кісінің тікелей ұрпағы болып келеді.
Кешегі қылышынан қан тамған Сталиннің билігі дүрілдеп тұрған кезінде қалың қазақпен бірге біздің әулет те қатты қасірет шегіпті. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, айрандай ұйып отырған жұрт жан-жаққа тарыдай шашырағанда, Жампоз деген бір атамыз қайтсем аман қаламын деп жездеміздің еліне, Башқұртстанға кетеді. Сол Жампоз атаның ұрпақтарының бірі Саламат Молдабеков бастаған ағайындар елуінші жылдардың ортасына таман Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қызылту ауылына келіп қоныстанды. Мен тоқсаныншы жылдардың басында әдейі іздеп барып сөйлескенімде, ол кісі де бұрынғы аталарымыздың тағдыры туралы көп білетін болып шықты. Тіпті қолында Құрманқұл би бабамыздың жазбашысы (писарі), көмекшісі, аудармашысы болған Есенкелдінің (ол кісі туралы «Есенгелді тақылдақ, жетіп келді жақындап. Келеді, келе сөйлей береді» деген сөз қалған. – авт.) сол кездің оқиғаларын қысқаша баяндап жазған жалпақ, қалың дәптері сақталыпты. Аузынан шыққан әрбір сөзін құнығып тыңдағанымды көріп, «Жалғасжан, баяғы батыр бабаларыңның ерлік жолы жөнінде кітап жазамын деп ниеттеніп жүр екенсің, мынау менен гөрі саған көбірек керек екен, осыны ретіне қарай пайдаланарсың» деп, сары майдай сақтаған сарғыш дәптерді сандықтан алып, араб әрпімен жазылған мәтінді өзі оқып отырып маған жаздырып еді.
Менің қолыма қалам алып, сол тақырыпты таңдап, тімтіне ізденіп соңына түсуіме себеп болған тағы да бір жайтты айта кетейін. Ол 1812 жылғы орыс-француз соғысына тоқсан мыңнан астам сарбаздарымыздың қатысқанын қазақы мүдде десе ішіне пышақ айналмайтын Владимир Путиннің сенімді көмекшілерінің бірі тарихшы Мединскийдің де ресми мойындауы. Демек, ақиқатқа әмәнда Құдай жақ деген сөз.
Оны бір деп қойыңыз, екіншіден, менің бұл тақырыпқа қалам тербеуіме себеп болған тағы бір жағдай – 1979 жылғы неміс автономиясына қарсы толқулар мен атақты Желтоқсан көтерілісінен кейін империялық амбицияның тіптен күшейіп кетуі. Қазақ зиялысы есебінде мен оны бір адамдай жақсы түсіндім. Олай болатыны Мәскеудегі оқуым кезінде де осы бір ұнамсыз амбицияларға байланысты біраз кедергі көргенімді тілге тиек етейін. Ақыры соның бәрі жиналып, мені соңғы кездері ашық айтыла бастаған 1812 жылғы соғысқа қазақтардың қатысуы туралы деректерді мұқият зерттеуге еріксіз итермеледі.
– Әдебиет тарихында тарихи оқиғаларға қатысты туындылар баршылық. Соның ішінде сізге әсер еткені бар ма?
– Жасырып, жабары жоқ, қазақтың өткен тарихына байланысты зерттеу еңбектермен қоса әдеби туындылар да жазылды, жазылып та жатыр. Алайда соңғысына, әдеби шығармаларды айтамын, көбіне мифтік сарын тән. Біз шамамыз жеткенше тарихи оқиғаларды нақты фактілер мен деректерге сүйене отырып баяндауға тырыстық. Дегенмен, оның әділ таразышысы тағы да қадірменді оқырманның өзі деп білемін.
Ел мен ұлыс тарихына байланысты шығармалар мен баяндарға тоқтала кетсек, бұл орайда біздің үлгі тұтар материалдарымыз аз емес. Мысалға, алысқа бармай-ақ, көрші орыс мемлекетін алайықшы. Менің осы шығарманы жазуыма тағы бір түрткі болған Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясы десем, одан кейін араға ғасырдан астам уақыт салып жазылған Михаил Шолоховтың «Тынық Доны». Алайда солардың бәрінде де негізінен әдеби сарынның басым болғаны белгілі. Шыны керек, бұл көп жағдайда көңілде күмәнмен қоса күдік те туғызатын еді. Біз осы жайды ескере отырып, сол орыстарға байланысты бір жайтты айта кетуге тиіспіз.
– Ұмытылған тарихи оқиғалар мәртебесінің сәтті кезін сарыла күтуге орай өрбитін ой ма мұныңыз?
– Иә. Енді соған келсем, өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары ростовтық жазушы Виталий Закруткин «Сотворение мира» деген трилогия жазды. Көзіқарақты оқырмандар оның мәні мен маңызын жоғары бағалағанымен, сол замандағы коммунистік үкімет оған онша көңіл бөле қоймады. Оған себеп, жазушы Закруткин саяси жүйе тыйым салған кейбір деректер мен фактілерді ашық жазды. Мәселен, сол заманда атала бермейтін, алайда Ресей империясының тарихында ерекше орны бар Нестор Махно, Петлюра, атаман Анненков сияқты тарихи персонаждардың нақты өмірі шынайы қалпында арқау етілді. Сол секілді, осындай тарихи тұлғалар төңірегіндегі кеңестік идеологияның мифтері жоққа шығарылды.
Дегенмен айта кетейік, сол кездегі салтанат құрған биліктің ұшар басында да көзіқарақты, көп жайттан хабары бар адамдар болғаны өтірік емес. Леонид Брежневтен кейін мемлекет басшылығына келген, оған дейін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін басқарған Юрий Андропов билікке келісімен қалыптасқан стереотипті бұзып, еңбегі елеусіз болып келген Виталий Закруткиннің «Сотворение мира», яғни қазақшалағанда «Әлемнің жаратылуы» трилогиясына көп ойланбастан КСРО Мемлекеттік сыйлығын бергізді. Өйткені Юрий Андропов шығарма негізінен тарихи аргументтерге сүйеніп жазылғанын, сондықтан көпшілік оқырмандардың көкейіне қонымды екенін жақсы түсінді. Міне, біздің айтқымыз келген тарихи оқиғалар жаңғырығының ерекшелігі осында!
– 1812 жылғы соғысқа қазақтардың қатысуына байланысты күмәнді мәселелер КСРО кезінде аз болған жоқ қой. Дегенмен сол кездің өзінде де сіз қозғап отырған тақырыпқа байланысты жағымды әңгімелер айтылды емес пе?
– КСРО кезеңін ауызға алмағанда, ол соғысқа қазақтардың қатысуы туралы нақты деректі әңгімелер патша дәуірінде де болғанын менің де айта кетуім керек. Алдымен орыстың аса көрнекті лингвист ғалым-жазушысы Даль сол кездің өзінде «Көгілдір салт аттылар», яғни «Голубые всадники» деген танымдық мақала жазды. Онда 1812 жылғы соғыс өткен аймақтан топырақтың ызғары мен самалдан бұзылмай мумияланған, тіпті үстеріндегі сол замандағы француз әскерінің көгілдір мундирі де сақталған алты мумияның табылғаны туралы баяндайды. Дальдың айтуы бойынша, Наполеонның әскерлерінің бұзылмай сақталған мумияларының бет-әлпеті қазіргі қазақтарға айнымай ұқсайды екен. Міне, өткен заманда да осындай деректер болған.
– Наполеон әскерінің құрамында болған мамлюк сарбаздары туралы баяндалатын жағдай сіздің кітабыңызда да кездеседі екен…
– Иә, Наполеон Бонапарт Ресейге шабуыл жасамастан бұрын 1807 жылы Мысырға, яғни Египетке басып кірген ғой. Сол жорығында француз әскерінің құрамына мамлюктердің ұрпақтары да қосылады. Орыс-француз соғысына қатысқан тегі қазақ мамлюктер туралы деректер, аңыз-әпсаналар қазақ жерінде де баршылық. Мәселен, біздің тұқымның әулеттік пантеоны саналатын қорымда мамлюк Абдуллахтың бабамызға берілген аманат шынашағының жерленгені туралы аңызға бергісіз әңгіме әлі күнге дейін айтылады. Тіпті Абдуллахтың сол бейітінің басына біздің бабаларымыз құлпытас жасатып та орнатқан.
– Сіз келтіріп отырған тарихи деректер шынында да танымдық сананы еріксіз селт еткізетіні сөзсіз. Кітапта атақты Кенесары көтерілісі де айтылады, енді сол жөнінде сөз қозғай кетсек…
– Сөз арасында қазақ қоғамында көптен бері талқыланып, ара-тұра дау-дамай тудырып жүрген бір мәселе туралы да тілге тиек ете кету парыз. Мәселен, Кіші жүз жеріндегі Исатай-Махамбет көтерілісі мен Көкшетаудағы Кенесары көтерілісі – бір мезгілде болған тарихи оқиғалар. Алайда қазақ арасында «Оу, сонда Кенесары мен Исатай неге күштерін біріктіріп, ортақ жауға қарсы бірлесіп күреспеді?» деген сауал күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Біз осы жағын ескеріп, шешуін күткен даулы сауалға нақты жауап іздеп те көрдік.
Исатай мен Махамбет бастаған әйгілі көтерілістің соңғы алаңы қазіргі Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы Ақбұлақ өзенінің аумағына дөп келеді. Екі жақтың өліспей-беріспей қанды қырғын салған соғысында иесін қаншама рет ажал тырнағына іліктірмей алып шыққан Исатайдың ақылды Ақтабан атының кереметтігін айтуға тіл керек. Бұл туралы әкем жарықтық аузының суы құрып, «мың жылқыға татитын тұлпар болады, оның құны сонымен өлшенеді» деп айтудан бір жалықпаушы еді. Ақтабан аттың кереметтігі сол, қарсы жақтан атылған зеңбірек оғының даусынан бағытын, тіпті жарылатын жеріне дейін сезіп, қауіпті тұстардың бәрінен ор қояндай орғып өтіп, үстіндегі иесін де, өзін де аман сақтап, оқтай зулаған күйі қарулы қалың орыс әскерінің арасына алып кіреді. Содан Исатай қырғынды салып, әрмен қарай бұзып-жарып өте шығады. Махамбеттің де бар діттегені сол – батыр серігінің амандығы. Соңынан шағын топпен ол да өтеді. Исатай қайда болса, мен де сондамын деген есіл ер ғой. Сөйтсе Ақтабан аты өлген. Енді жауға қалдыра ма, артына мінгестіріп алғысы келеді. Сонда намысы аттай тулаған Исатай қанша жерден ажал аузында тұрса да, «Мен артқа мінгесетін қатын емеспін!» дейді. Сол сөзінен кейін Махамбет атынан қарғып түсіп: «Мына атқа сен мін, мен осы жерде қаламын», – дейді. Қара басының ғана амандығын ойлаған пенде емес қой Исатай, сондықтан «Менің өзіме бергенін Құдай біліп алды, мен сені қинамаймын», – дейді.
Әдетте ерекше азаматтар туралы сөз болғанда халық үшін қасірет шегіпті дегенді айта береміз. Шын мәнінде, шыбын жанын аямай мерт болыпты дегеннің нағыз үлгісі Исатайдың әрекеті емес пе?! Сол себепті жоғарыда өзіңіз қойған сауалға орай, қазақ даласын дүбірлеткен Кенесары көтерілісінің жаңғырығы мен іздері қазақ даласының Батыс өңірінде де баршылық. Демек ол туралы ізденемін деген кісіге қажетті деректер табылып қалады.
– Сонда Арқа мен Батыс қазақтары арасында отаршыларға қарсы күрес ымырасы болған ғой?
– Болғанда қандай. Кенесары қысылтаяң шақта қару-жарақ пен жылқыдай көмек беруін сұрап Кіші жүз жеріне өз жүзбасысы қарауыл Мұрат Құлшоранұлын жібереді. Осы Мұрат Құлшоранұлы – тарихта болған адам. Ең соңында Кенесарының қырғыз жорығында мыңбасы болған Мұрат Құлшоранұлы соғыста қаза табады. Сол Мұрат Құлшоранұлы Кіші жүз жеріне келгенде біздің бабаларымыздың атынан: «Алыстағы Арқадан арнап келген еңбегіңіздің өтеуі үшін біздің жақ Кенесары сарбаздарына екі жүздей білтелі Бұқар мылтығын беруге әзір. Қажетінше асылтекті адай сәйгүліктерін де береміз. Арқадағы ағайынның табанына қадалған шөгір біздің маңдайымызға қадалсын деген ниеттеміз. Тілеуіміз бір. Сондықтан ел мен жердің еркіндігі үшін соғысып жатқан арыстан туған сұлтан Кенесарыға көмек қолын созуға біз қашанда әзірміз!» – дейді Қосыбек би.
– Міне, кітаптағы ең бір жан тебірентерлік, қазақы ымыраны паш ететін сюжеттік үзінді де осы! Сондықтан осы бір деталь кітаптың мазмұнын арттырып тұр десек әбден болады-ау!..
– Иә, дала қазақтарының қазіргі ұрпақ біле бермейтін жауынгерлік қасиеттері әлі де аз емес. Ол дұрыс та. Далалықтардың сол жолғы соғысы әділетті соғыс еді. Еуропаның алдыңғы қатарлы, прогрессивті жұрты да оларды құптап, қолдайтын.
– Әлбетте, аталмыш кітаптың редакторы есебінде мен көп жайдан хабардармын. Дегенмен қалың оқырманға түсінікті болуы үшін бір бабаңыздың француз қызын ала келгендігі туралы да қысқаша айта кетсеңіз…
– Айта кетейін. Құлынқара бабамыз француздың дәулетті бір әулетінің қызы Мишель сұлумен көңіл қосып, ақыры оны соғыстан соң елге алып келеді. Мишель анамыз көп ұзамай-ақ қазақ тілін үйреніп, ислам дінін қабылдайды. Сол анамыздан туған ұрпақтар біздің әулетте баршылық. Қан деген қойсын ба, Мишель анамыздан тараған ұрпақтың көбінің көзі әлі күнге дейін көк, түрлері азиялықтан гөрі еуропалықтарға көбірек келеді. Оны өздері де біледі әрі жасырмайды. Міне, осы тарихи ақиқаттардың бәрі мені қолыма қалам алып, кітап жазуға мәжбүрледі.
– «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік Қазақы нұсқа» трилогиясы жарық көргеніне көп бола қойған жоқ. Ол туралы алдымен әдебиетші қоғам жақсы біледі. Оқығандар арасынан да бірен-саран жағымды пікірлер естіп жүрміз. Бұл Қазақстандағы жағдай. Ал кітаптың француз еліне танымал болуы туралы не айтасыз?
– Әрине, әзірге танымал болды деу артықтау болар. Дегенмен трилогияның французша аудармасының Парижде тырнақалды тұсаукесерінің сәтті өткені рас. Сұрағыңызға қарай жауап, біз трилогияны қазақша, орысша нұсқаларынан тиісті мамандарға француз тіліне аударттық. Әрине, ол туралы да пікірлер бар, негізінен, жағымды пікірлер.
Ұлт мәртебесін асқақтату мақсаты бізді кітаптың тұсаукесерін өткізу үшін Парижге бастады. Қайталап айтайын, ондағы басты ойымыз алдымен қазақтың ұлттық мәртебесін асқақтату болды.
– Ол шараның қалай өткені жөнінде ресми хабар-ошар берілді. Бірақ шараның толық сипаты мен мазмұны әлі де таным айдынына жете қойған жоқ. Біз бен сізді кездестіріп отырған да осы мәселе. Демек, әлемдік мәдениеттің заманауи орталығы саналатын Париждегі сол шара туралы өзіңіз айта кетсеңіз…
– Мерзімдік басылымдар мен әлеуметтік желілерде жазылғандай, Қазақстанның Париждегі елшілігінің қолдауымен өткен айтулы шара мазмұнды әрі тартымды болды. Оған түрткі болған Қазақстанның Франциядағы елшілігі жанындағы Абай атындағы мәдениет және әдебиет орталығы. Шара жай ғана ресми тұсаукесер емес, әдеби, тарихи талдау түрінде өткенін айта кету керек. Оның солай ұйымдастырылуы мені қатты қуантты, тебірентті, толғантты. «Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, жазушының төл туындысы перзенті сияқты ғой. Мен сол сезімнен шынымды айтсам, осы күнге дейін арыла алмай жүрмін. Олай болатыны, данышпан қазағымыздың «баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысып отырады» деген ғажайып мәтелінің ақиқаттығына да сонда көзім анық жетті. Айта кету керек, «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік Қазақы нұсқа» трилогиясының француз тіліндегі нұсқасын талдап-талқылауға біраз көрнекті азаматтар мен азаматшалар белсене қатысты. Ретті жері ғой, сол кісілердің бәріне ризалығымды білдіремін.
– Қазақстан үкіметі тарапынан сол шараға қатысты қолдау болды ма?
– Өте орынды әрі сәтімен қойылған сұрақ. Әрине, қазақ мемлекетінің шетелдегі насихаты мен мәртебесі – ел басшылығының назарындағы тақырып. Сондықтан Париждегі біздің шенеуніктер де ол мәселеге салғырт қарай алмайды ғой. Шараны өткізуге Қазақстанның Париждегі елшілігінің екінші хатшысы, белгілі дипломат Болат Өтеген, Қазақстан елшілігінің Париждегі консулы Марат Бахтияров қатысты. Сондай-ақ Францияда Қазақстаннан тысқары мемлекеттерден келген қазақтар да аз емес екен. Франциядағы Қазақ қауымдастығының төрағасы Реджеп Қанай, Абай атындағы мәдениет және әдебиет орталығының төрайымы Баян Жанбауова, Парижде тұратын Төлеген Айбергеновтың қызы Айнар Айбергенова, тәрбие және білім саласының ардагері Надин Пеарьа, Париждегі «Әлем» ассоциациясының вице-президенті Майра Ысқақова, Сарбона университетінің студенті Том Кетар және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Реті келгенде айта кетейін, шара барысында қазақ тарихына байланысты елеулі ақтаңдақтардың бірі болып табылатын 1812 жылғы орыс-француз соғысына аталарымыздың қатысуы біраз елді ойландырғанына көзім анық жетті.
– Бір әңгімеңізде трилогияны жазу барысында архив материалдары пайдаланылғанын айттыңыз. Өз басым оны тарихи ақиқатты ашудың басты тетігі болды деп ойлаймын…
– Жастайымыздан тарихи оқиғаларға ерекше көңіл бөліп өстік. Сондықтан шамамыз жеткенше нақты тарихи деректер мен ақиқаттарды білуге тырыстық. Ол дегеніңіз үлкен мақсаттар мен ниеттерге жетелейтін бастама емес пе?! Жоғарыда айтқанымдай, шет елдерде жиі болып тұрамын. Өзім оқыған Мәскеудегі мұрағаттарды да талай аралап, ақтардым. Ұлт тарихына байланысты әділетсіздіктер, ақтаңдақтар кеңестік дәуірде де, оның алдындағы дәуірде де көп болды. Ал оны ашу, таным айдынына шығару керек еді. Негізгі мақсат-мүдде де сонымен түсіндіріледі ғой.
– Архивтерді көп ақтардым дедіңіз, сол туралы айта кетсеңіз…
– Мені о баста архив пен мұрағат деректеріне жетелеген тақырып жарты миллионға жуық қазақ оралмаған Ұлы Отан соғысына қатысты ақтаңдақтар еді. Ол туралы мен өткен жылы шыққан «Қазақ офицерлері» деген кітабымда да біршама айтып өттім.
Қайталап айтайын, орыс – өте тәкаппар, менмен ұлт. Жетістік, жеңіс, мәртебе деген мәселелерге келгенде көзжұмбайлыққа жиі барып, барлық жақсылықты өздеріне ғана телиді. 1812 жылғы соғысқа қатысты мәселеде де дәл солай болды.
– Ұлы Отан соғысына қатысты ақтаңдақтар туралы айтып қалдыңыз…
– Иә, қазақ тарихы бастан кешкен ең әділетсіз тұжырымдар мен постулаттар сол кезеңге тән дер едім. Бүгінде екінің бірі біле бермейді, екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр да жауапты учаскелеріне Мәскеу, негізінен, қазақ дивизиялары мен бригадаларын жіберіп отырған ғой. Бірақ оны да орталық жария еткен жоқ.
Кеңестік Қарулы күштер тарихындағы ең даңқты әскери бөлім саналатын біздің 316-Панфилов дивизиясы туралы ғана айтайықшы. Соңғы ақиқат деректерге қарағанда, он бір мың жауынгердің бес мыңнан астамы, яғни тең жартысы қазақ, үш мыңға жуығы орыс, бір жарым мыңдайы қырғыз, қалғандары басқа ұлт өкілдері болған ғой. Бірақ ел тәуелсіздікке қол жеткізіп, жариялылық орныққанға дейін дивизия тек орыстардан ғана құралған әскери бөлім болып марапатталды. Біз әңгіме қылып отырған 1812 жылғы соғыс та дәл сондай сипатта болды.
– Парижде талқыланған кітабыңыздың жазылу тарихына тоқтала кетсеңіз?
– «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік Қазақы нұсқа» трилогиясын алғашында бір-ақ кітап қылып шығаруды ойлағанбыз, бірақ елдің қызығушылығын тудырғанын сезгеннен кейін екінші, үшінші кітаптарын жазуға бел будық. Кітапта айтылатын оқиғалар тек қазақ халқына қатысты емес, қазақ, орыс, француз, қала берді бүкіл дүниеге белгілі сол замандағы ең үлкен соғыстардың бірі болғаны айдан анық. Сондықтан шамамыз келсе, қазақтан басқа жұрттың оқып білгенін де жөн көріп төрт тілде (қазақ, орыс, француз, ағылшын) аударып шығарған едік.
Қазіргі заманның ең бір тамаша жақсылығы әлеуметтік желіні пайдалана отырып, кітаптардың (трилогия) электронды нұсқасын жан-жақты таныстырып, бірге оқыған жолдас-жораларға жіберген болатынбыз. Осының арқасында шетелдегі жүрегі қазақ деп соққан азаматтар қатты қызығушылық танытты. Соның басты нәтижесі – Франциядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Реджеп Қанай мырзаның, Франциядағы қазақ елшілігімен бірлесе отырып Париж қаласында осы кітаптардың (трилогия) тұсаукесерін өткізуі. Тұсаукесер өткен жылдың 11 қарашасына белгіленген екен. Менің Париж қаласына 6 қарашада келуімді өтінді. Неге ерте деп себебін сұрағанымда, 7 қараша күні біздің елшілікте еліміздің егемендік алғанына байланысты арнайы мерекелік шара өткізбекші екен, соған қатысатынымды айтты.
– Енді сол жолғы қазақы мәртебені асқақтатқан сапарнамаға қатысты ойларыңызды білдіре кетсеңіз…
– Содан не керек, «сөз берсең сөзіңе жет, атыңа мін де, еліңе жет» демекші, сол келісілген уақытта, Алла сәтін салып Париж қаласының Шарль Де Голль атындағы аэропортына келіп қондық. Азаматтар күтіп алып, қонақүйге жайғастырды. Келесі күні (7 қарашада) Қазақстан Республикасының Франциядағы елшілігіне бардық. Айта кететін бір жайт, Қазақстанның елшілігі тарихи өте керемет жерде, Париж қаласының қақ ортасындағы атақты – (Champs-Elysees) Шанз-Элизе көшесінде, дүниеге танымал Наполеон І Аустерлиц шайқасындағы жеңісіне арнайы салдырған триумфальды арка монументінің тап жанында орналасқан екен. Осындай тарихы терең керемет жерде Қазақстан елшілігінің орналасуы, оның төбесінде көк туымыздың желбіреуі жанымызға қуаныш ұялатты. Елшіліктегі салтанатты жиынға Франция үкіметінің Париж қаласындағы шет мемлекеттер елшіліктерінің лауазымды қызметкерлері, Франциядағы қазақ қауымдастығының өкілдері, сонымен қоса Қазақстаннан арнайы шақыртумен барған Майра Мұхамедқызы бастаған өнер адамдары қатысты.
– Қазақы мәртебені Париж төрінде асқақтатқан сол кештің өту барысы туралы да біле кетсек… Әрі оны қалың оқырман қауымның тілегі деп ұғыңыз.
– Кешті Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ханым ашып, құттықтау сөздерін айтып, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың атынан еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. Солардың ішінде Франциядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Реджеп Қанай мырза «Құрмет» орденін иеленді. Салтанатты шара өз сәнімен әдемі өтті дегім келеді.
Елшілік біздің Париждегі әрбір күнімізді алдын ала жоспарлапты. 8 қарашада Париж қаласының орталық театрында өткен Майра Мұхамедқызы Керейдің концерті жергілікті халықтың да үлкен қызығушылығын туғызып, жоғары деңгейде өткені де өзінше әңгіме. Маған да осы концертті тамашалап, қалың көрермен арасында болу құрметі бұйырды.
9, 10 қараша күндері Франция еліндегі қазақ қауымдастығының төрағасы Реджеп Қанай мырзаның арнайы шақыруымен қазақы қонақасыда болып, әдет-ғұрып, мәдениетімен танысып, әсерлі әңгімеміз ұзақ кешке ұласты. Оған қатысушылардың кітаптың жазылуына қатысты берген сауалдары көп болды. Әсіресе оларды қазақ халқы өкілдерінің Наполеон соғысына қатысқаны жайлы деректер, оның ішінде Париж төріне дейін келіп, бір бабамның осы елден қыз алып барғаны, маған қараған ағайындардың біразының түп әжесі француз қызы екені туралы әңгімем керемет қызықтырды. Шараның соңы «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік Қазақы нұсқа» трилогиясын Париж қаласында жақсы таралыммен шығару туралы жергілікті зиялы қауым өкілі Надин Пьеро (Nadine Pierrot) мырза екеуміздің арамыздағы келісіммен аяқталды.
Әсерлі сапарымның соңғы күні Париж қаласындағы мәдени корпорацияның вице-президенті Майра Ысқақова және осы корпорацияның жауапты қызметкері Зулфат Имашева ханымдармен «Абай» орталығында кездестік. Солармен бірге ұлы ойшыл ақынымыз Абай Құнанбаевтың ескерткішіне барып гүл шоқтарын қойып, одан кейін халқымыздың біртуар ұлы Мұстафа Шоқайдың тұрған үйіне және ескерткішіне баруымыз да естен кетпес айрықша оқиға болды.
– Мазмұнды да мағыналы әңгімеңізге рақмет, Жәке! Шынында да Парижге барғаныңыз қазақы мәртебені асқақтатқан әсері мол ғажап сапар болған екен. Ойыңызға ой қосыпты. Сол себепті одан әрі де жалғастыратын істеріңізге сәттіліктер тілейміз!
Әңгімелескен Өмірзақ МҰҚАЙ