Ғылым көкжиегі: Германияның DFG қорымен бірлескен ауқымды жоба
31.03.2026
151
0

Жетісу университетінің халықаралық ынтымақтастық бағыты жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Неміс ғалымы, доктор Й. Вохновскиймен (J. Wochnowski) өткен маңызды кездесу нәтижесінде үш жылға арналған бірлескен ғылыми зерттеу жобасының негізі қаланды. Бұл бастама әлемдік ғылымдағы жетекші ұйымдардың бірі — Германияның ғылыми-зерттеу қоғамы (DFG) тарапынан қолдау табатын болды.

DFG (Deutsche Forschungsgemeinschaft) — Германиядағы ең ірі әрі беделді ғылыми қорлардың бірі. Оның қаржыландыруына ие болу кез келген ғалым немесе жоғары оқу орны үшін халықаралық деңгейдегі сапа көрсеткіші болып саналады. Қор қызметінің басты бағыты — инновациялық идеяларды қолдау және іргелі ғылымды дамыту. DFG талаптары өте жоғары: жоба аясында педагогикалық немесе әкімшілік жүктеме қарастырылмайды. Барлық күш пен ресурс тек ғылыми зерттеулерге, инновациялық тәжірибелер жүргізуге және халықаралық деңгейдегі ғылыми мақалалар жариялауға бағытталады.

Ғылыми ынтымақтастық аясындағы ғылыми зерттеу жобасы екі негізгі кезеңге бөлініп, үш жыл бойы жүзеге асырылады. Бірінші жыл екі ел арасындағы ғылыми интеграцияға және тәжірибе алмасуға арналады. Бұл уақытта ғалымдардың 1-3 апталық өзара қысқа мерзімді іссапарлары жоспарланған. Бұл кезеңде зертхананың мүмкіндіктермен танысу ғана емес, сонымен қатар алдағы зерттеудің нақты жол картасы сызылып, тараптар арасындағы жауапкершілік пен міндеттер нақты бөлінеді. Сондай-ақ, бірінші кезеңнің нәтижесі ретінде таңдалған ғылыми бағыт бойынша ауқымды шолу мақалаларын әзірлеу көзделген. Бұл дайындық жұмыстары келесі екі жылда жүзеге асырылатын негізгі зерттеу фазасына берік негіз болады. Екінші және үшінші жылдары іргелі ғылыми ізденістер жалғасып, халықаралық жоғары импакт-факторлы журналдарда зерттеуші ғалымдардың бірлескен мақалалары жарияланады.

Доктор Й. Вохновский кездесу барысында кадр мәселесіне де ерекше тоқталды. Жоба аясында екі мемлекет ғалымдарынан тұратын ғылыми топ құру жоспарлануда. Бұл ғалымдар үшін нағыз еуропалық ғылыми мектептен өтудің бірегей мүмкіндігі болмақ. Жобаның басты талабы — зерттеушілердің ғылымға деген адалдығы мен жоғары жауапкершілігі. Олар оқу үдерісі мен педагогикалық жұмыстарға алаңдамай, тек осы жобаның нәтижесі үшін еңбек ететін болады. Қазіргі уақытта жобаның құжаттарын рәсімдеу және келіссөздер кезеңі басталды. Алдағы уақытта ғылыми өтінім Германия тарапына сараптамаға жолданады. Бұл ынтымақтастық Жетісу университетінің халықаралық аренадағы беделін арттырып, отандық ғылымның дамуына серпін берері сөзсіз.

А.Сүлейменова,

Жетісу университеті Жаратылыстану-техникалық факультетінің оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір