Мақсат – аймақтың туристік әлеуетін арттыру
Туризм – бүкіл әлемдегі табысы жоғары салалардың бірі. Туризмнің елдегі халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық қуатты арттырып, жұмыссыздықты азайтуға тигізетін үлесі де ерекше. Елімізде аталған істі жан-жақты дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар аз емес.

Солардың бірі ретінде жуырда Алматыдағы «Ойқарағай» тау курортында Еуразиялық тау курорттары альянсының III фестивалінің және тау туризмін дамыту жөніндегі Еуразиялық форумның салтанатты ашылу рәсімін айтуға болады.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған Еуразиялық тау курорттары альянсының фестиваліне бес ел мен алты курорт қатысып, барлық курорттардың өкілдері мен басшылары жиналды. Әр курорттан спорттық командалар келді. Бір аптаға жоспарланған бағдарлама өте ауқымды болды. Тау туризмін дамытуға арналған форумда Қазақстанның туристік саласы үшін ең өзекті тақырып – тау туризмін дамыту және Алматы тау кластерін құру мәселесі талқыланды. Мұнда осы бағытта кәсіби тұрғыда пікір алмасуға ниетті мамандар жиналды. Олар кластерді қалай тиімді құруға болатынын, жұмысты қалай жүйелі ұйымдастыру керегін талқылады.
Бұл бастама туристер мен тау курорттарына келушілерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да пайдасын тигізеді. Жергілікті халық жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, ал шағын және орта бизнес өкілдері мейрамхана, кафе, қонақүй сияқты нысандар ашуға мүмкіндік алады.
Бүгіндері Еуропа елдері өз табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, туризм арқылы айтарлықтай табыс тауып отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан да әлеуетті тиімді пайдалануы қажет екені айтылды.
Фестиваль мен форум – тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды талқылауға және Еуразия кеңістігіндегі тау курорттарының ынтымақтастығын күшейтуге арналған маңызды алаң екені белгілі. Демек «Ойқарағай» тау курортында өткен бұл шара аймақтың туристік әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға ықпал етеді.