«Күннен жаралған ел»
19.01.2026
228
4

Әр халық тарихта өзін географиялық аумағымен немесе саяси атауымен ғана емес, дүниетанымын айқындайтын өркениеттік формуламен танытқан. Бұл – өзін өзгеден айрықшалап тұратын бейнелі атау, рухани код. Мәселен, Грекияны ежелден «Эллада», Канаданы «Үйеңкі жапырағының елі», Кореяны «Таң самалы елі», Қытайды «Аспан асты елі», Ұлыбританияны «Тұманды Альбион», Финляндияны «Суоми» деп атайды. Бұл мемлекеттер осылайша өздерін мифке, фольклорға, тарихи, рухани шежіреге негізделген бөлек мәдени әлем ретінде көрсетіп келеді.


Осы логикамен қарағанда, Қазақстанды дәл сондай, мағыналық тереңдігі бар «Күннен жаралған ел» («Күн елі») деп атауға әбден болады. Бұған тарихи да, географиялық та, рухани-мәдени де негіз жеткілікті.
Қазақ – ежелден еркіндікке, биікке, одан әрі Күнге қол созған халық. Басқасын айтпағанда, мемлекеттік рәміздеріміздің өзі де осы идеялық желіні жалғайды. Тудағы алтын Күн – өмір мен өсімнің, үміт пен болашақтың нышаны. Қыран – еркін рух, ал Күн сол еркіндіктің жарыққа, бейбіт өмірге бағытталғанын білдіреді.
Классик ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Әнұран да осы дүниетанымды поэтикалық деңгейде бекітеді:
«Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы…»
Бұл – Күн мен Даланың, жарық пен еңбектің үйлесімінен туған ұлттық формула.
Күн бейнесі қазақ әдебиетінде ежелден бері тұрақты концепт ретінде қалыптасқан. Қараңғылыққа қарсы күрес идеясында Сұлтанмахмұт Торайғыров:
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?»
– деді. Бұл, шын мәнінде, жеке ақынның емес, тұтас ұлттың ояну серті еді.
Ал Мағжан Жұмабаев поэзиясында Күн тұтас философиялық жүйеге айналды. Ақын өлеңдерінде Күн – ғаламның орталығы, рухани жылудың, оттың, қозғалыстың көзі. Ол өзін Күнге теңейді, кейде Күннен туған ұл ретінде ұлт атынан сөйлейді:
«Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам».
Ақын үшін Күн – тек аспан денесі емес, әрекет ететін, күресетін, халықты оятатын рух. Сондықтан ол: «Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар» деп, қоғамдағы қараңғылықпен күреске шақырады.

Байқасақ, Мағжан поэзиясында «күн» сөзі ондаған өлеңде қайталанып, эпитет, метафора, символ деңгейінде қолданылған. Бұл – кездейсоқтық емес, тұтас дүниетаным.
Ерте күнде отты Күннен гун туған,
Отты гуннен от боп ойнап мен туғам,
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар,
Мен келемін, мен келемін,
мен келем —
Күннен туған,
Гуннен туған пайғамбар…

Күншығыста ақ алтын бір сызық бар,
Мен келемін, мен пайғамбар –
Күн ұлы.

Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің:
«Күннің өзі ұясына
Қимай оны батады екен», –
деп Атамекенді ұлықтауының өзі не тұрады?!
Меніңше, Қазақстанды осынша мағыналық тереңдігі бар «Күннен жаралған ел» («Күн елі») деп атауға әбден болады.
Өйткені, ең алдымен, қазақтың дүниетаны­мын­да Күн – өмірдің, жылудың, жарық­тың бастауы. «Күн көріс», «күндей жарқыра», «күнім менің» деген тіркестердің өзі халқымыздың Күнді тіршіліктің өзегі ретінде қабылдағанын көрсетеді. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз табиғатпен етене өмір сүріп, Күннің қозғалысын уақыт өлшемі, бағыт-бағдар, тіршілік ырғағы ретінде таныды. Таңның атуы – жаңа үміттің, күннің батуы – сабыр мен тәубенің белгісі болды.
Екіншіден, Қазақстанның географиялық кеңістігі де бұл атауға толық үндес. Ұлан-ғайыр дала, шексіз көкжиек, жазиралы жазықтар – күн сәулесін бөгейтін ештеңе жоқ кеңістік. Қазақстан күн сәулесі мол түсетін аймақтардың қатарында. Күннің аптап ыстығы мен мейірімі қатар сезілетін бұл далада тіршілік те, мінез де ашық, кең, еркін қалыптасты. Қазақтың дарқандығы, кеңпейілділігі, қонақжайлығы – осы күн нұрына шомылған кеңістіктің мінезі.
Үшіншіден, түркілік мифология мен көне дүниетанымда Күн айрықша мәнге ие. Ежелгі түркілер Күнді киелі күш деп танып, оны өмір сыйлаушы құдірет ретінде құрметтеген. Күн бейнесі көне таңбаларда, ою-өрнектерде, зергерлік бұйымдарда жиі кездеседі. Бүгінгі Қазақстанның Мемлекеттік Туындағы алтын Күн – жай ғана символ емес, елдің өмірге, жарыққа, болашаққа ұмтылған рухын білдіретін терең мағыналы белгі. Қыран құспен қатар бейнеленген Күн – еркіндік пен биіктіктің, нұр мен қуаттың көрінісі.
Төртіншіден, қазақ тарихындағы талай қиын кезеңдерден елді аман алып шыққан да «күннен жаралғандай» өміршең рух. Ашаршылық, зұлмат, соғыс, бодандық – осының бәрін бастан өткерсе де, халық еңсесін түсірмей, қайта жаңғыра білді. Бұл ішкі нұрдың, өшпейтін күн сәулесінің бар екенін дәлелдейді. Қазақ рухы қашан да қараңғылықтан жарыққа ұмтылды.
Сондықтан Қазақстанды «Күннен жаралған ел» («Күн елі») деп атау – әсірелеу емес, тарихи және рухани шындыққа негізделген тұжырым. Бұл атау халқымыздың табиғатпен үйлесімін, өмірге құштарлығын, болашаққа сенімін бейнелейді. Күн қалай әр таң сайын қайта шығып, жерді нұрға бөлесе, Қазақстан да әр кезеңде жаңарып, жарқырап, өз жолын таба беретін ел.
«Күннен жаралған ел» («Күн елі») ұғымы: ешкімге қарсы емес; үстемдік пен империялық пиғылдан ада; бейбітшілікке, келісімге, гуманизмге негізделген.
Күнделікті сан құбылып, аумалы-төкпелі сипат ала бастаған ғаламдық геосаясат тұрғысынан да ядролық қарудан бас тартқан, өркениеттік диалогты таңдаған Қазақстан үшін бұл – моральдық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да үйлесімді бейне деп есептеймін.
Күн астында туған халық қараңғылықтан емес, жарықтан қуат алады және жарыққа қарай жол салады. Бұл – саналы таңдау.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы,
Ұлттық Құрылтай мүшесі

ПІКІРЛЕР4
Аноним 20.01.2026 | 12:56

Қадыр Мырзалиевті «ұлы ақын» деп отыр. Жұмекен Нәжімеденовті «классик ақын» деп отыр. Егер олар басқа жүзден болса, аузына да алмас еді.

Аноним 20.01.2026 | 18:09

Орбитаға шығып кетті. Енді Жерге түспейтін шығар.

Аноним 21.01.2026 | 01:01

Қаласа Қарағандының қара көмірін «ағартып» береді

Аноним 21.01.2026 | 10:25

Автор орынды сөз қозғап отыр. Тек оны өзі айтқан елдердің аталу тарихымен шендестіру жағы жетпей тұр. сондықтан ойдың аясын кеңейту керек. Мысалы түркілер Күнге, отқа табынған халықтар. Ежелгі От құдайы Прометей гректерше далалық скиф емес пе.Көк Тәңірге сыйынған. Көптеген халықтардың ұлттық рәміздерінде Күн, Жұлдыз, Ай белгісі бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір