Күлеміз бе, қайтеміз?..

Мұхтар ШЕРІМ
АТЫП КЕТТІ…
Сұрауы бар ғой,
Кәдімгі судың,
Алты күйеуден,
Алты қыз тудым!
Көргенім алты той…
Өмірім ахахо, охо-хой!
Бірі–
Күйеуі ірі,
Қытайлыққа тиген,
Енесі тірі!
Келесі қызым–
Аты Сақыш,
Тұрағы – АҚШ…
Үшіншім
Үндістанға кетті,
«Байға тидім», –
Деген хабар жетті!
Кейінгім Кореяда,
Сұлуым өмірге епті,
Сол жаққа барып,
Тиіп алды, текті…
Ал қазақ жігітін
Құйрығынан тепті…
Бесіншім – Бельгияда,
Ол да ұшты бір қияға!
Алтыншым Ұрқияға
Ғашық болған…
Бір министр Түркияда!
Кеше қашып кетті,
Шекарадан асып кетті,
Күйеубала келіп,
Долларын шашып кетті,
Қысқасы, сәлемін беріп,
Қатып кетті!
Кереметпін өзім,
Балдай тәтті сөзім,
Бір неміске тигім келген,
Оңбаған сатып кетті…
Махаббатымды көзде-еп,
Пистолетпен атып кетті!
ИНТЕРНЕТ МАХАББАТ
Бұрын кітапханада
Немесе асханада,
Танысатын,
Жүректері ұшардай,
Қол алысатын,
«Кездесеміз!» деп,
Тоғайда табысатын,
Бір жыл жүріп барып,
Сосын, «жабысатын»…
«Гүлденген әлем,
Сейіттен сәлем!» деп,
Конвертін желімдеп,
Хат жазысатын…
Бүгінде бәрі кері,
Махаббат дегенің,
Әлеуметтік желі…
Быж етіп тез тұтанады,
Ватсаптан күш алады.
Жігіт жазғанда,
Былай жұбанады:
…Жаным,
Сенсіз атпайды,
Таңым!
Сенсіз ақпайды,
Бойымдағы қаным!
Деп басады лайк.
Өзіне осы лайық,
Кейде кетсе,
Махаббаты тайып,
Қатуланып қабағы,
Үй қабатынан секіріп,
Не асылып қалады…
Болмаса басқа біреуді
Интернеттен табады!
Ал қызың да оңбайды,
Махаббатта жымиып,
Жүрегі тоңбайды,
Жібермесе жүрек,
Кәдімгідей сорлайды,
Өз үйіне қонбайды,
Көріп пе едің ондайды?
Кейде стикермен тыржияды,
Кейде стикермен ыржияды…
О, махаббат,
Көрінгенге ашылған,
Таңда басталып,
Кешке қарай басылған…
Қысқасы,
Махаббаттың нұсқасы:
Жігіт – онлайн,
Қыз – оффлайн…
Е-е, заман басқа,
Несіне шошынайын?

АСТАНАДА СИЫР ЖҮР…
Астанада,
Жемқорлар аш қалада,
«Бюджет» деген сиырды,
Шіренбай да емеді,
Шүленбай да емеді,
Сиыр байғұс көшеде,
Қайсы бірін тебеді?
Министр де келеді,
Ол да отыра қап,
Солқылдатып емеді,
Антикор да келеді,
Қолқылдатып емеді,
Тағы бір бастық,
Ала келіп жастық,
Жата қалып емеді,
Тағы бірі.
Лауазымы ірі,
Сезімге,
Бата қалып емеді,
Бұзау байғұс оларға,
Емес еді керегі,
Шын бейнесі қазақтың,
Осы болды дерегі…
Бірі жалап ерінді,
Басымен ұрды желінді,
Сиыр байғұс мөңіреп,
Төрт емшегі керілді.
Оқиға бұл кешегі,
Сиырдың төрт емшегі,
Түбінен қырқылды,
Бырт-бырт жыртылды…
Сонда да еміп жатыр,
Бірінен соң бірі,
Ордаға келіп жатыр,
Өзгелер өгіз «еме» ме?
Кім бүған сеніп жатыр?
Әйтеуір, бәрі еміп жатыр,
Еміп жатыр…
АЙЖАН ЖӘНЕ ЖИ
Бір күні Айжан,
Құр қалардай байдан,
Отырып алып жайдан,
Күйеу іздегендей сайдан,
Интернеттен ашты
Махаббат деген майдан…
Әңгімені құрады,
ЖИ-ден сұрады:
– Айтыңызшы,
Ақыл айтпасаңыз,
Желіден қайтыңызшы…
Маған жігіт табыла ма?
Ол мені сағына ма?
Өзіме тиген соң,
Бірден бағына ма?
Әлде ұрып тастап,
Қағына ма?
Өзі ақ болсын,
Бойы маған шақ босын,
Кенет келген бақ болсын,
Жымыңдаған қыздарға,
Мүлде сақ болсын,
Ақшаны күреп
Табатын болсын,
Маған, шешеме,
Өлгенше жағатын болсын!
– Айжан,
Келдің қайдан?
Интернеттен ашпақсың ба,
Махаббат деген майдан?
Саған табылар ма?
Өйткені сен келіпсің,
Үш байдан…
Әй, қайдам…
Сезімің 90 пайыз,
Өтірік,
ТикТок-та сөйлейсің,
Көпіріп…
Сториларыңды
Тастайын ба
Өшіріп?
Айжан қыңқ етті,
Сосын, мыңқ етті:
– ЖИ, жүрегің жоқ!
Ал мен болдым шок!
Өзіңше көрсетесің,
Маған доқ!
Сенбеймін саған,
Өтірігіңді басқаға соқ! –
Деген Айжанның
Іші қылп етті,
ТикТоктан көріп жігітті
Көздері лезде жылт етті…
ГАЛСТУК
…Біздің бастық галстугін тастамайды,
Галстуксіз ештеңе бастамайды…
Тойға барса да галстук,
Ойға барса да галстук,
Қойға барса да галстук,
Түнде жата қалса галстук,
Арам қата қалса галстук,
Қыздармен сауна барып,
Сезімге бата қалса галстук,
«Гластуксіз өмір еш» дейді,
Басекең галстугін шешпейді…
Тағы бір галстукті сайлап қойды,
Шақалақ немересінің мойнына
Алабажақ етіп байлап қойды…
Түбінде бастық болар деп,
Алақанын майлап қойды…