Күлеміз бе, қайтеміз?..
02.12.2025
99
0

СӘКЕН ЖӘНЕ АРЫЗҚОЙ

Біздің елде «Ақдала» деген кеңшар бар. Ақдалалықтар «анау жоқ, мынау жоқ» деп зар қақсап жыламайды, өкіметке «ананы берші, мынаны берші» деп жалынып-жалбарынбайды. Өз-өздеріне сенеді. Сондықтан болу керек, заман қанша қиындаса да, шаруашылықтың мұртын да қисайтқан жоқ, ел аман, жұрт тыныш, кеңшардың жағдайы, былайша айтқанда, нешауа.
Отқа салса, жанбайтын, суға салса, батпайтын бұл шаруашылықтың басшысы да баяғы өзіміз жақсы білетін Сәкең. Бір ауылда бір арызқой болмаса, оның сәні болған ба?.. Осы кеңшарда бірдеңені тіміскілеп, жоғары жаққа арыз жазбаса, іші ауыратын бір ағайын бар. Оның есімі – Қоңқабай. Өзі ес біліп, етек жапқалы бері зоотехник болып қызмет атқарып келеді, не өспейді, не өшпейді. Арыз жазбаса, саусақтары өзінен-өзі қышып тұратын осы Қоңқабай дүниедегі бар бәлені төндіріп, аудан әкіміне арыз жазады. «Ойбай, не дейсің, шаруашылық байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр, ішіп қойды, жеп қойды» деп байбалам салған соң, арнайы комиссия келеді. Бірақ олар қанша табандап тексерсе де кемшілік таба алмай, кері қайтып кетеді. Өз дегені болмаған атақты арызқой бар өнерін салып, өткен-кеткенді тізіп, бүкіл бәлені үйіп-төгіп, енді облыс әкіміне арыз жолдайды. Көп ұзамай-ақ «Ақдала» кеңшарына бір топ адам сау етіп жетіп келеді. Әрине, іздегендері – бәле. Олай іздейді, бұлай іздейді, бірақ таба алмай, әуре болып қайтып кетеді. Қоңқабай болса, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады, қара аспанды төндіріп, акті-фактісін араластырып, сала-құлаш арыз жазады да, онысын Астанаға айдап жібереді.
Президент аппаратынан келген тексерушілер ауылда үш күн жатып, шаруашылықтың тышқақ лағына дейін тексерсе керек. Әйтсе де, олар да байқайды, түйені түгімен жұтып жатқан ешкім жоқ, ел басқарған басшы да, мал баққан қойшы да тырбанып-ақ жұмыс істеп жатыр, құда да тыныш, құдағи да тыныш.
Астаналық ағайындар Сәкеңге ұрысудың орнына алғыстарын жаудырып аттанады. Тексеру тобы кеткен күннің ертесіне кеңшар төрағасы барлық мамандарды кабинетіне жинап алады. Олардың ортасында арыз жазса, семіріп, кекіретін Қоңқабай да бар еді.
– Әй, пәлеқор, – дейді Сәкең басын шайқап, – жердің астына түсіп кетпей қалай ғана тірі жүрсің? Оңды-солды арыз жазбасаң, ішің ауыра ма, әлде басыңның сақинасы ұстап қала ма? Ауданға жаздың – арызың басылды, облысқа айдадың – түк болмады, пәле мен жала жауып арызыңды Астанаға жібердің, онда да түк шықпады, өзің масқара болдың. Өйткені менің ісім адал, сондықтан қылым да қисайған жоқ. Маған десең, енді Біріккен ұлттар ұйымына жаз. Жазған сандырақтарыңнан бірдеңе шықса, мұрнымды кесіп берейін саған. Әй, жетесіз неме, саған айт не, айтпа не! Құйрығыңа зығырдың майын қайнатып ыстықтай құйса да адам болмассың сен! – деп түңіле сөйлеген кеңшар төрағасы қолын бір-ақ сілтеді. – Қарап тұр, сен көріңде жатып та арыз жазып, ел тыныштығын бұзарсың.
Бастықтың кабинетінен шықққан соң ауылдың кілең атқамінерлері бұл жайында біраз әңгіме қозғайды.
– Сәкең бүгін арызқой Қоңқабайға бүркіттей шүйіліп, бүріп-бүріп алды. Өзіне де обал жоқ, арыз жазбаса, тамағынан ас өтпейді ол неменің! Шыдайтын адам біздің бастықтай-ақ болар, басқа болса, оны баяғыда тентіретіп, қоңыз тергізіп жіберер еді.
– Сәкен ол оңбағанды аяп жүрген жоқ, шиеттей бала-шағасын мүсіркейді. Оны түсініп жүрген Қоңқабай ма? Әй, ауру қалса да, әдет қалмайды.
– Біздің Сәкең пәле екен, – дейді әңгімеге ауылдың қу тілді Қали деген жігіті араласып, – Қоңқабайдың арқасында Біріккен ұлттар ұйы­мының адамдарымен танысып алмақшы, ә!..

МАЙМЫЛ, АРЫСТАН ЖӘНЕ КИСКА

Құрмаш жер түбіндегі Атырауда вахта бойын­ша бір ай жұмыс істеп, бір ай демалады. Алыс жолдан оралғаны кеше ғана, алты жастағы Болат бұл жолы әкесін қатты сағынып қалыпты, жанынан бір елі қалар емес, бүгін балабақшасына да бармады.
Құрмаштың әйелі Сәлима үйдің жанындағы азық-түлік дүкеніне бармақшы болып, тойға жиналғандай сәнденіп, кербездене шығып кетті.
– Папа, папа, саған бір секрет айтайын ба? – деді жанында монтиып отырған Болат.
– Айта ғой, балам. Ол қандай құпия?
– Папа, білесің бе, – деді сүйкімді ұлы әкесінің тізесіне отырып жатып, – сен алыс жаққа кеткенде, бір ағай «киска» жағдайың қалай? деп мамама телефон соғып жатады. «Арыстаным» деп жауап береді мамам. үйдегі маймыл әрең кетті. Кешке кел, Болатты мамамның үйіне апарып тастаймын. Менің барғым келмесе де, әжемнің пәтеріне қалдырып кетеді мамам. Папа, мамам сені неге маймыл дейді? Сен зоопарктегі маймылға мүлде ұқсамайсың ғой!?
Құрмаштың төбесіне біреу тас тастап жібергендей, жүрегі қырық пышаққа түскендей болып кетсе де, дүниедегі лас атаулыдан мүлде хабары жоқ кішкентай ұлын құшағына қысты.
– Болатжан, әрине, мен маймылға ұқсамаймын. Өзің де білесің, Жолбарыстан бір айнымаймын. Мені маймыл деп мамаң ойнап айтқан болар.
– Ура! Менің папам – жолбарыс! Ыр… ыр.., – деп күнәсіз сәби әкесінің мойнына асылып, құшақтап жатты. – Қазір мамам дүкеннен келгенде менің папам маймыл емес, жолбарыс деп айтамын. Папа, білесің бе, мен жақында телевизордан қызық мультфильм көрдім. Бір орманда жолбарыс пен арыстан кездесіп төбелескенде, арыстан жеңіліп тұра кеп қашты. Мамама «Мияу-у Киска» деп телефон соғатын Арыстан ағайдың быт-шытын шығаршы! Өткен аптада мамамды үйге дейін мәшинемен әкеліп тастады. Машинасы крутой болса да, оны жек көремін. Бірінші сыныпта оқитын Марат деген көрші баланы білесіз ғой. Сол «Болат сенің екінші папуляң мамуляңмен келе жатыр. Алдынан шығып қарсы алмайсың ба?» деп мені ылғи келеке етеді. Мамамен бірге тұрғым келмейді. Мені өзіңмен бірге алып кетші, папа, – деді ол әкесін құшақтап.
Ұлы өзі қатарлы балалармен ойнауға кеткенде аяғын кербездене басқан Сәлима ішке кірді.
– Әй, Киска, – деді Құрмаш іші алай-дүлей болса да салмақты сөйлеуге тырысып, – мендей маймылды қайтесің? Бүкіл заттарыңды жина да, әлгі Арыстаныңа тайып тұр! Мен екі сағаттан соң ораламын. Келгенде сенің арсыз жүзіңді, қылмыңдаған көзіңді көрмейтін болайын.
Құрмаш тілден айрылып, ас үйдегі орындыққа жалп етіп отырып, көзі алақтап кеткен әйеліне көз де салмастан, үстіне курткасын киіп, үйінен шыға берді…

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ШАПАН

Басқасын қатырмасақ та, той жасаудан біздің қазақ дүниежүзінде бірінші орынды алады. «Айдағаны бес ешкі болса да, ысқырығы жер жаратындар» көбейіп, 30 жылдығын немесе 40 жылдығын тойлайтындар жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақша қаптап кетті. Үйлену тойын айтпай-ақ қояйық, жақында біреулер ажырасу тойын дүркіретіп өткізді.
Біздің бала кезімізде сүндет той, шілдехана тойы отбасы-ошақ қасында өтуші еді, бүгінде біздің ағайындар аталып өткен қуанышқа ең кем дегенде 500 адам шақырып, қымбат-қымбат мейрамханаларда тойлап жатыр. Жағдайы келе ме, келмей ме, оған қарап жатқан қазекеңдер жоқ. Көзіміз соқыр емес, кредит алып той жасағандарды да көріп жүрміз. Басқа жақта қалай екенін білмеймін, біздің Оңтүстік өңірінде бір аптаның ішінде ең құрығанда бес рет той өтеді десем, өтірік айтқандық болмас. Жалған айтсам, жалпиған мұрнымды кесіп берейін. Жұмысқа бармауымыз ғажап емес, ал тойға барымызды сылқитып киіп, конвертімізді қалтаға салып, шапанымызды арқалап, міндетті түрде барамыз. Өйткені бірі – туыс, енді бірі – құда-жекжат, енді бір тобы құрдас, дос болып келеді. Бармай көр, өкпесі қара қазандай болып, амандаспай кетеді.
Өздеріңіз де тойға жиі-жиі барасыздар, көріп жүрсіздер, соңғы кезде қазіргі әкімдердің есеп беру жиналысына айналып бара жатқан тәрізді. Әсіресе үйлену тойларындағы шаңырақ көтерген жастарға тіпті обал. Енді үйленіп, ыстық-суығы әлі басыла қоймаған жас жұбайларды тік тұрғызып қойып, қызыл сөзді көсілте жөнелгенде, бір-бірімізден асамыз. Кейбіреулер үйлену тойы екенін ұмытып кетіп, патша заманында болыс болған ата-бабалары, үлкен қызметте жүрген балалары жайында айтып лағып кетеді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын облыс бойынша түкірсе, түкірігі жерге түспейтін бір туысымның 60 жылдығы болып, батаны да, алғашқы сөзді де маған берді. Мұндайда көрініп қалу керек, аянған жоқпын, армансыз көсілдім. Туысқанымды асқар тауға, шалқар көлге, жарық сыйлаған күнге, елім деп еңіреген ерге, өсіп-өніп, аспанға бой созған бәйтерекке теңедім. Елі, халқы үшін туған бауырымдай нағыз азамат 100 жылда бір-ақ рет туады деп сөзімді аяқтағанымда, өз өтірігіме өзім сеніп, көңілім босап кетті… Жамбыл ақынның өзі таба алмаған теңеуге Төкен туысым қалай шыда­сын, мені қайта-қайта құшақтап, сан-миллиондаған теңгенің тендірін ұтып алғандай қолымды қайта-қайта қысып, үстіме құндыз бөрікті қымбат шапан жапты.
Көп ұзамай-ақ менің жетпіс жылдығым болып, кредит алмасам да, жиған-тергенімді шашып, төрт жүз адам шақырып, дос сүйсінетіндей, дұшпанның іші күйетіндей дүркіретіп той жасадым. Менен бес жас үлкендігі бар Досан деген туысқаным бата берді. Батасының соңы ұзын-сонар тілекке айналып, мақтауымның түбін түсірді. Өзімді-өзім қалай бағаламай жүр екенмін: мына дүниеде менен асқан талантты, данышпан, досы десе астындағы жалғыз атын сыйлайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсететін, қызметіне, дардай атағына қарамай кішіпейіл, қарапайым адам болып шықтым. Екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен мақтауға қалай шыдаймын. Досан көкемді қайта-қайта құшақтап, жалпақ бетінен Брежнев жарықтық сияқты былш-былш етіп сүйіп, 60-қа толған тойында Төкен туысым сыйлаған құндыз бөрік пен құндыз жағалы қымбат шапан кигіздім.
Жақында ғана айды аузымен білейтін бір мықты құдамның 70 жылдығы болып, тойдың орта тұсында маған сөз берді. Обалы не керек, құдамның қолы ашық, анда-санда шайға шақырып тұрады. Өткен жылы Сарыағашқа курортқа кетіп бара жатқанымда «Құда, жақсы демалып, денсау­лығыңызды нығайтып, аттай шауып кетіңіз» деп қалыңдау конверт ұсынғанын қалай ұмытайын.
Құдамды тілім жеткенше жарты сағатқа жуық майын тамызып мақтадым. Құдекең негізінде сенгіш, ақкөңіл адам. Көңілі кәдімгідей босап, үстіме қымбат шапан жауып жатты…
Тойдан кеш қайтып, құдам сыйлаған шапанды шкафқа іліп жатқанда, көзіме біртүрлі таныс болып көрінді.
– Айғаным, бері келші, – дедім ас үйде жүрген жұбайыма айқайлап. – Саған бір қызық көрсете­йін. Досан көкемнің 75 жасқа толған тойын дүркіретіп өткізгенімді ұмытпаған боларсың. Мына шапан мен сыйлаған шапан емес пе?
Кемпірім көзілдірігін киіп, ұзақ қарады.
– Дәркештің папасы, жаңылмаған екенсің. Иә, сол шапан. Этикеткасына «Қ.Қ» деген белгі жазғаның есіңде болар? – деді кемпірім күліп. – Қайтып келген малда береке көп деген. Оған басыңды қатырып қайтесің. Астанадағы бірге оқыған Бәдуан досың 75 жасқа толып, тойына шақырып жатыр. Бұл шапанды соған сыйлармыз. Шапанымды Бәдуан досыма беретін болдым деп қапа болып тұрсың ба, отағасы? Енді төрт жылдан кейін 80 жасқа толатыныңды ұмытпағайсың. Амандық болса, шапаның сонда қайта оралар өзіңе. Құдай қаласа, кредит алсақ та тойыңды дүркіретіп өткіземіз. Ұлың мен қызың әкемізге өтірік болса да көлік сыйлайық деп отыр. Олары дұрыс! Менің шалымның анау-мынау емес екенін жұрт біліп жүрсін. Жүр, шай ішейік.
Тойдағы шай бір бөлек те, елу жыл отасқан кемпірімнің дайындаған қызыл күрең шайы бір бөлек. Қайтып келген шапанға бір қарап, ас үйге бет алдым.

 

Доқтырхан Тұрлыбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір