Күлеміз бе, қайтеміз?..
БІЗ БІЛЕТІН ГЕНЕРАЛ…
Шілденің шіліңгір ыстығынан қаталап шөл баса қояйын деп сыраханаға бас сұғып едім, демалыс күні емес пе, елім қарақұрым екен. Түп қуыстағы орындыққа тақап, жалғыз отырған ағайынға «бос па екен?» деп едім, үнсіз бас изеген болды.
Көпіршіп келген саптыаяқ сыраны сіміріп барып қарсы отырған ағайынға көз тіктесем… мәссаған, формадағы кісі – генерал-майор… Әскерде болғанбыз, генералға ғана тән киім, жағасындағы жалпақ сары жапырақ, иығындағы нән бес жұлдыз көзіме оттай басылды. Генералмен мынандай жерде кезігемін деп кім ойлаған…
Е, бопты, заман өзгерді, қазір кім-кіммен кезікпей жатыр.. Әрі-беріден соң генералда пенде, мына аптап ыстық ол кісіні де осында айдап тыққан болар деп күрең сыраны сіміре отырып генералмен тілдесіп те қоямыз…
Аннан бір, мыннан бір әңгіме қозғалып отыр еді, генерал біреуінде: «Қуыс үйде қусырылып отыра бергенше осында келіп, кең тыныс алғанды қалаймын!» деп қалды…. Қауашағыма «қуыс үйі несі? Өзі генерал!..» деген ойсымақ оралып, онысын қайта сұрап едім: «Баяғының екі бөлмелі тас қапасында ересек төрт жан тіршілік еткенімізге ширек ғасырдан асты! – деп түңіліс білдірді.
Іштей: «Ойпыр-ай, өзі генерал… мүмкін емес, біз білетін генерал атаулы» – деп ойлап:
– Саяжайыңыз мықты шығар? – деп қалыппын.
– Қайдағы саяжай, аты да, заты да жоқ! – дейді.
Көзімді уқалап барып генералымның үсті-басына қайта үңілемін… айна қатесіз генерал киімі…
Не керек, қызды-қыздымен әңгімелесе келіп, бұл кісінің байлық атаулыдан жұрдай екенін біліп: «Генерал басыңызбен!..» деп, «Біз білетін генералдар!..» деп әріге кетіп көсіліп отырғанымда бір жұпынылау киінген жігіт келіп әлгіге: «Папа, қызып қалыпсыз, үйге жүріңіз!» деп, генералдың ішкен сырасының құнын әрең-пәрең төлеп алып кеткені…
Іштей: «Ойпырай-ә, мүмкін емес, біз білетін генералдар!..» деп отыр едім, қатарлас отырған азамат менің жаныма келіп жайғасып:
– Жаңағының генералдығына сеніп қалғансыз-ау! – дегені.
– Оу, көке, киімімен келіп отыр емес пе?! – деппін.
– Офицер екені рас, бірақ генерал емес, жай майор, – деп, аңтарыла қараған маған: – Майор шенінде жүріп басынан жарақат алып, ертерек отставкіге кетіпті… Содан бас жарақат айықпас дертке жалғасып, өзін «генерал-майор» шеніне жеткізіп алыпты… – дегені.
Бір сәт үнсіз қалып барып: «Е, бәсе, біз білетін генерал атаулы!» деп дауыс көтере тоқтаппын…

«КЕЛІП-КЕТКЕН» КЕЛІСІМШАРТ
Кейінгі кезде, мына бір мен үшін кесірлі келісімшарт күшіне енгелі бері – түнімен дөңбекшіп, ұйқы-тұйқы болып, зығырданым қайнап түн баласы тыныш өтпейтін халге душар болдым… Нем бар еді қатынмен қағынғыр келісім-шартқа отырып… Айтайын, бірде үйдегі кісі: «Осы сенің анайы сөздерің-ақ күйдіріп бітірді! Жас емессің, ата сақалың аузыңа түскенде де боқауызды боздатасың да отырасың. Ана кеше болған құда-құдағидан ұялғаным-ай!» дегенінде, менде еліріп: «Өзіңніңде оңып тұрғаның шамалы!» деп оның да қыза-қыза қызыл сөзді сапыратынын есіне салып өттім.
Содан әлгі «ақылға келіп» демекші, екеуара шартта-шұрт келісімшарт жасаса қойыппыз… Сондағысы – айтылған әр анайы сөз үшін «құн» төлейтін болып келістік… Басында байқамай келісімшартты бұзып қойған өзім болдым… Оңтүстікте туып-өскендіктен қанда бар пәле – «шешеден» бір-екі рет кетіп қалып… төлеуге тура келді… ішіп келіп ертесінде есеп айырысқанда ішімнің удай ашығанын айтсаңшы… Кемпір сөзінде тұрды, бірде-бір рет «шалыс баспады».
Не керек, уақыт өте «шартымыз» екеумізді тәубемізге келтірді.
Үйдегі сыпайылық, әшейінгі әңгір-гүңгір сөзден арылған біздерге қарап, әсіресе ер жеткен бала аң-таң… Қайдан білсін оның ар жағында «қаһарлы» келісім жатқанын.
Бірде бала бізге оқып жүрген оқуын тастайтынын айтып қалды… Не дейік, әшейінде ақырып шыға келетін менде үн жоқ… кемпір де сөзін сыпайы бастап ақылын ағыл-тегіл ағытты. Ойхой, сонда қаным басыма теуіп көгеріп-сазарсам да «ана жаққа» бара алмадым.
Үйге келіп-кеткен дос-жарандар өздерінше «біздерді танымай қалдық» деп пыш-пыштап жүрген көрінеді. Не десе о десін, келісімшартты бұза қояр көрсоқыр біз емеспіз… Кейбірі: «Неткен сыпайылық, бір-біріне сіз-біз дескендері қандай жарасымды! Бұрынғы Бәкең мен Назекең жоқ, нағыз мәдениеттілік соларға бұйырыпты» деп үлгі ете де бастады. Көптің ауызына ілігіп, біртүрлі мәртебеміз өсіп, мерейіміз де таси бастады.
…Содан, бірде бір тойда отырғанмын. Аздап алып отырсам да қатар отырған құрдастардың ырың-жырың әңгімелеріне қосыла қоймадым. Олардың алып-шалып шер тарқата қардай боратқан боғауыздарын елеп-ескерер емеспін… Атаңа нәлет Ақалақ құрдас көзі қылилана маған қарап: «Мына Бәкіш қатынына мыш болыпты! Сызылып-иілуді содан үйренейік. Үйінде отырып, кемпіріне жалпаң қағып жайнамаз болған бұның қылығына жаным ашыды» деп төпелесін кеп… Оған екі-үшеуі қосылып кердең қаққанда шыдамаппын: «Оттапсыңдар!» деп айтылмағанына он айдай болған оқыс сөзімді лақ еткізіп, айда кеп «іш-құсамды» төгіп-төгіп өтіппін. Ара-арасында үйдегініңде сазайын беріп, өтіппін…
…Содан, түн аса үйге келсем бәйбіше: «Е, ішірткіңді ішіп, ішіңдегіні ілкімедің, ә!?» – дейді… Көзім шарамнан шықты, сөйтсем, анда бір антұрған балдыз сондағы менің көсіле көлгірсігендерімді телефон арқылы бұған қосып отырыпты да, бұл мұнда оны диктофонға түсіріп «білгендік» жасапты…
– Е, есептеп те көрдім, келісім-шартқа жүгінсем, ондағы айтқан «аталы сөздерің» айлығыңнан асып-жығылады, – деп келте қайыра: – Мына балаң бізге айтпай жарты миллион кредит алыпты, – дегенінде, есімнен адаса, сөзімді «Атаңанәлет!» деп ақыра бастап, тоқтаусыз төпелеппін кеп… Ара-арасында «Сенің тәрбиең» деп қатынға да тиістіре барып келіп… Не керек, ауызға ақ ит кіріп, көк ит шыға есеңгірей құлаппын…
…Ертесінде, неге екенін, ұйқым қанып, тұяқ серіппей ұйықтаппын… Біртүрлі құсадан құлан-таза айығып, жуынып-шайына ас үйге келіп, бәйбішеге:
– Келісімшартты доғардық! – деп дүңк еткізе бұрынғы таз қалпымызша тілдесіп отырсақ, бала мәз:
– Е, міне, сіздерді енді таныдым ғой… Кешегі кредиттің әңгімесі сіздерді сынау үшін ойдан құрастырғаным, – дейді…
НЕМЕРЕМНЕН ҚАШЫП ЖҮРМІН
Атақты түрік сатиригі Әзиз Несиннің «Мынау не?» деп аталатын әзіл әңгімесін оқығанымда, баласының кішкене кезіндегі «Мынау не?» деген сұрағына басында бірнәрсе білгісі келіп талпынған ұрпағына аса риза болып, әр сұрағына ыждағаттылықпен жауап беріп жүріп, ақыры күн-түн дамылсыз қойылған сұрақтан қажып… тоқ етері, ақыры өзі «Мынау не?» деп сұрайтын ауруға ұшырап жындыханадан бірақ шыққаны бар…
Біздің баламыз дүниеге келіп ес білген заманы – айналайын уайым қайғысыз, еш проблемасы болмайтын социализм дәуіріне тап келіп, бала атаулы да сұрақ-пұрақтан ада болып мамыражай күн кешіппіз.
Ал мына заман… басқасы былай тұрсын, балаң балапан шағынан-ақ, есі кіресілі-шығасылы, «бесіктен белі шыға сала» компьютерге телмірген заманда ата-анасының халі мүшкіл деуге әбден болады.
Оларда қу, баласы бірнәрсе сұрай бастаса, «Атаңнан сұра» деп құтылып кетеді.
Басында мен де кет әрі болмай, сұрағын қызықтап, жауабымды жұптап түсіндіріп-ақ баққанмын… Бірде бір немерем «Абай жолы» романындағы «Абайдың әкесі Құнанбайдың неғып нашар дам болғанын» сұрайды… Романды жүрдім-бардым оқыған басым, жауап бере алмай жерге қарағаным бар.
Енді бірде біреуі : «Ата, сіз неғып желтоқсан оқиғасы кезінде Алматыда тұрып, неге оған қатыспадыңыз?» дегені…
Ол – ол ма, ана кенжем, «Ата мынау ащы арақты неге ішесіздер?» дегенінде, ішіп отырғаныма шашалып қалғаным бар.
Осыны естіп қалған естісі: «Ата, ана қазіргі молда болып жүрген бажаңыз бір кездері арақ ішуден алдына жан салмапты ғой?..» дейді.
Не керек, сұрақтары бірінен-бірі өткен «сұмырай» болып… бір күні бір сұрақ жанды жеріме қадалып, есім ауып есеңгіреп екі жеті ауруханада жатып, бетім бері қарапты.
…Сұрақ қойма деп тыйып тастай алмайсың, сұрақтары сұңғыла, сұрарларының аумағы майда-шүйдеден әріге кетіп тығырыққа тіреле берген соң, зейнеткерлікке шыққан күннің ертеңінде ауыл қайдасың деп тайып тұрдым…
…Мұнда немерелерімнен қашып келдім деп қайтып айтасың, сұрамаса да өзімше қаланың ырың-жырыңын айтқан болып мамыражай күн кешіп жүр едім, баламнан: «Әке, немерелеріңіздің білгісі келетіні біраз, әсіресе шөбереңіздің былдыр-былдыр сұрақтары ғажап! Сізді іздеп, ауылға шығамыз» деген хабар жетіп…
…Көп ойланбай, ауылдан да безіп, қазір тау-таста жабайы күн кешудемін…
Берік САДЫР