«Күміс университет» бағдарламасы аясында  кезекті дәрістер өткізілді.
08.12.2025
113
0

 2025 жылдың 20 қарашасынан бастап Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» факультеті, «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасында «Күміс университет» бағдарламасы аясында  

«Қазақстан бейнелеу өнері» бойынша жаңа бағыттағы  арнайы дәрістер өткізіле бастады. Биылғы жылдан бастап аталмыш өнер ордасы үш деңгейлі білімді ғана қамтып қоймай, сондай-ақ егде жастағы аудиторияны оқытуды да қолға алуда.

    «Күміс университетінің» басты ерекшелігі – жас шектеуінің болмауында және өмірлік тәжірибесі мол тыңдармандардың қосымша білім алуына икемделіп құрастырылуында. Онда  студенттердің мүмкіндіктерін шектейтін қатаң ережелер мүлдем жоқ.  Оның орнына тыңдармандарға  ыңғайлы үлгідегі білім беру бағдарламаларының кең көлемдегі таңдауларын ұсынуда. Бұл бастама – шығармашылық ортаға тың серпін беріп, өнерді көпшілікке қолжетімді етуді мақсат тұтқан ерекше жоба. Академия қабырғасында өткізіліп жатқан дәрістер көркем өнерді терең түсінуге, тарихи және теориялық білімді жүйелеуге жол ашады.

      Алғашқы сабақ барысында «Өнертану» факультеті, «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, өнертанушы Ләйлә Абдығаниқызы Кенжебаева  «Өнер академиясының бейнелеу өнері қорындағы өнер туындылары» атты тақырыпта мазмұнды дәріс оқып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.

    Дәріс барысында «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы ҚР СО мүшесі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Байділда Бауыржан Нұрбекұлы және «Кескіндеме» кафедрасының меңгерушісі, ҚР СО мүшесі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Тұрғынбай Болат Сырлашұлы өнер сүйер қауыммен бейнелеу өнері саласындағы академия шеберханаларының қалыптасуы мен даму тарихы жайындағы аса құнды мәлметтерімен бөлісті. Өнертанушы Ләйлә Абдығаниқызы отандық көркемсурет мектебінің қалыптасуы, танымал қылқалам шеберлерінің шығармашылық жолы және академия дәстүрінің ерекшелігі туралы әсерлі әңгімелеп, тыңдармандарға жаңа шабыт сыйлады.

     Жалпы, «Күміс университеті» – өнерді сүйетін, өз рухани әлемін байытқысы келетін әрбір жан үшін таптырмас жоба. Мұндай бастамалар қоғамның мәдени дамуын қолдап, шығармашылық ізденісті арттыра түсетіні сөзсіз!

                                                     

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір