Тілеш абыз
06.12.2025
141
0

Біздің бала кезімізде ауылдың кітапханаларында шет ел классиктерінің кітаптарымен қатар, том-том болып батырлар жыры сөреде қаздай тізіліп тұратын. Ауыл халқы жаппай болмаса да жырқұмар қауым алып, алқақотан отырып, жас балаларға оқытып, рақаттанып тыңдар еді. Келе-келе Алпамыс, Қарақыпшақ Қобыланды, Қамбар батыр, Қыз Жібек, Айман-Шолпан сияқты дастандар күйтабаққа шығып, жалпылама соны тыңдауға көшті. ХVІІ–ХVІІІ ғасыр батырлары жайлы көмбеде жатқан жыр-дастан нұсқалары егемендік алған соң кермені бұзған тұлпардай елге жете бастады. Әрине, бұл ұлтжанды қазақ қайраткерлерінің, тарихшы ғалымдарының еселі еңбектері еді. Бойында буырқанып, алпыс екі тамырын сыздатып жүрген әр өңірдің ақын-жыршылары да кеудесін кернеп тұрған сөз маржандарын мәңгілікке өшпестей етіп тасқа қашай бастады.

«Шапырашты шабады «Қарасайлап»,
Жасыл туы желбіреп, бөрілі байрақ.
Шамал хан мен Қаскелеңдей батырларын,
Наурызбайдың бір өзі кеткен жайлап.
Екей, Еміл, Есқожа, Асыл, Шыбыл,
Ақындары шығады «Сүйінбайлап».
Теке,Төлеміс,Әжіке,Орымбет, Кеней,
Асылдың бес баласы туған саңлақ.
Сұраншы мен белгілі Артық батыр,
Теке де туған екен одағайлап», –
деп кезінде жырау Кенен Әзірбаев та бабалар туралы толғанысын сарғайған қағаз бетіне мөрледі.
Ұлтымыздың асыл қазыналарының жарыққа шығуын қоштамаған келмеске кеткен кеңес дәуірін бар ғұмыры сол уақытпен байланысты үлкендер, өткенін ауық-ауық естеріне алып, әр кезеңнің қиындығымен қатар жақсылғы болатынын да айтып отырады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деген тәмсіл бар қазақта. Арғы-бергі тарихтың куәгері, жырдың ішінде аты аталып отырған Шапыраштының Асылынан тарайтын Әйтей, Еспенбет батырлардың тікелей ұрпағы, екі ғасырдың куәгері, биылғы жылы жүз деген жасын алқымдап отырған, өзім көрген шежіре де, тірі тарих Тілеш Жылқыбеков ақсақал жайлы сөз қозғамақпын.
Кезінде ауылдан шыққан жастардың көпшілігі Еңбек Қызыл ту орденді Қазақ ауылшаруашылығы институты мен Алматы Зооветеринар-малдәрігерлік институтына баратын еді. Оның себебі облыс, аудан, колхоз-совхоздардың басшыларының бәрі осы институттарды бітіретін де, халықтың жағдайына мейлінше көңіл бөлетін. 1979 жылдың күз айы Алматы ауылшаруашылық институтының дайындық курсына әскерден келген саңлақтар Керімхан Амиров, Есенжол Әлмаханов, Елеусіз Аяпов, Ғали Мұратбаев, мектепті жаңа бітірген Шахимұрат Сағиев, Айгүл Жылқыбекова, Шәкарман Құзатбекова, Ұлдай Жұмабекова, Жеңісбике Кенжебаева, Меңсұлу Қайрошевадай арулармен қатар оқуға түскен едік. Институттан шеткерілеу
Розыбакиева көшесімен қатарлас Морисо-Торезо көшесінің бойында жатақханада тұрдық.
Не керек үлкен-кішісі бар жүзден аса азаматтар араласа оқимыз. Көктемде емтиханымызды жақсы тапсырып, біздің нағыз студенттік кездеріміз басталды. Бес жылымыз зымырап өте шығып, институтты да тамамдадық.
Мен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Киров совхозына жолдама алдым. (Кейіннен Қаракемер атанды).
Ол кезде «Саяхат» автобекетінің жарқырап жұмыс істеп тұрған кезі. Киров совхозына арнайы икарус автобусы жүреді екен соған отырып, Алматыдан елу шақырымдай жердегі тау бөктеріндегі үлкен совхозға келдім. Екі қабат еңселі ғимараттың алдында кеуделерінде «Кеңес одағының батыры» жұлдыздары жарқыраған тастан қашалған екі мүсін қасқайып қарсы алды. Біріншісі Рақымжан Тоқатаев, екіншісі Қашаған Жаманқараев деп бедерленіпті. Қарапайым ел, тегін жер емес екені осыдан-ақ байқалып тұрды.
Жоғары қабатқа көтеріліп,сыртындағы тақтада «Бас агроном Еркебай Құлыбеков Құлыбекұлы» деп жазылған бөлменің есігін қақтым. Қара торы, қияқтай қою қара мұртты, шашының алды түсе бастаған, маңдайы қасқалау, жасы отызды орталап қалған азамат екен. «Кел, кір, отыр», – деп алдындағы үстелді нұсқады. Отыра келген жайымды айтып, жолдаманы қолына ұстат­тым. «Дұрыс екен, қай оқу орнын бітірдің» деп сұрады. «Алматы ауылшаруашылық институтының жеміс-жидек факультетін». Түскі ас уақыты да болып қалған бас агроном екеуміз оның үйіне бардық. Жол-жөнекей жөн сұрасып таныстық. Өзі алдымен, Талғардың ауылшаруашылығы техникумын алтын медальмен бітіріп, одан Мәскеуге барып, К.Тимирязев атындағы академияны да қызыл дипломмен аяқтағанын айтты. Енді ауылға барып, ел-жұртыма институт бітіргенімді айтып, дипломымды көрсетіп келейін деп, негізі бір-екі ай демалысым бар екенін ескертіп қойдым. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, (ол кезде Свердлов ауданы) Шаханға ауылға тарттым. Шілде, тамыз айын өткізіп, қыркүйек айында Киров совхозына жұмысқа келдім. Өзі көңілді жүретін, елмен әзіл-қалжыңы жарасқан бас агроном Еркебай ағам, мені директорға алып кірді. Алдында Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданында екінші хатшы болып, осында ауысып келгеніне бір жылдан асқан, елуден асып қалған орта бойлы, бурыл шашты, түсі суықтау, қабағы қатыңқы кісі екен, көзілдірігінің астынан одырая қарап, салқын қарсы алды. Алматы ауылшаруашылық институтын бітіріп, осында жолдаммамен келгенімді айттым. Мән- жайды білген директор агрономға шешуін тапсырды. Ерекеңнің кабинетіне бардық. Екінші бөлімшенің меңгерушісі Сейсен­бай Байтуов деген азамат келген екен, олар ойласа келе, сол жердің тумасы Ғабиден Нұртаев Жармұхамбетұлы деген 6-бригаданың бригадиріне мені көмекші етіп жіберетін болды. Сол жерден қонақүйге телефон шалып, бір бөлме дайындатып, соған жайғастым. Ертеңіне таң ертең управляющий келіп, мені апарып 6-шы бригаданың бригадирі және жұмысшыларымен таныстырды. Бригадирім Ғабиден де мен сияқты сүр бойдақ сері екен, бірден тіл табысып, көңіліміз жараса кетті. Келесі күні кеңсеге келіп, кадр бөлімшесіне құжаттарымды өткізіп шығып тұрсам, институтта дайындық бөлімінен бастап, бес жыл бірге оқыған курстасым Айгүл Жылқыбекова ханымға жолығайын. Ол сол ауылдың қызы болып шықты. Әкесіне барып айтса керек, екі күннен кейін менің жатағыма іздеп келген Айгүл үйіне қонаққа шақырды. 1925 жылы туған өте ширақ Тілеш ақсақал сол уақытта асқаралы алпысқа шығыпты. Жолдасы Күлшахан Темірғалықызы апамыз өте мейірбан, есігінен кісі арылмаған ел-жұртқа сыйлы, мол пішілген жібек шекпендей жайдарлы кісі екен. Он екі бала өсіріп, бәрін ұлтжанды да, қазақы етіп тәрбиелеген кісілерден көрегендік пен даналықтың лебі есіп тұрды. Көрген- білгені мол шежіре ақсақал дастарқанының төріне отырғызып, алдыма бас қойып, ел-жұртымды сұрастырып, үлкен кісілерше күтіп, арғы-бергіден әңгіме қозғап, жақсы отырдық. Ол кезде мен жиырма жетіде едім. Мына ақсақалдың мені құрметтеуі, «Сен енді жас бала емессің, басшылық қызметің басталады, ендігі жерде сенің орның төр қарағым, жұмысыңда адал, абыройлы бол» деп тұрғандай көрінді. Рақмет айтып жатағыма қайттым. Сол жердің азаматтары Болат Байзақов, Қасымхан Қосымбаев, Өмірхан Қаталбаев, Бақберген Абдрахманов, Бортан Қаталбаев, Қайшыбек, Кәмет Мәнекеев, Бекболат Өмешбаев, Дәулет Әбішов, Жұмахан Шүленбаев, Асыл Байтұлақов, Бауыржан Ыдырысов, Дәулет Құнапиев, бригадамдағы Әнуар Тұрабаев, Елтай Ыбрайымов, Қозы, Төлеген Шоманұлы бәріміз жұдырықтай жұмылып, бір кісінің баласындай жоғары сыйластықта қызмет жасадық. Артынша ақсақалды жұмысшылардың жетпеуіне байланысты бригадама жұмысқа алдым. Нағыз шежіре де, тарихшы ақсақалмен күніге әңгіме- дүкен құратын болдық.
Бірде ақсақал әңгімесін былай бастады: «Қарағым негізі біздің аталарымыздың мекені Қаратал, Іле өзенінің жағалаулары болған, Наурызбай, Еспенбет, Сатай, Бөлек батырлардың сүйектері сонда жатыр. Аумалы-төкпелі кезеңдерде біздің бабаларымыз Алатау бөктеріне қоныс аударған екен. Осы ауданда Есік, Түрген, Қаракемер, төменгі Маловодный, Ақши, Қазатком ауылдарында Асыл бабадан тарайтын Қошқар, Теке, Орынбет деген ата ұрпақтары тұрады. Өзің күнде жанынан өтіп жүрген Сатай, Есіктің жанындағы Бөлек, Әймендер – кезінде жоңғар шап­қыншылығы кезінде үлкен ерлік жасаған тұлғалар. Сатай батыр, Қодар би – кезінде орыс патшасына, қытай императорына хат жазған Төле бидің тұстастары. Қаскелең, Ұзынағашты мекендеген Қарасай, Наурызбай, Жәпек, Дәулет, Қаумен, бергі Берсүгір, Сарыбай би, Артық, Бұғыбай, Сұраншы, Саурық батырлардың елге сіңірген еңбектері де ерен.
Ғұлама Мұхтар Әуезов «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп бағалаған Сүйінбай, оның шәкірттері Жамбыл, Үмбетәлі, Саяділ Өмірзақ, Қалқалардың ақындықтары әлі күнге ел аузында. Сонымен қатар Түрген елін мекендеген Жамбылдың шәкірттері Қарабек Ния­зұлы, Өсербай, Шәріпжамал, Нұрсапа ақындар, Есік, Түрген өңірін билеген ағайынды Шәутен, Шөпшек, Жүнісбай болыстарды мен өзім көріп, олармен талай дидарласқам.
Біз балалық шақ дегенді білмедік, 1931–1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан қазақ халқының жартысына жақыны қынадай қырылғанын көрдік. Әкем Жылқыбек 1934 жылы жаламен сотталып, 35-жылы ақталып келіп қайтыс болды. Ағам Құсайын, інім Оспан Байжұма, Қожақандар – бәріміз әкемнің бауыры Қалилардың қамқорлығында болдық. 1937 жылы Байжұма Қойлыбаев, Қожақандар «бай-құлақтың ұрпағы» деп қудаланып, Әліби Жангелдиннің араласуымен атылу, сотталудан аман қалды. Ертеде Қаракемер ауылы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы болатын. Осында жұмысшы-шаруа (РАБФАК) мектебі болды. Ол кезде облыстағы үлкен әрі алғашқы білім ұясы Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұловтардың бастамасымен ашылған болатын. Сол бір кезеңде 1937 жылы Ораз Жандосов Үкіметтегі қызметінен босап, Қаракемердегі РАБФАК-қа директор болып тұрған жерінен халық жауы ретінде ұсталып қамалып еді. Өлім тұрмақ өкпеге қимайтын қазақтың арыстары атылғанда, жас жанымызды қоярға жер таппай жер бауырлап жатып қалдық қой. Мен кезінде, Есік қаласындағы Молотов атындағы мектепті бітірдім. Алдында колхоз басқармасының хатшысы, кейін ауылдық кеңестің атқарушы органының хатшысы қызметтерін атқардым. РАБФАК мектебінің ветеринарлық-малдәрігерлік бөліміне оқуға түскенімде ол Талдықорғанға көшіп кетті. Соңынан ере барып, іскерлік тәжірибеден өту барысында сол кездегі бүкіл Кеңес одағына шаруа­шылық басқару әдісімен үлгі болған, екі мәрте «Еңбек ері» атағын алған Нұрмолда Алдабергеновтен алған тәлім-тәжірибем арнаулы орта білімді малдәрігері мамандығын алғаннан соң да өміріме азық болды. Колхоздастыру кезінде трактордан аяғымды ауыр жаралап алып, соғысқа баруға жарамадым. Тылда шамамыз келгенше Отан қорғаушыларымызға астық, киім-кешек жіберуге көмек жасадық. 1942 жылы майданға қаражат жинауға үгіт бригадасы шықты, Иса Байзақов, Шара Жиенқұлова, балуан Қажымұқандар, т.б. келіп, ел-елді аралап концерт қойып, цирктің өнерлерін көрсетті. Сейсен Далдабаев екеуміз соларға берілген атарбаларын айдап, көмекші болып, екі-үш ай жандарында жүрдік. Соғысқа бармаған Сейсен ағам екеуміздің жастық шағымыздың қиыншылығы мен қызықшылығы да болды», – деп өткен күндерін аңсап та қалғандай болды.
Бұл ақсақалдың тағы да бір ерекше қасиеті – кешегі үлкен ақындарды көрген адамдармен кездесуі. Замана заңғарлары Сәбит Мұқанов, Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Сұлтанғали Садырбаев, т.б. жазушылармен тығыз байланыста болып, сол кісілерге өткен күндерден небір мәліметтер беруінің өзі бір тарих. Мысалы, Шәріпжамал ақынның Қызылбөрік Нұрсапамен айтысын, Қарабек ақынның өлеңдерін жатқа айтып елге жеткізсе, Жамбыл мен Құланаян Құлмамбеттің Іленің жағасындағы айтыстарын жадында ерекше сақтауына таңғаласың.
Құлмамбет:
Қара күңнің баласы Ысты бақыр,
Кім өлсе соған түсер заманақыр.
Жамбыл деген бар дейді бір немесі,
Ақын болса, ол неме қайда жатыр?
Бүгінгі күн елеусіз қалғанменен,
Ертеңгі күн шаужайдан алар ақыр.
Сейтбаттал, Ерәлінің соғысындай.
Не болса да болайын, жылдам шақыр!
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.
Ақын болса, қайда отыр ол немесі,
Көрелік оны неге ардақтайды?
Құдеке, кісі жібер Жамбылыңа,
Жамбылды болар ма екен алдыруға?
Жамбыл деп осы арада жан мақтайды,
Сол неме жарар ма екен пар қылуға? –
десе Жамбыл:
Қызғанша айғай шығып, едім салғыр,
Сөйлесең әр немені тілің шалғыр;
Келген жерден сөйлейсің тура тістеп,
Қалайша шайқақтайсың, тәңір алғыр.
Сөйлесем өлеңімді түптен бермен,
Құйылар сөз нөсері көктен, жерден.
Мылтықта түтеп тұрған мен бір пестон,
Асықсаң ажалыңа, келші бермен, –
деп екеуінен аздап үзінді айтып алып, Құлмамбет «Сұраншы мен Саурыққа бекер тиіскен екенмін мені Жамбыл емес Сұраншының аруағы жеңді» дегенін де аңыз етіп айтып отырады.
Құлмамбеттің Оңтүстіктен Түрген қаласына келіп, елмен кездесуін де зердесіне тоқыған:
Аман ба Үшкемпірдің Сайма Сайы,
Қалқаның үстіндегі күнмен айы?
Сиқымға бұл жақтағы тұтқа бопсың,
Аман ба, Қусирақтың Диханбайы?  – деген сияқты шумақтарды түйдегімен жіберіп барып:
Келдің бе, ағайынды Шәутен, Шөпшек?
Шымкенттен елді ойлап, келгем көксеп.
Бір жасап, о, дариға, қалар едік,
Олардың сау-сәлемет жүзін көрсек.
Түргеннің түсте келдім қаласына,
Сөзімнің қыл сыймайды арасына.
Үйінде Ұлықбектің сөз сөйледім,
Кез болдың Құлмамбеттің қазасына, –
деген жеріне келгенде басын шайқап, сөз зергері ғой Құлмамбет деп ақындығына бас иеді де, қарт сөзін ары жалғап:
Өшпейді халық жыры қартаймайды,
Өшед деп оны ешкім айта алмайды.
Халықтың жүрегінің түкпірінен,
Төгілген күй, шын жорға тайпалмайды.
Алтындай ел ішінде сақталынған,
Сұлу жыр судан тұнық шайқалмайды, –
деп төрт аяғын тең басқан жорғадай теңселіп, тағы да басқа айтыс шежірелерді халыққа таратып, ҰҒА-на тапсыруда үлкен қызмет атқарғанын да айта кету ләзім.
Қарияның ортаншы ұлы Байғазы, Қазыбек, күйеу баласы Дәулеттермен әлі де араласып тұрамын. Елі мен жерінің тыныштығы, болашақ ұрпақтардың
есен-сау елге адал қызмет атқаруын Алладан тілеп отыратын абыз бүгінде жүз жасын еңсеріп отыр!

Қошан Мұстафаұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір