«Мұқағали» журналына 20 жыл
05.12.2025
127
0

Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімімен аталған республикалық әдеби-мәдени және танымдық «Мұқағали» журналының жарық көре бастағанына биыл 20 жыл толды. Осы айтулы датаға орай ҚР Ұлттық кітапханасында «Мұқағалитанудың қайнар көзі» атты қаламгерлер мен оқырман қауымға арналған мерейтойлық кеш өтті.

Шараға елдің рухани ортасында жүрген бірқатар тұлғалар қатысты. Олардың қатарында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ақын-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, журналдың алғашқы бас редакторы, жазушы Батық Мәжитұлы, Қазақ­станның халық жазушысы Смағұл Елубаев, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай, ақын әрі композитор Сағатбек Медеубекұлы және өзге де танымал қаламгерлер болды.
Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов мерейтой иелеріне құттықтау сөз арнап, журналдың әдеби кеңістіктегі рөліне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде: «Жиырма жыл – әдеби басылым үшін аз уақыт емес. Осы кезең ішінде журнал Мұқағали Мақатаевтың поэтикалық мұрасын кеңінен насихаттап қана қоймай, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге, жас дарындарды танытуға, рухани құндылықтарды дәріптеуге елеулі үлес қосты» – дей отырып, шығармашылық ұжымға Қазақ­стан Жазушылар одағы атынан арнайы сый-сияпат табыстады.
Мұқағалимен бірге Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарған Бақытжан Атакелдиевтің оқыған жырлары кештің көркем болмысын тереңдете түсті. Сондай-ақ ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақыткүл Айдарова журнал ұжымына жүрекжарды ықыластарын білдіріп, ақ тілектерін жеткізді.
Мерейтой құрметіне белгілі әнші, Құрмет орденінің иегері Сұлушаш Нұрмағамбетова «Саржайлау» әнін орындап, кештің сәнін кіргізді.
Шара соңында «Мұқағали» журналының қазіргі бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Дүйсен Мағлұмов басылымның бүгінгі бағыт-бағдары мен болашақтағы жоспарларына тоқталып, оқырманға қызмет етуді жалғастыра беретінін айтты.
Ұлттық кітапханада өткен бұл мерейтой зиялы қауым, ақын-жазушылар, мәдениет және БАҚ өкілдерінің басын қосып, «Мұқағали» журналының ел руханиятындағы орны мен миссиясын тағы бір мәрте айғақтаған ерекше кеш ретінде есте қалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір