МІРЖАҚЫП ПЕН БЕКМҰХАММЕД
02.12.2025
69
0

Кешкі шай үстінде отағасы Бекмұхаммед те, бір-екі жылдан бері осы үйдің өз адамындай болып кеткен Жақып та күндегідей шешіліп, әңгіме-дүкен құрмаған. Себебі әншейінде қабағына кірбің түсірмейтін Бекмұхаммедтің көңіл күйінің болмай отырғанын байқаған мұғалім жігіт Жақып әңгімені жетекке алмаған.
– Жақа, қалай, жұрт жайлаудан түсіп болған соң шәкірттеріңді жинайтын боларсың? – деп Бекмұхаммед сөз бастады. Болыстың 12 старшынының мектеп бетін өткен жылдан бері көре бастаған жиырма шақты шәкіртін мектепке жинап беретінін біліп отырса да, ұрсысып қалған кісілердей тым-тырыс, үнсіз отырмайық дегендей.
– Иә, әрі кетсе үш-төрт күннің мәулетінде жиналып қалар, – деген Міржақып. Ол осы елге келген екі жылдан астам уақыттан бері тек Бекең ғана емес, барлық жұрт есімін қысқартып, Жақып атандырып алғандарына өзі де әбден үйреніп қалған. Алайда бұл сөз де әңгіменің жалғасып кетуіне дәнекер бола алмады. Содан да томаға-тұйық тымпиып отырудың себебін білмек ниетпен мұғалім жігіт Міржақып тікелей сауалға көшкен.
– Беке, жүзіңізден бір көңілсіздіктің салқыны сезіледі. Тыныштық па? – деп үй иесінің бетіне қараған.
– Ә, тыныштық шіркін бұл заманда қайдан болсын?! – деп ол үлкен түйткілді әңгіменің көмейіне тығылып тұрғанын сездірген. – Осыдан 40-50 жыл бұрын жалғыз сиырларын арбаға жегіп, үш-төрт қорсылдақтарын айдап, арып-ашып келген қара шекпендердің лаңы жыл өткен сайын асқынып барады. ХІХ ғасырдың аяқ кезіндегі атышулы Столыпиннің заңынан кейін бостандық алған орыс шаруаларын патшалары күндерін көріп, жандарын бақсын деп қазақтың кең даласына жіберген аш-арықтар еді. Олар бұл күнде «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кебін келтіріп тұр. Тағы да кісі өлімі. Күні кеше олардың ашыққанына асын, шөлдегеніне сусынын ұсынып, тіпті қайсыбір қазақтар олар да Құдайдың пендесі деп алдарына мал да салып беріп еді. Кең қолтық қазекеңнің «ары отыр» демей, «бері отыр» деп жасаған жақсылықтарын ұмытыпты. «Биті семірген» деп атам қазақ осындайларды айтса керек, жасқаншақ, бұқпа қазақ бұққан сайын, ыққан сайын бұл тексіздер төске шығып, басқа өрмелеп барады. Не істемек керек, Жақа? Көзің ашық, көкірегің ояу азаматсың. «Мың күн атан болғанша, бір күн бура болсақ», тәуекел деп тас жұтсақ деймін.
Міржақып тағы бір сұмдықтың болғанын сезіп, үй иесінің бетіне сұраулы жүзбен қараған. Ол сөзін жалғады.
– Мына Дайыр аулында бір бай орыс өз алдына кетіп бара жатқан қазақты шақырып алып, жігіттеріне күштеп арқасын жалаңаштатып қойып, кішкентай баласының қолына қамшы беріп, бейшараны көгала қойдай ғып сабатыпты. Ұлы әбден шаршап, қамшыны тастағанда жазықсыз сорлыны ит қосып қудыртыпты. Бұл енді шектен шығып, әбден басынғандарының көрінісі. Бас көтерер бір азаматы жоқ момын, әбден бұқпа торғайдың күнін кешіп отырған жұртыма наразымын, Жақа. «Күш көрсеткенге тіс көрсете алатын», ұйықтап жатқан намысымызды оятар уақыттың келгенін жұртымның есіне салғым келеді. Айтатын қандай ақылың бар, Жақа?
Тамақ ішкен ыдыс-аяқты жинаған болып, ерінің тағы қандай шатақты іске араласқалы отырғанын сезгендей күйбеңдеп жүрген зайыбы бір сөз айтып қалған:
– Құдай-ай, шайымызды уайымсыз отырып ішер күн болар ма екен? – деген ол өз уайымын осы сөзімен білдірді де, бөлмеден шыға берді.
– Қайтсін-ай, сіздің бұл іске тағы да қалай араласатыныңызды сезеді ғой, – деп Міржақып былтыр жаз шыға болған оқиғаны есіне алған…
Онда да келімсек мұжықтар «заң-зәкөн де, билік те бізді жақтайды» дегендей, ойларына келгенін істеген.
Олар Қара Ертіс, Кендірлік, Жайдақтың қалың нуын қыстап, Алтайдың қолат-қойнауын жайлайтын үш ұлыс – Қара Ертіс, Қалжыр, Кендірлік бойындағылардың мыңғырған малын Дерелі деп аталатын асуға асар жалғыз жолын жауып тастап: «Бұл жерді ақ патша бізге берген. Өткілерің келсе, ірілі-ұсақты малдарыңның әр басына 30–40 тиыннан жер басар төлейсіңдер», – деп қиямпұрыстық танытқан. Дереліге асатын көш жолының басталар тұсына лашықтарын тігіп, егін салып, пішен шабу сияқты шаруаларды көз ғып, жол бермейтін ыңғай танытқан. Бұларға осынау тау етегіндегі сулы, нулы жерді ешкімнің заңдастырып бермегенін Бекмұхаммед алдын ала зерттеп, біліп алған болатын. Қалың жұрт үкіметтен алған «указ» дейтін беделді атағы бар Бекмұхаммедке үміт артқан.
Сатыпалды есімді өңірдегі кісілігімен де, байлығымен де атағы шыққан кісінің Бекәлі, Бекмұхаммед дейтін екі ұлы бірдей сонау 1880 жылы ғылым іздеп, Ташкентке аттанған, жеті жыл медреседе діни білім алған соң туған жерлері Зайсанға оралады. Елдегі діни мектепте мұғалім болып жүргенде Бекеңнің ағасы Бекәлі:
– Қазақшаң әбден жетілді, арабшаң айтағасын деңгейде. Ендігі міндет бізді баса-көктеп, билеп отырған орыстың тілін меңгеруің шарт, – деп інісі Бекмұхаммедті Қара Ертіс бойындағы орыс медресесіне орналастырып, өзі Меккеге біржола аттанады. Бекең болса, бір жыл орыс тілінен сауат ашып, әрі қарай білімін жетілдіре түсу үшін Омбы қаласындағы гимназияда бірнеше жыл оқып, оны өте жақсы деген бағамен бітіріп, елге «Указ Бекмұхаммед Сатыпалдин» деген куәлігін алып бір-ақ оралады. 1881 жылы Жәңгір хан Оралда, 1889 жылы Есенқұл Маманов Қарағашта орыс-қазақ мектептерін ашса, Бекмұхаммед Сатыпалдин алғашқылардың бірі болып, сонау Шығыстағы өзінің туған жері Зайсанына келіп, тек дін ғана емес, жаңаша білім беретін мектеп ашады. Бұл шамасы, 1906 жыл болса керек. Шәкірттерге заманауи білім беретін мұғалім табуды сол елдегі ең ірі саудагер Бидахмет Бобкинге тапсырады. Ол кісі құлашы кең кәсіпкер болғандықтан, алыс-жақын жерлердегі ірі қалаларды жиі аралайды екен. Бір жолы Семей қаласына барған сапарында осы қалада үкіметтің құрығынан бой тасалап жүрген Міржақып дейтін өте білімді ақын жігіттің бар екенін естіп, оны тауып тілдеседі.
1905 жылы Қарқаралы жерінде Орта жүз қазақтары ақ патшаның озбырлық сая­сатына қарсы ұлттың өзін-өзі басқарып, сақтауы, жер иесі қазақ халқы екенін ұмытпау, сот жүйесінің қазақша жүргізілуі және Думаға қазақтан да депутат сайлау қажеттігі жөнінде талап қойған үлкен шеру өтеді. Бұл тарихқа «Қарқаралы петициясы» болып енген айтулы оқиға еді. Осынау оқиғаны патша өкіметі сол жылы өткен Лена қырғынымен сабақтастырып, ұйымдастырушыларды тұтқындай бастайды. Қарқаралыда бас көтеруді ұйымдастырушылардың бірі ретінде Міржақып Дулатов та тізімге ілініп, бой тасалап, Семейге келген беті екен. Бидахметтің Қытай шекарасына тиіп тұрған Зайсан жеріне шақыруын құп алған ол, жаңа мекенге келген бетте заманына қарай озық ойдың адамы атанған Бекмұхаммед указдың үйінде үш жылдай тұрып, молданың жаңаша, дінмен қоса ғылым жолына бастайтын пәндерді оқытатын мектебінде ұстаздық еңбегін бастайды. Міржақып тек ұстаз, мұғалім ғана емес, сол кезеңдегі озық ойлы Бекмұхаммед указ, көзі ашық, көкірегі ояу ел азаматтары, ірі кәсіп иесі Бидахмет Бобкин мен Қара Ертіс төртуылдарының бес дүркін сайланған болысы Жапабай қажылардың әр жауапты қадамдарына ақыл қосып, жөн нұсқар азаматы да бола білді… Иә, былтыр жаз шыға болған оқиға бұл жолғы алауыздыққа қарағанда әлдеқайда салмақтырақ еді.
Осы елде үкіметтің өзі әйгілеп берген «указ» дейтін ат үркердей атағы бар Бекмұхаммед молда өз жерлерінің иеліктерінен айырылып, ойда жоқта жапа шеккен жұртына көмегін тигізу үшін бұл шатақ іске бел шеше араласқан. Көш жолын жауып, қисынсыз жерден ақша тауып, байығысы келіп отырған мұжықтардың жер беруші басшысымағы Шодыр дегенге жолығып, орыстар осы өңірге алғаш келгенде олармен қолдағы барымен бөлісіп, ағайындық көрсеткен жергілікті жұртқа бүгінгі қойып отырған талаптарының кісілікке әрі бір жердің емшегін еміп отырған қос жұрттың татулығына жік түсірер әрекет екенін айтып көрді.
Шодыр жандайшаптарын абалатып, аяғына отырғызбай, сөз түсінер болмады. Бекең бұлардың жерге ие болардай заңды құжаттары жоқтығын айтып, жоғары билікке шағымданатынын білдірген. Шодыр қыңбады. Қайта «Менің орныма өзің сотталғың келсе, шағымдана ғой» деп күлкіге айналдырды.
Бұлайша жеңіл-желпі доқ көрсеткенмен, жер ырысын еркін еміп, әбден байып, үзеңгі бауын төрт қабаттап отырған Шодырға малмен ғана күн көріп отырған қазақта ақша дегеннің болмайтынын, жер басар үшін берілер алымды малмен төлейтіндерін айтып көріп еді, оған да көнер болмады.
Дереліге келіп, тасқын суды бөгегендей ұйлығып қалған мыңғырған малдың ішінен кейбір жылқы қосынын дүркіретіп, тау жолына салып еді. Жазықсыз жануарларға мұжықтар ата жауларын көргендей, қазақтар бас көтермес үшін үкімет алдын ала таратып берген винтовкаларынан оқ жаудырды. Тіпті Жылқыайдар руының Нұрғали есімді жігітінің оққа ұшқанына жұрт куә болады.
Билігі де, заң-зәкөні де «күштінің арты диірмен тартады» деп, жай басынған болса бір сәрі, басыңа шығып, білгенін емін-еркін істеп отырған ардан безгендерге не деуге боларын білмеген Бекмұхаммед үйінде бірге тұрып жатқан Міржақыпқа сырын ашқан.
– Жақа, ішкертіннен арып-ашып келген келімсектер білгендерін істеп, бізді кісі құрлы көруден қалды. «Сом темірге балға бар, зорсынғанға Алла бар» деуші еді. Құдайы да бөлек, Құдай емесі де бөлек бұл дінсіздерге не істеп, тәубаларына келтірсек болар? – деген.
Міржақып Бекеңнің бетіне қарап, бірден өз шешімін айтқан.
– Саяси күрестің алғашқы сабағын Қарқаралы оқиғасы кезінде Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтардан алып едім. Онда өкіметке жолданған петицияның бетке ұстар сөзі ата-бабадан қалған мұра – Жер мәселесі болатын. «Есіктен кіріп, төр менікі» деген мұжықтарға киелі жер үшін қазақтардың өліспей беріспейтінін көрсету керек. От қару – мылтықтарына және өздерін қолдаушы билікке сеніп, желке жүндерін қомпайтып жүр ғой. Намысты аяққа бастырмау жолында баз кешкен жігітте арман жоқ. Осынау қорлықтан құтылу үшін қалың қазағымның ес жияр уақыты болды. Соңғы күндері осындай ашынғаннан:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, деп нашарлап,
хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, –
деген жыр жолдары ойыма оралып жүр, – деп қызына сөйледі (Міржақып ол кезде осы өлеңінің атымен 1909 жылы Уфа қаласында «Оян қазақ» атты алғашқы жыр жинағы шығатынын білген жоқ еді). – Күні кеше қаңғырып келген қара шекпендер жұмақтай мекенге келіп, естерін жиған соң, қойдан қоңыр бұйығы жұртты әбден басынған ғой. Олар да от қаруларына сеніп, желке жүнін күдірейткені болмаса, ет жүректі пенде. Сіздер де намысы бар жұрт екендеріңізді бұға бермей, ыға бермей көрсетулеріңіз қажет. Ең момын деген өгіз малының да ыңыршақ сындырар сәті болады. Ер болсаң, Беке, «Тәуекел деп тас жұт», – деген ақылынан кейін указ молда:
– Ақылыңнан айналдым, Жақыбым! Бәрін де ұқтым. Не істеу керек екенін жақсы білемін, – деп Жақыптың иығынан қаққан. Ол ұлыстың «Сен тұр, мен атайын» дейтін 60-70 жігітін бір түнде жинатып, шешуші ұрысқа дайындаған. Құс мылтық, шиті мылтық сияқты табылған отты қаруларға қоса қазекеңнің емшекті қара шоқпар, сегіз өрім қамшы, ақ бауыр сойыл ұстаған жігіттері түн ішінде мұжықтардың жатақтарына лап қойған, ең алдымен олардың винтовкаларын тартып алып, қатын-балаларын шулатып, еркек кіндіктілерді тысқа сүйреп-сүйреп шығарған. Олардың басшысы атанып жүрген Шодыр о баста еш нәрсенің байыбына бармай: «Бұл қылықтарың үшін бәріңнің де көздеріңе көк шыбын үймелетермін», – деп дөң-айбат көрсетіп баққан. Мұжықтардың жергілікті жұртқа тізелерін батырғандары үшін мейлінше қызынып, өшігіп алған екі-үш жігіт май басып теңкиген денені сүйреп сыртқа шығарған. Оны да азсынғандай басы-көзіне қарамай соққыға жыққан.
– Құдайыңды ұмытқан сойқан. Сен бізді патшаңа, оның бергі жағындағы ұр да жықтарыңа айтып жазалағанша, оған дейін сенің жаныңды ала тұрайық. Мынаны дар ағашын даярлап, асып өлтіріңдер! – деді қандарын ішіне тартып, даяр тұрған жігіттерге.
Жаңа ғана күшейіп тұрған сабаз тізерлеп отыра қалып, Бекмұхаммедтердің аяғына оралған. Теңдікке енді жеткендей әбден қызынып алған қазақ жігіттері указ молда «аямаңдар» десе, бәрін де жайратып салудан тайынар емес. Бекмұхаммед осы бір тәуекелшіл істі бастап жібергенмен, ақ патшадан бастап, оязға дейін, одан бергі басшылар да мұжықтардың сөздерін сөйлейтіндерін, бұл істің соңы қазақтарға оңайға соқпайтынын пайымдаған. Сондықтан жігіттерді сабырға шақырып, сәл тыныштанған соң мұжықтарға қарап сөйлеген.
– Сендер жер түбінен арып-ашып келгендеріңде барымызды ауыздарыңа тосып, жатсынбай қарсы алып едік, жеріміздің сулы-нулы шұрайлысын алып едіңдер. Естеріңді жиған соң дұшпандық әрекеттеріңді үдете түстіңдер. Естеріңді жинап, тәубаларыңа келтіру үшін бұл жолы кеңшілік танытып отырмыз, жөнсіз істеріңді қайталасаңдар, қазақ ашуының қандай болатынын сонда көресіңдер. Өз жерімізде, өз елімізде отырғандықтан, жазалаудың қалай боларын қазір айтпай-ақ қояйын, – деген ол мұжықтарға да, ауылдастарына да қаратып, бүгінгі шешімін айтқан. – Бірінші айтарым, әзірше «Қанға – қан, жанға – жан» дейтін ұлттық қатал салтымызды қолданбайық. Оның есесіне қаза болған азаматтың отбасына құн төлейсіңдер. Оның мөлшерін билер белгілейді және оны барлығың бірігіп өтейсіңдер. Екіншіден, бүгін өздеріңнен тартып алынған мылтық атаулы қайтарылмайды. Үшіншіден, өздерің жазықсыз атып өлтірген әр жылқының орнына екі жылқының құнын төлейсіңдер. Мұндай келеңсіздік қайталанса, келген жақтарыңа жаяу айдаймыз. Ең соңғы айтарым, жайлау жолын жауып, жер басар жинауларыңа тыйым саламын. Енді осындай оспадар қылықтарың қайталанса, бірнешеуіңді қырып саламыз да, не боларын соңынан бірақ көріп аламыз.
Оның дауысы қаттырақ шыққан сайын күні кеше өздерін Құдайдың кенже баласындай көріп, тыюсыз әрекет, бейпіл сөздерді ірке білмеген Шодыр бастаған мұжықтар көздерімен жер шұқып, шарасыз бейшараның күйін кешкен. Осы кез бір ақсақал дауыстай сөйлеп:
– Қарағым, Бекмұхаммед указым-ай! Тусаң ту! Зорсынып кетіп еді бұл пәтшағар дінсіздер. Қорсынып тұрғандарын көрдім. Қазір өлсем де арманым жоқ. Жасай бер, балам! – деп еді, тұрған көпшілік оған алғыстарын жаудырып шулап кеткен.
– Алғыстарыңды маған емес, мына тұрған Міржақып учительге айтыңдар. Төске шығып, басқа шыққан бұл азғындарды қалай тоқтатарымды білмей шарасыз күйде жүргенімде жол көрсетіп, кеудемдегі отты тұтатқан осы азамат, – деп ол сөзін айта бастағанда-ақ көпшілік «Е, бәсе, тегін адам болмаса, жер түбінен келіп, балаларымызды білгендердің, білімділердің заманына бастар ма?! Өзі де үлкен оқуы бар, ақын азамат деуші еді, жақсылығы Алладан қайтсын» десіп жатты…
Ақжайлау жолындағы момын жұрт бұрқан-тарқан қара дауылдай демде көтеріліп, мұжықтарды тәубасына келтірген содан бері де екі жылдай мерзім өткен. «Үндемей жүрсе де, үйдей пәлелері бар екен бұл қазақтардың» десе керек, мұжықтар да жер басар жинамай, «сен тимесең, мен тимен» дегендей зор­лық-зомбылықсыз бейбіт күндер өтіп жатты. Көп жұртты басынамын деп, ойда жоқта басынан айырылып қала жаздаған басшылары Шодыр қандастарына «тәк-тәк» айтып, сабырға шақырып отырды. Әйтеуір, олар тыншыған. Ол шал бірер жыл бұрын Құдайдың ажалынан өлген соң, құдайларын тағы да ұмытқан тәйтіктер әр жер, әр жерден көріне бастаған. Олар «Арқа сүйер ақ патшамыз тұрғанда, бізге не қыла қояр дейсің?!» деп ойласа керек, ана ауылдан, мына ауылдан дегендей тәйтіктердің оғаш қылықтары көріне бастаған.
Бекмұхаммед тағы да Міржақыппен ақыл бөліскен.
– Жақа, мына келімсектер тағы да бас көтере бастады. Асып бара жатыр, тасып бара жатыр. Бұрынғы тәсілімізді тағы қолдансақ, жолымыз бола қояр ма екен?! – деген.
– Молдеке, олардың бейбастақ істерінің жиі-жиі көріне бастауы менің де қабырғама батып жүр. Тағы да ел екенімізді және намысымызды ешкімге таптатып қоймайтынымызды естеріне салып қойған артық болмас. Бірақ, алдымен, Зайсанда отырған ояздың алдынан өткен жөн болар.
– Ой, айналайын, Жақам-ай, өзім де осы пікірге тоқтап жүр едім…
Указ ертеңіне-ақ қара шекпендер жосықсыз зорлық көрсеткен ауыл-ауылды аралап, мән-жайды қағазға түсірді. Оқиға куәлерін және ең бастысы, зардап шеккендердің аты-жөндерін, мекендерін ықтияттап жазып алды. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» дейтін бейбіт-қатар түсіністікпен жергіліктілер мен мұжықтар тып-тыныш жүре берсе, указ да пәле қуғандай шатақты істен аулақ жүрмес пе.
Өткен жылы Бекең Қуаныш дейтін ауылдың іргесін тұрғызып, біраз жастарды диқаншылыққа баулып, бақша өсіруге тәрбиелемек болғанда келімсектердің «мұндай іспен қазақтар айналыса алмайды» деп шаруаға кедергі келтіргені бар. Кеудесін ұрып, кеуделеп келгендерге жайлау жолындағы оқиғаны естеріне салған соң жөнге келген…
Қайтадан ес жинап, биттері семіре бастаған босқындар қазақтарды құл орнына жұмсап, қара жұмысқа сала бастаған. Ұрып-соғу оқиғалары да жиілеген. Қораға шапқан қасқырдан үріккен қойдай басқа жаққа көшіп құтылғысы келгендер көбейген…
Дайыр ауылының бір байшікеші ұнатпаған бір қазақты атып тастап, қазақтарға «Анау өлікті алыңдар, сасып кетсе ауру таратады» деп шіреніпті…
Тағы бір жылы қыстың күні Көкжыра­ның әбден байып, құдайын ұмытқан байшікеші үш ат жеккен шанамен Боран ауылына қарай заулап бара жатып, жолдың шетіне шығып үлгермеген бір қазақ шананың астында қалып, сүйретіліп өлді…
Осындай әлімжеттік қана емес, жергілікті халықты адам санатына санауды да ұмытқан біраз оқиғаларды орыс тілінде жазып, куәгерлердің қолдарын қойдырып немесе бармақтарын бастырып алып, қаладағы оязға жеткен. Қазақ-орыс арасындағы уақыт өткен сайын ушыға бастаған шиеленісті тоқтатпаса, түбі айт­пағасын сұмдық қопарылысқа ұласарын және бұл өтініш бойынша істі қарап, дереу шара қолданбаса ақ патшаға дейін арызданатынын білдірді.
Арызбен танысқан ұлық әңгіменің жоғары жаққа жетуінен қорқып әрі дәлел-айғақтары мол істен бұлтарар жолдың жоқтығын біліп, оның үстіне өзі басқарып отырған жергіліктілер «Па, шіркін, мына басшы әділ кісі екен-ау десін» деген оймен осы жерде бір көрініп қалуға тырысқан. Ол қолма-қол іскерлік танытып, Бекмұхаммедке бұл істі өзі шешетінін айтып, шабармандарын Зайсан, Марқакөлдегі старшындарды дереу шақырып келуге жөнелтті. Олар арқылы орыс отырықшыларының басшы-қосшы болып жүргендерін келесі аптаның сенбісіне указ молда отырған Серғазы жазығына кідірмей жетулерін бұйырған.
Ұлық шақыртқан жиынға әр ауылдың сорпа бетіне шығарлары бар айбарларын көрсетіп, үш ат жеккен былқылдақ арбаларына мініп, шірене басып, шырт түкіріп жеткен. Олар күткен ешқандай салтанатты жиын болмады. «Қазақтың тамағын ішпейміз» десіп, жалшылары әкелген тағамдарын, көкмайсаға жайылған дастарқандарының шетіне отыра берген кезде алдын ала дайындап қойған түстері суық бір топ жас жігіт оларды қоршап тұра қалды. Қолдарында кісі бойындай бұзаубас шоқпар, белдерінде қындарынан белдікке бекітілген сапы (мұжықтар бұл сапылардың көз алдау үшін ағаштан жасалған ойыншық дүние екенін, әрине, білген жоқ.)
– Орындарыңнан тұрыңдар! Ояз келе жатыр, – деген бұйрық естілгенде, бәрі де қолдарын енді соза берген асқа ауыз тигізіп үлгере алмай, атып тұрған.
Биіктеу тастың үстінде тұрған оязға қарай бәрі де жылжи бергенде орыс тіліндегі бұйрық тағы естілді:
– Бәрің де ояздың алдына тез-тез жиналыңдар!
Жазған құлда шаршау жоқ, бәрі де ояз тұрған тасқа жақындады. Шоқпар ұстаған жігіттер олар бір жаққа қашып кетердей сырттарынан көлегейлей келіп тұрды.
Ояз қысқа сөйледі.
– Ақ патша орыс мұжықтарын өсіп-өнсін деп кең жерде еркін өмір сүруге жағдай жасады. Ал сендер патша әкеміздің бұл қамқорлығына қалай жауап бердіңдер? Биттерің семірген соң бәрін де ұмыттыңдар. Өздеріңе қамқорлық жасаған жұртқа адам айтса нанғысыз қысастық деу аз, жауыздық жасадыңдар. Ақ патша әкеміздің, бүкіл орыс халқының беделіне нұқсан келтірдіңдер. Сендерді дала заңымен жазалау үшін сөзді указ молда Бекмұхаммед мырзаға беремін. Біреуің қарсылық көрсетсеңдер, мынау шоқпар, сапымен қаруланған жасақтың жайратып салатынын ескертемін, – деп ол указ молданы жанына шақырды.
Бұл кезде ояздың сөзін қазақша аударып тұрған тәржімеші жігіт те Бекеңе орнын беріп, төмен түскен. Жиналып қалған қазақтар да ояздың әр сөзінен кейін гуілдесіп, қызу қолдаған.
– Е, бәсе, заң-зәкөнді мойындамайтын қайдан шыққан алаяқтар деп едім-ау!
– Оязды ақ патшаның өзі жіберген сияқты ғой.
– Кімнің жібергенін қайдам, әйтеуір, оязымыз Құдай деген дұрыс адам болды ғой.
– Біздің указға ақыл беріп, арыз-құрыздарын жазып берген әлгі Мір­жа­қып дейтін учитель жігіт деп жүр ғой жұрт.
– Указ молдаң болсын, учителің болсын, екеуін Құдай біздің көз жасымыз үшін жіберген ғой…
Биіктеу тастың үстіне шығып, оязбен қатар бой түзеген указ қолын көтеріп, жұрттың тынышталуын күтті. Әншейінде аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін келімсектер өздері арқа сүйеп жүрген ояздарының әуені мүлде өзгеріп тұрғанын көргенде мойындарына су кеткендей айбарларынан айырылып қалған.
Бекмұхаммед жұртқа қарап былай деді:
– Ағайындар, бұл тексіздердің біздің екі жыл бұрын жазалағанымыздан кейін, бәрін де ұмытып, халқыма, кімдерге қашан, қалай жәбір-жапа жасағаны оязға берген мына арызда түгел жазылғанын тәптіштемей-ақ қояйын. Оған қоса айтарым, жоғарыдан елдің жағдайын көруге келген өкілдерді орыстың байлары парамен ауыз-бастарын толтырып, қазақтармен сөйлестірмейді де. Соның кесірінен ойларына келгенін істеген бұл келімсектердің қолынан соңғы екі жылда төрт кісінің баласы мен тағы бір кісі, жиыны бес адам қаза тауыпты.
Орыс тілінде жазған арызды оқыған кезде орыстар қипалақтап қалған. Указ жазғанын енді өздері үшін аударғанда қазақтар «Қанға – қан, жанға – жан!» деп айқай салған. Бекең енді орыстарға қарап, әңгімесін жалғады.
– Көрдіңдер ғой, мұжықтар! Біздің даланың заңы бойынша кісі қанын жүктегендер – бай болсын, кедей болсын, үлкен болсын, кіші болсын, өз қанымен кінәсін жууға тиіс. Олардың істегендерін өздеріне істейтін уақыт жетті, – деді.
Осы кезде «О, боже, о боже» деп тұрған орыстардың ішінен бір-екі әйел дауыс салып, жылап жіберді.
Ояз қайтадан сөз алып, Бекмұхаммедке қайырылған.
– Құрметті указ! Ел ішінің бұдан былай бүлінбеуі үшін өлген кісілердің отбасыларына сіздердің заңдарыңыз бойынша құн төлеуге келіссек.
– Ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, қорытынды сөзімізді осы жерде ет асым уақыттан соң айтайық, – деген указдың сөзіне ояз да келіскен. Келісілген уақытта Бекмұхаммед өз шешімдерін айтқан.
Бекмұхаммед пен Міржақып ауыл ақсақалдарымен келісе отырып, қабылдаған шешімге сәйкес айыптылар қаза болған бес кісінің әрқайсысының отбасына мың рубль төлейді. Оған дейін қылмыскерлер қазалы үйдің адамдарынан тізерлеп тұрып кешірім сұрайды. Құнға төлейтін ақшаның сыртында бес отбасының әрқайсысының басына үй, алдарына мал салып беруді міндеттейді. Айыпталушылар қаза болғандардың құны төленіп, тұратын үйлерін қамдап, алдарына малдарын салып болғанша қазақтардың ауылында айрықша үйге қамалып, оларға қатаң күзет қойылады. Егер ендігі жерде кісі өліміне әкелген оқиға болса, қылмыскердің дала заңымен жазалануын ояздың өзі бақылайды.
Осылайша, «Тыныштықты сақтап, ел болып отыру шарты» деп аталатын алдын ала даярлап әкелінген құжатқа орыс-қазақтардың басшылары мөрлерін басып, қолдарын қойып еді.
Халқының тағдырын ойлаған қос азаматтың тізе қосып жасаған тәуекелшіл қадамдары ұзақ уақыт аңыз болып ел аузында жүрді.

 

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір