Аспанға ұшқан ақ періштелер
Бұл оқиға елді қатты дүрліктірді…
Көктем ерке қыздай қылықты. Күн қызыл арайын таратып, жаңа атып келеді. Ақмұнар уыз сәт. Жота үстіне ентігіп шығып едік, бастарына ақжаулық жамылған өркешті таулардан ескен салқын самал бойымызды тез сергітті.
– Азамат, енді сәл демалайық. Қарашы, төңірек жасанып, құлпырып тұр емес пе? – деді Қоспанов ағай қолындағы таяғына сүйеніп. –Осындай тамаша рахат кезде қалай ғана жап-жас болып ұйықтап жатасың, ә? Қарашы керемет қой. Бүкіл төңірек тамылжып тұр, тап-таза.
Қоспанов – аудандық соттың төрағасы, алпысты алқымдап қалған сабырлы, салқынқанды кісі. Ешуақ ашылып көп сөйлемейді, ешкіммен емен-жарқын ашылып та кетпейді. Ұзын етіп салынған үйдің бір жақ шетінде сол кісілер тұрады, екінші жағын маған жақында ғана берген.
Көршім жұмысына жаяу барып келеді. Маған машина келіп тұрады. Кездесіп қалсақ, сәлемнен артыққа бармай өте шығады.
Кеше түсте есік алдында кездесіп қалғанымда:
– Азамат, қатты толып барасың. Жүрегіңе салмақ түсіресің ғой. Менімен бірге күнде таңертеңгілік серуенге шықсаңшы, – дегені.
– Жарайды, аға. Қай уақытта дайын тұрайын?
– Сағат алтыда осы жерде бол, – деді де баппен басып үйіне кіріп кетті.
Түнде қайта-қайта оянып, бесте тұрып алып, жуынып-шайынып, спорттық киімдерімді киініп шыққан бетім.
Қоспанов ағаның қолында шаңғышылардың ұшы үшкір ақ таяғы, басында тоқылған берет.
– Ал, кеттік, қарағым, – деп жылдам-жылдам қарыштай басып алға түсіп жүріп кетті. Аудан орталығының сол жақ иығындағы ұзын биік жотаға тік шыққанша жүрегім аузыма тығылып, терлеп жүріп бердім.
Ентігімді басып төңірегіме қарасам ,санам саф ашылып, ғажап көрініске жанарым тұтылды.
Көкзеңгір аспан шыныдай мөлдір. Түнде төгіп өткен нөсерден көкжасыл шалғындағы шықтар мөлт-мөлт етіп, күнге көзін ашып-жұмып еркелейді. Жұдырықтай құс дәл төбемізде ту биікке көтеріліп барып, қуанышты әуендерін шырқай төгіп, бір орында қалықтап тұрып қалды.
Қара жер жарықтық мұртынан күліп, шуаққа арқасын төсеп, рахаттана керіліп жатыр.
– Азамат, сен білмейсің. Он тоғыз жыл бұрын менің әйелім екі баласымен тасқынға түсіп, мерт болды. Мына Есік көлі сұрапыл тасып, үйімізді қаңбақ құрлы көрмей қиратып алып кетті. Инфарк алып ауруханаға түстім, әй мен де кетіп қалармын деуші едім. Дәрігерім ақылымен күнде осылай тәңертеңгісін серуендетуді әдетке айналдырып, қатарға қосылдым ғой.
– Анау не? – деп Қоспанов жотаның жоғарғы жағын таяғымен нұсқай көрсетті.
Екі адам сұлай құлап жатыр. Жүрегім тас төбеме шықты.
– Біреулер өлтіріп кетті ме екен? – дегенімде Қоспанов ағай солай қарай жүре бастады.
Көкбурыл жусаны балақтанған қырқада қыз бен жігіт құшақтасып жатыр екен.
– Әй, мынау Темірғали ғой, – деп жандарына келгенде бірден таныды. Темірғали бізде істейді, биыл оқу бітіріп келген журналист, сүрбойдақ.
– Қарақтарым, қане тұра қойыңдар! – деп сот төрағасы дауыстағанда екеуі де ояна сала ұялып, қысылып қалды.
– Таңды бірге қарсы алайық деп едік… – деп, Темірғали шашын сипай күмілжіді. Қыз ұяла түрегеліп, теріс қарап шашын жөндеді.
– Мынау Гүлжан деген медсестра, – деп бойжеткенмен таныстыра бастады. Қыздың томпақ беті қып-қызыл боп кетті, жанарын төмен салып, үсті-басын реттей бастады.
– Мына кісі – Қоспанов деген ағамыз. Ал, Азамат Бейбітұлы – жазушы, біздің газеттің бас редакторы, – деген Темірғалидың сөзін бөлген Қоспанов:
– Демала беріңдер. Біз кішкене дене шынықтырып жүр едік, – деп олардан арқан бойы ұзап бара жатқанымызда гүрс еткен мылтық даусы естілді.
– Әй, бұл не сонда? – деп Қоспанов шөкелеп отыра қалды. Іле тағы да атылған тарс еткен үн денемізді дірілдетті.
– Кімдер бұл таң атпай атысып жатқан?..
Қоспанов ағай беретін баса киіп баспалай жотадан асып, төменге тесіле қарады. Сай табанында төірегі көкпеңбек болып жататын әулие бұлақ бар. Басындағы өскен қарағаштан қысы-жазы шулаған құстар үзілмейді. Түбінен жыламсырап бастау ағады да, екі шақырымдай жердегі өзенге жетпей жерге сіңіп кетеді.
Соңымыздан жүгіре басып келген Темірғалидың көзі өткір екен:
– Әне, бұлақ басында екі адам жатыр! – деді. Қорқақтап жақындап, дауыс жетер жерге барғанда:
– Әй, тұрыңдар қане, мылтықтарыңды лақтырыңдар! – деп кезек-кезек айқайладық. Бұлақ басы тым-тырыс. Шошынған құстар аспанда айналып, ағашқа қайта қона алмай жүр.
Жақындап келгенде байқадым әулиебұлақ жанында екі адам айқасып жатыр. Біреуі сүмбіл шашы жайылып кеткен үріп ауызға салғандай аппақ бойжеткен. Екіншісі қара костюм киген жігіттің бір қолында қосауыз мылтық. Екеуі де қан-қан. Жүрек тұсынан оқ тиген жер қыздың аппақ көйлегінің кеуде тұсын қызылкүреңге бояп тастаған.
Қоспанов тамырларын ұстап көріп:
– Екеуі де үзіліп кетіпті! – деп басындағы тоқыма беретін шешіп, қолына алды.
– Қайран жастар-ай! – деген Гүлжан пысылдап жылап жүр. Темірғали еңкейіп:
– Аға, мына қыздың қолында қағаз бар екен! – деді. Қоспанов аға абайлап барып оны алып маған берді.
– Темірғали, сендер зымырап барып милицияға хабар беріңдер, біз осында боламыз! – деп еді, Гүлжан екеуі қол ұстаса жүгіріп кетті.
– Мен көзілдіріксіз көрмеймін. Мынау хат екен, Азамат, дауыстап сен оқышы, – деп қағазды маған берді. Оны оқығанда үнім дірілдеп, әзер шықты.
«…Райхан екеумізге үйленуге неге рұқсат бермедіңдер? Мені қу кедей деп Райханның әке-шешесі өлердей қарсы болды. Екеуміздің ата-аналарымыз тәтті шайға үйіне ақылдасуға барғанда, бір-бірлерімен шәк-шәлекейі шығып, әбден қарғап-сілеп ұрсыпты. Сүйектен өтер өмірлік қара таңба боларлық сөздермен балағаттап, қайта көрместей боп әбден ашуланып, долданыпсыңдар. Менің әке-шешем: «Енді ол қыздың басы алтын, аяғы күміс болса да босағамнан аттатпаймыз», – деп мені тұқыртып, ашуға булығып, зарлап айтқандарын қалай ұмытайын.
Райхан екеуміздің жазығымыз не? Ол да, мен де әке-шешемізден жалынып, жалбарынып, жылап-еңіреп қосылуға қаншама рет рұқсат сұрадық. «Жеті атаңнан бері жарымаған қу тақыр кедейсіңдер. Алтындай қызымызды сендерге бергенше, негрге бергенім артық», – деп Райханның шешесі қара тастай қатып осылай дегенде екі қолымызды төбеме қойып безіп кеттік қой. Үлкен бір корзина гүл алып Райхандікіне бардым. Бәрі есік алдындағы тапшанда шай ішіп отыр екен. Менің сәлемімді бірі алмай сұрланған әке-шешесі қызын екі жақтап жетелей үйге кіріп кетті де, іле ауылында қойма меңгерушісі болып істейтін әкесі қайта шықты. Қолында қосауыз.
– Әй, жарымаған жүгермек. «Қатын аламын десең, отын ал» деген. Қызыма жолама, атып тастаймын, – деп қалшылдап, жынданып мылтығын кеудеме кезеп, мен әкелген корзина гүлді бір тепті. Қызыл ала гүлдер ауласында шашылып қала берді. Мені итше қуып шықты.
Жігерім қара жер боп қайттым ғой. Райханды бөлек бөлмеге қамап, үйінен шығармай аңдып күзетіп ұстады.
Міне, бүгін Райханым – жаным ұрланып қашып шығыпты. Әке-шешелері көрші облысқа туыстарының тойына кетіпті. «Сені осымен әкем атып тастауы мүмкін. Бір жерге тығып тастайық», – деп қосауызды ала келіпті.
Райхан, сенсіз өмір жоқ маған. Сені сол көрші облыстағы туыстарың арқылы ұзатпақ болып жанталасып жатқанын жылап отырып айттың ғой. Екеуміз әулиебұлақ басына келіп көп сөйлестік. Біз үбірлі-шүбірлі боламыз, осы ауылда үй саламыз, көбейеміз, өсеміз деп талай армандадық қой.
Райханды бауыры, шешесі жеке бөлмеге тығып, әбден ұрып-соғыпты. «Қу тақыр кедейге бермейміз. Онда сирағыңды жағып, қайыршы күң боп өлесің», – деп долданыпты. Екеумізге де мына жарық дүниеде орын жоқ екеніне көзіміз жетті. Ақыры жылап отырып, о дүниеде бірге болайық деп анттастық.
Қош бол, қайран құштар ақ қанат махаббатымыз!
Қош бол, тіршілік!
Қош бол, қайран бізден тарамай жатып, көз жұмған үрім-бұтақ – ұрпақтарымыз!
Өтінішіміз Райхан екеумізді қатар жерлеңіздер, бейітте мәңгілік бірге жатайық! Бұл соңғы тілек-аманатымызды орындаңыздаршы… Махаббатқа зорлық, қорлық жүрмейді.
Жеңіс, Райхан.
18 сәуір, 1981 жыл», – депті.
– Қайран қыршындар-ай! – деп ағам жүрелеп отырып, құран оқыды. Менің көмейіме ащы өксік тығылып, ағыл-тегіл жылай алмай марқұм екеуіне көзім боталап қарай бердім…
Қоспанов аға тізесін қағып орнынан тұрды. Азан-қазан үн шығарып милиция, жедел жәрдем машиналары келіп, қан-қан болып жатқан екеуін алды да кетті.
* * *
Оңбай қатты құладым. Ес-түссіз ауруханаға алып келіп, ары-бері қарап, дереу операцияға дайындапты.
Салдыр-гүлдірден ояна кеттім. Екі медбике дөңгелекті зембілмен зырылдатып алып бара жатыр екен.
– Қалқаларым-ау, қайдамын? – дедім жан-жағыма қарап.
– Ата, әйтеуір есіңізді жидыңыз-ау. Операция бөлмесіне апарамыз.
Ақырын байқап қарасам, тұттай жалаңаштандырып, үстімдегінің бәрін шешіп алыпты. Ота жасайтын бөлме сүттей әппақ, самсаған шамдары жарқырап, көз қарықтырады.
– Қанша уақыт есімді білмей жаттым?
– Сіз бізге түске салым сағат он екіде түстіңіз. Қазір сағат алты. Бүкіл анализ, қаныңызды тексердік…
– Маған енді операция жасай ма?
– Аға, сабыр сақтаңыз. Бәрі ойдағыдай болады, – деп мені абажадай төбесінен төніп тұрған шарайна секілді электр шамының астына әкеп жатқызды. Осындағы екі-үш ақ халатты оң қолымды байлап, пысылдаған жәшікке қосты. Бажайлап қарасам, қан қысымымды көрсететін аппарат болып шықты. Сол жақ білегімдегі көк тамырға ине салып, шұбырған түтікшелермен сұйық дәрілерді жібере бастады.
– Ата, қорқып кеттіңіз бе? Қысымыңыз көтеріліп тұр. Ештеңе уайымдамаңыз, көресіз әлі шауып кетесіз? – деп егде біреуі бетіме үңіле қарады.
– Наркоз бересіздер ме?
– Әрине, олсыз болмайды. Еш қапа болмаңыз. Хирургтер бізде өте мықты. Бүгіннің өзінде кеш батқанша он үш адамға операция жасалынды. Қазір олар келе жатыр, – деп бір жақ көзінің астында қалы бар келіншек мені тыныштандыра бастады.
Тапырақтап бір медбике жүгіріп кіріп:
– Жаңа осыннан апарылған әйелдің жүрегі тоқтап қалды, – деді дауыстай.
– Өліп қалды ма? – деп қалды келіншек қайта сұрады.
– Иә, өліп қалды. Бәрі ренимацияда, сол жерде, сендерді тез келсін деп шақырып жатыр.
– Мына Азамат Наурызбаевты не істейміз?
– Ата есін білмейді ғой, жата тұрсын, – деген медбикеге жауап беріп те үлгермей бәрі асығыс-үсігіс сыртқа жүгірді.
Суық әрі жаман ой сумаң етіп санамды осып өтті. Мына пышақтан жетпіс беске келіп қаусап тұрған мен аман қаламын ба? Жүрегім өрекпіп, бұрқ етіп қара тер көмді. Қайран жарық дүние, не деген ыстық едің? Қазір ұзаса ет пісірім уақыттан кейін мүмкін мен де мәңгілікке көз жұмармын. Түбі шолақ дүние дегенің осы ма? Дүрия дүрмекпен өмірім жайлы таразылап көрмеппін. Жетпіс бес жыл атой салып кеудемде ғұмыр сыйлаған жүрек, міне, шаршап-шалдығып, дірілдеп соңғы сәттерін өткізуде ме? Көңіл түкпірінде зілбатпан өкініш, қара тастай мұң жатыр. Әлі де қара жер басып жүре тұрсам деп қамығып, қайысқаным-ай…
Бітіре алмай жүрген романымды жазып шығарсам, орысшаға, шет тіліне аудартсам… Анау отызға келсе де үйленбей жүрген немеремді аяқтандырып, келін түсірсем…
Іңгәлап осы ғұмырға жылап келіп, міне, жападан-жалғыз кемсеңдеп қайран тіршілікті, жарық дүниені қимаймын-ау… Бұл дүниені көріп-білуге келген жай бір саяхатшы секілді жүріп-жүріп келіп, жалғаннан үзіліп мәңгіге кете бермекшімін бе?!
Қамшының сабындай келте ғұмыр деген осы екен ғой. Алысып-жұлысып, арпалысып, тыным таппай дөңгелеген дүниеде зыр қағып дедектеп жүріп, жеткен жерім осы ма сонда?
Бір тірі жанға, ет жақындарына «Қош болыңдар!» деп айта да алмай біржола жүріп кетпек пе?
Көзімнен төгілген жасты сүртейін десем, екі қолым да байлаулы. Пыс-пыс еткен аппаратта қысымым төмендеп барады. Тоқсан да алпыс. Жан адам жоқта жан тапсырып кетермін мүмкін?
Ей, пенделер! Көшеде алшаң басып, айқайлай сөйлеп, қарқ-қарқ күліп жүрген сендер нағыз бақытты жансыңдар!
Міне, қитұрқы, қатпарлы өмірмен мүмкін мәңгі қош айтысайын деп жатқан мүсәпір менің ойым онға, санам санға бөлінді.
Қалы бар медбике жүгіріп кіріп:
– Хирургтер келе жатыр. Мә, қан қысымыңыз төмендеп кетіпті ғой. Ата, қайғырып жыламаңыз, – деп дәкемен бет-аузымды сүртіп, дәрі екті.
Апыр-топыр бір топ аузы-мұрнын тұмшалап, басына да, үстіне де көк халат киген дәрігерлер кірді.
– Наурызбаев қалай? – деп еді, медбике тықылдап бәрін айта бастады.
– Анестезолог, іске кірісіңіз.
– Ата, қалайсыз, – деді шаңырақтай көзілдірікті үстіме төніп келіп. – Қазір қысымыңызды қалпына келтіреміз, сосын наркоз береміз, – деді жұмсақ үнмен.
Анадай жерден хирургтердің құрал-жабдыққа толы қорапшасын сүйретіп әкеп жаныма қойды. Аппақ неше түрлі пышақ, қайшы, сан түрлі саймандар шамға шағылысып жарқ-жұрқ етеді.
Кенет, миым солқ ете түсті де, астафралла, баяғы әулиебұлақ басындағы Жеңіс пен Райхан көз алдыма тұра қалды.
Ау, одан бері айлар алмасып, жылдар жылжып, қаншама уақыт өтті?
Сол жылы күзде біз де Алмаптыға көшіп кеткенбіз. Ұмытылған жайт қалай ғана есіме оралды?
Көкпеңбек зеңгір аспанда жүр екенмін, дәл алдымнан қол ұстасқан жайнаған қыз-жігіт шыға келді. Екеуі де мәз-мейрам, арқа-жарқа жастық буына бөленіп, маған әлденелерді айтады. Бірақ мен естімеймін.
– Ау, қарақтарым, сендер Жеңіс пен Райхан емеспісіңдер?..
Олар сол қол ұстасқан күйі аспанға көтеріліп, анау ақша бұлттарды жарып өтіп барады. Екі ғашық сол зеңгір биікте кері бұрылып, қол бұлғайды. Өзіме-өзім сене алмай тұрмын, екеуінің де өкпе тұстарында ақ күмістей қос қанатты пырылдап бұлттарды ары серпіп тұр. Дүние түгел ақмұнарға бөгіп, санам сағымданып барып, мүлде өшті.
…Есімді жия алмай біраз жаттым. Әзер дегенде көзімді ашсам, аузы-мұрныма түтік салып тастаған. Тас бөлмеде кондиционер ұрып тұр, тап-тастай, дірдектеп жаурап жатырмын. Бүкіл денем менікі емес секілді, төсімді жарып, жүрекке операция жасату өлімге бір табан барып қайту деген сөз. Менің жасымда екінің бірі шыдай бермейді-ау. Аллаға шүкір, көрер күнім бар екен, тәубе, тәубе!..
– Атамыз ояныпты – деді қалды медбике бетіме үңіліп. – Операция өтті, енді жүзге дейін шауып кетесіз, ата! Бұл бөлмені әдейі суық тастай етіп ұстаймыз. Операциядан кейін осында естерін жинайды.
Қасымда орап тастаған екі адамды байқадым. Зырылдауық дөңгелекті зембілмен реанимация палатасына әкеліп жатқызды. Білегіме қайта-қайта дәрі салады, ұйқы ұйығына батып жатам да қоям.
Ертесіне таңертеңгілік қана аузы-мұрнымдағы түтіктерді алды.
–Мен сізге ота жасаған дәрігеріңіз боламын, – деді кеудемді ашып көріп жатқан мосқал мұрынды жігіт ағасы. – Операция жасар кезде Жеңіс, Райхан деп айқайлай бердіңіз ғой. Балаларыңыз ба, жоқ немерелеріңіз бе?
Сол сәтте кешегі анау ақша бұлттар арасында ақ қанатты ұшып жүрген қос ғашық бейнесі есіме сарт ете оралды.
– Мұндай кезде жүрегіңізге ең жақын жандар еске түседі. Галактикалық, ғарыштық тылсым күш ол. Сізге рух, қуат, күш, жігер беретін жандар олар.
Үндей алмадым, лықсып көзімнен жас төгіліп кетті.
– Ата, ештеңе етпейді, жүрегіңізге қосымша қуат беретін аппарат орнатып береміз. Ештеңе уайымдамаңыз, бәрі жақсы, ата! – деп сылап-сипай шығып кетті.
Ең қиын жерде – өмірім қыл үстінде тұрған ауыр сәтте баяғыда менің орда бұзатын отыз жасымда анау әулиебұлақ жанында атылып қалған қос мұңлық санама оралып, есіме түскені несі?..
Бір жұмадан кейін ғана тұрып, жүруге шамам әзер жетіп, жай палатаға ауыстырды. Қасымдағы сақал-мұрты қаудырап өсіп кеткен шомбал қара кісі іші пысқан ба, әңгімешіл болып шықты. Бұл молда шалға баяғы атылып кеткен қос мұңлықтың дәл операция үстінде есіме кенет орала кеткенін қайран қалып айтып бердім.
– Апырай-ә? Олар – періштелер ғой. Ақ қанат періште болып аспанда ұшып жүр екен жарықтықтар. Сені қолдап, қорғаған сол аруақтар ғой, – деп молда бетін сипады.
– Ойпырым-ай десеңші… Өмір мен өлім арасында не боламын деп жатқанымда сол қос ғашық тура өңімдегідей алдыма келе қалды ғой. Бұл қалай, соған әлі таңмын.
– Кел онда, мен оларға арнап құран бағыштап жіберейін, – деп ақ сақалды молда төсегінде шарт жүгініп отырып алып, екі көзін тарс жұмып құйқылжыта дұға оқыды.
– Анау, сол жотада түнеп, таңды қарсы алған қыз бен жігіт үйленді ме? – деп, оңалғаннан кейін сұрағанда олар жайлы хикаяны да тәптіштеп айтып бердім.
Темірғали мен Гүлжан күзге қарай үйленеміз деп көңілі баладай, пейілі даладай, мәз-мейрам бір-біріне ынтық болып жүргеніне сүйсінетінбіз. Гүлжан – аршыған жұмыртқадай аппақ, жүрісі тіп-тік, ұзын бойлы бойжеткеннің көріктісі еді. Шымкент жаққа нағашыларына тойға барғанда бір милиционер жігіт алып қашып кетіпті. Темірғали бұл тасбауыр тағдыр тәлкегіне шыдай алмай морт сынып, күйреп, күлпаршасы шықты. Өкініш-нала, ашу-ызасын басамын деп арақ ішті, күндіз-түні аузы босамай ащы заһар суға уланып, кәдімгі мыж-мыжы шыққан маскүнемге айналды. Жұмысқа келмей қызметінен айрылды. Қандай дарынды, кескіні келіскен жігіт біржола құрдымға құлады.
Қақаған қыста ескі бұзылған монша ішінде бір топ алқаштармен шатақтасып, біреуі кірпішпен басынан ұрып, жарып, тастап кетіпті. Қайран елгезек тума талант қор болып солай дүниеден жап-жас қалпында баз кешті. Гүлжандай ғашығына қолы жетпей, айырылып қалғанына өлердей опырылып күйіп кетті, біржола өртеніп кетті.
Ауруханада жатқан жиырма күн бойы Жеңіс пен Райхан есімнен шықпай, ұйықтасам, түсіме де кіріп жүрді. Ақыры ойлай-ойлай ауылымның тау жағынан жер алып, «Махаббат саябағын» салдырамын деген тоқтамға келдім. Жеңісті жерлеп жүргенімізде мүрдеге бірге түсіп кетердей шырылдай жылаған жалғыз тал ондар шамасындағы інісі қазір Астанада үлкен құрылыс корпорациясын басқарады деп естігенмін. Сол екеуміз бірігіп, саябақтың кіреберісіне Жеңіс пен Райханның қол ұстасып тұрған ескерткішін салдырсақ. Үстерінде ақ қанат періштелер ұшып жүрсе…
Жаңа үйленген жас жұбайлар келіп, гүл шоқтарын қоятын қасиетті орынға айналдырсақ…
Осыдан он шақты жыл бұрын қарындасым қайтыс болып, сол жерге қойдық. Жотаның үсті жыпырлаған қалың бейіт, Жеңістің мүрдесін таба алмадым. Әулиебұлақ басы шаңдатқан қара жол, бастау көзі мүлде бітелген. Қалың бұтақтарынан шуылдаған құстар үзілмейтін жалғыз тал ағаш та жоқ.
Райханды әке-шешелері басқа ауылға апарып жерлепті. Кейін олар біржола көшіп кетіпті.
Әке-шешелері қос ғашыққа кесе- көлденең қарсы тұрып, опат қылды. Әйткенмен олар мына ғаламның шалқар аспанында ақ періштелер болып, қол ұстасып ұшып жүр. Сенесіздер ме, мен көрдім…
Махаббат – өрт, дер кезінде байқамасаң, өртеніп кетесің.
Махаббат – дерт, қатты кетсең, қиялиланып, жындандырып, ауыр науқасқа ұшыратады. Онымен ойнауға, ғашықтықтың алапат сезіміне қарсы шығуға болмайды-ау…
Қазір аспандағы ақбура бұлттарға сүзіле ұзақ қарайтын әдет таптым. Шуда-шуда солардың арасынан қол ұстасқан жайнаған Жеңіс пен Райхан шыға келетіндей болады да тұрады.
Қыркүйек,2025 жыл
Нағашыбек Қапалбекұлы