«АСПАНҒА ҚҰЛАУ» – ЖАС АҚЫННЫҢ ТАБЫСЫ
Қазақ өлеңі күн санап тармақталып, шырайланып келе жатыр. Бұл арада поэзиямызға жаңа толқын, жас буынның енуінен сақтанудың қажеті жоқ. Қайта жас перілер нендей жаңалықтарымен, қандай өрнектерімен поэзия әлеміне қадам басты деген сауал төңірегінде ойлануымыз қажет. Алғашқы талпыныстарында шалыс кеткен сәттері болса, аға буын жол көрсетіп, бағыт сілтеуден іргесін аулақ салмаса екен деп үміттенеміз.
Буынның алмасуы – заңды құбылыс. Тек қалың нөпірдің ішінен маржанын тауып алып, лайықты бағасын беру өлең жанашырларының да, сынды серік еткен қалам иелерінің де абзал міндеті. Өлең өлкесіне кездейсоқ соғып өтпекші болған жазармандарға уақыт үкімін береді. Олар үшін поэзия сарайының есігі мәңгілікке жабық.
Бір жинақтан екінші жинаққа өсіп, ақындық қолтаңбасын таныту талпынысындағы өрісті жолда келе жатқан ақын – Мерей Қарт.
Өлеңді өлмес сыңар ғып,
Жаныма тақтым тұмар ғып.
Өмірге ғашық жүрегім,
Өлеңге қойған құмар ғып, –
деп алғашқы жинақтарының бірінде ағынан жарылған Мерей өз әлемін табуда ұдайы ізденіс үстінде.
Біз парақтап отырған «Аспанға құлау» жинағында қаламы қалыптасқан, ойы өрнекті, суретті, дүниетанымы кең, ой айшығы дараланған кексе қаламгер деп қаласыз. «Аспанға құлау» тіркесіне алғашқыда тіксініп қарайсыз. Қалай?! «Аспанға құлауымен» не айтпақшы?!
Қайталап оқи келе ерекше пафоспен өрнектелген, рухани самғау мен салмақты ойдың синтезі іспетті бас-аяғы балғадай дүниемен кездесеміз. Мәңгілік тақырыптар есептелетін сағыныш сезімдері, махаббат әлемінің сиқырлы құдіреті, ұлттық сананың жаңару эволюциясы, оқырман дүниетанымының соны үрдістермен қабысып жатуы бей-жай қалдырмайды.
Қилы тақырыптарды шиырлай келе оқырманын табуы ақын үшін таптырмас олжа. Жинақтағы «Өзіңе…» өлеңі сыршылдығымен, шынайылығымен баурайды:
Арусың арлы, ұятты,
Бойыңнан таппас сөзсіз мін.
Өлеңге құштар сияқты,
Өзіңе ғашық, ессізбін!
Көстеңдеу мен көлгірсу,
Жарығым, білем, жоқ Сенде…
Көзіңде тұнған мөлдір су
Кеудеме тамар өпсем де.
Өзіңе ынтық әр күнім,
Өлеңім – жылы жаңбырым.
Жүректен өшпес мәңгілік,
Маңдайға жазған тағдырым!..
Үш шумақ өлеңде рухани ізденіс, кейіпкердің ішкі жандүниесінің көркемдік келбеті әдемі өрнектелген.
«Мен және Сен», «Гүл – сезім», «Көктем – қыз!» сияқты сүйіспеншілікке, махаббатқа құралған өлеңдерін қайталап оқығың келеді.
Шынайы сезім оқырманның көңілін арбап, көңілге мұңлы сағыныш ұялататын мінезді туындылардан шеберлігі қалыптасқан ақынымыздың аяқ алысын аңғартатын қолтаңбаны танисыз.
Көркем әдебиеттің құдіреті табиғатқа, түрлі құбылыстарға жан бітіруі, әлемдік өмірдің қан тамырын қозғалысқа келтіруі сөз өнерінің менмұндалаған өзгеше сипаты. Әдеби ортада бәз баяғыдан белгілі аллитерация, ассонанс құбылыстары қазақ поэзиясына да жат емес.
Дыбыс қайталаушылыққа тым үйірсектік, шығармашылық иесін ақындық машықтағы дағдыға айналдыру да өніксіз дүние.
Мерейдің жеті шумақтан тұратын «Көз» өлеңі –ақындық ізденістегі шұрайлы шығармасы. Көз ауласынан тізіліп өтіп жатқан махаббат, іңкәрлік, сезім мөлдірлігі, меннің ішкі жан дүниесі, күміс күлкісі қапысыз өрнектелген.
Көздерім көрместі көреді,
Көз ашқан өлеңмен әуремін.
Көзіме елсетей береді
Көз қысқан бозбала дәуренім.
Көз тірі, көрерміз бақ алда,
Көз барда табамыз жол қанша.
Көзімнің алдынан жоғалма,
Көздерім жұмылып қалғанша, –
деп келетін ойға құрылған шымыр шумақтар ізденіс бар жерде шеберліктің шексіз екенін дәлелдейді.
Жинақтан орын алған дыбыс қайталауға (аллитерация) құрылған жалғыз өлең кейіпкердің ішкі сырын ашып тынымсыз ізденісін танытады.
Тұтастай алғанда, «Аспанға құлау» өлең кітабы– ақын өсуінің жарасымды баспалдағы.
Жас ақынымыздың өлең өлкесіндегі жеткен биіктерімен қатар өңірдің қоғамдық, әлеуметтік дамуына қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлық.
Ол – Абай облысы мәслихатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының Абай облыстық филиалының төрағасы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Т.Айбергенов төсбелгісінің иегері.
Таяу арада Президент өкімімен кеудесіне «Құрмет» орденін тағуы алар асуының әлі де алда екенін көрсетеді.
Жас та болса елі сүйген ақын әрі қоғамдық істердің қайнаған ортасында жүруі қуантады. Мерейің өсе берсін, аяулы шәкірт.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, Шәкәрім университетінің прфессоры
ПІКІРЛЕР1