ШУМЕР СӘУЛЕСІ
Күллі адамзат қауымына ортақ қос артефакт – Шумер дастаны мен Қорқыт мұрасы қазіргі таңда пендеуи нәсілдің асыл қазына-байлығына айналып отыр.
Еуропаның ғалымдары, тіпті тарих ғылымы Шумерді басы бүтін өз жеке меншігіндей көреді.
Тарих Шумерден басталады. Бірақ Шумер халқы қайдан көшіп келді, қай өлкеден ірге аударды, белгісіз. Тегі, негізі кімдер екен? Әзірге ешкім білмейді, жобалайды, құпияға толы тағдыр жолында қандай мехнатты бастан кешті, ұрпағы бар ма? Өкінішке қарай, гуманитарлық сала, әдетте, идеологияға бағынышты келеді.
Шумерді ғұлама ғалымдар түрлі нәсілге бөледі. Бірақ ол жарқ етіп келді де, жалт етіп жоғалып кетті. Шумерді таныған сайын, таныс бола түсері сөзсіз. Тіпті Түбектің бос жатқан елсіз, иесіз жерін алғаш игерген, ел қондырып, қала салған көшпелі түркі тайпалары деген жорамал да жоқ емес.
Мен – Шумермін. Бойымда Тигр мен Евфрад, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия айбынды аймақтарын мекендеген көшпелілердің асқақ рухы бар. Жүрегім сен деп соғады, арамей жұрты, Гилгамеш, Қорқыт, Энкиду!
Топырағы құнарлы, суы мол өңірдің шаруашылығы қарқындап, өркендеп дамыған деседі.
Тілдік (лингвистикалық) тұрғыдан ғана емес, этникалық құрамын айқындаған антропологиялық кескіні көшпелі жұрттың бейнесіне келетінін аңғарамыз.
Бір Діңгірдің (Тәңірдің) перзенттері!
Мыңжылдықтар тереңінде тоғысатын тағы бір көмбе, ол – Қорқыт құбылысы. Ұқсастық тұрғысынан екі персонаждың екеуі де туыстық деңгейде. Тарихи құпиясын аша алмаған екі жұрттың мәселесін Асылбек Ихсан пьесасы шешіп жатқан тәрізді.
Пьеса «Зор Білгамеш һәм Қорқыт ата» деп аталады. Гилгамеш – Білгамеш, дәлірегі «Білге – мес». Мүмкін, басқасы да болуы мүмкін.
Уақиғалар жол-жөнекей эпостағы сюжеттен ауытқып жеткен, өзгерген. Әдейі жасалған дүние. Фабула жаңа форма тапқан. Философиясы метафизикалық мазмұнға құрылған. Іргелі ұғымдардың мәнін ашады: өмір мен өлім, аспан мен жер, ақ пен қара.
Кейде бірыңғай сюжетті драмалық шығармаларды да табасыз, сондықтан композиция күрделі емес. Жалпы, менің бір байқағаным, кейде пьеса мәтіндері ашық келеді. Жабық мәтін сахна қимыл-қарекетін азайтады, бүгінгі театр қимыл-қарекетті сөйлетеді. Автор мәтінді ашып, мәнді танып, күллі мизанцена, эпизодтар, актілер ішіндегі уақиғаларды түсінікті етіп жазады. Күрделі-қойылымды бұл пьесаны қоямын деген режиссер автордың ізімен Шумер, Авеста, Заратуштра, Қорқытты зерттеуі, түркілік дүниетаным тереңіне бойлауы керек. Режиссер түсінбесе, пьеса сахнаға жете алмайды. Режиссер пьесаны қысқартам, кей сахналарының орнын ауыстырам десе жаңылысқаны, шығарма біртұтастығынан айырылады. Пьеса көріністері бір-біріне байланған. Бұл – түйін. Оны шешу қажет. Шығарма лейтмотиві – түйінді тарқату. Пьеса авторы қазақ фольклорын, сонымен қатар түркі елдерінің ырым-жоралғыларын кеңінен пайдаланады.
Шығармада қайшылық жоқ. Қазақ ертегілерінің сюжеті мен мазмұны бір-бірімен қабыса кетеді. Бұл өзі тарихи жайттардың түп төркіні біреу екенін, жағрафиясының біртұтастығын білдіреді. Демек, автордың ойынша, екі мәдениеттің сыры бір. Әредік Қорқыт монологі келтіріледі. Кейде диалог алға тартылады. Әзірейіл де сөзге араласады. Қорқыт тәкаппарлық – Ібіліске тән астамшылық деген ой айтады. Пьеса тұтас бір сюжеттен емес, шағын-шағын эпизодтардан құралған. Пьесаның мақсаты – Қорқыт пен Білгамештің көркем бейнесін жұрт алдына тарту.
Эпостағы Энкиду – пьесалық нұсқаға енгізілмеген. Бірақ оның рөлін Қорқыт ата атқарып тұр. Қорқыт та, Энкиду де – екі елдің тел өскен төл перзенттері.
Бүгінде ғалымдар Қорқытты жан-жақты танып отыр. Оны Шумер өмір сүрген дәуірде дүниеге келген деп санайды. Мәдениет әрі тарих мәселелерін талқылап, дүниетанымын қалыптастырады.
Шумер – мәдениет бастауы, адам баласының Жер бетіндегі соқтықпалы, соқпақты жолы. Ол бізге, жолымызға сәуле төгіп тұрады. Алапат жарылыстан кейін біртіндеп сөнген жұлдыздардың бір заманда жіберген сәулелері – біздің Күн жүйемізге енді ғана жетіп жатқан көрінеді. Шумер де – біздің көне тарихтан, ескі мәдениеттен нұр шашқан жұлдызымыз. Ғарыштан түскен сәуле төңірегіне шұғыла шашады. Қашықтан құйылған жарық адамзат бесігіне, Жер планетасына тақаған сайын жұлдыздай жарқырай түседі. Мәдениетімізге түскен жарық сәуле – Шумер жұлдызы бізге, бүгінгі өркениетке нұрын шашып тұр.
Пьесаның құрылымына келсек, автор кейіпкерлері туралы аялап жазады. Оның себебі де бар. Бұл қаһарман персонаждар – алғашқы өркениеттің кейіпкерлері. Жер өңдеуді, арық жүйесін алғаш үйренген, жазуды, музыка нотасын, жазу тақталарын тұңғыш ойлап тапқан біздің бүгінгі өркениеттің ағайыны. Пьесадағы оқиға шиеленісі, қайшылығы персонаждар арасында емес. Олар – метафизикалық тарихи персонаждар, яғни кейіпкерлер күнделікті өмірді емес, мәңгілік тіршілікті образды түрде бейнелейді. Мұнда әрбір қаһарман – бір-бір идея. Шиеленіс идеялар арасында өрбиді. Көшпелі ел мен отырықшы елдің арасындағы мәңгілік күрес тарихы.
Автор адамзаттың екі үлкен қоғамы – отырықшы елдер мен көшпелі жұрттың қарым-қатынасы жайында сыр шертеді. Асылбек Ихсан эпостағы Энкидудың орнына Қорқытты қояды. Мұнда үлкен мәселе жатыр. Демек, Энкиду мен Қорқыттың культурологиялық бейнесі бір-біріне тең, бір шаңырақ иесі ретінде екеуі де бір мәдени тұтқа тұлға, яғни екеуі бір өркениеттің иегері, мұрагері, өкілі. Бүгінде түркі халықтары қолданып жүрген лексикалық қор, лингвистикалық негіз екі халықты туыстыратын тәрізді. Пьеса адамның тұрмыстағы образын ғана емес, оның метафизикалық сырын да ашады.
Бұл пьеса Қазақстанның мәдени, рухани кеңістігіндегі маңызды оқиға. Ертеде Олжас Сүлейменов тарихты поэзиямен шендестіре жазған болатын. Енді бүгін Асылбек Ихсан пьесасында Шумер тарихына терең бойлайды.
Автор ерекше пьеса жазып отыр. Кейіпкерлерін бағалай біледі, аялап жазады. Пьеса екі деңгейде жүреді. Бірінші, экзистенциалистік деңгейде өмір кешкен қарапайым тұрғындарды көрсетеді. Екінші, метафизикалық деңгейде әлемдік көлемде өмір мәнін айқындауға кіріседі.
Пьесада диспут көп. Философиялық мәселелерден туындаған дамудың түпкі мұратын танығысы, түсінгісі, елге ұғындырғысы келетін талпыныс. Эпостың өзін көшпелі және отырықшы елдердің қарым-қатынасының бір көрінісі ретінде түсінуге болады.
Ең қызығы, бұл пьеса сахналанған сайын шыңдала түсетінін, қосары бар екенін байқаймыз. Көрермен қауымның танымы кеңейеді, түсінігі тереңдейді, көзі ашылады. Қойылым отбасы, ошақ қасы төңірегінде қалмайды. Өмір мәнін, метафизикалық сырын ашуға тырысады. Автор пьесаны таным мәселелерін қаузайтын әдіс-тәсіл тұрғысында түсінеді. Түсінген сайын түпкі мақсаты да айқындала береді. Жаңашыл дүние екені анық. Автор таптаурын жолдан қаша отырып жазады. Асылбек Ихсанның бір мақсаты – таным көкжиегін кеңейтіп, ата-бабамызға тиесілі артефактарды зерттеу, зерделеу, халық сана-сезімін ояту.
Тарихи сана-сезімсіз өнер тарихы да, өмір тарихы да болмайды. Александр Блоктің «Біз скифпіз» деп ашық айтатыны сол. Әрине, адамзат мәдениеті бәрімізге ортақ. Алайда ұлттық сана-сезім тек қана тарихи сана негізінде қалыптаса алады. Ұлт мүддесі бәрінен биік, бәрінен зор, бәрінен асқақ. Оның анасы – тарих.
Дидар АМАНТАЙ