Шумер түркілері Қалқада
Шәкәрімнің Рашид ад-Дин мен Әбілғазыға сілтеме жасай отырып, алға тартқан тарихи деректерінің негізінде, Оғыз ханнан тармақталатын түркілердің дербес жазу-сызуы болғанына назарымыз ауған болатын. Қытайдың «Жыу» кітабындағы «Түркілердің салты» бөлімінде осы тұрғыда былай депті: «Олардың жазу әрпі ху халқының әрпіне ұқсайды. Шыққан жылы белгісіз. Жапырағынан көк бояу алынатын шөптің бояуымен жазады» – дейтін дерекке қарасақ, түркілердің жазуы өздерінің ата-бабалары болып саналатын хұндардан (ху) бермен жалғасып келе жатқанын байқауға болады. Хұндардың жазуы туралы деректер Қытай патшалығы үшін ежелден мәлім екенін төмендегі тарихи жазбалардан да нақты көріп отырмыз. 245 және 250 жылдар аралығында Камбоджаға сапарлаған Қытай дипломаты Кань Тай Фунан патшалығы туралы ұсынған деректерінде: «Они имеют книги и хранят их в архивах. Их писменность напоминает писменность хуннов», – депті («Хунну», стр. 103).
Қытай патшалығы білген ата-бабаларымыз жазуының кереметтей үлгісі Көк түріктер қағанаты заманынан қалған «Орхон-Енисей» ескерткіштер кешендері арқылы көз алдымызға тартылады. Осы түпнұсқалық ғажайып мәтіндер негізінде күні бүгінге дейін жұмбақ болып келген тарихтағы түпкі тамырларымызды суыртпақтауға жаңа мүмкіндіктер ашылғанын атап айтуымыз керек.
Хунну дәуіріне тән деректерге үңілсек, қауымның Қалқа даласына оңтүстіктен барғаны егжей-тегжейлі айтылса да, көштің нақты қай жерден бастау алғаны туралы нақты ғылыми негізделген тарихи дәлелді дерек ұшырамайды. Байсындық «Алпомиш» жырының мазмұнына сүйеніп, әуелде Қалқаға тартқан ұлы көш осы өңірден басталса керек-ау деп болжасақ та, алдан шыққан жаңа деректер ол ойымызды өзгертуге мәжбүр етті. Оған себеп болған Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабындағы «Шумернама» бөлімі еді. Оны қайта қарап оқығанда, алдан ғылыми негізделген деректер сұлбаланып шыға берді. Олжекең тіл ғылымының білгірі тұрғысынан шумер-түркі сөздері фонетика, морфология тұрғысынан да өзара сабақтасатынын дәлелдеп шығыпты. Тілдік деректерді адамға, табиғатқа, діни сенім-нанымға байланысты сөз топтарына жіктеп, өзіне тән патриоттық екпінімен шумерлік жазудың тек түркілерге ғана тән екенін нақты дәлелдей алған. Оған қосып-аларымыз жоқ. Бізді қайран қалдырғаны, «білге» – дана сөзі екі жақта да айнымай өз мағынасында қолданылуы болатын. Көк түрік Білге қаған арқылы шумерлер мен қағанат арасы жалғасып жатқандай көрінеді көзіқарақты оқырманға.
Ғылым шумер тілі біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдықта қалыптасқанын болжайды. Осынау көне халық жазу мәдениетімен ғана ерекшеленумен шектелмей, тіршілік үшін қолдануға қолайлы құрал-саймандар жасауға, көз тартар ғимараттар тұрғызуға да зор мән бергенін америкалық шумеролог
С.Крамер былай деп айшықтапты: «Олар қыш шеңберлер, дөңгелектер, арбалар, соқа-сепкіштер, желкенді қайықтар ойлап тапты. Қақпалар, күмбез тәрізді құрылыстар мен күмбездер тұрғызуды үйренді. Мыс пен қоладан құймалар даярлады, темірді дәнекерлеуді, тасқа өрнек жасауды, оюлармен безендіруді меңгерді» (С.Н.Крамер: Мәскеу, 1965). Осы деректер арқылы шумерлердің өз заманында үлкен өркениет бесігін тербеткен халық екенін танып-біліп отырмыз. Мал мен егін шаруашылығын қатар алып барып, қала тұрғызған халық тарих бетінен ізім-қайым жоқ болып кетуі мүмкін емес дер едік, олар өз дәстүрі мен мәдениетін сақтай отырып, өздері үшін жаңа, жайлы мекенге қоныс аударуы әбден кәдік. Осы тұрғыда біз іздеген жоғымызды тапқандай болып едік.
Жаңа мекен іздеуге не себеп болды екен деген сауалдың төңірегінде сөз қозғағанда, осыдан 4000 жылдай ілгергі кезеңде жер бетінде климаттың өзгеруі ықпалын тигізген деп болжауға негіз бар. «В тот период должно было увеличиться число озер, тянущихся поясом от Нижнего Поволжья, через Казахстан и Монголию до Хингана. Обстоятельства сложились в пользу южных кочевников, которые сумели ими воспользоваться» («Хунну», стр. 36). Нақ осы кезеңде көсіліп жатқан Гоби шөлін кесіп өту де онша қиын болмаған сыңайлы. Көштің көлікті болуы дамыған мал шаруашылығы мен өнертапқыштық көрінісіндей арбалар екенін жартастарда бедерленген суреттер айғақтайды. Үстіне киіз баспана орнатылған арбаларға өгіздер жегіледі екен.
Оңтүстік көшпелілерінің Қалқа даласында алғаш төбе көрсетуі біздің эрамыздан 1764 жыл бұрын орын алғанын қытайлық дереккөздер хабарлайды. Кейінгі кезеңдерде үстіміздегі дәуірден 822 және 322 жыл бұрын байқалыпты. Осы деректерге қарап, бұл ұлы көштің ұзақ жылдарға созылғанын болжай аламыз. Көштің сипатына қарасақ, араба үстіндегі жайлы киіз баспаналарға қартаң кемпір-шалдар мен жас балалар, емізулі сәбилі әйелдер орныққан секілді. Ат жалын тартып мінуге жарайтын жасөспірімдер мен қыз-келіншектерге де қылқұйрықтылар ұсынылыпты. Көштің артын ала төрт түлікті айдаған малшылар келе жатқан. Далалық талай елдің жерлерін кескен ұлы көштің жылжуы рулардың әскери күзетімен жүзеге асқан секілді. Қолдағы деректерге қарасақ, әр рудың өзіне тән екі мыңнан он мыңға дейін әскері болғанын көреміз. Демек, әр ру жеке күзетімен, бір-бірімен қарайласа отырып, өз көштерін дара-дара жылжытқан деп санауға болатындай.
Ұзақ та ауыр жолдарды басып өткен көшпелілердің соңғы тұрақтаған мекені Қалқа даласы екені Л.Гумилевтің «Хунну» атты кітабына (21 бет) еніпті. «А для этого надо было обладать мужеством и упорством», – деп бағалайды тарихшы. Оңтүстіктен жол тартқан көшпелілер Қалқа даласының мал мен егін шаруашылығын өркендетуге аса қолайлы екенін алдын ала көріп-біліп, осы жерді таңдапты. Ұлы көш сәтті аяқталып, шумерліктердің жаңа қоныста мемлекет ретінде бас құрауы қытай тарихшысы Сыма Цянь және оған сілтеме жасаған француз тарихшылары Дегинь мен Кордье үстіміздегі дәуірден 1200 жыл бұрын жүзеге асқанын тұжырымдайды.
Қытайлықтар жаңа көршілерінің түр-сипаты бұл өңірдің байырғы тұрғындарына қарағанда өзгешерек екенін де байқапты. «… И не случайно китайцы внешним отличительным признаком хуннов считали высокие носы» (Сонда, 32 бет). Шумер заманынан бізге жеткен суреттер де олардың осы айрықша көрінісін бейнелейді. Бұл да болса ұстанған бағытымыздың дұрыс екенін қосымша қуаттайтындай.
Әдетте Қытай үкіметі тарихшылар мен барлау қызметі арқылы көрші елдердің болмысын зерттеуге ежелден жете мән берген. Қытайлық дереккөздерде әр ру өзіндік жеке жайылымдық жерге ие болғаны айтылады, жыл мезгілдерінде жайылымдық жерлерінің от-суына орай көшіп-қонып отырған. Қытайлықтар жаңа көршілерінің 24 рудан құралғанын байқапты. Әр ру өз ішінен қыз алмай, көрші рулармен құдандаласады екен. Шумер заманында байқалған құдалық пен қалың мал деген түсініктер сол күйінде сақталыпты. Осы рулардың қатарында басты үш ру ерекше аталады. Патшалары Қиян руынан сайланатыны көрініп тұр. Қиыр шет, алыс дегенді білдіретін қиян сөзінің мағынасы тайпаның түп-тұқияны ерте замандардан бастау алатынын айшықтайды десек, шындықтан қиыс кете қоймаспыз. Оны тайпаның кейінгі кезеңдегі тарихты тұспалдайтынынан да байқап едік.
Олжас Сүлейменов шумерлердің түркілігін атап көрсетті десек те, біз сөз қозғап отырған дәуірде түркі этнонимі ғылыми айналымға әлі енбеген еді. Ол аталым 535 жылы жүзеге шыққаны мәлім. Оған дейін арада әлі екі мың жылдай мерзім жатыр ғой. Сондықтан елдің қытайлық дәстүрмен «Хунну» деп аталғанына ден қойғанымыз жөн болар. Қытай тілін меңгерген мамандардың пікірін ескерсек, Хуннудың түбірі – «Хун» аспандағы жарық көзі Күнді білдіреді екен. Бұл дегеніміз шумерлердің пір тұтқан сенімі Тәңіршілдікті білдіретініне күмән қалдыра қоймас. Олжас ағамыз да шумерліктердің Құдайға тән сенім-нанымы нақ осы бағытта екенін көрсетіп берген болатын. Тарихи деректерге қарасақ, хұндар әр жылы көктемде көк аспан мен жерге және аруақтарға атап құрбандық шалады екен. Ел билеушісі күннің шығуы мен айдың тууына арнап тағызым жасап, елі үшін бата-тілек жасаған.
Қазақтың қос ойшылы – Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Олжас Сүлейменов ұсынған деректердің негізінде тарихымыздың өткеніне біршама қанықтық. Шынында да, ғажап қой, осы деректердің негізінде ата-бабаларымыздың басып өткен жолы алты мың жылға тартатынына көз жеткізгендей таңырқаймыз.
Оңғар НАҚЫП,
Түркістан облысы,
Атакент кенті