«Жастарға ұлттық тәрбие – ертеңге сенімді қадам»

Қазақ тілі мәселесінде аралас мектеп алаңдатпай ма?
Бүгінгі қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас ұрпаққа рухани тәрбие беру – ең өзекті мәселелердің бірі. Сол бағытта Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты №64 мектепте тағылымға толы «Жастарға ұлттық тәрбие – ертеңге сенімді қадам» атты кездесу кеші өткізілді. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – жас буынға ұлттық сана мен рухани мәдениетті сіңіру, ана тілі мен салт-дәстүрдің қадірін ұғындыру, сонымен қатар, өскелең ұрпақтың өз еліне, тіліне, мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыру болды.

Іс-шараға ҚР білім беру ісінің үздігі, қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтардың авторы, “Үйде сөйле” клубының оқытушысы Баймырза Лайхат Төребайқызы және №6 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Қадырбекова Балнұр Асқарқызы арнайы шақырылып, оқушылармен мазмұнды кездесу өткізді. Кездесу барысында қонақтар ұлттық құндылықтар, ана тілі мен дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жөнінде тағылымды ой-пікірлерін ортаға салды. Баймырза Лайхат Төребайқызы өз сөзінде тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, ұлттың жаны мен рухы екенін айта келе, қазақ тілін сүю мен құрметтеу – өз халқыңды сүюдің айқын көрінісі екенін ерекше атап өтті.

Ол сонымен қатар тіл үйретудегі тиімді әдістер, “Үйде сөйле” бағдарламасының ерекшеліктері мен қазіргі заман жастарына арналған тілдік орта қалыптастыру жолдары туралы айтып берді. Кездесу барысында оқушылар тек тыңдаушы болып қана қоймай, белсенді қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Оқушылардың бірі Баймырза Лайхат Төребайқызынан: “Сіз филология саласына қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?” — деп сұрақ қойды. Лайхат Төребайқызы бұл сұраққа жылы жымиып жауап берді. Ол бала кезінен тіл мен әдебиетке ерекше қызығушылық танытқанын, сөздің күші мен мағынасына мән беріп өскенін айтты.
“Мен үшін тіл – жай ғана нәрсе емес, ол – өмірдің өзі. Сөз арқылы адамды тәрбиелеуге, шабыт беруге, тіпті қоғамды өзгертуге болады. Мен филолог болам деп ойламадым, оған келуімнің өзі қызық құбылыс. Бұл менің тағдырыммен біте қайнасқан сала” — деп нақты әрі қысқа қайырды.
Ал №6 кітапханамыздың меңгерушісі Қадырбекова Балнұр Асқарқызы жастарды кітап оқуға, рухани байлыққа ұмтылуға шақырды. Ол кітаптың адам өміріндегі, әсіресе тұлға болып қалыптасу кезеңіндегі орны ерекше екенін айта келе: “Кітап – рухани азық, білім мен тәрбиенің бастауы. Кім кітаппен дос болса, ол адам өз ойын еркін жеткізе алады, ой-өрісі кең, мәдениетті тұлға болып қалыптасады” — деді. Кездесу барысында №64 мектеп директоры Айтбаев Сұлтан Бахытұлы сөз алып, аралас мектептердегі қазақ тілін оқытудың ерекшеліктері мен қиындықтарына, сондай-ақ оларды шешудің тиімді жолдарына тоқталды. Ол мектеп ұжымының басты міндеттерінің бірі – әр оқушының, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің де қазақ тілінде еркін сөйлей білуіне мүмкіндік жасау керек екенін ерекше атап өтті.
Айтбаев Сұлтан Бахытұлы: “Біздің мектеп – аралас тілде білім беретін оқу орны. Сондықтан біз ең алдымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оқушылардың қазақ тілінде еркін ойлап, еркін сөйлей алуына бар күшімізді саламыз. Қазақ тілі – тек пән емес, ол – ұлттың жаны, рухтың көрінісі” — деді мектеп басшысы.
Мектеп басшысы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда мұғалімнің рөлі шешуші екенін атап өтіп: “Бала тілге құрметті мектептен үйренеді. Сондықтан әрбір ұстаз сабақты тек білім беру емес, рухани тәрбие көзі ретінде қарауы керек” — деп ой түйді.
Шара соңында қатысушылар қонақтарға алғыстарын білдіріп, осындай мазмұнды кездесулердің жиі ұйымдастырылып тұруы жастардың рухани дамуына үлкен әсер ететінін айтты. Мұндай тағылымды іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рух пен отаншылдық сезімді қалыптастырып, ұлт болашағы үшін жауапкершілік сезімін оятады. Ұлттық тәрбие – мәңгілік ел болудың басты кепілі. Ал ұрпаққа ұлағатты сөз айтып, бағыт-бағдар беретін ұстаздар мен зиялы қауым өкілдерінің еңбегі – өлшеусіз қазына.
Кездесу жылы шыраймен өтіп, қатысушыларға рухани шабыт пен жаңа серпін сыйлады. Осындай рухани-мәдени шаралар жас ұрпақтың санасына ұлттық мұраның қадірін сіңіріп, олардың ертеңге деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.
Молдаханов Ерасыл Бегалыұлы
№6 кітапхана қызметкері