АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ АҚ СӘЛЕМІ
Алатаудың бөктерін Ақ Жайықтың сазы тербеп, Батыстың рухты әндері Алматының көгінде әуеледі. Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының ұжымы әсем Алматыға ат басын бұрып, қала жұртшылығын өнерлерімен тәнті етті. Үш күнге созылған сапар салтанатты сәттер мен тағылымды кездесулерге толы болды.

6 қазан күні Алматы қаласындағы Республика сарайында Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының «Ақ Жайықтан ақ сәлем!» атты концерті өтті. Ән кешінде Батыстың басты кескініне айналған Батыс дәстүрлі ән мектебі мен Батыс күй мектебінің озық туындылары жиналған қауымға айрықша серпін сыйлап, көңілдерге қанат бітірді.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қолдау білдірген бұл сапарға Батыс Қазақстан облысының делегациясын әкім орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев бастап келді. Орал қаласынан қолдап келген делегация құрамында БҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев, мәдениет ардагері Айдар Батырханов, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов, Парасат орденінің иегері, ақын Дариға Мұштанова, кәсіпкер-меценат Жанна Кенжина, тағы басқалар бар.
Сахна төрінде әйгілі Мұхит пен Ғарифолланың кең тынысты әндері шырқалып, Құрманғазы мен Динаның күйлері күмбірледі. Махамбеттің отты жырлары мен осы аймақтың айтулы ақындарының сөзіне жазылған әуендер көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Қазақстанның Еңбек ері Бақтықожа Ізмұхамбетов сөзін, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов әнін жазған «Қуанышым» әні орындалды. Бұл туынды Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Ноғаевтың көрермендерге тосын сыйы ретінде ұсынылды. Қадыр Мырза Әлінің «Тамаша» әні де көрерменге ерекше күй сыйлады.
Өнер адамдарын бастап келушілердің бірі, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармонясының директоры Бауыржан Халиолла: «Жалпы ару Алматының төріне, асқақ Алатаудың баурайына келіп Республика сарайында қай филармония қашан дербес концерт бергенін білмеймін. Бірақ біздің, яғни Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармонясының маңдайына тұңғыш рет жазылып отыр.
Ақ Жайықтың өнерлі көш-керуені үш мың шақырым жолды кесіп өтіп, мәдени-рухани астанамызға 130-ға тарта адаммен ат терлетіп келіп жатыр. Әрине Алматыны оркестрмен, бимен, эстрадамен таңғалдыра алмаспыз, бірақ шалғай елде де өзіне тән қолтаңбасы қалыптасқан өнер иелері бар екенін ұмытпаған жөн. Бұл жолғы келісіміздің жөн-жосығы бөлек. Әйтеуір басшылық мүмкіндік берді екен деп тұра шаппай, ұлыларымызды ұлықтап, аяулыларымызды ардақтап, ұрпақ жадында мәңгі сақтауды мұрат қылдық.
Алғашқы 6 қазан күні өткен шарамызды ғұлама Ғұмар Қараш атамыздың 150 жылдығына, ақиқаттың алдаспаны болған Жұбан ағамыздың 105 жылдығы мен ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына, әсем әндерімен халқының жүрегінен орын алған Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арнағанды жөн көріп, барынша сол ұлы тұлғалардың шығармаларын қамтуға тырыстық.
«Махамбет поэмасын» жазып, марғасқа бабамызға оркестрге лайықталған күймен мәңгі ескерткіш орнатқан біртуар дарын иесі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын атауды да ұмытқан жоқпыз», – деп айтулы сапардың айрықша мәнге ие екенін жеткізді.
Алматы төрінде өткен ән кешінде құрметті қонақтар қатарында қазақ руханиятының көрнекті өкілдері – белгілі ақын Жүрсін Ерман, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов және қазақ өнерінің жарық жұлдыздары – Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазы, Айгүл Үлкенбаева, Біржан Хасанғалиев, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан болып, батысқазақстандықтардың өнеріне құрмет көрсетті.
Шараның құттықтау әрі түйінсөзі Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкеновке берілді. «Бүгінгі ән кеші бәріміздің көңілімізден шықты. Алып шаһар Алматыда сіздерді құшақ жайып қарсы алғаны үшін Алматы қаласының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына көп рақмет айтамыз. Дәл бүгін Мемлекеттік комиссия шешім шығарады. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан филармониясының академиялық филармония атағын алуына бір-ақ қадам қалды. Меніңше, тағы да бір қуанышқа кенелеміз.
Сахнада тұрғанда 1934 жыл еске түседі. Темірбек Жүргенов, Ахмет Жұбановтар ойға оралады. Сол жылы қазақ өнерінде жаңа тыныс ашылып, шағын ғана ансамбль секілді оркестр құрылды. Сол оркестрдің құрамындағы қаншама өнерпазымыз 1937 жылдардың қуғын-сүргінінен қаза тапты, одан соғыста талайынан көз жазып қалдық. Алайда қазақтың музыкасы, қазақтың әні мен жыры ешқашан жоғалған жоқ. Өйткені ұлтымыздың ұрпақтар сабақтастығы жалғаса бермек. Қазақтың ұл-қыздары барда, өнеріміз де өміршең. Соның бір дәлелі, бүгін, міне, Батыстың әншілері мен күйшілері жанымызды рақатқа, сезімге бөледі, ойландырды.
Қазір қазақтың қандай талантты әнші халық екенін бүкіл әлем біледі, қазақтың неткен ғажайып күйші халық екені дүниежүзіне мәлім. Сонымен бірге мықты дирижерлер мен кереметтей музыканттар қазақтан шығып жатқаны да баршаға аян.
Жаңа ең алғаш құрылған Құрманғазы ансамблі туралы айттым. Ал қазір өңір-өңірлерде 20 керегелі оркестр еңсе тіктеп, қазақтың дәстүрлі ән өнерін биікке самғатуда. Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі – Батыс Қазақстанның бір қабырғасы болса, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Атыраудың, Нұрғиса Тілендиев атындағы оркестр Алатаудың, Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрі Орталық Қазақстанның тіреуі іспетті. Өнер құдіретін танытар осы өнер ошақтары – тұтас ұлттың ұстыны», – деген Мереке Құлкенов барша өнер иелеріне сәттілік тіледі.
Ән кешінің соңында БҚО әкімі Н.Төреғалиевтің, Алматы қаласының әкімі Д.Сатыбалдының, Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Ноғаевтың және Қазақстанның Жазушылар, Айтыскерлер, Композиторлар одақтарының, «Хабар» арнасы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің, «Заң – Юридическая» газеті атынан филармония ұжымына ықылас гүлдері табысталып, сахна төрі гүлге көмкерілді.
Ерекше айтатын жайт, концерт біте салысымен БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы ұжымға концертті жоғары деңгейде атқарып шыққаны үшін алғыс білдіріп, артынша өзі де енді ғана естіп тұрған сүйінші хабарды жеткізді. Өнер иелерін Мемлекеттік комиссияның шешімімен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға «Академиялық» статус берілгенімен құттықтады. Сонымен қатар Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатын мекеме басшысы Бауыржан Халиоллаға табыстады.
Асқақ Алатаудың төсіне сапар шегіп, мәртебелі «Академиялық» статусын еншілеп қайтқан өнер ұжымын біз де мерейлі сәтімен құттықтап, алдағы жұмыстарына шығармашылық табыс тілейміз.
Әзірлеген М.Райымбекова