Ғалымның ғажап бір қыры
(Қ.Мұхамедханов. «Алдымда ақын Абай – Темірқазық». «Мектеп» баспасы, 2025ж.)
Қазақ еліндегі бүкіл әдебиет сүйер қауымға атақ-даңқы ежелден мәлім көрнекті ғалым, абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайым Мұхаметхановтың жас кезінде танымал ақын болғандығын білмейтіндер көп.

Дегенмен кеңестік дәуірде өмір сүрген ардамдардың біразы сол кездегі Қазақстан Республикасының Әнұранын жазған Қайым ағамыз екенін ұмытпас. Менің өзім де сол кісінің ең жақын шәкірттерінің бірі бола тұра, артында қалдырған поэзиялық мұрасының көп екенін білмей жүр екенмін, осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана естідім. Қайым ағаның туған қызы, филолог ғалым Дина Мұхамедхан маған әкесінің өлеңдерін жинастырып, кітап етіп шығаруға талпынып жүргендерін айтқанда, қуанышымда шек болмады. Сол Дина Қайымқызы өзі дайындаған кітаптың компьютерлік нұсқасын қарап беру үшін маған жолдағанда, бір үлкен шаруаның біткелі тұрғанын сезініп, тағы да шаттандым.
Кітапты дайындау Динаға оңай болмапты. Сонау отызыншы жылдардың басынан басталып, елуінші жылдардың ортасына дейін созылған Қайым ағаның ақындық жолының бұралаңдары мен шырғалаңдарында жоғалып кете жаздап аман қалған бұл өлеңдер мен аудармалардың көрер жарығы бар екен. Ал жоғалып кеткені қаншама!
«Поэзия жинағын құрастырушылар ақынның араб, латын және қазіргі қазақ графикасындағы түпнұсқа қолжазбаларымен жұмыс жүргізді, – дейді Дина Қайымқызы. – Әртүрлі графикалық жүйелерден қолжазбаларды аудару, қолжазба мәтіндерін компьютерде теру, сөздер мен ұғымдардың мағынасына тереңірек үңілу, әр жол мен әр сөзді егжей-тегжейлі зерттеу сияқты кешенді жұмыстар атқарылды. Жұмыс, шамамен, бес жылға созылды».
«Алдымда ақын Абай – Темірқазық» деп аталатын бұл кітаптың кіріспе сөзінде Дина қарындасымыз кітаптың шығуына азды-көпті еңбек сіңірген әдебиетші ғалымдарға өз ризашылығын білдіріпті. Олардың қатарындағылар: өлеңді төте жазудан қазіргі қазақ графикасына көшірген Қуаныш Шайзадинов пен Амантай Исин, латын графикасынан көшірген Гүлжан Қашақу, Шолпан Сартай, Сәуле Түсіпбаева, Бердібек Бияров.
Сонымен, қолжазбадағы бүкіл тыныс белгілерінен бастап, сөз сипаты, сөз қателерімен қоса сөз қоданыстарындағы қате көшірілген келеңсіздіктерді түзеп шыққан маған да (Әбубәкір Қайран) алғысын білдіріпті. Пейілі үшін рақмет! Бірақ бұл менің ұстазым алдындағы өтелмес парыздарымның бірі ғана екенін білдіріп қойғым келеді.
Кітаптың компьютерлік нұсқасын оқи бастаған кезінде-ақ өзімнің ұлы ұстазымның маған ашқан сан түрлі сырлары мен мұңдарының санамда қайта жаңғыра бастағанына таңдандым және қуандым. Кейбір өлеңдерін оқығанымда, тіпті баяғы студент кезімде маған кейбір әңгімесін айта отырып, қыстығып, ызаланып кететіні, кейде «түсініп отырмысың?» дегендей бетіме аса мәнді түрде қарай қалатыны елестеп, көңілім толқыды. Мысалы, екі-ақ шумақтан тұратын өлеңін оқып отырған кезімде ол кісінің маған тәркілеу мен ашаршылық туралы айтқан кезін сол сәттердегідей елестеттім-ау деймін. Өлең 1932 жылы жазылыпты.
Дүниені қара түнек торлады,
Ел басына қасірет-қайғы орнады.
Бас еркінен, мал-мүлкінен айырылып ,
Қайран қазақ, жұрдай болып сорлады.
Сорлатқан кім, қорлаған кім қазақты?!
Тартқызған кім қазаққа ауыр азапты?!
Қаражүрек, қызыл тажал, қанішер –
Кең далама орнатты әкеп тозақты.
Бұл өлеңді жазған кезінде Қайым аға он алты жастағы жеткіншек еді. Ағаның өмірбаянына қарап отырсақ, ол кісі 1924 – 1932 жылдары Семейдегі колхоз жастары мектебінде, одан кейін ауыл шаруашылық техникумында оқыған екен. Жүрегі жалындап тұрған жас бозбаланың осы бір тұстарда ақындыққа деген аңсар құштарлығының оянғаны анық.
Оның «Бала», «Ұстазыма», «Жас жүрек бірін-бірі сүйген қандай», «Арынғазы» сияқты бірнеше өлеңдері осы жылдары жазылған.
Қайым ағаның өлеңдер топтамасы алғаш рет 1937 жылы сол кезде Семейде шығып тұрған « Екпінді» газетінде жарияланды. Осыдан кейін – оның ақындық атағы жұртқа жайылып, өлеңдерді көптеп жазуға ден қойғанын байқаймыз. Негізінен, арманшыл жастың ақындыққа ұмтылуына ең бірінші – әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов, одан соң әкесімен тым жақын дос, пікірлес болған Алаш арыстары әсер еткен. Олай дейтініміз, Қайым аға өз естелігінде әкесінің мына бір сөзін келтіреді: «Төңкеріс болған жылы сен аяғыңды енді ғана басқан сәби болатынсың. Сонда Семейге Әлекеңнің келгені ерекше салтанатқа ұласып еді. Бүкіл қазақ қауымы үлкен қуанышпен ханнан кем қарсы алған жоқ. Шындығында, Әлекең ұлт көсемі еді ғой.
Мұны енді сол шақта Сұлтанмахмұт та келістіріп жырлады емес пе!
Ахаң мен Жақаң – Ахмет пен Міржақыпты айтамын, сондай-ақ Мағжан мен Сұлтанмахмұттар Әлекеңнің қасынан табылатын. Біздің үйде қона жатып әңгіме-дүкен құратын. Сөйтіп, ел болашағын алыстан болжайтын. Сол ұлылардың сен тізесінде отырып өстің ғой, шырағым! Соны ұмытпа!»
Міне, осы бір үзік сырдан Қайым ағаның кеудесіндегі таусылмас қайнар бұлақтың бастау көзі қайда жатқандығын білуге болады деп ойлаймыз. Тым жас кезінде жазған өлеңдерінің өзінен-ақ оның Абайға, одан кейінгі Мағжан, Сұлтанмахмұттарға еліктей бастағаны анық білініп тұрады екен.
«Алдымда ақын Абай – Темірқазық» деп аталатын осы кітапқа енген өлеңдердің әрқайсысында жазылған жылдары көрсетілген. Мұның бір жақсы жағы – ақын өмірінің қай кезеңдерінде жазылғандығын біліп отырамыз. Оның үстіне, өлеңдер легі өз ретімен қойылғандықтан, ақынның өмір жолындағы өзгерістер мен даму, жетілу сатылары да айқын көрініп тұрады.
Осы бір тұста айта кетуіміз керек, бұл кітапқа дейінгі Қайым Мұхамедхановтың шап-шағын өлеңдер жинағы 1910 жылы Семей қаласында жарық көрген болатын. Өкінішке қарай, оған енген өлеңдер бұрын ескі газет беттерінен кеңестік саясатқа орайластырылып, өздерінше түзетіліп басылғандықтан, көңіл жұбата қойған жоқ. Ал мына кітапты шығаруда Қайым ағаның түпнұсқа қолжазбаларымен көп жұмыс істелгені туралы жоғарыда айтып өттік.
Қайым ағаның тым жас кезінде жазған «Ақын» деген өлеңі сегіз жолдан тұратын бір-ақ шумақ.
Ақынды қиял тербесе –
Дүние ойдан шығады.
Ақынның сырын аңғарып,
Ілуде біреу ұғады.
Қиял басы биік шың,
Ақын – қыран шығады.
Қиялдан қисын таппаса,
Қиял асау жығады.
Жап-жас ақынның осы өлеңінде айтқанындай, оның жазып кеткен жырларынан Қайым ағамыздың әр кезеңіндегі заманға, қоғамға деген көзқарастары мен қуаныш-қайғысын, сыни пікірлерін, адамдарға деген сүйіспеншілігі мен күйініштерін, тіпті әжуә-мысқылдарына дейін байқап отырмыз. Әсіресе жастық шақтың жалыны – махаббат туралы өлеңдеріне қатты сүйсінудеміз. Сонымен қатар сол кездегі жас ақын адам мен адам арасындағы қасиетті сезім – достық, жолдастық туралы да көп жырлапты. Ол өзінің бұл тараптағы айтар ойын мөлдір сезіммен де, кейбір екі жүзді сатқындарды әжуалап, ашық түрде сықақ етумен де жеткізе білген. Мәселен, Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің үлгісімен жазылған «Сегіз сырлы, бір қырлы» жолдасқа» деген мына бір өленінің бір ғана шумағын оқып көрейік.
Дос болдық, жүрдік,
Ойнадық, күлдік.
Мағына жоқ, мақсат жоқ.
Қас бола білдік,
Кеткен соң бірлік,
Ұят та жоқ, ар да жоқ.
Жолдастық, достық көзінше,
Әркім-ақ мақұл өзінше.
Қайым ағаның өлеңдерін оқып отырған адам оның не туралы жырласа да, жан дүниесімен, жүрек әмірімен жазатынын байқар еді. Бұл ақынға жасандылық та, көлгірсу де, әсіре боямалау да жат.
Ішім күйіп, қайғы басып,
Зарымды айтып жазғаным.
Тілек, мақсат баяғыдай,
Басқа оймен жазбадым,–
деп жазыпты өзі де. Бұл 1946 жылдың 8-қаңтарында жазылған.
Жалпы, кітаптағы өлеңдерді жазылған мерзіміне қарай бес бөлімге бөлуге болады: соғысқа дейінгі, соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі, Карлаг қапасындағы және одан кейінгі өлеңдер.
Соғысқа дейінгі өлеңдерінің көпшілігі – махаббат тақырыбында, енді біразы жастыққа тән көңіл күйлері мен жеке бір адамдардың мінез-құлықтарын, жүріс-тұрыстарын сынап немесе жақсы жақтарына сүйінішін білдіретін өлеңдер. Ақынның отызыншы жылдардың аяғына қарай дарыны дауылдап, шабыты шалқи бастағанын білдіретін кең құлашты толғау жырлары жанды толқытады. Ел мен жер тағдыры, халық ахуалы жас ақынның назарынан тыс қалмапты. Әрине, бұл жетістіктер Қайым аға бала кезінен ілім-білімге құштар жан болғандықтан ғой. Кеңес үкіметі алып келген азапқа толы жылдары мен ішінде өз әкесі де бар Алаш арыстарының күреске толы кезеңдерін ес біле бастаған кезінен-ақ санасына сіңіріп өскен Қайым ағаның қайсарлығына ғана емес, жан дүниесінің жасампаздығына да таңданасың. Ол – нағыз отансүйгіш, оптимист ақын. Оның осы керемет қасиеті соғыс жылдарында жазған өлеңдерінен тіпті анық байқалады. Ол дәл соғыс басталған күні «Жеңеміз!» деген толғау жырын жазды. Бұл ұзақ өлеңді көп қысқартып, 1941 жылы 22 маусымда «Екпінді» газеті басқан екен. Мына кітапқа түпнұсқа қолжазбасы беріліп отыр.
Өлең былай аяқталады:
Әділет, жаңалық
Бұл майдандасқаны,
Тұманға айналмақ,
Жауыздың аспаны.
Сенеміз,
Жеңеміз!
Көрінер ертең-ақ,
Әділет ақ нұрын әлемге шашқаны!
Қайым ағаның соғыс жылдары жазған өлеңдері әр сипаттылығымен ерекшеленеді. Бірақ бәріне ортақ бір ұқсастық – өр рух, қайтпас жігер. 1941 жылы жазылған «Батыр аға» (гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына арналған), «Қан майданда», «Ері қорған еліне» (Кеңес Одағының Батыры
В.Кисляковқа арналған), 1942 жылы жазылған «Мен сүйем туған елді – алтын бесік», «Отан үшін, ел үшін!» «Қыруар халқым, құлақ ас», «Ер қазақ ұлы, жауды қу», «Ел қаһарын жырлаңдар» және тағы басқа жырлары ақыр аяғында Ұлы Жеңіске жеткеннен кейінгі «Салтанат жыры» деп аталатын ұзақ өлеңге ұласады.
Бұл өлең:
Сақтаған Ұлы Отанды зор апаттан,
Еліме күн боп шығып, таң боп атқан.
Мың алғыс, миллион алғыс ер халқыма –
Жеңіспен салтанатты той тойлатқан! – деп аяқталады.
Қайым аға бұл кездерде жас ақындардың алдыңғы қатарына қосылған болатын. Ол 1940 жылы жиырма төрт жасында КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды және
Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтында қазақ әдебиетінің оқытушысы, Абай мұражайының аға ғылыми қызметкері болды. 1942-1947 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысы бойынша уәкілі болып қызмет атқарды.
Соғыстан кейінгі уақытта да Қайым аға ғылыммен айналысумен қатар өлең жазуды да тоқтатпаған. Өкінішке қарай, 1951 жылдың жаз айында «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбына арналған кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, «саяси сенімсіз» деген айыппен қуғын-сүргінге ұшырап, тұтқындалып тынды. Семей түрмесінен Алматы түрмесіне ауыстырылып, ақыры 25 жылға бас бостандығынан айырылып, «Карлаг» деп аталатын Қарағанды лагеріне қамалды. Абырой болғанда, Қайым ағамыз 1955 жылдың басында қамаудан босатылып шықты.
«Карлагта» отырғанда жазған өлеңдерінен де Қайым ағаның қайтпас қайсарлығын көреміз. Әсіресе «Сүйген жар», «Балаларыма» деген өлеңдері жан толқытады. Ең кереметі – ол атақты Николай Карамзиннің «Бедная Лиза» әңгімесін сол Карлагта отырып өлеңмен аударды. «Сормаңдай Лиза» поэмасы деп аталатын бұл аударма қазақ поэзиясына қосылған үлкен үлес деуге әбден сияды. Өйткені орыс классикасын қазақ өлеңімен аударғандар : Лермонтовтың «Вадим» повесін өлеңмен аударған – Абай, Пушкиннің «Дубровский» әңгімесін өлеңмен аударған – Шәкәрім , Карамзиннің мына әңгімесін өлеңмен аударған – Қайым Мұхамедханов.
Жалпы, Қайым аға аударма жасауға көп көңіл бөлген сияқты. Мына кітапқа оның Тарас Шевченкодан, Михаил Лермонтовтан, татар ақындары – Ғабдолла Тоқайдан, Сағит Рәмиевтен, Дәрдмәндтен, Зия Ермекеевтен, Ибраһим Башмаковтан, Ғабдолла Кариевтен, Нәжип Ғафуриден аударған өлеңдері енгізілген.
Қайым Мұхамедхановтың «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» дейтін бұл кітабында оның өмірінің соңына дейін жазылған өлеңдері де бар. Сонымен қатар «Қайым Мұхамедхановқа арналған өлеңдер» деген арнайы бөлім де бар. Осыған қарап отырсақ, ағамыздың ең ардақты, ең аяулы, біртуар тұлға болғанын білеміз. Сонау ерте кезден бастап-ақ бұл кісіге қаншама ақын өлең арнаған десеңізші!
Реті келіп тұрғанда айта кету керек, келесі жылы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толады. Мына «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» атты өлеңдер жинағы соған орай шығарылып отырғаны назарларыңызда болсын.
Әбубәкір Қайран