Күлеміз бе, қайтеміз?..
25.09.2025
269
1

Бейсебай Кірісбайұлы – сирек тұлғалы сықақшылардың бірі еді. Ол жазғанда ғана емес, ауызекі тілде де айналасын күлкіге бөлеп отыратын. Қалам сілтесі студент кезінде-ақ Ос-ағаң – Оспанханның көзіне ілікті. Әубәкіров оны кіші баласындай әуектейтін. «Лениншіл жастың» кезекті сандарына әр сықағын еркесіндей насихаттап, ел-жұртқа жеткізетін.
Бойы сәл қысқалау болғанымен, ойы ұзын еді. Бейсебай – Бейсебай болғалы, Кірісбайға бала болғалы жұртты күлкіден «Ықылық» (кітабы) аттыратын. Енді жетпістің желкенін тартып жүрер еді. Мінеки, күлкісі жаңғырып тұр ғой.

Қожанасыр ескерткіші басындағы ой

Қожаға, молдаларға бағынбаған,
Ассолоумағалейкум, әзіл-бабам!
Басыңа гүл әкелді бір ұрпағың,
Мені де шетке қақпа, ұғын, шалым!

Қоржының ортайған жоқ әзіліңнен,
Білмедім ұзын санын анығын мен:
Бұл күнде көбеюде ізбасарың,
Білмедім қаншасының қырды асарын.

Жиналып әзілкештер зорға тіпті,
Басыңа бір ескерткіш орнатыпты.
Күлкіңнен айналайын миықтағы,
Өзіңді қалай кетем қиып тағы…

Ояндым… көз алдыма мүсін келді,
Бұл менің неге ғана түсім болды!
Отырмын сырымды айтып өлеңіме,
Түсімді айналдырып мен өңіме.

Саудагердің санасы
Әуелі қолындағы барын сатады,
Бары біткен соң… арын сатады.

Көзінше
Көзінше мақтауға бөктіреді,
Сыртыңнан ішіңді кептіреді. 

Тасиды
Өсегінің қалғанын,
Жеңгей кешке тасиды.
Жұмыстан кеп ағайым,
Басқарады ас үйді.

Кішкентай ауылдың үлкен қасіреті
Бес көше – бес ру,
Бес көше бес жақтан есіру!
Болмайды кешіру,
Бес ру бес жақтан төс ұру…
Ру-ру-ру…
Соңы: құру-құру…

Ән сату
Көрсоқырдың рөлінде,
Қара бала ән сатады.
Өзі барып «тірі өлімге»,
Қарындасы тән сатады.

Ақ тер мен көк тер
(соңғы хабар)
Неге актер де ақ тер, көк тер болды?
Неге шахтер де ақ тер, көк тер болды?
Шахтер де,
Актер де айлық ала алмай,
ақ тер де болды, көк тер де болды. 

Жеті күнгі жеті ұрлық
(апталық шолу)
Дүйсенбіде бал ұрланды,
Сейсенбіде мал ұрланды.
Сәрсенбіде бала ұрланды,
Бейсенбіде шал ұрланды.

Жұма күні шам ұрланды,
Сенбі күні там ұрланды.
Ұрлық әбден тамырланды!
Жексенбіде қала ұрланды… 

«Дірдек» қонақүйінде
Шалғай жерден жол жүріп келіп,
Бір ауылға болдырып келіп…
Телпек киген балаға айттым:
– Інішегім,
Мені қо-қо-нақүйіне сілтегін! –
– Қонақүй ме… қонақүй,
Осы жерден санағанда он-ақ үй!
– Тәңірім тәбетімді ашсын лайым!
Рақмет, сонда жетіп құлайын…

Жағалап шамалап келем,
Бір, екі, үш… он-ақ үйден кейін,
Өзің сақта… «Дірдек» деп аталатын,
Ірі қонақүйге түстім.
Түн баласы мынадай,
Шошымалы күйге түстім:
Қонақүйдің негізгі қожалары –
Тарақандар болып алған.
Бөлмелерге толып қалған.
Жағамды ұстап қайран қалдым…
Тарақандар тайраңдады!
Бұлардың тілін білмедім,
Бір кез көзімді әрең іліңдіргенмін.
Қысқасы, жатуын жатып шықтым,
Дірілдеп қатып,
Қорқынышты түс көріп,
Бірдеңелерді шатып шықтым!
Қонақүйім «Дірдек» десе – дірдек екен,
Уа, ағайын, ала кеткін,
Қайда кетсең, бірге кетем!

«Сымақ» кісі
Өзенді көрсе – теңізшісымақ,
Астықты көрсе – егіншісымақ,
Мектепті көрсе – мұғалімсымақ,
Кетеді дейді құлағым шулап.

Зауытқа келсе – жұмысшысымақ,
Алқапқа келсе – күрішшісымақ.
Ауылға келсе – ақын да сымақ,
Кетеді жұртпен жақындасып-ақ.

Талай мықтымен танысқансымақ,
Отырыстарда – данышпансымақ.
Ел қайдан білсін, елеңдер шын-ақ…
Кездесулерде – кемеңгерсымақ.

Көбінен елдің білімдісымақ,
Түбіңді қазып, мініңді сынап…
Қолы ашық, жомарт, азаматсымақ!
Жарылып кетпей осы «сымақтар» –
Бір бойға сыйған «ғажап-ақ сымақ!»

Екеуі
Өзі ішеді тамақты,
Жеңі ішеді.
Мешкей, жеңі – екеуі,
Тең ішеді.

Жаталақ
Қарап күлер кісі көп,
Есегім бар түсі көк.
Арқасына жабысқан,
Менімен түк ісі жоқ.

Көк жалқаудан аумайды,
Тек үй жаққа заулайды.
Қыши қалса жотасы,
Жата қалып аунайды.

Болсам-дағы қатал-ақ,
Көк есегім жаталақ.
Мен түгілі атамнан,
Ұялмайды сақалы ақ.

«Ақыл»
Тасбақаға
«білімді»,
Шыбын қатты күйінді:
– Сүйрей беріп қайтесің?
Таста, – деді, – үйіңді!

О ғып, бұ ғып…
Қағып кетіп кісіні,
О ғып, бұ ғып.
Шалып кетіп кішіні,
О ғып, бұ ғып.
Жыртады ол кітапты,
О ғып, бұ ғып.
Сындырады бұтақты,
О ғып, бұ ғып…
Жолдасынан көшіріп,
О ғып, бұ ғып.
Оны қайта өшіріп,
О ғып, бұ ғып.
Жұмыс десе – қашады,
О ғып, бұ ғып.
Тақта алдында сасады,
О ғып, бұ ғып.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.09.2025 | 11:42

Бейсебай Кірісбаевты бала кезден бері білеміз. Ол жоғары класта оқып жүрген кезінде «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газетінен жиі көрінетін. Осы басылымдарда оның өлеңдері мен шағын әңгімелері ұдайы жарияланып тұратын. Қызық қылып жазатын, қызықтырып жазатын. Біз оның жарияланған өлеңдерін қызығып оқитын едік. 1976 жылғы «Балдырған» журналында жарияланған өлеңдер топтамасының бірінде мынадай өлеңі бар еді:
Мақтанса егер маған Ожан:
— Менің ағам — актер, -деп.
Мақтанамын мен де оған:
— Менің ағам — шахтер, -деп.
Көңілге қонымды ма, қонымды.
Ал, енді мына газеттегі әр сықағын оқыңыз.
Бес көше – бес ру,
Бес көше бес жақтан есіру!
Болмайды кешіру,
Бес ру бес жақтан төс ұру…
Ру-ру-ру…
Соңы: құру-құру…
Нанымды ма, нанымды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір