Жетісу – алтын мекенім!
16.09.2025
376
0

Бүбішхан ТІКЕБАЙ

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Мәдениет саласының үздігі

Жетісудың қызымын жерім «Сүмбе».
Таң атқанда табынам Айға-Күнге.
Туған жер, өзіңе арнап жазам өлең,
Шырт ұйқыдан оянып жарым түнде.

Тебіренем, өзің жайлы ойымды өріп,
Туған жер, жомарттығың елге көрік.
Жетісудай жері бар, мына елдің,
Арманы жоқ дер едім, сені көріп.

Кім өтпеді өмірдің өткелінен,
Жылда күліп кездесем көктеміммен.
Жамбыл–Жәкем маржан жыр
төгіп кеткен,
Гүл өскен кең даламыз көрікті екен.

Жер жәннаты –Жетісу көрікті өлкем,
Ақыны, әншісі бар ала бөтен.
Батыр, жырау, шешеннің – бәрі осында,
Ассалаумағалайкум, атамекен!

***
Ақ таңның арайынан нұрды құшқан,
Көктемде аққу қонып, үйрек ұшқан.
Аққанда Жетісудың жеті өзені,
Туған жер бір түлейді күншығыстан.

Қыздарын ақын етіп тұр Жетісу,
Далаға дәнін сеуіп гүл Жетісу.
Мал мен жан өмір сүріп келе жатыр,
Батырларын шыңдаған бұл Жетісу.

Айта берсе таусылмас қырдың әні,
Жетісудың төрінен жыр құлады.
Жамбылдың, Сүйінбайдың жырларынан,
Әлі де айтылып жүр бұлбұл әні.

Алатаудың басынан Сұңқар ұшты,
Жұмбақ тасы қарсы алар қыран құсты.
Көкше таудың төріне құс қонақтап,
Сексен көлді жағалап сусын ішті.

Қазақтың жетіп жатыр кең даласы,
Өнерлі емес деші, қай баласы.
Жеріне ұқсап көрікті көркем келер,
Өзі жүрген аймақтың айналасы.

Рақмет, туған жер көрікті өлке,
Тәж киіп, алтын алқа тақтың ерте.
Ел-жұртың аман болсын арқа сүйер,
Жер ләззатын сіміре бер,Құдай берсе!

***
Бұл елдің берік қорған, тірегі кім?
Менің бабам елін-жұртын, қорғап қалған,
Қарақұл Татанұлы түлегімін!
Мәңгілік есте қалар бұл бір есім,
Қазақты паш ететін өмір көшің.
Ұрпағы ұмытпастай есте қалсын,
Қарақұл Татанұлы деген есім.
Құт болсын қазағымның мекеніне,
Ұрпағы айта жүрер өз елінде
Жүрекке бақ орнатып ел сыйлаған,
Ерлік дастан тұрсыншы өз мекенінде!

Қ а р а қ ұ л д а р…

Ассалаумағалайкум, батыр ата!
Тарихта қалған ізің болмас қата.
Тағдырдың тар жолында шайқап өткен,
Өр кеуде, еңселі ел, алған бата.

Ел үшін шайқасады, батыр туған,
Ер жүрек атойлатып жауды қуған.
Арыстандай ақырып қол бастайды,
Қарулы екпінімен белді буған.

Қарақұл, Қарақұл, Қарақұл, деп,
Мың әскер атойлатып кетті дауға.
Қарақшы ел тонаушы жау келген соң,
Қарсы тұрып, тойтарыс берді жауға.

Соққанда заман ақыр, желі мына,
Күн-түні алмастырып демі тына.
Ұрпақты қорғап қалар күн туған соң,
Амалсыз атқа мінген белді буа!?

Көк бөрінің қаны бар тамырында,
Жолбарыстың күші бар жүрегінде.
Айдаһардың лебі бар өзегінде,
Балуан шолақ күші бар білегінде.

Әлмерек атасының құдіреті қолдаған,
Райымбек батырдың ерлігіне таңғалам.
Өткен өмір жалғасы, өркениет салған ән,
Мұқағали ақынның өлеңіне жалғаған.

Бабамның тұлпарының ізі қалған,
Өтіпті не бір жауыз, айдаһар жан.
Өтіпті бізден бұрын, өрт шалған жер,
Тарихта қатпар-қатпар жол бұралаң.

Қарақұлдар,
Құшағыңда өсірген ұл бар, қыз бар,
Табиғатта көктем бар, жаз бар, күз бар.
Қара дала жатады буырқанып,
Туған жер, көрікті аймақ, құзар шыңдар.

Мен болам, намысты қыз, сенен туған!
Кіндігімді таудағы шөппен буған,
Жөргегімді жаңбырдың суы жуып,
Кендір жіппен анашым белін буған!

Кендірмен құлаш-құлаш, арқан ескен.
Жүк артып, түйе байлап, еркін көшкен.
Даланы дүбірлетіп малын айдап…
Кең жайлау, жазық дала еміп өскен.

Туған-жер сен аман бол, ғасыр бойы?!
Адамның ақыл-нақыл, көркем ойы.
Сен арқылы жетеді ғасырларға,
Қымбатты асыл сөзі, сәулетті ойы.

Сол дала бәрімізге, ырыс бүгін,
Жайқалған жас кілемдей жайнап тұрғын.
Аман болсын, ырыс-құтым, қазыналы,
Сен жайлы, өскен өлкем, жырлап өтем!

Тарихтың тар жолында даңқы асқан,
Қарақұл Татанұлы болған дастан.
Жоңғардың қанын судай ағыздырып,
Ұрпаққа тастап кеткен мол қазынаң.

Жер-ана белгілі ғой сенің жайың,
Ғасыр бойы келесің өсіп дәйім,
Ұмытпайды бабаңың бұл ерлігін?!
Қарақұл аруағыңнан айналайын!

Қ а р а д а л а

Асау толқын теңізбенен арбастым,
Көкжалдардың тізгініне жармастым.
Биік шыңның өрмеледім басына,
Ақыл болды алдымдағы қолбасшым.

Бой көтерді бабамның өр кеудесі,
Сүйінші, елім-жерім мекен осы.
Кең көсіліп жата бер, жерім міне,
Қазақтың қара дала бай өлкесі.

Қарақұл әкем аты батыр туған,
Алтын таңның арайына бетін жуған.
Зәмзәм суы басталар алып шыңнан,
Сарқырама кетті ағып, толқын қуған.

Қазақстан – Гүлістан гүлге оранған.
Егінді алқап, кең дала, самал соққан.
Туған жерді түлеткен жасыл аймақ,
Малың жатыр маңырап, жайма шуақ.

Жусанды, изені мен адыраспан,
Адасқан ел, сол шөппен елін тапқан.
Шайқурай, май қарағай, шөбі шүйгін,
Бал тамған ақ қайыңның сағасынан.

Бұл жердің шөбі де ем, қурайы да,
Жерде жатпас бекерге тал қайың да.
Өзім өскен өлкені мадақтасам…
Шөптері де, дәрі боп тұр таңдайымда.

Туған жер, өскен өлкем сен барыңда,
Жалғасар күндер күліп таңдарыма.
Қазірше соғып тұрса сол жүрегім,
Тірлікте жеткізеді арманыма!

Қосағаш – көлбастауы атамекен,
Бидайық арпалықты мекен еткен.
Ақтам мен «Сұлушоқы» көрікті әсем,
Сұлупа мен Қанапия өскен өлкем.

Сонда өтті жастық шақтың көктемдері…
Сенен түлеп ұштым да көкке өрледім.
Аяулы атамекен Қарадала,
Елім деп соққан жүрек мен бір балаң.

Қайта түлеп жаңғырған сол далаңа,
Еңбек етіп келеді, не бір жайсаң.
Өсе бер, өркендей бер күннен күнге,
Отаным, туған елім, ата-бабам.

Алатау сен бір биік тұрған шыңнан,
Суыңды ағыза бер жасап думан.
Көркейтіп даладағы егініңді,
Жата бер мекеніңде, тасып толған.

Қарадала көрікті, өлкем менің,
Жырымды гүлге орап көркемдедім.
Қарақұл Татанұлы салған жолмен…
Ұрпағың келе жатыр өсіп сенің.

Қара жер, асты батпақ, үсті кілем,
Сол жерге ізін тастар, жақсы кілең.
Сол жерге атойлатқан шаңын қағып,
Той тойлап өткен қазақ, соны білем.

Қарадала көк шалғын асқар белім,
Енді келді кезегің өскен жерім.
Гүлдене бер, жыл сайын сайын далам,
Мен де бір, ерке қызың болған едім.

Ыстық су бар, қызыл мия емдік шөбі,
Дем алып шет елден де, келді көбі.
Жерімнің қасіретін көрмесе де,
Қасиетін ұлтына берер, енді?!

Ойран төбе

2005 жылы тамыздың 12-13 күні
Шәлкөде жайлауында
Райымбек баба рухына арналып,
300 жылдық той өтті…

Ақ боз атпен шауып келем,
Жеткен жерім Торайғырдың жазығы.
Естіледі сұлу қыздың наз үні,
Артта қалды сылдыраған бұлақтар,
Тау мен тастың көркін көріп сыр ақтар.
Сырға толы, жырға толы өмірде,
Жас көктемде бой түзейді құрақтар.

Көз алдымда Ойран төбе жазығы,
Талай батыр тасқа қайрап найзасын.
Жарқылдаған оқ пен оттың ортасы,
Өліктердің қатып қалған қаңқасы.
Қалмақтар мен шабуылдап айқасқан.
Ерлер өткен, омырауын оққа тосып
шайқасқан,
Түн ұйықтамай, кірпігі бір айқаспай,
Райымбек – қол бастаған батыр ер,
Сол кездегі, өр кеуделі қолбасшы.

Ойран төбе –қан майданның ордасы,
Жауынгерлер қан мен жуған беттерін.
Жаралылар қан кешті боп өткен күн,
Бір заманда осыдан 300 жыл бұрын.
Ойран төбе – жауға ойран салған жер,
Әке-шеше зар еңіреп қалған жер.
Көлі бітіп шөлі қысып аңызақ,
Сағат жүрмей күн ұзақ.
Құрылыпты көп тұзақ,
Тағзым етпей өтпеңдер!

Ұшқан құс пен жүгірген аң анталап,
Қарға құзғын, өлексеге тойған жер.
Құс базары болған жер,
Дұға қылмай мына жерге келмеңдер.
Ата-баба аруларын көмген жер,
Бала-шаға бесігінде өлген жер,
Жас арудың тамырынан ыршып қан,
Сәбилері жөргегінде тұншыққан,
Отау тігіп от жаққанда сол жастар,
Шаңырағы ортасына түскен жер.

Қазақ, қалмақ арыстандай айқасып,
Аузы қанға толған жер.
Сонда қалды беті жабық, қазған көр.
Бұл тарихта «Ойран төбе» атанып,
Мәңгі бақи ел есінде қалған жер.
Естен кетпес жауынгер
Ұмытпаңдар ұрпақтарым,
Қасиетті туған ел,
Сендер соғыс көрмеңдер!

Сүмбем менің

Сүмбем менің,
Көк аспан, таулы қырат, жүрген жерім.
Осы жолмен жайлауға, елім көшіп,
Осы жолмен мал айдап үйренгенмін.

Сүмбем менің,
Тау бөктері, гүл теріп өскен елім.
Қырқада қойлар қоздап, жүнін қырқып,
Қанапия, Үсенбай төккен терін.

Сүмбем менің,
Суын ішіп, шөбін шапқан,
Күзеуде егін орып, бидай артқан,
Ауылымның кең пейілді адамдары,
Алдымнан қымыз сыйлап, шөлді басқан.

Сүмбем менің,
Білімнің ақ ордасы адам еткен,
Әліппенің бетін ашып, мейір төккен,
Ұстаздарым –
Айдархан, Нұрғали, Педжан ағай,
Өмірді білімменен өркендеткен.

Сүмбем менің,
Байғозы, Қасымқан мен Бексырға ағай,
Біліммен сусындатты бізді талай.
Тарихтың аударатын түбін қазып,
Өмірден өтті ағалар бір қайрылмай.

Сүмбем менің,
Қайран бауыр туыстар көз көргенім,
Тарихта қалды іздерің жүріп өткен.
Бұл Сүмбе қасиетті атамекен…
Мен қалай аттап кетем ата тектен.

Сүмбем менің,
Қарақұл Албандардың мекені бұл,
Ата-бабам сап кеткен ескерткіш тұр.
Ізі қалған ізгінің өткен жолда, тәуіп етіп,
Аталарға кеп тұрған қызың ғой бұл!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір