ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ӘНШІЛЕРІ
16.09.2025
535
0

Әлемге тарап кеткен қазақтардың ішінде, ежелден өз жерінде отырып-ақ шетелдік атанып кеткен қазақтардың ішінде ұлттың әнін, ұлттың мінез-құлқын мүмкіндігінше сақтап келе жатқан қазақтар екі-ақ елде бар: бірі – Қытайда, екіншісі – Моңғолияда. Басқалардың бәрі – басқа елдің адамы болып бара жатқандар. Бұл екі елдегі қазақтардың да болашағы бұлдыр. Бірақ әзірше оларды тіл мен әні әрең сақтап тұр. Жаның ашыса да, ішің ашыса да шындық солай.

Қазақ нені болса да ұлдан бастайды ғой, мен де ұлдан бастайын. Менің байқауымша, Қазақстанда Мейрамбек Беспаевты өнер сүйетін қауым қалай бағаласа, Шығыс Түркістандағы қазақтар да Бақыткелді Мұқашұлын сондай бағалайтын сияқты. Мені сол қуантады. Елдің елдігі солай көрінуі керек. Барын бағалай білген халық – білімді халық. Ал білімді халық – мәдениетті халық.
Бақыткелдінің өмірбаянын, ата-бабасының, отбасының жағдайын мен жақсы білмеймін, әйтсе де әнін жүрегімді алақаныма салып отырғандай сүйсініп тыңдаймын. Оның даусында табиғи мейірім бар. Ал мейі­рім – өнердің ең негізгі қасиеті. Қайғы, мұң, сағыныш, өкініш, ынтығу, өліп-өшу, сүйсіну, ренжу – бәрі бір жүрекке сыятындай сезіледі. Бойыңдағы соның бәрін өзгеге жеткізетін – әуез, ән. Сол әуездің, әннің құдіретін Құдай Тағала Бақыткелдіге құя салған. Ол өз үнін әдейі құбылтпайды. Шеберлік жасап жанталаспайды, тұлабойынан төгіліп келе жатқан үн-сезімді тек табиғи күйінде төгеді де отырады, төгеді де отырады. Тыңдап отырып, сен де оның сезімін өз бойыңа сіңіресің де отырасың, сіңіресің де отырасың. Оны ол жақтың адамдары «Қытай қазақтарының Мейрамбегі» дейді екен. Онысы сүйсіну, бағалау емес пе? Қандай жарасымды баға!
«Жоғалып жазғы шақтарданы» айтқанда, Бақыткелді әнді емес, тіршіліктің түйінді бір сәтін алдыңа жайып салып тұрған адам сияқтанады. Тыңдап отырып, сен де Бақыткелдіге айналып кеткен адам сияқтанасың. Оның сезімі мен сенің сезімің жарысады да отырады. Екеуің бірігіп, бір сезімнің құшағына кіресің де кетесің. Өнердің құдіреті баурап әкетеді. Өзің – өзің емес, әлемдегі ең үлбірек сезім болып кетесің. Өйтіп баурап алу, баурай білу, баурап әкету әркімнің қолынан келе бермейді.
Мен, мысалы, қалың қазақтың ішінде жүріп, қазақы адамдарды сағынам, ол да жер бетінде жүріп, «Туған жер Алтайды» сағынады екен. Сол әнді ол анасын сағынған сәбидей елжіреп айтады. Екеуіміз де сағыныштың бір көрпесін жамылған егіз секілдіміз. Екеуіміздің екі жақта жүргеніміз болмаса, бір ата-ананың баласымыз. Осындай бауырлық сезімді сағынышқа орап, перзенттік сезіммен ән шырқап тұрған Бақыткелді – көп әншінің бірі емес, ең ерекшесі. «Шекараның ар жағы да біздің ел, бер жағы да біздің ел», – дейтін Нұрланның бір өлеңі бар еді. Бақыткелдінің «Туған жер» әнін айтуы соған сендіреді.
«Айырылдым қалай?» деген әнді айтады. Табысу, айырылысу – бұл өмірдің бітеу жарасы: бітпейді, таусылмайды, ешкім оны тоқтата алмайды. Ол екеуін бастан кешпейтін пенде жоқ. Айрылысудың өкінішін Бақыткелді өзі де бастан кешкен адамдай айтады, сені де бастан кешкен адамдай әсерде қалдырады.
Жәркен Бөдеш Шығыс Түркістаннан Қазақстанға оралған айтулы ақын еді. Біреу мені ренжітіп қояр ма екен деп қорыққан адамша бетіңе бадырая қарап, үркектей сөйлейтін өте мәдениетті адам болатын. Соның «Ауыл сағынышы» деген өлеңіне Қизат Думанұлы деген азамат әдемі ән шығарған екен, оны да Бақыткелді өзінің өнерпаз болмысы мен қазақы сағынышын бар табиғи қалпында көз алдыңа елестетеді. Оның әншілігі әлдебір ерекшелік емес, өмірді өз қалпында өзгеріссіз көрсету секілді. Қуанса да, мұңайса да, жаныңды жаңсақ сезімдерден тазартып отырады.
Оның «Өр Алтай» деген де әні бар. Алтай – ата-бабамыздың алтын қонысы. Солай екенін Бақыткелдінің өңінен емес, үнінен аңғарасың. Оның үніндей қазақы үн тек қазақылыққа жетелейді. Сондықтан бізге Бақыткелдідей әнші де қымбат, оның азаматтығы да қымбат.
«Гүл өссе, жердің көркі, қыз өссе, елдің көркі» дейді қазақ. Шығыс Түркістанда өзінің үнімен, әнімен құбыла шапқан бір қыз бар, ол – Сәнійә Өнерханқызы. Ол – бүкіл қазақтың әншісі, қазақ өнерінің биік бәйтерегінің бірі. Ол әнді аңыратып та салады, мөлдіретіп те салады, шырқап та салады, құбылтып та салады, өнердің нағыз майталманы. Оның қайсы әні ең жақсы орындайтын әні екенін кесіп айта алмайсың. Айтсаң өзіңді де, елді де алдап отырған адам сияқтанып қаласың. Өйткені оның әндері бірінен-бірі өтеді.
«Арғынмын, атым Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған», –
дейді ғой Әсет ақын. Сол айтпақшы, Сәнійә – дарыған әнші. Оның әншілігінде «әттеген-ай» дегізетін мүдіріс жоқ. Сыңғыр қаққан сазды үні құлағыңның да құрышын қандырады, жүрегіңнің де мейірін қандырады. Тек осындай өнерлі қыз тіл мен көзден аман болса екен деп тілейсің.
Сәнійә «Саялы өзен» атты әнді айтқанда, ата-бабаңның алтын қонысы да, алтын қонысты аялаған ата-бабаң да көз алдыңа елестеп, атақонысында көшіп-қонып жатады. Ал «Қойлы ауыл сағынышын» айтқанда өзің кезіп кеткен, біліп өскен қазақы өмір көз алдыңнан кетпей, көкірегіңді бір шер тербетеді де тұрады: оның не қуаныш екенін, не мұң екенін ажырата алмай әуре боласың, үнінен тараған тарам-тарам сезім кеудеңде көкпар тартып жатқандай әлекке салады. «Оу, Көкейкесті» күй, не дейсің?!» деп, «Еңлік-Кебекте» би бабамыз қайтерін білмей аласұрмаушы ма еді? Ана әнді тыңдап отырып, сен де сөйтесің, аласұрасың. Бір белгісіз бұғаудан босағың келеді, бір белгісіз бұғау бүйіріңнен қысады. Әнді айтып отырған Сәнійә емес, бүкіл қазақы тіршілік жоқтау айтып жатқандай жаныңды қинайды. Өмірдің өтуі, тіршіліктің өзгеруі – бәрі өмірдің өз заңы болса да, жоғалт­қаныңды жоқтасаң, өзгергеніңді іздесең, өзіңнің де өзгеріп кеткеніңе өкінесің. Әннің, әншінің құдіреті қай-қайдағыны қозғайды, қай-қайдағыны еске салады. Әй, Сәнійәдей әнші сирек-ау! Ол «Қоңыр әуен, қоңыр күй» деген әнді жай ғана айтпайды. Жаныңды қиналтады. Кім екеніңді, кім болып бара жатқаныңды – бәрін алдыңа жайып салады. Үні Ұмай енеміздің, Домалақ енеміздің әрі мейірімді, әрі жігерлі, әрі зілді, әрі әжелік ескертуі секілді. Сәнійәнің дауысы қай әнге де еркін жетеді, үнінің кеңдігі қанша шырқаса да жетіп-артылып жатады. Оның «Дәурен-ай» деген әні – қазақ сазгерлерінің сан мәрте ән арнаған тақырыбы. Былайша айтқанда, таптау­рын болған тақырып. Бірақ ән мақамы жаңаша. Шырқап басталмайды, баяу басталып, шырқап көтеріледі, қайта төмендеп, қайтадан жоғарылайды. Қысқасы, өмірдің өзінше сан құбылады. Сол сан құбылған әуезді Сәнійәнің дауысы да сан құбылтып шырқайды. «Қу дүние жеткізбес ескен желдей, Алданыш боп, айналып ақ сағымға», – деп аяқталады. Бұл әннің әуезін Айбын Ақанайұлы, өлеңін Ерзат Тұрсынұлы деген азаматтар жазған екен. Өте бір үйлесім тапқан өнерпаздар тобы деп бағаладым. Бұл ән – Сәнійәнің аса бір үлкен белесі. Сәнійәнің айтуындағы Сегіз серінің «Аққұм» әні де айрықша ықыласпен шырқалады. «Адамның өзім көрген абзалы екен», – деп мейірленеді. «Ақшоқы» атты халық әнін айтқанда, Сәнійәнің дауысы Ақшоқыдан асып, аспанмен астасып кеткендей асқақ естіледі.
Менің курстасым болған Төлеубек Жақыпбекұлының «Жас қалам» әнін де Сәнійә аса бір сезімталдықпен орындайды. «Ләйліден айырылған Мәжнүндей, Дәл қазір менде жоқ асыл-ес», – дейді әуенмен бірге өлеңге де өксік үнін қосып. Төлеубек марқұмның жастай үзілген үмітін Сәнійәнің әуезді үні жүрегіңді шымырлата жеткізеді. Тағы бір менің замандасым Зеберше Оспанова марқұмның «Сүйгенім менің қалада» атты әнін де Сәнійә әйелдік сезіммен айтып, автордың сағынышын бар табиғи қалпына сай жеткізеді. Ойлап отырсам, Бақыткелді мен Сәнійә да, басқалар да ар жақтағы, бер жақтағы әндерді араластыра айтулары арқылы Шығыс Түркістан мен Қазақстанның шекарасын біріктіріп тастаған секілденеді.
Сәнійә соңғы кезде «Інжу-маржан» атты жаңа бір әнді айтып жүр, Әсеттің «Інжу-маржанын» ұмыттырғысы келмейтіндей әрекет. «Бұрынғы әндерде бұрынғы өміріміз бар, оны ұмытуға болмайды. Ұмытсақ, сендер де ұмытыласыңдар!» – деп қабағын шытып тұрғандай көрінеді. Өткен мен болашақты біз жалғастырмасақ, басқа біреу біз үшін жалғастырмайды. Ал жалғастыру деген тек бей-жай өмір сүру емес, өткенді өшіріп алмай, болашаққа аманаттау. Сол борышты атқару жолында Сәнійәнің өнері бізге – үлгі алатын шамшырақ. Сәнійә – жан-жақты өнерпаз, домбырамен де, домбырасыз да, қобызбен де қосылып шырқай береді. Оның дауысын ешбір аспап сүйемелдемейді, өзінің өр мінезі сүйемелдейді.
Шығыс Түркістанда мені ерекше таңдандыратын бір әнші бар, ол – Нұрғабыл Құрманғазыұлы. Оның бір ғана әнінен өзге әнін естіген емеспін. Өмірбаянын да, өмір жасын да, кәсібін де білмеймін. Бірақ Есенқұл Жақыпбеков ініміздің «Сұлу тағдыр» атты өлеңіне шығарған Ерсін Ақашұлының әнін ол айтқанда, мені айрықша бір алапат сезім билейтін. Ән емес, тау суының тасқынын тыңдағандай боламын. Сірә, Есенқұлды жақсы көрген сезіміме ән қосылып кететін болу керек. «Сұлу тағдыр, жоқсың ба әлде барсың ба?» – дейді Нұрғабыл. Екпіндеген дауысы дүлей тіршілікті жарып шыққандай арындайды. Адасқан, шындықты таба алмай шатасқан адамның ащы дауысы. «Қасқыр болып ұлыдым да, Арыстан боп өкірдім. Сөйтіп жүріп, сүйкімімді кетірдім», – дейді ағынан жарылып. Сенен – тыңдаушыдан шындықтың шешімін өлең де сұрайды, әуен де сұрайды. Екеуінде ешқандай айырма жоқ. Өлең мен сөз екі бүйірден екеулеп қысады. Өзі таба алмаған, түсіне алмаған тіршіліктің құпиясын сенен сұрайды. Ән де таба алмаған, өлең де таба алмаған сұлу тағдырды сен де таба алмай дал боласың. Апырмай, Нұрғабыл осы әнді дем алмай салатын сияқты. Мүдірмейді, таптап кететін топансудай төпеп айтады, ойландырады, кірпігіңді қағуға мұрша бермейді. Өмір өтіп бара жатыр, мен де өтіп бара жатырмын. «Сұлу тағдыр» бар ма, жоқ па, соны маған қолма-қол айт, тез жауабыңды бер» деп жағаңа жармасып тұрғандай көрінеді. Осындай да озбыр мінезді, адасқақ адамның жан ышқынысы өзіңді де екпінімен домалатып әкеткен сияқтанады. Сен де «Сұлу тағдырдың» иә болатынын, иә болмайтынын анық болжай алмай емеурейсің. Осындай өнерпаз, айрықша үні, қайталанбас дауысы бар Нұрғабылдың неге басқа ән айтпай жүргеніне өте-мөте таң қаламын. Әлде мен білмейтін бір құпия бар ма екен?
Ар жақ пен бер жақтағы қазақ әндерін насихаттауда Дійнә (орысша «Дина» деп жазылады) Азатқызының әншілігі айрықша бағалы. Ән айтып тұрғандағы қылықтарына қарағанда, ақжарқын, кеңпейіл, көңілді жүретін адам болуы керек. Қазаққа ұнайтын ашық, сылқым дауысы бар. Әр әннің табиғатына сай үні де үйлесіп отырады. Мәселен, ол «Сағыныш» деген әнді сағынып айтады. Оның сағыныш сезімін сен де сезіп отырасың. Өйткені ол беріліп, әннің болмысын сезініп айтады. Әнді дауыспен ғана емес, жүрек үнімен де үйлестіріп айтады. Сондықтан оны тыңдай түскің келеді. 
Біздің жақта кең тарап кеткен Үкітай Айжігітұлының «Найзағай көңіл» әнін Азатқызы да найзағайша жарқылдап шырқайды. Оның осы бір қылығынан «Қай қазақтың да жақсы әні – менің жақсы көретін әнім» деген ақ ниетті аңғаруға болады. Дійнә әнді домбырамен де, жетігенмен де, адырнамен де өзі сүйемелдеп айта береді. Ол жағынан бесаспап. Домбырамен Естайдың «Сандуғашын» шырқағанда, ай, айызыңды қандырады-ау! «Міне, әнші деген әнді осылай шырқауы керек!» деп сүйсінесің. Оспанованың «Сүйгенім менің қалада» атты әнін біздің жақта да жақсы айтатындар көп, оны Дійнә өз мәнерімен тіпті тамылжыта айтады. Ахмет Жұбановтың «Қарлығашын» да сондай бір сылқым үнмен сүйсініп айтады. Сүйсініп тыңдайсың. Шәмшінің «Сыған серенадасын» тыңдасаң, сығандардың таныс қылықтары көз алдыңа келе қалады. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін де, Есенқұлдың «Алдай-ау» әнін де өзіне тән Дійнәлық мәнермен тұлабойыңды шымырлатып шырқайды. Жан-жақтылығына, әр әннің ерекшелігін өз үніне үйлестіре білетініне тек сүйсінесің. Ілекеңнің «Еділ мен Жайығын» айрықша шалқытады. Жалпы, Дійнә қай әнді айтса да, иін қандырып айтады, оған дауысы да, қабілеті де еркін жетеді. «Өлең деген немене өнерпазға» дегенді қазақ осындай қыздарына айтса керек.
Мырзатай Бексұлтанұлының ән салуы – ол да әншілік өнердің өзгеше ағымы. Ол сыбызғыдай сызылта ән салғанда, тұлабойың­ды тәтті сезімге толтырып жібергендей күйге түсіреді. Тырп ете алмай, тамсанып тыңдайсың. Оның бүкіл болмысын «Құсни сәулемді» айтқанда танисың. Әннің бітімі де буыныңа түсердей тым ерекше. Сөзі мен үні бірін-бірі бауырына тартып тұрғандай үйлесімді. «Құсни сәулемді» біздің жақта саңлақ әншіміз Рамазан да салады. Бұл тамаша әнді өмірге әкелген Ерболат Қызыкенұлы мен өлеңін жазған Алмас Ахметбекұлы деген азаматтар екен. «Басынан Бесбастаудың бұлаң қағып, Келуші ең, Құсни сәулем, су алғалы», – деп шырқайды. Мырзатайға сан мың халықтың ықыласын бұрып тұрған басты әннің бірі – осы ән. Әннің өзі де, сөзі де, орындаушысы да келісім тапқан соң, өнердің бағы жанады, әрине! Сегіз серінің «Аққұмын» да Мырзатай бар мән-мағынасына келтіріп орындайды. Үніне риза болып, бар пейіліңмен басыңды шұлғисың да отырасың. Ән, шіркін, қанат біткендей самғайды. Сүйсініп тыңдаған ән сүйегіңді де балқытқандай әсерленесің. «Аққұм» – қазақ халқына қымбат әннің бірі. Тоқсан жылдан астам «Қыз Жібек» операсында Бекежанның ариясы болып келе жатқан ән.
Айтқан әндерінің тақырыбына қарағанда, Мырзатай Іле өзенінің бір саласы Қас өзеннің бойында дүниеге келген көрінеді. Ол ара – ежелгі Үйсін мемлекетінің мекені. Қазақтан қалмақтар алып, одан Қытайға өткен ғажап өлке. Шыңғыс хан заманында «татар» атанған күллі қазақ тайпалары тұрақ еткен қасиетті жер. Сол замандағы жазбалардан бізге жеткен Құлжа өзені, Нараты шаты – бәрі осы маңайда, Мәңгі Бұрханның оңтүстік шығысында. Тарихи жерлерді әнге қосу да тарихты сыйлау.
Оның бір әні «Табиғат жылап тұр бүгін» деп аталады. Мұңды ән екені атынан-ақ аңғарылып тұр. Адам жылағанда, табиғат неге жыламасын?! 1916 жылдың зарлы үні болып бізге жеткен «Самал тау» әнін де Мырзатай өткенді еске түсіріп әндетеді. Оның ән қоры өте бай, жан-жақты, сан-салалы, әр әнге жаны мен жүрегін тосады, оның әні сондықтан өзгеше баурайды. Ол, мысалы, «Қас өзенін» айтқанда, анасына еркелеп отырған сәби сияқтанып кетеді. Анаң сияқтанып кеткен ауылыңды сен де сағына отырып тыңдайсың, әншінің дауысы сені солай жетелейді.
Әншейін «Әләйлім» деп қош айта салған қазақтың әнін ол шырқағанда, астарынан халқымыздың ата-бабадан үзілмей келе жатқан жайдары үнін естігендей боласың. Халқының үнін өрнектеген әнші – нағыз әнші.
«Сен мені еркелеттің» деп ән салады Зіләш Мүтәліпқызы. «Сен мені еркелеттің айдын көл жағасында, …достардың арасында», – дейді отағасына дән риза болған сезімтал әнші. Қазақта мұндай ән де, ондай әнді айтатын әйел де сирек. Сондықтан бұл әнге де, әншіге де еріксіз жалт қарайсың. «Ақ жүрек табыстырған» отағасына: «Мен сенің құшағыңда келеді жүре бергім», – дейді. Мырзатайдың үйіндегі келін бір сұхбатында: «Әйелдің бақыты – отбасы», – дейді. Сол қызықты Зіләш әнімен бейнелепті. Қандай жарасымды, қандай өнегелі өнер?! Қазақ осындай ұлттық ерекшелікті үйренуі керек. Ұлттық ерекшелік деген – осы.
Еркелеткені аз болғандай, Зіләш «Сүйкімдісің» деп те ән салады. Сырлы, сазды, жұмсақ үнімен жан-жүрегіңді тербете салады. Марқұм Кәкей Жанжүнұлының өлеңіне жазылған Зіләштің әкесі Мүтәліптің «Әке» атты әні бар екен. Зіләш оны сан қатарлы сезіммен толқи отырып, тыңдаушыны таңданта отырып айтады. Кәкей Моңғолияда тұратын еді, әуе апатынан көз жұмыпты. Онымен үш-төрт мәрте әңгімелесіп едім. Елгезек, қазақ десе жүрегін ала жүгіретін азамат еді. Оның өлеңіне жазылған «Анаға хат» деген тағы бір ән бар. Оны біздің Айжан Тәженова аса биік деңгейде орындайды. Әнін жазған – Мақсым Менкенев деген азамат. «Келем, апа, көктемде, Жаңбыр нұрын төккенде. Алтай алқа таққанда, Бұлақ сылдыр қаққанда», – дейді Кәкей. Сондай азаматтың сөзін арқау еткен «Әке» әні де балалық сезіміңді бесікте әлдилейді. Бала болып балқып тыңдайсың.
«Көк өзен» әні – Зіләштің көкейкескен әні. «Қызы едім Уәлидің, атым – Майра», «Қозыбақтың қызы едім, атым – Ұмсын», – деп шырқаған қазақ қыздарын біз ешқашан ұмыта алмаймыз, солармен үндесе «Көк өзен» әнін шығарған қазақ қызы: «Қызы едім Майтабанның, атым – Аппақ, Өлеңді он жасымнан алғам жаттап… Көкөзенде ауылым, Күнде думан-сауығым. Па, шіркін! Мен не дейін? Қалма кейін! Толықсып Бозжорғамен жөнелейін», – деп шырқапты. Әні де ғажап, сөзі де ғажап. Тек, әттең, халық жадында өзге әндері қалмапты. Әйткенмен, Құдайға шүкір, бұл әнді ар жақтағы қазақ та, біз жақтағы қазақ та сүйсіне айтып жүр, соған қосқан Зіләштің үні өте-мөте үлкен. Ол Әсеттің «Мақпал» әнін де әйелге тән мәнермен әдемі орындайды. Мақпал үнімен «Мақпалды» тамылжыта айтқанда, сені де мақпал сезімге бөлеп тастайды.
Таңжарық Жолдыұлының «Қос жеңге» әні Зіләштің шырқауында тіптен жүрегіңді шымырлатады. Таңжарық кешкен түрме азабын, қорлау түрлерін ешбір қазақ ақыны бастан кешкен емес. Сондай асыл азаматтың әнін, толғауын жатқа айтқан Зіләш өзі де азаматқа татитын адам екенін аңғартады. Өткенді сыйлау сөзбен емес, осындай үлгілі іспен жүзеге асуы абзал ғой. Байқауымша, Зіләш әндерді таңдап, талғап айтады. Жанымен айтады. «Ақмарал сұлу еркем-ай», «Ақерке» секілді халық әндерін көп әннің ішінен таңдап қана орындайды. Оның әнін тыңдаған соң көпке дейін үні құлағыңнан кетпей жүреді. Сондай сиқыры бар.
Ержан Мадиярұлының әншілігін де, сазгерлігін де оқшау биікке көтеріп тұрған ән – «Дариға-ай». Бұл әннің өлеңін ақын Серікзат Дүйсенғазы жазыпты.
«Еліктей мүсін,
Жанымды түсін!
Сағындым қандай,
Амалым қалмай,
Ән жаздым саған,
Дариға-ай», –
дейді әннің қайырмасы. Бұл әнді Ержанның өзі айтады және айтқанда да, ешкім өйтіп айта алмайтындай қылып айтады. Даусымен де, жанымен де, жүрегімен де балқып тұрып айтады. Ән болғанда да қандай ән, шіркін! «Аһ!» дегенде, аузынан ақтарылып түсе қалғандай. Төгіліп тұр. Өлең де, өлеңнің сөзі де емес, бәрін әуеннің өзі-ақ айтып тұр. Адам шығарған емес, табиғаттың өзі туғыза салған дүние секілді. Тыңдап сүйсінесің, ойлап сезінесің, сирек болатын бақытты күйге бөленесің. Ержанның әні осылай әлдилейді.
Бұл әнді біздің «МузАРТ» тобы да айтады. Бабына келтіріп, бұлар да Ержанның өзінен кем айтпайды. Бірақ неге екенін, бұл әннің Ержандыкі екенін де, өлеңін де Серікзаттан басқа біреу жазғанын да айтпайды. Әнге балқып отырғанда, оны да біреудің шығарғанын, өлеңін де біреу жазғанын есіңе де алмайсың. Бірақ қазақ әні қайдан шықса да, кім шығарса да, қазақтың ғана жүрегіне жол табады. Ержанның өз әнін өзі айтуы – кешегі Сегіз сері, Біржан, Ақандардан қалған қасиетті дәстүр. Осы бір ғана «Дариға-ай» әні арқылы Ержанның әншілігі де, сазгерлігі де самғау биікте шалқып тұр. «Шалқи берсін!» деп тілеймін. «Аңсадым сені» деген әнінде: «Басына Бесбастаудың келдім, жаным», – дейді ғой, іздеп, аңсап жүре берсін өнерпаз бауырым!
Соңғы кезде жұрт ықыласын қатты аударған бір ән пайда болды, аты – «Сен мені еске алдың ба?» «Өнерде шекара жоқ» деген рас, бұл әнді біз де айтамыз, Қытайдағы қазақтар да айтады. Жасы менімен қарайлас, Мұқағали ағамыздың өлеңіне жазған «Сағындым» («Құмған алған») әні қазақ әндерінің ішіндегі бір үздігі болып келген Мұратхан Егінбаевтың «Сен мені еске алдың ба?» атты бұл әнін өз әншіміз Асқар Мұқият­ұлы жеке де, қос ән етіп те шырқап жүрсе, Мәртбек Бақытұлы бауырымыз да осы әнге ықыласын аударып, Жанар деген әнші екеуі айтқанда, кеудеңнен жүрегіңді суырып ала жаздайды. «Еске алған қандай жақсы, еске алар адам болса», – дейді көкейіңе қона кететін сөзді айтып. Адамды арбап алатын ән, ұмыт бола бастаған ойларыңды, өшіп бара жатқан сезімдеріңді қайта оятып, қайта серпілтетін ән. Өзі де әнші, өзі де сазгер Мәртбектің бұл әнге пейілі бекер түспеген, әрине. Талғампаз әнші әннің төресін тани білген. «Жүрек қайтіп шыдайды» дейтін өз әнін Мәртбек мәртебесін асыра орындайды. Мұңлы, ойлы әнді мұңлы, ойлы дауыспен айтады. Шәрбәт Құсманқызының «Бөтен қыз» дейтін әнін де, халық әні «Үкілі-ай кербезді» де, «Сазды» да сазына келтіре салады.
Өз әндерін өзі айтатын сазгерлер осы күні азайып бара жатқанда, Мәртбек тәрізді өнерпаздар қазақтың ежелгі дәстүрін үлгі етуімен ерекшеленеді. Оның «Махаббат жыры», «Мен сені жақсы көремін» секілді әдемі әндері өз орындауында өте әдемі естіледі. «Айналайын, ерке қыз, мен сені жақсы көремін», – деп өз сезімін әуенмен жеткізеді. «Көл шетіндегі қыз» әнін өзі де, өзгелер де сүйсіне айтып жүр. Мәртбектің әншілігі де, сазгерлігі де болашақта үлкен биіктен көрінеді деп сенемін.
Аманкүл Ғабиденқызының «Арман-ай» әнін 3 (үш) миллионнан аса адам тыңдапты. Бұл – биік нәтиже. Тыңдарманды әннің бұлайша баурап алуы, біріншіден, әннің мән-мағынасында болса, екіншіден, әннің болмысын бұзбай, жоғалтпай жеткізуінде.
«Жаңылдырған жалған-ай,
Алдап кеткен арман-ай.
Шақырсаң да барман-ай,
Қалған бір көңіл қалған-ай!» – деген жар өксігін Амангүл өз үнімен табиғи түрде жеткізеді. Бұл ән тыңдарманды сол ерекшелігімен ерекше баурап алады. Себебі махаббат мұңын татпаған адам өмірде кемде-кем.
«Маңмаңгер» әнін Амангүл Ақан серінікі деп айтады. Бізде де солай. Бірақ бұл ән Сегіз серінікі. Ақанның бәйге аты да, бетке ұстар аты да Құлагер болған, басқа аты ешбір деректе жоқ және Ақан Көкшеден кетіп, басқа жерге бармаған. Сондықтан ол: «Ахау, туған елім, балаң едім. Өзіңе осынау әнге сала келдім» деуі мүмкін емес. Ал Сегіз сері орыстың жиырмашақты әскерін өлтіріп кетті деген жаламен нағашылары Байбақтың ішіне қашып, бірнеше жыл Еділ бойындағы Тептер деген жерді паналап, содан қайта оралғандағы айтқан атақты әнінің осындай-осындай өз тарихы бар.
«Бағым-ау, сені сағындым» атты әнді Амангүл жеке де, қос ән етіп те айтады. Сырлы да, сұлу ән. Интернетте Амангүлдің әні көп емес, сондықтан оның әншілігі жайында кең көсіліп айта алмаймын. Алайда қазақ өнерін дамытуға, насихаттауға оның үлкен үлес қосып жүргеніне тек шексіз сүйсінемін.
«Келші, бағым!» деген Болатбек Оразбайдың өлеңіне ән шығарған, ол әнді сағынышты үнмен орындаған Ахметжан Рабжанның әншілігі де өз ерекшелігімен ұнамды. Ішкі сезіммен, өзіңе ғана сырын ашып тұрған адамша айтқанда, үнінен мейірім төгіліп тұрғандай әсер қалдырады. Әуеннің де, сөздің де мән-мағынасын жұмсақ үнімен жан дүниеңе әдемі жеткізеді. Ән бітсе де, әннің әсерінен әлден уақытқа дейін арыла алмайсың. Үзіліп кетердей нәзік үннің әсері жаныңды ұзақ тербетеді. Оның «Айнам» атты әнін қытай елінде жеті миллионнан астам адам тыңдапты. «Кенжесі едің ауылдың», «Киелі махаббат», «Ауылым» тәрізді әндері айрықша бір сағынышқа, аңсауға толы ынтамен айтылады. «Туған жер» әнін тыңдаған адам аз. «Майда қоңыр», «Қайран өмір», «Ақ маржан» секілді сүйкімді әндерін шығарған, оны орындаған Ахметжанға ризашылықтан басқа не айтасың! Ол айтқан «Ақ көйлек» әні аппақ көңілдің шуағы іспетті. Үні тұнық. Әншілігі мен сазгерлігі бір-біріне сай.
Саламат Болатұлы деген бауырымыздың өнері ерекше ілтипатқа лайық. Ән шығарғыштық өнер әкесінде де бар көрінеді, өйткені зайыбы ауруханада жатқанда оған арнап «Құштарым» атты сағынышқа, мейірге толы ән шығарыпты. Ол әнді Саламат аса айрықша сезіммен орындайды. Әке мен баланың қанына тартқаны қандай ғажап! Табиғи өнердің тамырластығына қалай риза болмассың?! «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді ғой қазақ. Саламаттың әншілігі мен сазгерлігін ғана емес, оның қандай адам екенін де айрықша көрсететін ән – «Өмір-ай». Интернеттегі жазбаларға қарағанда, әннің өзі де, сөзі де – бәрі Саламаттыкі. Бұл ән – оның үлкен белесі, оны бір жарым миллионға жуық адам тыңдапты.
«Бір жығылып, бір тұрып,
Өтіп жатқан өмір-ай!
Бірде жылап, бір күліп,
Бақ пен сордың егізі-ай!» – дейді Саламат. Көптің көкейіндегіні айтады. Көптің көкейін­дегіні тап басқан адам талант емей, немене?!
Біз «Найзағай көңіл» дейтін әнді айтсақ, Саламат «Найзағай сезім» атты ән шығарыпты. «Шыңғыс хан да найзағайды тылсым күш санайды» деген сөз бар. Соған қарағанда, жалпы қазақ үшін найзағайдың орны бөлек болса керек. Саламаттың айтатын әні де, шығарған әні де біршама. «Ай, жаным», «Ерке қыз», «Сағынып жүрмін», «Алғашқы махабат», «Қалқатайым», «Іңкәрім менің», «Сен қайда жүрсің?!» т.б. әндерін өзі де, өзгелер де айтады. Халықтың «Абайкөк» әнін Саламат ежелгі сал-серілерше шырқайды. «Әке», «Ана» атты әндерін де ерекше ықыласпен айтады, Ілені сағынып та ән салады, сол қылықтарымен ол бізбен бірге жүрген адамдай әсер қалдырады. Қазақтың бірге болғанына, бірге жүргеніне не жетсін!
Бірі ана елде қалып, бірі мына елге кетіп, бөлініп-бөлініп жүрген қазақтың қай сырын, қай жырын жеріне жеткізіп айтарсың?! Әнші қыздардың ішінде Бақытнұр Ілиясқызы айрықша қылығымен ерекшеленеді: ол тек домбырамен айтады, ешкімге еліктемейді, ешкімге ұқсамайды, бүкіл әннің болмысын домбыраға бағындырады. Оның әндері өте мол, жан-жақты, сан-салалы, алуан тақырыпты, халық әндерін де құйқылжытады. Қазіргі сазгерлердің әнін де аңыратады; ән айтпаса, отыра алмайтын адам сияқты, «Айт!» деп жаны тыным таптырмай тұратындай әнші. Оның өзге әншілерден ең басты ерекшелігі – тек домбырамен айтатыны. Кез келген елдің кез келген әнін домбырамен айтса, не тартса, ол, сөз жоқ, қазақыланады. Себебі қазақтың қазанында қайнайды. «Ей, қалқа», «Гүл-гүл, Жамал-ай», «Керімсал-ай», «Алайкөк» («Абайкөк»), «Ой, дүние», «Біреулер» (терме), «Бозбала», «Ой, көк», «Қара жорға», «Бекзатым-ай», «Шилі өзен», «Дей салдым-ай», «Бүлдірген», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Ахау, керім», «Екеуің-ай», «Жас келін», «Әттең-ай», тағы басқа халық әндерін орындайтынын еске алсақ, оның ән қоры тым көп екені өз-өзінен дәлелденеді. Соншама әнді өз ерекшелігін сақтап отырып айту көрінген әншінің қолынан келе бермейді. Бақытнұрдың бейнеткер, еңбекқор әнші екені осыдан да байқалады. Ол халық әндерінің қатарында айтатын «Қоғалы-ай» әнін біздің Кербұлақ пен Жаркент өңірінің өнерпаздары Пішән Жәлменде- ұлының әні деп шырқайды. «Аңса, жаным!» әнін шығарған – марқұм Болат Сыбанов, «Үгәй-әй» әні – Жамбыл Жабаевтыкі, аты аттас әндер біршама болғандықтан, көп адам содан шатасады. «Жалғыз арша» әнін көп адам Біржандікі дей салады, алайда Дәнеш аға оны Әсеттікі дейді. Бақытнұр Манарбектің «Сайра, бұлбұлым», Жақсыкелдінің «Жезкиігін», Сегіз серінің «Аққұмын», Біржанның «Ләйлім шырағын», Дәнеш ағаның «Арайлымын», Ақан серінің «Балқадишасын», Нұрғиса ағамыздың «Құстар әнін», Әбүйірбек Тінәлінің «Фариза қызын» айту арқылы қазақ елінің шекарасын шетсіз-шексіз кеңейтіп жібергендей көрінеді.
Ауыл десе ішкен асын жерге қоятын қазақ әлі де жер бетінде көп. Ал Бақытнұр «Сағынып келем ауылымды» атты әнді бүкіл қазақтың әнұранындай етіп орындайды. Оны тыңдағанда, сағынышың басыла ма, өрши ме, өзің де білмей қаласың.
Дәнеш ағаның Мұқағали өлеңіне шығарған «Аққулар, хош болыңдарын» орындаумен әйгіленген Әбдібақыт Сұлтанбекұлы халық әндері «Ойна да күл», «Қыздар-ай», Естайдың «Бір мысқалын» мән-мағынасын ашып орындайды. «Ақ келіншек», «Сәлем берейін», «Сағынам» әндерін айтуы тыңдаушыны қатты риза қылады. М.Мұсақанұлының «Арман-ай» атты шырқау әнін ата-бабамыздан бері үзілмей келе жатқан кең дауыспен «Ахау!» деп бастап, асқақтата салған Дәуренбек Аркенов бауырымды «нағыз әнші» демей, қалай шыдайын?! Әнді өйтіп нағыз қазақ қана шырқайды.
Айта берсем, тізе берсем, қытай қазақтарының әншісі де көп, сазгері де көп. Көбейе берсін! Бәрін қамти алмағаным үшін кешірім сұраймын!
Әншілік әлемінде өз үнінің ерекшелігімен елге танылып жүрген Анар Сембек, Дәурен Нұрғожа, Мүнійра Азатқызы, Қажымұрат Шешенқұл, Отанбек Еңсеханұлы, Тынысбек Қайырбекұлы, Гүлмира Жекенқызы, Нұрсымбат Саятқызы жайында жарытпай да жарты сөз айта алмадым, өкінішті! Бірақ солардың бәрін сүйсініп тыңдап, сүйсініп өмір сүріп жүрмін. Шет елде, шет жерде жүрсе де, өз елінің өнерін өрге көтеріп жүрген бауырларым аман болсын!

 

 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір