Абай Құнанбайұлы туралы жаңа дерек
09.09.2025
337
0

Енді хақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың
бар болса, адамдыққа лайықты ықыласты құлағыңды қой.
Отыз сегізінші қара сөз

Абай. Тұғыры қандай биік еді. Қарасаң, басың айналады. Ол биікке көз тігу – тек таңдану емес, өзіңді жоғалтып алу қаупі. Абай жайында қалам тербеу – рухани жауапкершіліктің ең ауыр түрі. Өйткені Абай – тек ақын емес, ол – ұлттың ар-ожданы, рухтың сәулесі. Оның әрбір сөзі – терең тұңғиық, әрбір ойы – шексіз кеңістік.

Мен ешқашан Абай туралы жазам деп ойламаған едім. Бұл өте қорқынышты. Қорқыныштысы сол, Абайды түсінуге ұмтылу емес, оны түсіндім деп айту. Өйткені Абайды талдау – сол биіктікті өз деңгейіңе түсіру емес пе? Ал ол биіктікті төмендету…Сондықтан бұл мақаламыз Абайдың өлеңдерін талдауға арналмайды, тіпті қарасөзіне де емес. Тек оның өмір жолындағы бір тарихи сәтке үңілмекпін, нақтырақ айтсақ, 1896 жылдың 5 қыркүйегіне. Бұл – талай ғалымдардың назарынан тыс қалған, бірақ Абайдың рухани болмысын тереңірек тануға мүмкіндік беретін жаңа табылып отырған тарихи дерек.XIX ғасырдың орта шенінен бастап, қазақ сахарасын толық бағындырғаны аздай, империя енді қазақтың санасына ауыз салды. Бұл отарлық саясаттың ең сұмдық кезеңі еді. Жерді тартып алу – тәнді тұсаса, ал сананы жаулау – рухты тұншықтырады. Шоқындыру саясаты 1860 жылдардан кейін, тіпті қарқынды жүрді. Бұл жерде Н.И.Ильминскийдің де «зор үлесін» атап кету керек. Н.И.Ильминскийдің христиандық-миссионерлік қызметке қатысты көзқарастары мен «түземдіктер» арасында жүргізілген үгіт-насихат әдістемесі патшалық биліктің идеологиялық негізіне айналды. Ол ұсынған кең көлемді миссионерлік практика бағдарламасы империя сая­сатымен тығыз байланыста жүзеге асырылып, қазақ халқын христиан­дандыру үдерісінде тиімді құрал ретінде қолданылды. Бұл ретте православиеге үгіттейтін миссионерлік қызмет пен патшалықтың ұлттық саясатындағы орыстандыру бағыты өзара ажырамас бірлікте болғанын атап өткен жөн. Н.И.Ильминскийдің бағдарламасын Қазақстан аумағында нақты іске асыру міндетін Әулие Гурийдің Қазан бауырластығы атқарды. Кейінірек осы ұйымның негізінде құрылған православие миссионерлік қоғамы бұл миссияны жүйелі түрде жалғастырып, жергілікті халыққа діни және мәдени ықпал етудің негізгі тетігіне айналды. Ғалым Ж.Шалғын­бай өзінің «История Казахской книж­ной культуры» (ХІХ в.–1917 г.; 1991–2001) атты монографиясында: «1883 жылы 400 дана таралыммен бірінші рет «Лукадан болған қасиетті Інжіл» басылымы жарық көрді. Содан кейін православиелік сенімнің негіздерімен таныстыратын әртүрлі басылымдар пайда болды: «Қасиетті шомылдыру рәсімінен өтуге дайындалып жатқан қырғызға хабарланған православие христиандық сенімі туралы алғашқы мәліметтер», «Ескі Өсиеттің қасиетті тарихы», «Тақуалық мектебі», «Әулие князь Владимир», «Иса Мәсіхтің астарлы әңгімелері», «Иса Мәсіхтің кереметтері», «Ресейдің шомылдыру рәсімі», «Марктің қасиетті Інжілі» және басқалары» деп жазды.Қазақ оқырмандары үшін шығарылған миссионерлік басылымдардың жалпы саны жүзге жуық атауға жетеді, оның ішінде қайта басылғандар да бар. Бұл «шабуылдар» әсіресе шекаралас жатқан аймақтарға қатты сезіліп жатты. Аласапыран заман Абайдың уақытына дәл келген еді.Хакім Абайдың ұстанған көзқарастары өлеңдері мен қара сөздерінде толық келтіріледі. Профессор Тұрсын Жұртбайдың «Күйесің, жүрек… сүйесің» атты еңбегінде барынша талданған бұл мәселеге тоқталудың қажеті жоқ деп таптым. Ал өмірде, ел арасында, оның ішінде, Көкбайдың естелігі негізінде Сергей деген миссионермен кездесіп, сөзден жеңгені туралы әңгіме көп тараған. Ол жайында да жазбалар жеткілікті болған соң тоқталған жөн болмас. Қара сөздерін айтып отырған себебім, Абайдың діни ойлары сол еңбектерінде толық жазылған болса, архимандрит Сергей туралы бастағаным, Хакімнің миссионермен кездесіп сөз таластырғаны. Мақала осы бағытта өрбімек.
Бүгінгі таңда Зәуре Батаева деген апамыз «Загадка Абая: величайший неизвестный поэт Казахстана. Часть четвертая» деген мақаласында «При этом физических следов жизни писателя нет… Более того, не найдено ни одного упоминания об Абае в письмах таких русских ссыльных, как Северин Гросс или Евгений Михаэлис, с которыми, говорят, Абай поддерживал связи», – депті. Оқысаң шошисың, ал бірақ шамаң келсе дәлелмен сөздерін теріске шығар. Шәкәрім атамыз айт­қандай, «Айтса да қандай ғалым зат,
Дәлелсiз болса, бәрi – оғат» дегендей, әр заттың дәлелі болу керек.
Қазақ халқын христиан дініне өткізуге бағытталған миссионерлік әрекеттер туралы деректерді зерделей отырып, назар аударарлық тарихи құжатқа тап болдым. Бұл дерек бұрын-соңды абайтанушылардың назарынан тыс қалып келсе керек. Сондықтан мақалада Абай туралы жазылған деректі түпнұсқадан аударып беріп отырмыз. Оған қоса, бұл З.Батаеваның «Абайдың немесе Ибрахим Құнан­баевтың өмір сүрмегені немесе орыс зерттеушілерінің естеліктерінде аты аталмайды» деген тұжырымның негізсіз екенін дәлелдейді.
1897 жылы жарық көрген «Православный Благовестник» журналының №8-9 сандарында орыс миссионері, дін қызметкері Леонид Покровскийдің «1896 жылға арналған қырғыз миссионерінің жазбалары» («Записки киргизского миссионера, священника Леонида Покровского за 1896 год») атты естелігі жарияланған. Аталмыш журнал Мәскеуде 1893 жылдан бастап, православ миссионерлік қоғамының бастамасымен айына екі рет басылып отырған.
Покровскийдің жазбаларында Семей өңіріндегі молдалармен кездесулері сипатталады. Оған қоса ерекше Л.Покровский Ибрахим Колымбаев деген қазақпен кездескені жайлы егжей-тегжейлі жазылады. Әрине, «Колымбаев» деп жазғаны күмән тудыруы мүмкін. Бірақ мәтіннен Абай екені еш күмән келтірмейді. Орыстардың қазақтардың аты-жөндерін бұрмалағанда түпнұсқасын таппай қалатын жағдайлар көп болғанын бәріміз білеміз, сондықтан «Колымбаев» дегені «Кунанбаевтың» бұрмаланған нұсқасы болса керек. Осы дерекке сүйене отырып, Абай Құнанбайұлының ислам дінінің қорғаушысы ретінде айрықша рөл атқарғанын байқауға болады. Ол тек молдалар үшін ғана емес, миссионерлермен пікірталаста да беделді тұлға ретінде көрінеді. Абайдың діни білімінің тереңдігі, рухани ұстанымының беріктігі және исламды қорғаудағы ұстанымы миссионерлер тарапынан да мойындалған.
Бұл дерек Абайдың діни-философиялық көзқарастарының сол кезеңдегі діни-саяси ахуалмен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Сонымен қатар миссионерлік қызметтің қазақ қоғамына ықпалын зерттеу барысында Абайдың тұлғасы тек әдебиет пен философия саласында ғана емес, діни дискурста да маңызды орын алатынын дәлелдейді.
Леонид Покровский өзінің естелігін былай бастайды: «Қырғыз миссиясында, Алтай миссиясының үлгісімен, жыл сайын қаңтар айында барлық миссионерлердің съезі өткізіледі. Биылғы жылы бұл жиынға жеті миссионер қатысты. Олардың көпшілігі үшін, мен үшін де, бұл алғашқы съезд болды. Миссия басшысы архимандрит Сергей тұратын Шүлбі атты шағын казак ауылында біз бір апта бойы күн сайын таңертең және кешке архимандриттің үйінде жиналып отырдық.
Жиындарымыз миссионерлік жазбаларды оқып, қырғыздар арасында христиан дінін неғұрлым тиімді таратуға көмектесетін түрлі шараларды талқылаудан тұрды. Съезд барысында мен қызмет ететін орта жағдайларымен жақсы танысып, алдағы қызметімде кездесуі мүмкін қиындықтарға іштей дайындала бастадым.
Съезден оралған соң, мен қырғыз тілін үйренумен айналыстым және Құдай сөзін жеткізуге дайындалдым. Кейде маған келген қырғыздармен сұхбат жүргіздім. Сирек болса да, жақын маңдағы ауылдарға шығып, сол жерде де уағыз айттым».
Миссионер өз жұмысын адал атқару мақсатында ел ішіне шығып, Аққұм, Бесқарағай, Айғыржал, Кентүбек, Жетітау (Семитавская), Шаған, Бұғылы және Шыңғыс болыстарын аралайды. Жолда уағызын айтып, қазақтарды христиан дініне шақырумен қатар, христиан дінін қабылдаған қазақтарың жай-жапсарын біліп, молдалармен діни пікірталасқа түсіп отырады. Естелікте ол: «Бесқарағай және Аққұм болыстарын аралап жүргенімде, ауылдарда миссионерді көбіне салқын қарсы алатынын байқадым. Олар оны тезірек келесі ауылға жөнелтуге тырысады. Ал Бесқарағай болысынан тікелей қорлау естуге тура келді. Ол мені өз ауылына кіргізгісі келмей, «Маған сенің еш қатысың жоқ, маған келудің қажеті жоқ» деп, тіпті менің атқосшымды түнде түрмеге қамағысы келді. Әрең дегенде байғұс атқосшыны қорғап қалдым, амалсыз келесі ауылға аттануға тура келді. Мені барлық жерде салқын, тіпті жауласқандай кейіпте қарсы алды, сондықтан әңгімелеріміз де солғын әрі қызықсыз болды. Бұған қоса, осы екі болыстағы ауылдардың көбінде татар молдалары бар. Бұл молдалар миссионер келгенде қалай әрекет ету керектігі жөнінде Семейден арнайы нұсқау алғандай әсер қалдырады. Молда әдетте миссионер отырған жерден барлық қазақты таратып жібереді, тек өзі сенетін екі-үш адам ғана қалады. Содан кейін ол өте сыпайы сөйлесуді бастайды, бірақ әңгіме дін тақырыбына ауысқан сәтте мазасызданып, ондай әңгімені тоқтатуға немесе басқа тақырыпқа бұруға тырысады», – деп жазыпты.
Молдалармен сұхбат құрып, оларды сұрақтармен барынша жеңуді мақсат еткен миссионердің алғаш Абай туралы ауыл молдасынан естігені былайша сипатталады: «Басқа бір ауылда молда менімен дін туралы сөйлескісі келмей, маған былай деді: «Сен біз сияқты сауаты төмен молдалармен оңай сөйлесесің, ал егер Семейдегі білімді молдалармен сөйлессең, исламның ақиқаттығына өзің де көз жеткізер едің». Өз сөзінің дәлелі ретінде ол миссионер әкей Иоанн Никольскийдің де бұрын оларға уағыз айтуға келгенін, бірақ Семейде молда Ибрагим Колымбаевпен сөйлескеннен кейін, ұялып, мүлде ел аралауға шықпай кеткенін айтты».
Бұдан кейін де ауыл молдаларынан, ел арасынан «Ибрагиммен кездессең», барлық сұрақтарыңа жауап аласың» деген сияқты сөздерді жиі ести бастайды. Талай ауылды аралап, ешқандай молданың білімі мен айтқан сөздерін жақтырмай, тек сынаумен келе жатқан миссионер үшін есімі аңызға айнала бастаған Ибрагиммен кездесу қызық бола бастағаны көрінеді. Ендігі ойы – Абаймен жолығу.
Сонымен миссионер Леонид Покровскидің естелігін сол күйін­де берейік: «5 қыркүйек күні мен қырғыздар арасында танымал Ибрагим Колымбаевқа ақыры жеттім. Ибрагим менімен алғашқы сөзден-ақ дін туралы пікірталасқа кірісті. Ол былай деді: «Әлем жаратылғаннан бері адамдар арасында сенім жайлы дау-дамай тоқтаған емес; әркім өз сенімінің ғана шынайы екенін айтады, бірақ ешкім ешкімге нақты дәлел келтіре алмаған, сондықтан әр адамды өз сенімінде қалдырған дұрыс емес пе?»
Мен оған қарсы пікір білдірдім: «Сенімдер әртүрлі – кейбіреулері ғылымды менсінбейді, басқа дін өкілдеріне өшпенділікті насихаттайды, әйелге жабайы, айуандық қатынасты уағыздайды, адамды қажетсіз, ұсақ-түйек рәсімдердің құлына айналдырады, тіпті өзге сенімдегілерге қарсы қасиетті соғыс жүргізуді де насихаттайды. Мұндай дін адамзат үшін зұлымдық шығар, онымен күресу керек. Сондықтан әркімді өз сенімінде қалдыруға болмайды, керісінше, жалған сенімге ергендерді оны тастауға сендіру қажет».
Ибрагим бұған толыққанды дайын жауабы бар екенін айтты, бірақ алдымен басқа бір ойды жеткізгісі келді. Ол былай деді: «Адам өмірі ұйқыға ұқсайды. Мысалы, ұйқы кезінде адам байқаусызда баланы басып кетсе, бұл оның кінәсі емес. Ол оянады, ар-ұжданы таза, бұл қателік үшін Құдай да жазаламайды. Жер бетінде өмір сүріп жүрген адам да ұйқыдағыдай бейсаналық күйде болады; ол өледі, кейін қатты қателескенін түсінеді, бірақ бұл қателіктері білместіктен болғандықтан, ар-ұжданы мазаламайды, Құдай да жазаламайды. Сондықтан адамның жалған дінге сенуі маңызды емес, ол үшін жазаланбайды».
Мен молдаға қарсы шығып: «Адам өмірін ұйқыдағы адамның бейсаналық күйімен салыстыруға болмайды. Адам өмірінің мәні – оның саналы және еркін болуында. Адам туа біткен ар-ұят сезімі арқылы жақсылық пен жамандықты ажырата алады, әрбір әрекеті үшін, алдымен, ар-ұжданы алдында жауап береді. Жаман әрекеттің себебі – білместік емес, адамның бұзылған табиғаты. Адам – бейсаналық машина емес, ақыл-ойы бар, еркін тіршілік иесі, өз әрекеттері үшін жауапты. Адам өмірін ұйқымен, оның әрекетін ұйқыдағы қозғалыспен салыстыру – адамды адамдық қадір-қасиетінен айыру, оны машина деңгейіне түсіру», – дедім.
Мүмкін бұл көзқарас исламдағы Құдай туралы түсінікпен – әлемдегі жалғыз әрекет етуші күш, жақсылық пен жамандықтың жалғыз себепкері, адамның әрбір әрекеті мен ақыреттегі тағдыры Құдай тарапынан алдын ала белгіленген деген ұғыммен сәйкес келетін шығар. Бірақ христиан діні адамның моральдық әрекеті туралы мүлде басқаша үйретеді. Мен оған жердегі өміріміз болашақ өмірге дайындық екенін, ақыреттегі тағдырымыз осы өмірге байланысты екенін егжей-тегжейлі түсіндірдім. Сондықтан әрбір әрекетіміз мұқият ойластырылуы керек, адамның ұстанатын діні де терең зерттелуі тиіс. Егер оның айтқанындай ойласақ, онда адам жасаған кез келген жаман әрекет, қылмыс пен зорлық ешқандай айыптауға немесе жазаға лайық болмайды.
Ибрагим менің айтқандарымды жақсы түсінді, бірақ өз теориясынан бас тартқысы келмеді. Мен христиан­дық көзқарасты түсіндіре отырып, ислам ілімінің адамгершілік сезім мен ақылға қайшы келетін тұстарын атап өттім. Сонда Ибрагим исламды қорғағысы келмейтінін айтты. Ол былай деді: «Мен – шынайы мұсылманмын, бірақ сіз ойлағандай емеспін. Ислам үйрететін көп нәрсені мойындамаймын. Құран қатты бұрмаланған, онда шындық пен жалғанды ажырату қиын. Мұхаммед Пайғамбар ешқашан қасиетті соғыс туралы үйреткен емес, ол әрдайым ғылыммен айналысуды қолдаған, барлық адамға махаббатпен қарауды насихаттаған.
Діни төзімсіздік – кейінгі молдалардың, әсіресе түріктердің, өз билігін сақтау үшін ойлап тапқан нәрсесі және татарлар орыс билігіне бодан болып, одан құтылу арманынан туған. Қазан медреселері – мұсылман еместерге деген өшпенділікті насихаттайтын басты орталық. Түркияда, Арабияда, Парсыда Қазандағыдай фанатизмді насихаттамайды. Қазіргі кезде ислам ілімі ең қатты бұрмаланып жатқан жер – Қазан.
Орыстар исламды жеткілікті білмейді, оның тереңдігін түсінбеген. Көпшілігі исламды аудармалар арқылы оқиды, ал барлық аудармалар, соның ішінде Г.Саблуковтыкі өте қате. Мен, – дейді Ибрагим – Мұхаммед пайғамбар қалдырған ислам дінінің шынайы нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін. Мен өлгеннен кейін мұсылмандар еңбектерімді оқиды, мүмкін менің ісімді жалғастыратындар табылар».
Мен Ибрагимнің үйінде түнедім. Көптеген мәселелерді талқыладық. Ол өте көп оқыған, тіпті философтарды да оқыған, бұл білімін де жасырған жоқ. Мысалы, граф Л.Толстой туралы жақсы айтты, оны ислам туралы көзқарасты бөлісетін адам деп санайды. Әкей Иоанн Кронштадский туралы «біздің әкей Иоанн» деп атайды. Христиан діні туралы өте ұстамды сөйлейді. Ал исламда көп нәрсені сынға алады. Семейлік молдаларды білімсіздік пен фанатизм үшін айыптайды.
Келесі күні Ибрагимнің үйінен шығып, тағы бес ауылға бардым. 12 қыркүйекте аман-есен үйге оралдым».
Миссионер, священник Леонид Покровский
1896 жыл – Абай Құнанбайұлының өміріндегі маңызды белес. Бұл кезеңде ол болыстық қызметін аяқтап, қоғамдық-саяси істерден бойын аулақ ұстай бастайды. Сол уақыттан бастап, Абайдың рухани және философиялық ізденістері тереңдей түседі. «Ғақлия» аяқталып қалған. Миссионер Леонидпен әңгімесінде «Мен Мұхаммед Пайғамбар қалдырған ислам дінінің шынайы нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін. Мен өлгеннен
кейін мұсылмандар еңбектерімді оқиды, мүмкін менің ісімді жалғастыратындар табылар» дегенінен үлкен толғаныста жүргенін байқау қиын емес. 1896 жылдан кейін дін мәселесін зерттеуге толыққанды кіріскенін байқауға болады. Профессор Асан Омаровтың «Абай: ашылмай келген қырлары» монографиясында айтылғандай: «Сенім – ақыл-ойдың, танымның өнімі. Егер таным таяз болса, иман да әлсіз. Сондықтан өзінің квинтэссенциялық күрделі еңбегі – Отыз сегізінші қара сөзін Абай «Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың толады» деп бастап, Алла тағаланың болмысын зерттеуді қолға алады. Әлемдік теология саласына қомақты үлесін қосады». Ғалымның пікірінше, «Ғақлия-тастидиқат» немесе 38-қара сөз 1899–1902 жылдар аралығында жазылған, яғни христиандандыру үдерісі, мұсылмандардың ислам дінін ұстауы, кем-кетіктері барлығы ұлы Абайды ойландырмай қоймағаны хақ. Осы толғаныстардың нәтижесінде, 38-қара сөзі дүниеге келеді. Хакім Абай дүр жауһар сөздерімен ғана емес, сонымен қатар дін Ислам үшін күрескен жан ретінде де тарих бетінде қалады. Миссионерлермен кездесіп (архимандрит Сергей, Иоанн Никольский, Леонид Покровский), олармен терең пікір-таластарға түсіп, әр уақытта абыроймен шығып отырғаны Абай бейнесін одан әрі асқақтата түскендей.

Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ
Астана халықаралық университетінің
Өнер және гуманитарлық ғылымдар
жоғары мектебінің деканы, тарихшы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір