Қытайда Қазақстан мәдениет орталығы ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды.

Салтанатты жиынға арнайы делегация құрамында барған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов те қатысты.
Мемлекет басшысы орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағалады.
– Мұны, шын мәнінде, тарихи оқиға деуге болады. Бұл – қазақтың қытай халқына деген риясыз көңілі. Сондай-ақ қытай жұртының қазаққа білдірген достық пейілі. Ең алдымен, осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін аса қадірлі төраға Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтамын. Қытай елінің Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели мырзаға, сондай-ақ осы іске атсалысқан барша қытай және қазақ азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы салтанатты жиынға менің қытайлық ескі достарым, дипломаттар, кезінде маған сабақ берген ұстазым Лю Шицинь мырза және зиялы қауым қатысып отыр. Баршаңызға ыстық ықыласымды білдіремін. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, руханият – әр халықтың дүниетанымы, болмысы, ішкі әлемінің көрінісі. Сондықтан төл мәдениетімізді дәріптейтін бұл рухани орда қазақ пен қытайдың өзара құрметі мен татулығын арттыра түсері сөзсіз.

– Қытайда ежелден айтылатын нақыл сөз бар: «Жалғыз ашқан гүл көктем болмайды, көктем барлық гүлдер құлпырғанда келеді». Әр алуан мәдениет, идея және өркениет тек өзара алмасу мен үйлесімді өмір сүру арқылы адамзат қоғамын өркендетеді және дамытады. Бүгін Бейжіңде Қазақ мәдени орталығының ашылуы – осы ұғымдардың жарқын көрінісі, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге Мәдениет орталығын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық кабинеттері таныстырылды. Көрме залына Қазақстанның ежелгі сақ дәуірінен бастап, XX ғасырдың бас кезіне дейінгі тарихынан сыр шертетін экспонаттар мен артефактілер қойылған.
Экспозиция археологияға, зергерлік бұйымдарға, қару-жарақ жасау өнеріне, ұлт аспаптарына және этнографияға арналған бес бөлімнен тұрады. Орталықтың кітапхана қорында қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі мыңға жуық кітап бар.