ҚАРА СӨЗ ҚАРА ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАНДА…
Жуырда белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлібек Шегебайдың Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Қара сөз қара өлеңге айналғанда…» атты кітабы жарық көрді. Абай Құнанбайұлының 45 қара сөзін өлеңге түсіріп, жаңаша түрлендіріп, оқырманға жаңаша формада жеткізген ақынның жинағы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолына тиіп, жоғары бағасын алды. Ақынның бұл топтамасынан бірқатар өлеңдер газетімізде бұған дейін де жарық көрген болатын. Оқырман қауымның назарына тағы да бірсыпыра өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Әлібек ШЕГЕБАЙ
Он алтыншы өлең
Жүрсе де азып-тозып қанша мейлі,
Байлардан тиын-тебен тамса дейді.
Бұл қазақ «құлшылығым бір Құдайға
лайық болса екен» деп, қам жемейді.
Ұрының өзіне де жол тілейді,
Еске алмас ертең соғар соңғы үрейді.
Өзгенің қылғандарын біз де қылып,
Жығылып, тұрып жүрсек болды дейді.
Бұл өмір білген жанға өлшеулі ғой,
Сандалар сая таппай теңселіп ой.
Саудагер несиесін сұрап келсе,
«Тапқаным осы ғана» деуші еді ғой.
Болса да қаншалықты күнәм мейлі,
Көтеріп ақиретте тұрам дейді.
Құдайдың қалауымен саудаласып,
Сондағы саудагердей қылам дейді.
Дінсізін діндары кеп иектемек,
Иттерше таласады сүйекке көп.
Ойланып тіл сындырып, дін тазартып,
Құранды үйренбекке ниет те жоқ.
Шапаны желді күні желбірейді,
Өлімнің келер сәтін кем тілейді.
«Білгенім осы болды, қартайғанда
Мен қайдан үйренбекпін енді», – дейді!
Он жетінші өлең
Кім айтар ақиқатты аласа деп,
Қосайын бұл ойыма жаңаша леп.
Айтысып ақыл, қайрат, жұмыр жүрек,
Ғылымға жүгініпті таласа кеп.
Қарайтын былайғы кез сынай көпті,
Жүзінен үшеуінің шырай кетті.
Сөздерін асықпастан тыңдап алып,
Сабырмен ғылым сонда былай депті;
«Ей, қайрат, айтқаныңның бәрі де рас,
Пайдаң мен залалыңның бары да рас.
Сен кейде жақсылықты берік ұстап,
Етпейсің жамандықты жаныңа қас.
Ей, ақыл, Жаратқанға сендіресің,
Жайын да дүниенің сен білесің.
Айла мен амалдарды серік қылып,
Жақсыға, жаманға да көндіресің.
Жинаған өн бойына бар асылды,
Әмірші жүрек болса жарасымды.
Дос қылмақ үшеуіңді менің ісім,
Доғарған ләзім болмақ таласуды.
Жығатын жақсылықты орға ғана,
Жалғыздық – жөні түзу жол таба ма?
Үшеуің бір кісіден табылсаңдар,
Орнайды Құдайшылық сонда ғана!»
Он сегізінші өлең
Басыңа қонсын десең бақ пен ырыс,
Сыпайы болу дағы сүймек бір іс.
Адамның баласына бұл өмірде
Жыртықсыз, таза киім кимек дұрыс.
Көріну жұрт көзіне «кердең кісі»,
Адамның ол дағы бір көргенсізі.
Дәулетін көңіліне қуат тұтып,
Артық боп көріну де – кербез ісі.
Әйтсе де әр нәрсенің құрығы бар,
Шіркінде ес болсайшы мұны да ұғар.
Кісіні мінезімен мезі қылар,
Кербездің екі түрлі қылығы бар.
Тұрғандай ғайыптан бір әулие қолдап,
Бейбаққа батпандай бақ зәуде қонбақ.
Жүрісін, қас-қабағын қолдан түзеп,
Тарақтап саусақтарын әуре болмақ.
Болғанмен көңілің мен күйің тыныш,
Бола ма жұрт ішінде сыйың дұрыс?
Егер де мұндай ойға барар болса,
Қайтадан адам болмақ қиын бір іс.
Басыңа қонсын десең жарқырап құт,
Өзіңді ақылыңмен бақылап күт.
Адамнан адам білім, армен озбақ,
Басқалай оздым демек, ақымақтық!
Он тоғызыншы өлең
Жүректі жібіте алмай қаталаған,
Мен кейде ойға батып қапаланам.
Адамның барлығы да әуел баста,
Тумайды есті болып ата-анадан.
Жанына жылу таппай жан жұбатар,
Пендені пайымсыздық қалжыратар.
Ескерсе естіп, көріп, ұстап, татып,
Жақсы мен жаманды да ажыратар.
Тұрғанда жауырын мен иық қолдап,
Басына бақыт құсы сүйіп қонбақ.
Сондайдан білгені мен көргені көп,
Адамның білімі де биік болмақ.
Тектілік құшақ жаяр қош көргенге,
Дегдарлық дарақыға дес берген бе?
Сақтанар жамандықтың барлығынан,
Айтқанын естілердің ескергенде.
Надандық қылығына қысылмаса,
Құтқармас ыңғайсыздық кісіңді аса.
Шайқақтап, шалықтанып, не салбырап,
Қайыр не дұрыс сөзге тұшынбаса.
Меселі талайлардың қайтқан екен,
Сөз ұқпас, сөйлегеннен жатқа, бөтен.
«Мұндайдан шошқа баққан жақсы ғой» деп,
Бір хакім күйінгеннен айтқан екен!
Жиырмасыншы өлең
Тағдырдың жарлығы бар өзгермейтін,
Пендеде жалығу бар, көзге ілмейтін.
Адамның өзі іздеп тапқан емес,
Және де жеткізе алмас сөзбен кейпін.
Бақ қонса мінезі мен мысы барға,
Жеңдірер саналы жан күшін арға.
Ойланып, ақылына салар болса,
Адамның жалықпайтын ісі бар ма?
Тамақтан, ойыннан да, күлкіден де,
Мақтаннан, кербезденген «түлкіден» де,
Тойдан да, қатыннан да көңіл қалып,
Жалығар есті кісі үлпіден де.
Дүние құмарлықтан құралмайды,
Бергенін Жаратқанның кім алмайды.
Ғайыбын, баянсызын білгеннен соң,
Көңілің бір қалыпта тұра алмайды.
Бұл өмір байқағанға сынақ екен,
Салса да сынағына, шыда бекем.
Бәрінің баянсызын біліп жеткен,
Жалығу ойлы адамнан шығады екен.
Жүргенде жанықпай-ақ жетем ғой деп,
Санаңнан сығалайды секемді ой кеп.
Ойлаймын ақымақтық, қайғысыздық –
Ол дағы бір ғанибет екен ғой деп!
Жиырма бірінші өлең
Ілеспей дүниенің айтағымен,
Жақсы ғой жамандықтан қайта білген.
Адамның баласына байланатын,
Мақтанның екі түрін байқадым мен.
Десек те, тіл үйірер керек шырын,
Ашайын екеуінің дерек, сырын.
Біріне «үлкендік» деп айдар тағып,
Біреуін «мақтаншақтық» демекшімін.
Астына төсенішті төсеп құрғақ,
Айтпайтын өтірікті, өсек тұрмақ,
Сақтанып пайдасы жоқ қылықтардан,
Үлкендік – өз-өзіне есеп қылмақ.
Жатса да жан жарасын тонап қайғы,
Ауылын жақсылықтың қонақтайды.
Бұл мінез – ақылды мен арлыныкі,
Ол өзін жамандыққа жолатпайды.
Мақтау мен мадақ та бар, мазақ та бар,
Бұл мінез мен білетін қазақта бар.
Жұрт біткен батыр десін, бай десін деп,
Мақтаншақ мақтан күтіп азаптанар.
Бірінің уығы жоқ, ұстыны бар,
Бірінің бөксесі кең, ышқыры тар.
Тұратын бірін-бірі толықтырып,
Осындай мақтаншақтың үш түрі бар!
Жиырма екінші өлең
Бірінен бірін ешбір кем қоймадым,
Қасиет, қылығына тең бойладым.
Қазақтың қайсыбірін жақсы көріп,
Кімдерді қадірлеймін деп ойладым.
Өзіне өзі суық қабірдейін,
Жүретін ашуынан сабыр кейін.
Кім болса соған жеміт болып жүрген,
Байлардың қай қылығын қадірлейін.
Көтеріп жүрер дейтін басын ептеп,
Бойында мырзасының қасірет көп.
Жалынып, малын беріп, сатып алған,
Болыс пен билерінде қасиет жоқ.
Осы ғой, ежелгінің ескі тұсы,
Басынан бақыт дейтін көшті құсы.
Көрсетер мықтылығын жақсылыққа,
Елде жоқ құрметтейтін есті кісі.
Жаратқан пендесіне сабыр берсін,
Қарауы қалмағандай қағынды ел шын.
Ендігі қалғандары қу менен сұм,
Оларды не деп, кім деп қадірлерсің?
Заманның көріп мынау қабарғанын,
Күн кешу бұл кезеңде адалға мұң.
Тілеуін шын момынның тілемесең,
Басқасын онан өзге таба алмадым!
Жиырма үшінші өлең
Жүрегін жалғандықтан жырақ ұстар,
Жақсының жылуынан кім алыстар.
Қашаннан қайыры жоқ қуаныш пен
Қазақты оңдырмайтын жұбаныш бар.
Есінен шығып кеше жылағаны,
Анадан тәуірмін деп жұбанады.
Біреудің кемшілігін көріп қалса,
Табалап, санын соғып қуанады.
Бақ деген байламсызға тапшы қонар,
Біреулер дерті меңдеп, бақсы болар.
Жаманның жыртығына қуанбастан,
Жақсымен жанасқаннан жақсы болар.
Бітірмей берекелі ұнамды іс түк,
Күдікті көже қылып, күмәнді іштік.
«Көппенен бірге болсақ болды да», – деп,
Жүргені көптің ішін жұбаныш қып.
Жасайтын жақсылық пен көмегі көп,
Қарым мен қайырымның төмені жоқ.
Адасқан көпшіліктен жер білмеген,
Жер білер бір кісінің керегі көп.
Санасу, салғыласу – ұранды ісі,
Өзінде өз қызығы, қуанышы.
Өзгеден өзінікін артық көрген,
Әзірге осы боп тұр жұбанышы!
Жиырма төртінші өлең
Жақсы ғой оянғаны, сілкінгені,
Әуесің келеді екен, шіркін, тегі.
Екі мың миллионнан артық адам,
Бар екен жер жүзінде бұл күндері.
Ақиқат болса жанға ар қонғаны,
Белгілі Жаратқанның жар болмағы.
Сұқ қадап, бірін-бірі жау санаған,
Қазақтар екі-ақ миллион бар болғаны.
Дінді де «діңгегім» деп, ұстамайды,
Осылай жүрер ме еді, ұқса жайды.
Қазақтың өнер іздеп, жұрт тануы,
Байқасаң, еш халыққа ұқсамайды.
Ел болар берекелі бірлік таппай,
Басты да бассыздыққа бұрдық жаппай.
Біріміз бірімізді аңдып, жаулап,
Отырмыз күмән жұтып, кірпік қақпай.
Тисе де таяқ болып шекемізге,
Жетпей-ақ қойды-ау біздің жетемізге.
Осылай жалпақ жұрттың қоры болып,
Білмеймін, аңдысумен өтеміз бе?
Бұл күнде қазан бөлек, қораң бөтен,
Болмай тұр белбеуде де орам бекем.
Мал тауып, түзу жолмен тірлік қылар,
Қазаққа қайырлы күн болар ма екен!
Жиырма бесінші өлең
Қашпайды ынтымақ пен ырыстан бақ,
Оқысаң қызмет те, жұмыс болмақ.
Құлшылық қыларлықтай дін үйретіп,
Балаңды оқытқаның дұрыс болмақ.
Дейтіндей жағдай емес қайда асығар,
Уақыттың алдап кетер айласы бар.
Хикмет, өнер, ғылым – бәрі орыста,
Бас тартып зарарынан, пайдасын ал.
Сен оның тілін оқып меңгергенде,
Тұрасың иықтасып бір деңгейде.
Бұл күнде дүниенің кілті орыста,
Сан түрлі сырын ашар білгендерге.
Болмаса ойланарлық шешім бөлек,
Қалады ескі жұртта көшің, демек.
Халықтың қамын ойлап қайғыланар,
Саналы ұрпақ бізден өсу керек.
Алаңдай бермейтіндей далаға көп,
Өзгеріс керек біздің санаға көп.
Ата-ана, туған-туыс бұзғаннан соң,
Оқыған түбегейлеп бала да жоқ.
Айналар қамқорыңа, саяңа да,
Тым қатты еркелетпе, аялама.
Егер де балам адам болсын десең,
Балаңды оқытудан мал аяма!
Жиырма алтыншы өлең
Шашылып көңілінің құмалағы,
Қазақтың басылмай тұр құмары әлі.
Шапқан ат, салған құсы, қосқан иті,
Озғанға естен тана қуанады.
Қайтейін, қолым қысқа, қоғамым тар,
Дейтіндей тірі жан жоқ «доғарыңдар».
Хайуанның өнерінің озғанына
Осынша мақтанарлық не орын бар?
Кетесің жұрт алдында қызарып-ақ,
Қазақтың – жауы қазақ, бұзары нақ.
Жеңілген елдің тиіп қытығына,
Бар ойы өзгелерді ыза қылмақ.
Толмаған жас баладай балиғатқа,
Таңырқап, таңданамыз табиғатқа.
Біреуге залал беріп, ыза қылу,
Харам боп есептелер шариғатта.
Шынымен жоғалғандай қолда бары,
Әншейін жалған намыс – қорғағаны.
Құдды бір дұшпанынан жеңілгендей,
Япыр-ау, олар неге қорланады?
Айтасың шарасыздан «әй, Құдайды»,
Надандық намыстыны қайғылайды.
Көңілі, көзі жетіп тұрғанымен,
Әуелгі әдетінен айнымайды!
Жиырма жетінші өлең
Жазылған мың жылдықтар шамасында,
Сөз еді түспейтұғын таласымға.
Сократ хакім менен Аристодим,
Өрбіген өсиет бұл арасында.
Берілмей арзан сөз бен күлкіге тым,
Көрмеген ойшылдар ғой ұйқы бетін.
Осынау өмірдегі жаралған мен,
Ашады Жаратқанның хикметін.
Шынымен танып, білгің келсе, тегі,
Бәрін де санаменен өлшетеді.
Адамның бойындағы әр мүшесі,
Құдайдың шеберлігін көрсетеді.
Сыр айтып белгі берсе көктен елес,
Ендеше, ештеңе де тектен емес.
Ғаламның таңғажайып өлшеуіне,
Адамның ақыл-ойы жеткен емес.
Кетпейтін тұрлаусыздық тақымында
Бар тіпті жансыздың да хақы мұнда.
Жаны бар жәндіктер мен мақұлықтан,
Адамның артықтығы ақылында.
Мойында, мойындамай бұлғақтаңыз,
Өмірде арзан да біз, қымбат та біз.
Жаратқан махаббатпен Алласына,
Адамзат құлшылығын қылмақ парыз!
Жиырма сегізінші өлең
Біреу бай, біреу кедей, біреу есті,
Біреулер мейірімді, біреу сесті.
Құдайдың бұйрығынан болған болса,
Біз қайдан іздемекпіз тілеулесті?
Ойлайтын ар, иманын қорғаныс деп,
Адамның ақылында толғаныс көп.
Ал сіздер айтасыздар «мұның бәрі,
Құдайдың қалауымен болған іс», – деп.
Иманға иландырсаң жан, денені,
Осы ма әділдіктің бар дегені?
Құдайдың айыбы жоқ, мінсіз болса,
Неліктен антұрғанға мал береді?
Теңсіздік болған жерде дау тұрады,
Адалдық алғыстан нұр жаудырады.
Ешкімге залалы жоқ момын қор боп,
Неліктен залымдарды сау қылады?
Айта алмай шағымдарын жеткеріп бір,
Тұтанып кететіндей от төніп тұр.
«Құдайдың қайда сонда әділдігі?» –
дейтіндер осы күні көп болып тұр.
Тұрғанда шытынамай шынайы егес,
Айтайын мен сіздерге былай кеңес.
Байлықты, кедейлікті жаратқанмен,
Бай қылған, кедей қылған Құдай емес!
Жиырма тоғызыншы өлең
Айтар ем кей сөздерді ұшқары деп,
Болғанмен ұнамдысы, ұстары жоқ.
Қазақтың мақалының көбісінің,
Жарайтын, жарамайтын тұстары көп.
Ар менен намыс серті қатар еді,
Естіген сайын жанға батар еді.
Сондағы «Жарлы болсаң, арлы болма»
дегені қайбір оңған мақал еді?
Арсызға жолыққанда ақымағы,
Бос сөзді боза сынды сапырады.
«Қалауын тапсаң егер, қар жанады»
дейді де жылпостыққа шақырады.
Кей-кейде шыдай алмай безем шығып,
Ақыл айту ол дағы бір «емшілік».
«Адамның, сұрай білсең, бермесі жоқ»
дейтіні барып тұрған тіленшілік.
Бәрі де бір күндері бос қалады,
Сатқындық сатқындықтан дос табады.
«Періште алтын көрсе, жолдан таяр»
дегені, өз сұмдығын қостағаны.
Кең сөйлеп шешендікке бапталғанмен,
Әйтсе де орынымен мақтанған жөн.
Осындай білместікпен айтып қалған,
Сөздерден мейлінше сақ болған жөн!
Отызыншы өлең
Болса да қаққаны зар, баққаны мал,
Бәрі де атақ пенен таққа құмар.
Қазақтың көсегесін көгертпейтін,
«Қырт мақтан» дейтін бейпіл мақтаны бар.
Жел сөзді жалаулатып желе бермек,
Ойлайсың кейде соған сене ме деп.
Кең толғау, ары менен намысы жоқ,
Осындай жалған мақтан неге керек?
Даңғойлық, дарақылық қайрақта тұр,
Адамдық, ақылдылық жайрап жатыр.
Танауын көкке сүзіп бұлғақтаған,
Бұл күнде көп болып тұр жайдақ батыр.
Жетерміз аман болсақ ол күнге де,
Басшы боп жарытпақшы ол кімдерге?
Өзінің айтқанына лайықты,
Кесімді бір қазақты көрдіңдер ме?
Батады осындайда мұңдас кемі,
Байлық та баста мәңгі тұрмас, тегі.
Дүниені бір тиын есеп көрмес,
Жомарттық пейілінде тұрмас па еді.
Әлі сол мадақ, мақтау, ұры-қары,
Бұл да бір қасиеттің құрығаны.
«Ұялмас бетке талмас жақ берген» соң,
Былжырақ көп арсыздың бірі дағы!
Отыз бірінші өлең
Көнеден жеткен сөз ғой дерегі бар,
Жараса қажетіңе керегін ал.
Естіген нәрселерді ұмытпаудың,
Төрт түрлі ең негізгі себебі бар.
Ар менен адалдықты қайрау бөлек,
Серт пенен сенімнен де таймау керек.
Сәулесін ой, сананың берік қылып,
Әуелі көкіректі байлау керек.
Ұлықтап көрсететін ұлт таңбасын,
Рухы кісіліктің бұлттанбасын.
Екінші – естігенде, я көргенде,
Тұшынып, ынтаменен ұққан ләзім.
Ақиқат жоғалмайды кешіккенмен,
Көргенің артық болмақ есіткеннен.
Үшінші – сол нәрсені бірнеше уақыт
Қайталап, ой-көңілге бекіткен жөн.
Жүректер зікірменен тынышталмақ,
Өсектің күнә көзі – сыбыс болмақ.
Төртінші – ой кеселі нәрселерден,
Бойыңды таза ұстаған дұрыс болмақ.
Уайымсыз, салғырттық пен күлкішілдік,
Қайғыру, құмарлану бұл бір сұмдық.
Білгенге бұл төртеуі күллі ақыл мен
Ғылымды тоздыратын қу тіршілік!
Отыз екінші өлең
Жүректің болмақ әркез сөз қонағы,
Ізденген талаптыға кез болады.
Адамның көңілі шын мейірленсе,
Үйренбек ғылым-білім тез болады.
Бөлейтін танымыңды құрметке көп,
Бақастың өзі де бір ілгек, демек.
Екінші – ғылым-білім үйренгенде,
Ақиқат мақсатпенен білмек керек.
Қарайтын болсаң салып жай ұғымға,
Бөтеннен құрмет күту қайырым ба?
Үшінші – хақиқатқа көзің жетсе,
Соны тұт, одан өлсең айырылма.
Болмайды кәміл иман ардан бөлек,
Адамның бір қаруы талғам, демек.
Төртінші – ғылым-білім көбейтуге,
Зерделеу және берік байлам керек.
Мақсатқа жетпес адам мақтанменен,
Баянды бола қоймас бақ қонғанмен.
Бесінші – уайымсыздық, салғырттыққа,
Салынбай содан әркез сақ болған жөн.
Көп қызық қылтитса да қызыл басын,
Артыңда адамшылық ізің қалсын.
Алтыншы – ақылыңды сақтайтұғын
Мінездің беріктігі бұзылмасын!
Отыз үшінші өлең
Нәсібі өнерлінің мол болады,
Малына сенген пенде қор болады.
Еңбегін алдау қоспай адал сатса,
Қазақтың әулиесі сол болады.
Өмірде өнерлінің аты қалар,
Ғалымның ғибратты хаты қалар.
Мақтанып қолындағы аз-мұзына,
Әуелі талап қылмай жатып алар.
Бар кезде кісі жалдап қағынады,
Жоқ болса жұрттан сұрап жалынады.
Бір-екі қара тапса кісімсініп,
Еріншек, кербездікке салынады.
Баяғы сол күндестік баптағаны,
Айырар деңгейі жоқ ақ, қараны.
Біреудің жағдай айтып жалынғанын
Өзінше ұлық көріп мақтанады.
Қағылып жақсылардың сарқытынан,
Бас тартар Алла берген бақытынан.
Алданып шайтан-тамыр достығына,
Айырылар еңбек қылар уақытынан.
Келсе де көңілімнің толғағы кеш,
Таппадым бұл ойымның толғамын еш.
Алдағыш бола тұрып бұл қазақтың,
Біреуге өзі алдатқыш болмағы нес!
Отыз төртінші өлең
Біледі жұрттың бәрі өлетінін,
Ажалдың ертелі-кеш келетінін.
Әйтсе де мен сенбеймін бұл қазақтың,
Өлімді уайым, қайғы көретінін.
Қорқамыз, қысыламыз, ұяламыз,
Сондықтан Құдайды еске жиі аламыз.
Сенбесе ақиреттің сұрауына
Қалайша иманы бар дей аламыз.
Дүние тұру үшін гүлдеп, демек,
Лайық иман ғана құрметке тек.
Кімде-кім ақиретте, дүниеде
Қор болмас үшін мұны білмек керек.
Бақыт та байламсызға қонбақ емес,
Көңілі пенделіктің толмақ емес.
Адамда екі қайғы, екі шаттық,
Ешқашан қатар бірдей болмақ емес.
Жарқырап тұрғанымен шамы күндей,
Батар күн, ататұғын таңы бірдей.
Өлуің, көрге кіріп, шіруің мен
Махшарда сұралуың – бәрі бірдей.
Десек те, бес күн жалған тез өтеді,
Күндестік, бақталастық мезі етеді.
Пенденің көңіліне көзді сатпай,
Құдайдан тілегенге не жетеді!
Отыз бесінші өлең
Бұл сөзден кімдер нені ұғар мейлі,
Махшарда Құдай кеңес құрар дейді.
Қажы мен молда, сопы, жомартты да,
Бір қатар қойып сонда сұрар дейді.
Жарасар имандыға кемел қылық,
Сендердің бойларыңнан көрем күдік.
«Қажеке», «молдеке» мен «мырзеке» боп,
Жүрдіңдер бұ дүниеде өнер қылып.
Пенделік пейілінен кем қалмадың,
Дүние діні болды делдалдарың.
Мал бердім, өмір бердім, сана бердім,
Бәрін де сарып қылып елді алдадың.
Бұл жерден басталады мәңгілігің,
Бұза алмас ешкім бақи заңдылығын.
Қызығы дүниенің харам болды,
Сұрауын берерсіңдер барлығының.
Нұр берген талап пенен талғамға да,
Құранның бір сөзінде жалған бар ма?
Былай деп, айтады екен шын ниетпен,
Құдайдың разылығын алғандарға;
«Өшпейді өмір мәнін өргендікі,
Басқа жол – кесір менен кердеңдікі.
Жәннатқа лайықты құрметім бар,
Кіріңдер, махшар іші сендердікі»!
Отыз алтыншы өлең
Мінездің жұмсағы бар, қаталы бар,
Жолығар жақсы, жаман сапарыңда әр.
«Ұят кімде болса егер иман сонда»
дейтұғын бұл қазақтың мақалы бар.
Жүрек те адасады таңдайға ерсе,
Сәждеге иілген жөн, маңдай көнсе.
Иманның бір мүшесі саналатын,
Ендеше, ұят өзі қандай нәрсе?
Ізет пен ілтипаттың заты деген,
Болмайды ондайларда атыменен.
Ұялмас нәрселерден ұялатын,
Бір ұят бар – надандықтың ұяты деген.
Ақыл мен ар алдында тақ тұратын,
Жүрекке жан азабын арттыратын.
Бір ұят бар – адамдыққа кесел қылық,
Өзіңе үкім, жаза тарттыратын.
Жанына жағылғанда жала бөтен,
Жүк түсер сезім менен санаға тең.
Ұяты күшті мұндай кей адамдар,
Ұйқыдан, тамақтан да қалады екен.
Адымы арсыздықтың ұзармайды,
Әйтсе де қу нәпсісін үзе алмайды.
Осы күнде мен көрген көп кісілер,
Ұялмақ түгіл, тіпті қызармайды!