Жалған сопылар мен теріс бағыттағы тариқаттар
24.06.2025
1517
0

Сопылық – ислам өркениетінің терең тамырлы рухани бағыты, адамның жүрек тәрбиесіне, ішкі тазаруына, Аллаға деген махаббат пен тақуалыққа жетелейтін ілім. Тариқат жолы – шариғат негізіне сүйеніп, адамды кәміл мұсылман деңгейіне жеткізуді көздейтін рухани мектеп. Ислам тарихында хақ тариқаттар – Қожа Ахмет Ясауи бабамыз сынды әулиелердің ізімен халықты имандылыққа баулып, ел ішіндегі татулық пен бірліктің тірегіне айналды. Алайда бүгінгі қоғамда сопылықтың бұл асыл мәнін бұрмалап, жалған сопылықты кәсіпке айналдырған, тариқатты теріс бағытқа бұрған ағымдар бой көтеріп отыр. Бұл құбылыс әсіресе рухани ізденіс үстіндегі жастар мен діни сауаты төмен адамдарға қауіп төндіреді.

Жалған сопылардың басты ерекшелігі – олар дінді жеке пайда көзіне айналдырып, өзін ерекше қабілеті бар «әулие», «шайх», тіпті кейде «құдайдың досы» деп таныстырып, қарапайым халықты алдайды. Мұндай адамдар Құран мен сүннетті екінші қатарға ысырып қойып, «ілімді тек өзім білем» деген ұстаныммен, өздерін шариғаттан жоғары қояды. Олар әдетте сыртына сопылық киім киіп, әсем сөздермен сөйлеп, көріпкелдікке, тылсым күштерге сендіріп, сенімге кіріп алады. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар психологиялық және қаржылық тұрғыда зардап шегіп жатады. Тариқаттың теріс бағытқа кетуі де осыдан басталады. Шынайы тариқат – Алла мен пайғамбар жолына адал болуды, ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара құрмет пен иләһи ілімге негізделген байланыс орнатуды мақсат тұтады. Ал теріс тариқаттарда бұл қағидалар бұзылып, ұстаз – билікке, шәкірт – құлға айналады. Мұндай топтарда жиі кездесетін сипаттар мыналар: ұстаздың «қателеспейтін адам» ретінде көрінуі, шәкірттерді оқшаулау, сын айтқан адамды «жау» көру, қоғамнан бөлектеу, мемлекеттік құрылымдарға қарсы пікір айту және өзге мұсылмандарды «адасқан» деп санау.

Қазақстанда соңғы жылдары мұндай жалған сопылық топтардың ықпалы байқалды. Діни басқармаға бағынбайтын, өз бетінше тариқат жүргізіп жүрген жекелеген тұлғалар кей өңірлерде белсенді әрекет етті. Олар өздерін рухани көшбасшы ретінде таныстырып, халықты шариғатқа емес, өз іліміне бағынуға үндеді. Нәтижесінде бұл топтар арасында бейберекет «әулиелік көрсету», «аруақпен сөйлесу», «бал ашу», «емдеу» сияқты шариғатқа қайшы әрекеттер етек алды. Мұндай жағдайлар көп жағдайда адамдардың дінге деген сенімін әлсіретіп, сопылық жолды толық жоққа шығаруға себеп болады. Бұл – өте қауіпті тенденция. ҚР Дін істері комитеті мен ҚМДБ тарапынан мұндай топтарға қатысты бірнеше рет ресми ескертулер жасалды. Діни басқарма өз қарауына өтпеген, рұқсатсыз тариқат жүргізетін, өз бетінше зикр немесе рухани дәріс өткізетін топтардың әрекетін шариғатқа қайшы деп танып, оларға барынша сақ болуға шақырды. Бұл – діни тұрақтылықты сақтау үшін жасалған маңызды қадам.

Жалған сопылардың әсерінен болған зардаптар туралы нақты оқиғалар еліміздің әр өңірінде тіркеліп отыр. Кейбір азаматтар дүние-мүлкін «қасиетті ұстаздың» батасына ие болу үшін сатқан, енді бірі отбасынан алыстап, жұмысынан айырылып, әлеуметтік күйзеліске ұшыраған. Бұдан бөлек, «рухани тазаланамын» деп түрлі қауіпті «ем-дом» шараларына қатысып, денсаулығынан айрылғандар да бар. Бұл – діни алаяқтықтың бір түрі. Өкініштісі, бұған алданып жатқандардың дені – діннен үміт күтіп, рухани кемелдік іздеген жандар. Сопылық – ешқашан дінді жекешелендіру құралы болмаған. Керісінше, Ясауи ілімінде ашықтық, хикмет арқылы тәрбиелеу, Аллаға шынайы махаббатпен жету жолдары көрсетілген. Оның жолында білім, ұстазға құрмет, қоғаммен байланыс, жамағатқа адалдық – негізгі қағидалар ретінде қабылданған. Қазақ даласында тарихта өткен Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім сияқты тұлғалар сопылықтан нәр алып, оны қазақы дүниетаныммен байытқан. Олар шариғатсыз тариқат болмайтынын, сопылықтың негізі – Құран мен сүннет екенін қайталап отырған.

Жалған сопылық пен теріс тариқаттармен күрес – тек дін мамандары мен құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Әсіресе БАҚ, әлеуметтік желі, білім беру мекемелері арқылы халықты дұрыс ақпаратпен қамту аса маңызды. Жастарды шынайы ислам ілімімен тәрбиелеу, мешіт пен медреселерді рухани ағартушылық орталыққа айналдыру, діни сауаттылықты арттыру – бұл зұлымдықпен күрестегі ең тиімді құрал. Дін дегеніміз – ақиқатқа жетудің жолы. Ал жалған сопылар бұл жолды бұрмалап, ақиқатты жеке бедел мен пайда үшін пайдалануда. Мұндай топтарға қарсы рухани иммунитет – дұрыс діни білім, шынайы ұстазды танып-білу және қоғаммен тығыз байланыста болу арқылы ғана қалыптасады. Сопылық – жүрекпен сезілетін ілім. Ол – адамның жан дүниесін Аллаға жуықтату, мейірім мен махаббат жолына тәрбиелеу. Сондықтан біз дінге шын адал болсақ, жалған сопылық пен теріс тариқаттардың құрығына түспеуіміз керек.

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір