Қара шал қара сөмке
27.02.2025
407
2

Терезе алдында төрт көшенің қиылысындағы тіршілікті тамашалап тұрған жеткіншек кенет артына бұрылып:
– Атам келе жатыр! – деп бар дауысымен айқайлап, айқара пердені сырылдатып жаба қойды. Оның үнінде атасының келе жатқанына қуаныш емес, қайта үрей аралас қорқыныш, тіпті үйдегілерді сақтандыру басым болатын. Ұлының жандауысын ести сала асханада жүрген анасы сыртқы есікке жүгірді. Әше­йінде іркілдеген денесін әрең игеріп, аяғын санап басатын әйел бұл жолы құстай ұшып барып, дарбазаның кілтін жанталаса бұрап жіберді. Сыртқы қақпаның жабық екеніне көзін жеткізді. «Уһ!» – деп жан шақырып, қос бүйірін таянып біраз тың тыңдағандай елеңдеп тұрды. Денесін тырсылдатып, бойындағы қуатын қысып тұрған көк көйлегі енді бір терең тыныс алса бой-бой болып сөгіле жөнелетіндей. Резеңкемен төбесіне жинай салған қара мен сарысы аралас шаш сүйінші сұрағандай желке тұсынан жан-жаққа шашырап тұр. Қасы да шашпен жарысып қабағының үстінде едірейеді. Үйлеріне ақсақал емес, алапат бір сұмдық келе жатқандай. Тасырлата үйге кіргенде пердеден сығалап тұрған баласын көріп:
– Тайтөре, неғып жабысып қалдың терезеге? – деп шаңқ ете түсті. Анасының ащы дауысынан шошып кеткен бала қолын пердеден жұлып алды да:
– Атам қақпаның алдында тұр, – деді жанарына үрей ұялап.
– Тұра берсін, біз жоқ деп ойлап кетіп қалады, – деді әйел.
Есіктің қоңырауы жанұшыра шырылдап қоя берді. Жасөспірім селк ете түсті де, көзі бақырайып анасына қарады. «Ашыңдар! Балаларым! Ашыңдар! Әкелерің келді!» деп жатқандай. Қоңыраумен бірге баланың да жүрегі шырылдай жөнелді. Есікке қарай жүгіріп барып аша қояйын десе, анасынан батпайды. Әйел болса түк естімегендей, ас үйде ыдыстарын салдырлатып ас әзірлеу қызығына кірісіп кеткен. Ұзақ шырылдап барып қоңырау үні өшті. Бала пердеден сығалап сыртқа тағы қарады. Қолында дәу қара сөмкесі бар қарт жол жиегіндегі сәкіге барып жайғасты. «Апам неге атамды үйге кіргізбейді?» деп ойлады Тайтөре. Аяғын санап басып асханаға келді.
– Апа, атамды неге кіргізбейсіз? – деді анасына жасқаншақтай қарап.
– Былтыр ала жаздай біздікінде жүрді ғой, биыл басқа балаларына барсын! – деді әйел тепсініп. Қайын атасының есік алдына келіп тұрғанына ыдыстар кінәлі болып жан-жаққа ұшып жатыр…
– Олар да кіргізбей қойса ше? – бала қорқақтай сұрады.
– Өзінен көрсін!
– Ол қайда қонады енді…
– Әжеңе барсын..
– Әжем де кіргізбей қойса ше?
– Кетші-ей, миымды ашытпай! Ешкім кіргізбесе, неге біз кіргізуіміз керек. Неғып қақылдап менің жанымда тұрсың? Бар сабағыңды оқы! – деп қолын сермеп қалған әйел салып жіберетіндей ұлына тап берді. Анасынан жасқанған бала өз бөлмесіне қарай зыта жөнелді.

* * *

Тайтөре атасымен өткізген былтырғы жазды сағынышпен есіне алды. Атасы немерелерімен сөйлескенді жақсы көретін. Әрқайсысының жүзіне сүйсіне қарап отырып, әкелерінің солардың жасындағы тәт­ті қылықтарын, қызықты оқиғаларынан сыр шертіп беретін. Жұмыстан оралған әкесі де өз әкесінің жанына жантая кетіп, өткен-кеткеннен әңгіме сапыратын. Сонда атасы әкесінің бала кезін сағына ма екен деп ойлайтын Тайтөре.
Атасы екеуі жеміс ағаштарына шелектеп су құятын. Бақшаға атасы отырғызған картопты түптеп, қызанақ, қияр, қырыққабат­ты суарып, ертесіне жұмсаған топырақтағы арамшөптерді отайтын. Алғашқы піскен жемістер мен көкөністердің қуанышын айтсаңшы. Ерте оянатын үлкен кісі бақшадан жеміс пен көкөністерді теріп асханаға әкеліп, жуып қоятын. Ауладағы гүлдерді де керемет баптайтын. Піскен жеміс пен көкөністен, алдымен, немерелеріне ауыз тигізетін.
Өзінен үлкен ағасы мен әпкесі университет­тегі оқуларынан жазғы демалысқа шыға сала тіл үйрену деген саяхатпен шетел асып кететін. Әке-шешесі болса жұмыстан босамайтын. Таңертең кетіп, қас қарая Алматының кептелісінен өздері айтпақшы ит­тей болып оралатын. Атасымен «Батырлар жырын», «Адамзат­тың асыл тәжі», «Ағаш бесіктен жер бесікке де­йін» деген кітаптарды оқыды. Алтыншы сыныпты бітірген Тайтөре үшін бұл кітаптардың мағынасын түсіну оңай болмады, атасы болса әр сөйлемді талдап оқытып, миына құйып беретін. Ең кереметі, атасының түсіндіргені ешқашан ұмытылған емес. Жаздай кітап оқығанының пайдасы сол, күзде сабақ басталғанда ұстазы: «Тайтөре, сенің есте сақтау қабілетің жоғарылап, мазмұндауың жақсарыпты», – деп баға берді.
Сабақ басталғанда атасы қаланың сыртындағы үлкен ұлының үйіне тұруға кет­ті. Күзде үйлеріне әжесі келді, өзі айт­қандай қыстап шығуға. Бірақ ол кісі теледидардан түріктің сериалдарын көруден босамайтын. Таңертеңнен жатар орынға де­йін біреуі бітсе, екіншісі басталатын сабынды сериалдардан ол кісінің немересіне артылатын уақыты болмайтын. Тіпті анасы да «сенің шешең осы үйге теледидар көру үшін ғана келеді. Ең болмаса, мұздатқыштан шығарып қойған ет­ті қазанға салып қоюды білмейді әйел болып» деп әкесіне табалап отыратын.
– Е, үлкен кісі болған соң ұлының үйін­де демалсын, теледидарын көрсін, ұйық­тасын, – деп әкесі өз анасын ақтайтын.
– Неге осы сенің әке-шешең өз қара шаңырақтарында бірге отырмайды. Төрінен көрі жақын кез­де екеуі екі бөлек, балаларын жағалап жүреді.
– Ол үйде Барысқан отырған жоқ па? – деп әкесі күңкілдейді.
– Барысқан отырса, ол – кенже. Қазақта қара шаңырақта кенжебай отырады қарт­тарын бағып. Біздің қарт­тар екеуі екі бөлек жүр, ажырасып кеткендерге ұқсап, – деп қояр емес.
– Қойсаңшы, сен де… Барса өз балаларына барады да.
– Апам анау «қыздарым жаныма жайлы. Тамағым дайын, шалдан құлағым тыныш» деп күйеу балаларының босағасында жүр. Қазақта ұлы жоқ, байы жоқ қатындар ғана күйеу баланың есігін сағалаған. Олар да біреудің кемпірін жақтырады дейсің бе?! Қарындастарыңнан қорыққандарынан ғана сыйғызып жүр енелерін. Намысы бар аналар «сүйегім өз босағамнан шықсын» демей ме? Шалы жоқ болса екен… Құдай қосқан қосағын қаңғытып… – отанасы осылай бір от алып кетсе, тоқтауы қиын. Әйелінің мінезін білетін Жолдасбай мұндайда үндемей құтылатын. Үндегенде не десін, әйелінің айтып отырғаны жөн.

* * *

Иә, Жолдасбай – Қонысбек ақсақалдың тұңғышы. Бүгінде екі-үш баланың әкесі. «Балам, балалы болғанда білесің» дегендей, әкесінің үш ұлдың ортасында көшіп-қонып жүргені жанына батпайды деймісің. Батады! Тіпті намыстан жарылып кете сақтайды. Әкесінің қара сөмкесін арқалап келе жатқанын көргеннен, ұлдарының отбасындағылардың зәрезап болатындарын да біледі. Қаладағы ұлдардың ешқайсысы да әйелдеріне менің ата-анамды бағуға міндет­тісің деп айтуға жарамады. Келін дегенді әуел бастан, ақ босаға ат­тағаннан-ақ ене бауырына басып, өз әулетінің тәртібіне үйретіп, тәлімін сіңірмеген соң, осылай жатбауыр болып кете ме екен? Бұлардың ата-анасы ұлдарына өздері айт­қандай, «қатын әпердім, міндетімнен құтылдым» дейді де, жас жұбайларды қол ұстатып қалаға жіберетін.
Ата-анасының бауырынан енді шыққан бойжеткен мен бозбаланың алдағы өмірі не болады, олар қалай күн көреді, қайда тұрады, не ішіп, не жейді дегенді ойламаған-ау, сірә! Аға­йынның басын қосып бір тойын жасап, келіннің бетін ашып, некелерін қиып, заңдастырдық болды, енді өз күндерін өзі көрсін деп «ноқталарын сыпырып алып» қоя береді жастарды бір-бірін сүйгендері үшін жазалағандай. Жоғары білім алғандарының курстастары бар, жұмысқа алынғаны бар солардан ақыл сұрап ел қатарлы шаңырақ көтеріп, жол тауып кет­ті. Ал медициналық училище бітірген қыздың соңынан келген Жолдасбайдың қалада көрмеген сұмдығы жоқ. Әскерден ақ билет алып қалған жігіт­тің мамандығы да жоқ еді. Ауылға құдашасының тойына келген қызбен танысып, өзінен үш жас үлкен болса да соңынан қалмай жүріп, әкесінің қара шаңырағына кіргізген. Үйленген бет­те, «ауылда жұмыс жоқ, қол ұстасып қалаларыңа кетіңдер», – деп бөлек шығарған.
Содан Маржан екеуі ерлі-зайыпты болып қалаға келді. Медбике қыздың досының пәтеріне қонып шықты алғашқы түні. Ертесіне «жетім бұрыш» дегенге барып, баспана іздеді. «Татарка» деген жақтан бір орыс кемпірдің жаман үйі­нің жартысында қоржын бөлмені жалдады. Маржанның жерлес жігіт­терімен танысып, соларға жезде болып жүріп, сантехник деген ата-бабасы естіп көрмеген бір мамандықты игерді. Өз ауылынан келген жігіт­тер құрылысқа шақырған, оған әйелі жібермеді. «Былтыр бір жігіт үшінші қабат­тан құлап өлді, тимей жатып жесір қалатын жайым жоқ. Қалада сантехник, механик дегеннің бәрі орыстар. Жұмысы рақат. Айлықтары да жақсы. Құрылысшылар сияқты ауыр тасып белінен шойырылып, не аязда суық тиіп өкпесі қабынып кетпейді. Сантехниктен жақсысы жоқ. Тыныш үйдің ішінде, құбырын тазалап, суын ағызып жүресің. Алдымен, курсын оқып біраз үйреніп ал, аурухананың бастығына жол тауып жұмысқа тұрып аласың», – деді бір-екі ит жейдені бұрын тоздырған хотуны.
Әні-міні әке болғалы отырып қайтіп әйелін тыңдамасын. Курсын да оқыды, бажаларының жанында жүріп жұмыстың әдісін де үйренді. Маржан көп ұзамай жолын тауып, өзі істейтін ауруханаға сантехник етіп кіргізді. Облыстық аурухана қаланың шет жағында еді, маңайынан сатылатын жер де шығып қалды. Пысық әйелі ойға-қырға қарызданып жүріп сол жерді сатып алды. Содан бастап Жолдасбайдың жалғыз жанына тыныштық болмады. Сантехник болғаны мұндай жақсы болар ма, жанындағы әріптестері мен бажаларымен асарлатып жүріп үйі­нің төбесінен су өтпейтіндей болғанда, есік-терезесін түгендеп ішіне кіріп те алды. Қара шабаданмен келген еді, ел ордасында қара шаңырағы болды. Екі ұл, бір қызды қоса берді жомарт Алла. Біреуден артық, біреуден кем бес биенің сабасындай бәйбішесінің басқаруымен жүріп жатыр.

* * *

Әйімқан бәйбіше қартайғанда, «шалдан шаршадым, қыз –күтім, ұл – түтін деген рас екен. Атамнан қалған шаңырақты түтететін кенжебай бар. Енді жанымды күтуге қыздарым жақсы екен. Солардың қолына барамын», – деп өнер шығарып, жарты ғасыр отандасқан қара шалын ұл мен келінге тастап, сүйретпелі көк шабаданға еріп үйден кетіп тынды. Қалған аз өмірінің соңғы сәт­терін Құдай қосқан қосағымен бірге өткізіп, тыныш та бақыт­ты өмір сыйлауға ықыласы болмады.
Жас кезінде жинамаған даналық қартайғанда қайдан келсін. Бар арманы – түске де­йін талықсып ұйықтау, үш мезгіл дайын тамақты ішіп алып, жиендерімен таласып теледидардағы кәріс пен түріктің, үндінің үй қызметшілері көретін созылмалы сериалдарын көру. Іс тігіп, келінінің бір жағына шығып жүрген құдағиына: «Көзіңнің майын тауысып осы сенікі не отырыс! Қызыңның қолына бар-е-е-еп, а, Құдай бергеніңе шүкір деп жатпайсың ба? Ыстық су, суық суы бар, дәретханасы ішінде. Зейнетақыңды той-томалаққа шақырған жерге беріп, жұрт­тың ішінде жарқылдап отырмайсың ба?! – деп ақыл айт­ты.
– Қойыңыз, құдағи, күшім барда ұлымның үйінің көрпе-жастығын бүтіндеп, немере қыздарыма жасауын түгендеп бергенім жөн болар. Мен қыздарға кетсем, шалымның күні не болады? – деп дәу құдағи шошып кетеді.
– Ештеңе де болмайды! Сонша баланы Құдай неге берді дейсің, біреуінен екіншісіне, одан келесісіне барып жанын бағады да…
– Біз елу жылдан асты бір рет бөлек жатып көрмеппіз әрі ол менен басқаның қолынан тамақ та ішпейтін байғұс қой, – деп құдағи ақсақалын баладай аяп қоя береді.
–Пай деген! Неткен махаббат әлі таусылмаған? – деп Әйімқан бәйбіше рақат­танып күліп алды да, – Өмір бойы еркектің тамағын жасап, кірін жуып келдік қой. Негізі, солар алдымен кетіп, әйелдің рақат­танып жүретін дәурені болған дұрыс. Бірақ ауылдың шалдарының жаны сірі ғой, сүйретіліп жүре береді. Сондықтан ертерек демалып алайын деп, үлкен қыздың қолына бардым. Рақатын айтпа, қаланың өмірі деген жанның рақаты ғой! – деп қайта-қайта тамсана берген құдағиын жақтырмай қалған дәу құдағи:
– Біз, Құдай айырса, амал жоқ, тіріде айырылыспаспыз. Берекем, қара шалым аман болсын! Жастайымызда қосылғанда сергек, қайрат­ты еді, енді қартайдың деп тастап қыздарға қашып кетсем, жарамас әрі Құдай күйеубаланың қолына қаратқаннан сақтасын! Қыздың қолында өліп қалсам, балаларымның сүйегіне таңба болармын, – деп, ұлының төрін босатпай жүрген құдағиды сөзбен шымшып алды.
Сөз төркінін түсінген Әйімқан бәйбіше жанына келген жиенінің тұлымының тарқатылғанын сылтау етіп, «Жәнияш, жүр мына шашыңды тастай етіп өріп бере­йін», – деп жатын бөлмесіне қарай жетелей жөнелді. Кішкентайдың тұлымын тарап отырып: «Ойпыр-ай, тіріде айырылыспаспыз» дейді ғой тегі. Менің қызым жандарыңа жайлы болған соң шалың екеуің осы үйден шықпайтын шығарсыңдар. Әйтпесе кенже ұлдың қолына бармайсыңдар ма?» – деп біразға де­йін құдағиына наразылығынан аузы жыбырлап, іштей бұрқылдап көзі ілінді.

* * *

Қазақта «жалғыз әке он баланы бағады, он бала жабылып бір әкені баға алмайды» деген сөз бар еді, соның шындық екенін Қонысбектің ұлдары дәлелдеді. Қара шаңырақта отырған Барысқанның үйінен кемпірі «қалашылап» кеткен соң бабы болмаған қария қарашаның қақаған қара суығында қаладағы үлкен ұл Жолдасбайдыкіне келген. Алғашында келіні бір жетідей жап-жақсы күтіп-ақ жүрді. Немерелері де атасын жағалап, ананы-мынаны сұрап, кішкенелеріне тәт­ті сусындар мен «пешенейлер» әперіп жүрген соң маңайынан шықпайтын. Тіпті келінінің көңілі түсіп, бәйбішесін үлкен қыз-күйеуімен қосып үйіне де шақырды. Жарты жылдай көрмеген Құдай қосқан қосағын сағынып-ақ қалыпты. Дастарқан басында арқа-жарқа болып отырды. Жолдасбай сөз арасында:
– Апа, күйеубалаңыздың жайлауында жатысыңыз жарасты. Енді көкеммен қол ұстасып елге қайтсаңыздар жақсы болар еді. Ауылға барып күнде қыдырып соғымбасы жеп, қыстап келсеңіздерші, – деп ақсақалдың жанына жағатын әңгіме бастап еді, қартайғанда қылық шығарған бәйбішесі:
– Жолдасбай, мені сенің қатының бағып отырған жоқ қой. Жаныма жайлы жерді өзім білем. Қыстаймын ба, жылдап жатам ба, не жұмысың бар? Әкеңді ауырсынсаң ауылға апарып таста, мен бармаймын. Сол-ақ жесін соғымбасын! – деп бала-шағаның алдында Қонекеңнің абыройын айрандай төкті.
– Апа, сізге не болды сонша? Үлкен кісілер деген бірге ауылда тұрмаушы ма еді, – деп үлкен келін енесіне «ескерту» жасап тастады.
– Ауылды ауылдағыларға бердім. Жанның рақатын енді білдім, бармаймын дедім, бармаймын! – деп, Әйімқан кемпір тепсінді. Әп-әдемі отырыстың шырқы бұзылды. Қонысбай қария сол жолы бәйбішесіне «қой, мұның не? Жер ортасынан ауғанда қосағыңнан жеріп, алты ай жаз қызыңның үйінде жат­тың. Енді құдалардан ұят-ты, «есің барда еліңді тап» деген, елге кетейік» деуге жарамады. Жасынан әйелінің айт­қанынан шықпай, төрт ұл екі қызының анасы ғой, қашан да соныкі дұрыс деп қалыптасып қалған әдетінен аса алмады. Ет желініп, шай ішілген соң бәйбішесі артына қайырылмай, қосағының көзін көкшитіп, қыз бен күйеуге еріп кете барды. Қонысбай ақсақалдың сол күннен бастап үлкен үйден де күйі кет­ті. Ұлы күні-түні жұмыста. Келіннің қабағы салқын, немерелер де әрқайсысы өзді-өзімен. Екі миллионнан астам халқы бар мегополистен жанын ұғар бір жан таппай қара теледидардың алдына қамалды да қалды. Қыс шығып, көктем туды. Бірде ұлдың өзі:
– Әке, қыстап шықтыңыз, енді елге барып қара шаңырағыңыздың әулісіндегі жеміс-жидегіңіз бен бақшасындағы көгергендеріңізді ермек етпейсіз бе. Кемпіріңізді де ала кетіңіз, рақат­танып болған шығар. Күйеу бала да демалсын қарт­тардан, – деп ойын жұқалап жеткізді. Екеуі көктемнің бір әдемі күнінде есік алдындағы сәкіде отыр еді. Баласы негізгі ойын айтып болды да, ақырын жылжып орнынан тұрып кет­ті.
Ұлы үйге кіріп кеткен соң Қонысбек ақсақал шоқша сақалын салалап, көңілі жасып, орнына жабысып қалғандай отыра берді. Жаңағы сөзден ке­йін ауылға қара шаңырағына кетпесе болмасын түсінді. Өзінің маңдай терімен салған үйі ғой, барса бір бұрыш бұйырар. Бірақ кемпірі бір жақта, өзі бір жақта жүргендерінен аға­йынның алдында жер болатын. Әйтеуір, қалада болса елге «кемпір екеуміз қаладағы балалардамыз ғой», – дей салатын, екеуінің екі бөлек жүргенін кім тексеріп жатыр дейсің. Егер ана қырсық қатын келіссе қазір кетер еді қолынан жетектеп алып. Енді амал жоқ көктемнің күні жылға азық деген, азығымызды дайындап алуға келіп қалдым деп ауылға қайтуға бел буды. Жұлдыз туғанша үйден не ұлы, не келіні шығып, «әке, неге отырсыз, күн суытып қалды ғой немесе кешкі асыңызды ішсеңізші!» деуге жарамады. Бойы тоңазып кеткен соң ақсақал құрысып қалған белін жазып есікке бет­теді. Жатын бөлмесіне келіп, әйгілі қара жол сөмкесін іздеді. Монша жақтағы бір бөлмеден тауып алып, кірсіңді болып кеткен екі жейдесі мен шалбарын салып, есік алдына дайындап қойды. Түні бойы төсегінде дөңбекшіп өткен-кеткенді есіне алып көзі ілінбеді…
Күн жексенбі еді. Мұндайда үйдегілер өздеріне демалыс жариялап түске тырмыса бірақ өретін. Қонысбек қария тозығы жеткен «күмәжнігінің» түбінде қалған Абай мен Құрманғазы бабасының суреті бар теңгелерді санап көрді. Елге барғанша жолға жететініне көзі жеткен соң «Саяхатқа» қарай қара сөмкесін иығына іліп алып жаяулап тарт­ты. Күн ұясына қонғанша бір көліктен екіншісіне ауысып жүріп туған жеріне, қара шаңырағына кенже ұлдың қолына жет­ті ғой. Келіні сәлем салып қарсы алғанымен қабағы қытымырлау екен. Немерелері атасының келгеніне қуанысып құшақтарын жайды. Содан ауылдың абыр-сабырына араласып көктем өт­ті… Жайнаған жаз да кет­ті…

* * *

«Елден ұят шығар кемпірімді тауып алайын» деп, күздің қара суығында дірдек қағып Қонысекең қалаға тағы тарт­ты. Бұл жолы ортаншы ұл Бақбергендікіне бет алды. Ол үлкен ұл сияқты кең үйде емес, қаланың ортасында зәулім үйде тұрады. Әйнектері күн сәулесімен шағылысқан жиырма қабат­ты үйде әр отбасы тауықтың күркесіне ұқсаған қуыс-қуыс бөлмелерде өмір сүріп жатыр. Зәулім үйдің сырт­тан кірер есігі де зіл темірден жасалған баяғы патшалардың сарайының қақпасы сияқты алыстан мысымен басты. Біреулер кіріп-шығып жатқан соң екпіндеп-ақ келіп еді, тура тұмсығының алдынан сарт етіп жабылғаны. Көк темірдің оң жақ бұрышында қолдың басындай ғана құлпы тұр. Бетінде сандар жазылған. Баласының пәтерін білетін, қадалып тұрып теріп шықты. Құлпы былқ етпейді. Сандардың қатарынан торша белгіні көріп оны қосып терді. Құлпы былқ етпеді. «Мынау не пәле, баламның үйіне кіре алмайтын болдым-ау» деп уайымдай бастап еді, есік іштен сарт етіп ашылып, маңдайын жара жаздады.
– Ой, ата, кешіріңіз! – деді бір бала көтерген жас келін.
Есіктің ашылғанына қуанған Қонысекең келіннің кешірім сұрағанымен ісі болмай, ішке зып берді. Арқасындағы сөмкесін баспалдаққа қойып жан-жағына қарап ес жыйды. Жеделсатыға көзі түсті. Ұлының пәтері бесінші қабат­та екенін білетін. «Жеделсатыға мінсем, бірдеңесін дұрыс баспай, қыстырылып қалармын» деп қорқып, сөмкесін иығына іліп алып, жаяулап баспалдақпен ілделеп көтерілді. Үш демалып ұлының босағасына жет­ті-ау! Қоңырауды басты. Үш рет зарылдағанда барып келінінің ай жүзі көрінді.
– Көке, сәлеметсіз бе! – деді майысып.
– Ой, балаларым, қалайсыңдар? – деп үлкен кісі қалбаңдап кіріп, қара сөмкесін қайда қоярын білмей дағдарып қалды. Әйгілі қара сөмкені көргеннен айдидарлы келіннің қабағы тыржиды.
– Мында қойыңыз, – деп, киім ілгіштің астындағы қуысты меңзеді де желеңі сүйретіліп кете барды. Қария сөмкесін үш бүктеп сонда тықты. Аяқ киімін де соның астында тізіліп тұрғандардың қасына жайғастырды да бірнеше есіктің қайсысына кірерін білмей абдырап қалды.
– Көке, мында келіңіз! – деп мыңжасағыр келіні төбесін көрсет­ті.
Аяғын санап басып, төрдегі диванның шетіне барып қою мұңның құшағына көміліп отырды. Үйдегі тіреліп тұрған жиһаз бен жерде жатқан қызыл ала кілемдерге көз тоқтат­ты. Қарсы алдындағы қабырғаның жартысын теледидар алып тұр. Өшіріп қойған ба, үні жоқ, тек бетінде әлдебір табиғат тамашаларын көрсетіп жатыр. «Ұл жұмыста шығар. Балалар қайда екен?» деп ойлап қойды. Қадалып отырған соң, белі шаршаған қария диванның бір жастығын басына қойып жантайды. Шарасыздығына күйініп, көңілі нілдей бұзылып, жанарын жұмды…
Көзі ілініп кетіпті. Абыр-дұбырдан оянды. Ұлы мен балалардың даусы шығып жатыр.
– О, көке, жатыс жайлы болсын! Ассалаумағалейкүм! – деп Бақбергені екі қолын ұсынып жанына келді. Қолын алған соң:
– Қашан келдіңіз? – деді.
– Біраз болды, ұйықтап кетіппін, – деді шынын айтып.
– Айғанша, әкейге әлі шай бермегенбісің? – деп дауыстап асүй жаққа тарт­ты.
– Қарасам, көкем ұйықтап қалыпты. Шаршап келді ғой деп. Сендерді күт­тік, – деп келіні ақталып жатқаны естіліп тұр. Сол келгеннен екі айға жуық жатқан қарияның санасы сан саққа жүгіріп, ойы онға бөлініп, мазасы кет­ті. Жатып алып армандайтын жас емессің, бос адамның серігі ой емес пе? «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» дегендей, теледидар қарағаннан қалған уақытында баяғыда жастық шақта басынан өткендері, ауылдағы аға­йын-туғандары, құда-жегжат­тары, өлгені бар, тірісі бар есіне түспейтіні жоқ. Бүгін естігені мен бүгін көргенін ұмытып қалады. Ана ескі естеліктер жүдә ұмтылмайды-ау! Әке-шешесі, тіпті өткен ғасырда өмір сүрген ата-әжесі түсіне кіре ма-ау!
«Күзге қарай адамның түсіне ыбыр-жыбыр болып не болса сол кіргіш болады», – деп отыратын анасы. Сол айт­қандай түсіне кірмейтін пәле жоқ. Содан күндердің күнінде ақсақалдың ойына бір қулық түсті…
Ана кемпірі елге қайтпақ түгілі, қалаға келіп жатқан қара шалының халін сұрамайды. «Ерегескенде, қайтсем де сені елге алып қайтам!» деп тістенген қария бір күні демалыста үйде жатқан ұлымен сырласты.
– Бақберген, «осы мен өмірімде неден осынша қателік жібердім?» деп ойлап, басым қатып жүр, – деп бастады әңгімесін.
– Не болды, көке, сонша қайғырып-түңілетіндей?
– Құдай сақтасын, қайғы-уайым дейтіндей жабысып қалған ештеңе жоқ. Ел аман, жұрт тыныш, бала-шаға аман. Тек сендерге салмақ салмай кетсем деймін… Соңғы кез­дері әл-қуатым кеміп, тәбетім қашты. Ішімнен жылмай ағып, тоқтар емес. Мына жер ортасынан ауып, төрімнен көрім жақындағанда елу жыл отасқан бәйбішемнен тірідей айырылғаным жаныма батады. Оның елден де, менен де безетіндей не себеп болғанын да түсінбей ішім күйеді. «Не ексең, соны аласың» деуші еді. Көңілі қалатындай не істедім деп ойлаймын. Бес баланың анасы ғой деп айт­қанын орындап, қабағына қарап келдім. Соңғы күндері ата-анам түсіме көп кіріп жүр, шайтан болып кетпесем де әкемнің жасынан астым. Әй, маған да көп қалмады-ау деймін. Ана шешеңді шақыр! Қыз бен күйеуді, ағаңды отбасымен қосып отырып ақылдасып, шешелеріңді маған зорлап қосып, көлігіңмен ауылға апарып таста. Мен өлгеннен ке­йін де жанын бағып, қыздарын жағалар. Тірі тұрғанымда әйелімді күйеудің есігіне телміртіп, өзім балаларға сүйкімсіз болып жүрер жайым жоқ, – деді даусын дірілдетіңкіреп, тақыр басын қайта-қайта күректей қолдарымен сыйпалап отырып айтып шықты. «Әй, маған да көп қалмады-ау деймін» дегенінен секем алды ма, жанында жастығын құшақтап бейғам жатқан ұлы денесін көтеріп тіктелді. Бір уыс бетінің терісі албар-шалбар болып, азып-тозып кеткен әке деген мына қара шалға «қандай тоқтам айтсам болар екен» дегендей біраз үндемей отырды. Тамағын бір кенеп алып:
– Көке, ол кісіге біз де айтпады деймісіз, – деді өзі де анасына сөзін өткізе алмаған шарасыз халін танытып.
– Әй, не байды, не өзімен қатар есейіп қалған балаларды тыңдамайтын ол қандай ессіз қатын болды. «Қарға­йын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деген осы екен ғой. Өзімнің және сендердің өмірімізге қандай болса да, мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Ал апаңа еш нәрсе жасай алар емеспін. Енді осыған өзімді кінәлап жүрмін. Базардан қайтып бара жатқандағы менің басты уайымым осы болып тұр. Алда қанша өмірім қалды соны кемпіріммен бірге өткізуім керек. Ал балалар, әке-шешелеріңнің бір болуы үшін қолдан келгенді аямаңдар. Кәрі қойдың жасындай жасым қалып, төрімнен көрім жуық болып қалғанда мені жетім шал етпеңдер! Өстіп екі ортада қаңғып жүріп екеуміз де өліп қалсақ не болады?! Өле қалсам, қара шаңырағымнан шығарыңдар! Ана ақымақ кемпірді жаныма жерлеңдер уақыты келгенде. Сендерге айтар аманатым осы! – деп ұлына басып-басып сөйлеп, тапсырма берді де қат­ты күрсінді. Қорбаңдап жүріп өзі жататын диванның астындағы тартпадан ақ жаймасын шығарды. Әкесінің сөзінен шошыған ұлы состиып тұрып қалды. Бір кез­де есін жиып жастыққа жармасты көмектеспек болып. Ұлының қолын қағып жіберген қарт үн-түнсіз төсегіне қисайды. Қабағын кіржит­ті де оң жағына қарай аунады…
Әкесін жайғастырып, қайырлы түн тілеген Бақберген өзінің жатын бөлмесіне бет­теді. Енді ортаншы ұлдың ұйқысы қашты…

* * *

Елдегілердің тауықпен таласып тұратынын білетін Бақберген Тәңіртау­дың басына Күн сұлудың кірпіктерінің найзасы шаншылғаннан қара телефонға жармасты. Үйдегілерді оятып алмайын деп сымсыз тұтқаны алып балконға шықты. Темекінің түтініне көміліп отыратын орынтағына жайғасып алды да ауылдың сандарын тере бастады. Ар жақта жан дауысы шығып безілдеп жатқан телефонның тұтқасын көтерер пенде болсашы. Бақберген: «Әй, мыналар да ұйқы шіркіннің тәт­тілігін біліп алған ба, біреуі дәлізге шықпайды ғой», – деп күңкілдеп тұр. Баяғыда «күн шыққанша өлік қана жатады» деп, шешесі бәрін жылы төсектен жұлып алушы еді. Енді керек кез­де қарашы, дәлізден шыққан дауысқа біреуі үн қатпауын. Күдері үзілгенде барып, баланың «Алло!» деген дауысы естілді.
– Әлөу! Әлөу! Бұл кім? – деп Бақберген жанұшыра айқайлады.
– Мен, Әділет қой! – деді қара шаңырақтағы Барысқанның үлкен ұлы.
– Әділет! Қалайсыңдар? Әкең қайда? – деп ар жақтағы тұтқаны қоя салатындай бастырмалатып жатыр.
– Сырт­та сиырды бақташыға қосуға бара жатыр.
– Апаң ше?
– Ол сүт пісіріп жүр ғой деймін.
– Е, бәрің аулаға шығып кеткен екенсіңдер ғой, мен әлі ұйықтап жатыр ма десем, – деп Бақберген шынын айтып салды.
– Қайдағы ұйқы, – деп бозбала шалаұйқы болғанына наразылығын білдіріп қойды.
– Е, ендеше, жақсы. Әкеңді шақыршы, – деді өз шаруасын тездетіп шешіп алайын деген мақсатпен.
– Сиырды қыр асырып қосып келеді. Келген соң айтайын, – дегенде байланыс үзілді.
Бақбергеннің есіне өзінің мектепте оқып жүргенінде ала сиырдың бұзауын ұстап тұрып, анасы сауып алған соң қайта еміздіретіні, одан екеуін әрең ажыратып бұзауды байлап, сиырды қырға қарай айдап бақташының алдына салып келетіні түсті. Оған сүт пісірім уақыт кететін. Байланыс қайта жалғанғанда:
– Апамды шақырайын ба? – деді Әділет таң азаннан телефон шалып тұрған үлкен әкесінің шаруасы тығыз ба деп.
– Жо-жоқ. Маған әкең керек, – деп шар ете түсті келінінің мінезін білетін Бақберген.
– Мен бір сағат­тан соң хабарласамын. Бәрібір бүгін демалыс қой, – деді де тұтқаны құндағына орналастырды. Темекі шегетін тұрақты орынтағында ащы түтінге көміліп таңғы рақат­та отыр еді, тізесіне қойған телефон шарылдап қоя берді.
– Алоу! Алоу! – деді Бақберген тартып отырған темекі тұқылын табан астына тастай сала.
– Аға! Бақан аға! – деп ар жақтан Барысқанның барылдаған дауысы шықты.
– Барысқан! Қалайсыңдар?
– Жақсымыз, аға, не болды таң атпастан, тыныштық па? Көкем мен апам қалай? – деп інісі бастырмалатып жатыр.
– Бізде де жаман емес. Әй, «последный патрон!» Мында көкең «қара шаңырағыма кетем, бәйбішемді алып» деп шатақ шығарып жатыр, – деп бастады әңгімесін. Баланың кенжесі болған соң ағалары Барысқанды «последный потрон» деп еркелететін. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, Еуропаның бел ортасына де­йін жаяу әскер болып, жауды жеңіп қайт­қан сарбаздардың сарқыты. Венгрияға барғанда снарядқа түсіп, тобықтан төмен жараланып елге келген. Берлинге де­йін барған Тәжі деген құрдасы:
– Қонысбек, сен аяғыңды көтеріп жатқанда неміс табаныңды әдейі көздеген бе, немене, басқа жауынгерлер кеудеден жараланып, қолын беріп, санынан кестіріп келеді. Сен қара табаныңды қырғызып келіпсің, – деп әзілдейтін. Оның қыршаңқы тілін білетін Қонысекең күліп қойып, аяғын сылти басып кете беретін. Сол қан кешкен қаруластарының да бәрі дерлік өмірден өтіп, ауылда бес шал қалған. Өзі атадан жалғыз болған соң, үш ұл тапқан әйеліне көп қарсы келе бермейтін тұқымымды өсіріп отыр ғой деп. Әйтпесе жылда Жеңіс мейрамында аузына жүз грамм тигенде, «мен қан кешіп келдім! Жыныма тисеңдер атып салам! Дораққа сот жоқ!» деп арқаланып кететіні бар. «Өкімет­тің дүниесін ешкімге талат­тырмаймын!» – деп ұзақ жыл қырман бастығы болғанында күллі ауыл аяғын тартатын Қонысекеңнен. Қызыл қырманы мен қызыл партбилетін қызғыштай қорғап, өкіметіне өте адал қызмет жасаған азамат.
– Жіберіңіздер! Неменеге қарт­тарды қалаға байлап отырсыздар. Мен де мына ауылдағылар сұраса, ұялып жүрмін үйге сыйғызбағандай, – деп Барысқан да шынын ақтарды ағасына.
– Ана апам ғой, қала жайлы, қызым жайлы деп жүрген, – деді Бақберген.
– Сөйтіп жүріп, күйеубаланың босағасында өлді деп сүйекке таңба болмасын, – деп есейіп қалғанын білдірді кенже ұл.
– Иә, көкең де солай деп ашуланып отыр. Майдангерді енді тоқтата алмаймыз-ау. Әй, Кенжебай, көкем кеше асқазаныма ас батпай жүр деп мені қорқыт­ты. Осында доғдырға қаратайық десем, қара шаңырағыма жеткізіңдер кемпіріммен деп басын ауылға бұрып алған, бой берер емес.
– Дұрыс айтады! Ертең өзім барып алып қайтамын! – деді Барысқан.
– Сен қоя тұр. Ана құдалармен қосып үйге шақырып, апама табыстырып, Жөкеңнің балаларын сүйгізіп өзім жеткізіп саламын.
– Мейлің білсін. Онда соғымды көкем келген соң бата жасатып сойғызамын! – деп кенжебай ақтарылды.

* * *

Аға­йынды Жолдасбай мен Бақберген қатын, бала-шағаларымен, қарындастары күйеубалаларымен, құда-құдағи бар бәрі бас қосып, аналары мен әкелерін ортаға алып, алдымен, тәт­ті шай ішті. Ерке кемпірді бар баласы жабылып икемге келтіріп, елу жылғы өмірлік қосағына қосып ауылға жеткізіп салды. Мақсаты орындалған Қонысбай ақсақал өзі ойлап тапқан қулығына қуанып қутыңдап жүр. «Сені асып бармаған жерім жоқ, «қара сөмкесін көтеріп ана қақпас тағы келе жатыр» дегенді де естірт­тің. Бар бәле сенімен кетсін! Енді қара шаңырағымда қара кемпіріммен бала-шағама бас-көз болып, аға­йынның ортасында ардақталып жүруге жазсын!» – деп өзіне-өзі бата беріп, қытайдың қара сөмкесін дәу қазанның астында лаулап жанған отқа атып ұрды…

Сәуле ДОСЖАН

 

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 01.03.2025 | 13:22

Кітап осымен аяқталдыма, әлде жалғасы барма. Меніше аз сияқты

Қонақ 02.03.2025 | 11:12

Сәуле жеңгеміздің мына әнгімесі қазргі уақттың ең «күйіп» тұрған мәселесін шебер суреттепті. Кіндігінен өрген бала-шағалаларына сыймай, бойдан күш-қуат кетіп қартайғанда керексіз, масыл болып далада қалған қазіргі қарияларды шынымен аяйсың. Олардың біразы қарттар үйін паналап жүр. Заманның қазіргі жүрекке салмақ салатын ауыр өкінішінің біріне айналып бара жатқанына не себеп? Оған кім, не кінәлі? Салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді жоғалтып бара жатқан қазақ ертең кім, не болады? Міне осы сияқты ауыр ойлар мені жиі мазалайды Сәуле жеңеше. Қаламыңыз қолыңыздан түспесін, жазар мол болсын! Көпшілікті жақсы, тартымды дүниелеріңізбен қуанта беріңіз! Сәттілік тілеймін! Сәлеммен, тараздық қайныңыз Сағындық Ордабеков.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір