«Аспанға сыймайтын ақын қыз»
Ақындық дарын кімнің бойына қонады? Ойшыл адамға оралады, парасат-пайымы жартастай биік жанға құстай ұшып кеп ұялайды. Ақындық – аманат. Аманатты арқалап жүру – ақын үшін ауыр жүк. Түйеден «Ауыр жүкті арқалап қырға шыққан оңай ма, әлде сайға түскен оңай ма?» деп сұраса, ойсылқара ойланбастан «Екеуінің де атасына нәлет!» десе керек. Поэзия көшіне ілесіп, келе-келе жыр керуенін бастаған Ханбибі Есенқарақызы ақындық өнердің алапат жүгін ауырсынған емес. «Нар жолында жүк қалмас» деп төзді. Төтеп берді.

Қазақ жыры кіріспесі Бұқар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибінің ақын дық творчествосы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден болады.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Халық жазушысы, қоғам қайраткері
…Жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сарыауыз балапандай қанат қаға қоймаған Ханбибінің, яғни он бес жасар оқушы қыздың тырнақалды өлеңдерінен өршілдікті байқады ма, кім білсін Төлеген Айбергенов Сарыағашта жүріп сәт сапар тілеген.
Бұла қыз бұлақтай сылдырап аққысы келеді. Мәриям Хакімж,ановадай ақын апасының ізін жалғаған, Фариза мен Ақұштап әпкесіндей ақын болсам деп, қиял құсы шартарапқа шарықтады. Шымкенттегі педагогикалық институтты бітірісімен тау суындай тасқындаған арманның толқынында тулап Алматыға келді. Кімге дейсіз бе? Жүрегінің түгі бар екен, батыр атасы Бауыржан Момышұлының есігін қақты. Басынан бантигі түспеген қыз өзін таныстырды да:
– Ата, мен Алматыға ақын болайын деп келдім! – деді. Қайсар қыздың қабырғадан қойған мәселесіне қаһарман Бәукең не деді?
– Алматы ақын қылып шығарады деп кім айтты саған? Бойында таланты болмаса, ешкімнен де ақын шықпайды. Егер талантың бар екені рас болса, ауылда жүріп-ақ елді мойындататын ақын боласың. Алматыда не көп, көшеге шықсаң, қыз көп. Соларға қосылып алып тря-ля-лап жүрмекшісің бе? –деп арыстандай ақырып берді. Содан кейін:
– Балам, өмір де, романтика да ауылда. Есің барда ауылыңа қайт! – дейді. Бітті. Бір ауыз сөз. Баукеңнің батасын алып, ауылда өскен ақын қыз қазақтың Ханбибісіне айналды. Қалай? Саралап, сараптап қайтейік, шыңыраудай терең шығармаларына тәнті болған қаламдастары Ханбибінің азан шақырып қойған атын ауыстырып, бағасын бергендей басқаша атай бастады. Әбіш Кекілбай «Ақ түтек» деді. Серік Тұрғынбеков «Хан қызындай Ханбибі», «Ақыннан шыққан ақ тұйғын» деді. Темірхан Медетбек «Тарпаң мінез, сой ақын» деді. Төлеген Қажыбаев «Ән-Бибі» деді. Мархабат Байғұт «Жалғыз жолбарыс» деді. Мылтықбай Ерімбет «Оңтүстіктің от шайнаған ақыны» деді. Сәрсенбек Сахабат «Халық сүйген
Ханбибі» деді. Шымкент жастары «Хан апа» деп сыйлады. Ал ақын ағасы Қаныбек Сарыбаев турасын айтып, туғанына жақпайтын Ханбибіні «Қанқұйлы» деп әзілдейтін. Міне, мінезге берілген атау.
Ғасыр мен ғасыр тоғысында Ханбибі облыстық филармонияға директор боп келген соң тозған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, салтанатты кеш жасап жатады. Ғимараттың ашылуына келген әр шенеунік әртүрлі сый-сияпат әкеледі. Облыстық орман шаруашылығының бастығы:
– Ханеке, қандай сыйлық ұсынарымды білмей тұрмын! – десе, Ханбибі:
– Орманыңнан бір аюды ұстап әкел де, сыйлай сал! – депті.
Сол сәтте жандарында тұрған ақын Қабылбек Төретаев:
– Ханекең сенің аюыңды үш күннен кейін маймыл етіп шығарады ғой, – депті, Ханбибінің мінезін меңзегені ғой.
Міне, мінез!
«Ұмыттым тілімді де, ділімді де,
Мәңгүрттік – бойымдағы мінім, міне!
Мал бақтым,
Темір міндім! – «шықты мүйіз»…
Өзгерттім әйелге тән түрімді де.
Бүгінгі қайран баба, күнім міне!»
Бұл – Ханбибінің жан айқайы.
«Ей, Ханбибі, атың бар Хан-би деген,
Өмірің өрілген жоқ әлдименен», –
деп өзіне де сын көзбен қарайды.
«Сырт көзге шымырлаған тереңдейсің,
Тереңге неге озып теңелмейсің?
Ақсақ түйе секілді көшке ілеспей,
Шаршасаң, «шаршадым» деп
неге өлмейсің!»

Ханбибі – шын мәнінде, талантты, нағыз ақын. Оның кейбір өлеңдері – хрестоматиялық өлең. Заман ағымын, қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды тартынбай, жалтақтамай жазады.
«Той болады, дүрілдеп, той болады,
Киіз үйге толтырып айналаны.
Сол ауылдың баласы батыл сөйлеп,
Сол рудың ақыны бәйге алады».
Таныс факті ме? Таныс факті! Немесе:
«Өтірікке шындықты ұрғызады,
Көңіліңді көп жайға бұрғызады.
Дай-дай болып бөлінген рушылдар
Бір ауылға үш мешіт тұрғызады».
Бұл да таныс факті! Ендеше, ақын өлеңін оқиық!
Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ,
ақын
«Өлеңімнің ернін боядым, жасанды кірпік жалғап, биік өкше кигіздім. Модадан қалдырмай қаздаң қаққыздым» деп келеді де, түбірлі ойын түйіндейді. «Іші-тысын бояумен баттастырған, қазақы өлең мөлтілдеп жылап тұрды».
Керемет ойды кестелеп жеткізбегесін «Кет поэзиядан!» деп айқайлауы да заңды. Астанада «Тіл жанашыры». «Құрмет белгісін» алып тұрғанда «Өзге тілдер – тірі тышқан болғанда, ана тілім – ажал құшқан арыстан» деп егілгені де ақындық мінез.
Шымкенттің шығыс жағында саябақ бар. Көз тартатын көркемдігі өз алдына, саябақты аралағанда құдды кітапханада жүргендей сезінесіз. Баяғы заманның балбал тастарын жол жиегіне қаз-қатар орналастырып, аузы дуалы аталарымыз бен бүгінгі тұлғалардың қадау-қадау өсиетнамаларын қашаумен қашап жазып қойған. «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» (Білге Қаған). «Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан шықпағаны игі» (Қорқыт). Сондай соқталы сөздерді оқығанымда Ханбибі Есенқарақызының поэзиясы, оның бағыты мен бағдарламасы балбал тастардағы жазудан айнымайтынын аңғардым. Рухани жаңғыру! Қалай жаңғыртамыз? Баяғы бабалардан қалған әдет-ғұрып, салт-сана сияқты ұлттық дәстүріміз ұсақталып бара жатқан жоқ па? Нарық ағымына бейімделіп, ұлттық кодымызды ұмытқанымыз қалай? Көйлегіміздің көктігі мен тамағымыздың тоқтығына мәзбіз бе?
«Өмірге де, қоғамға да,
Тамаққа да, тағамға да
Қымбат баға қосылып тұр.
Арзандаған адам ғана!»

Сөз жоқ, Ханбибі – үлкен ақындарымыздың бірі.
…Бүкіл өлеңін қарасаңыз, арбасып жатқан, бірін-бірі ала алмай, алағай да бұлағай, аласапыран тұстардың барлығын жүрегінен өткізіп, соның ішінде, арпалысып өзі де жүретін, сондай құдіретті, қарулы, қайратты, жігерлі, намысты ақын.
Темірхан МЕДЕТБЕК,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Ханбибі мұны биыл емес, былтыр емес, баяғыда байқаған. Тоқырау заманындағы топтамасынан үзінді бұл. Бүгінгі заманның әпсанасына үңілейікші. Банкте есепшотың бар дейік. Сол шотыңа күн сайын таңертең 86 мың 400 доллар түседі және түскен ақшаны сол күні кешке дейін тиімді жұмсап бітіруің қажет. Ол ақшаны басқа банкке аудару мүмкін емес. Жұмсамаған жағдайда шоттағы сома келесі күні нөлге айналады. Ал енді не істейсің? Әрине, өз игілігіңе пайдалануға тырысасың.
Бір тәулікте 86 мың 400 секунд бар. Ендеше, барлығымыз да – «Уақыт» атты банкінің тұтынушыларымыз.
Мұнымен не айтпақшысыз дейсіз ғой.
Ханбибі – Мұзафар Әлімбаев пен Қадыр Мырза Әлі секілді қабілеті мен қарымын, талантын сарқа пайдаланбаса да, уақыттың қадірін білген қаламгер. Оның 10 томдық шығармалар жинағы – соның бір дәлелі. Бұдан бөлек сонау 1920–1926 жылдары жарық көрген «Ақ жол» газетінің материалдарын 25 томдық кітап етіп баспаға дайындады. Ал 1922–1923 жылдары Ташкенде басылған «Шолпан» журналының 8 санын араб қарпінен кириллицаға көшірді. Еңбек пе? Еңбек болғанда қандай, жанкешті жұмыс. Зерттеді. Зерделеді. Тарих ғылымының докторы деген дәрежеге сай тер төгіп, көз майын тауысты.

Елдік пен кісілік қатар сынға түсіп тұрған тарихи кезеңде бұғып қалмай, көлденең көк атты өкпе-бопсаның шылауында кетпей, тәуелсіздігіміздің нығаюына, келешегіміздің кемелденуіне қаяусыз жырларымен, қалтқысыз еңбегімен сүбелі үлес қоса беретініне сенімдімін. Шын айдыны мен айбынын жан-жақты танытқан Ханбибі Есенқарақызының ақындық жұлдызының барған сайын жарқырай түсеріне күмәнім жоқ.
Әбіш Кекілбайұлы,
Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Бір атақты киноактерге продюссерлері «Шаштарың аппақ болды. Жасың келді, қартайдың. Саған рөл бере алмаймыз!» – депті. Сонда актер «Үйдегі шатырдың үстінде қардың болуы үй ішінде от жоқтығын білдірмейді!» – деп бір ауыз сөзбен уәж қайырып, бермеген рөлін жұлып алыпты.
Ханбибі зейнетке шыққаннан кейін де он жылдай облыстың қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейінің директоры болып жұмыс істеді. Неге? «Бастама, бастаған істі тастама» дейді ғой. Арқалаған жүгін аяғына дейін жеткізуді мақсат етті. Міне, Ханбибінің болмысы, мінезі.
Бірде Франциядан келген азамат осы музейді аралап жүріп «Қазақстанда 25 мың адам атылған» деген мәліметті естігенде «Осы атылғандар Кеңес өкіметінің өз балалары емес пе? Өз балаларын, өз адамдарын өз мемлекеті қалай атқан?» – деп таңғалыпты. Ақын жүрегіне қанжардай қадалған мұндай тосын таңырқаулар Ханбибінің жырына қайрақ болды. Шабыттанды. Шамырқанды. Көркем дүниенің көз жасы төгілді…
Ертеректе Ханбибінің шығармашылық кешіне халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов қатысып, жүрекжарды ақ тілегін ақтарғаны есімізде. «Ханбибіні жұрттың бәрі жақсы көреді. Мен де. Не үшін? Адамгершілігі үшін, ақындығы үшін, ақылдылығы үшін. Жігерлігі үшін, жалындылығы үшін, дарындылығы үшін. Еңбекшілдігі үшін, елжандылығы үшін және болбыр, босбелбеу, бозөкпе 50 еркектен артықтығы үшін!..» – деді. Залдағылар дуылдатып қол соқты.
Қайран Әзаға! Сөз соңында: «Ханбибі, мен сенің жүрегіңде жүрмесем де, білегіңде жүрейін», – деп күміс білезік таққан еді. Әбіш Кекілбай ағасы «Ханбибі ылғи күйіп-жанып сөйлейді, күйзеле тебіренеді» деді. Фариза апасы «Қазақ жыры кіріспесі Бұхар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибінің ақындық творчествасы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден болады» деп тұжырымдады.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қалыпқа сыймайтын Ханбибінің шығармашылық кешін 2018 жылы сәуір айында өткізейік деп Жайықтың жағасына шақырды. Поэзия кешін кім жүргізеді? Бұдан бұрын Ханбибінің оқырмандармен жүздесуін Мархабат Байғұт, одан кейінгі дидарласуын Қайрат Жұмағалиев, тағы біреуін Ғалым Жайлыбай жүргізген болатын. Ал Атырауда өткен «Поэзия мен парасат» атты жыр кешінің тізгінін маған ұстатты.

…Алғашқы өлеңдеріңіздің өзі-ақ шынайылығымен, жанға жылу дарытатын өрелі поэзияға тиесілі санасымен, ерекше нәзіктігімен, әйелге тән биязылығымен оқырманды баурап алды. Олардың көпшілігі жастар сүйіп шырқайтын әнге айналса, тегіннен тегін емес. Әлі де жас, әдемі қалпыңыздасыз. Ештеңемен де бағалауға келмейтін осы асыл қасиетіңіз сиқырлы поэзияңызға серік болсын.
Шыңғыс АЙТМАТОВ,
Қырғызстанның халық жазушысы,
КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері
Театрда ине шаншар жер жоқ. Түрегеп тұрғандары қаншама. Әуелі бұдан 20 жыл бұрын түсірілген
Ханбибі туралы деректі фильм көрсетілді. О, заман-ай! Әзілхан Нұршайықов, Шыңғыс Айтматов, Хамит Ерғалиев, Сафуан Шаймерденов, Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова, Қайрат Жұмағалиев секілді жарқын-жарқын сөйлеген жайсаңдарымыз арамызда жоқ, бақилық боп кеткен. Бір жағынан, бойымызды сағыныш билесе, бір жағынан, «Беу, дүние-ай!» деп бебеулеп отырдық. Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романының түйінін түсінгендейміз. «Адам өмірі тесік ше- лекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғаныңды білмей де, байқамай да қалады екенсің». Бірақ біздің білетініміз: поэзия – мәңгілік. Оның өзінде де халықтың жүрегінен орын алған поэзия. Қадыр Мырза Әлі ағамның тілімен айтқанда «Әдебиетке келу бар да, әдебиетте қалу бар. Екеуі – екі түрлі мәселе. Қазір әдебиетке аттандап келіп жатқандар көп. Келеді, кетеді. Бізге қымбаттысы – әдебиетте қалғандар».
Ханбибі Қазақстанның қай түкпіріне барса да – Ханбибі. Өрттей лаулаған өжет өлеңдерін былай қойғанда «Алтынай» әнімен қарсы алып, «Нұрикамал» әнімен шығарып салары сөзсіз. Бұл не? Әдебиетте орны бар деген сөз. Поэзиясы әнге айналған ақындар некен-саяқ.
Сырбаз ақын Сырбай Мәуленов өзінің туып-өскен Торғай өңіріне барғанда жерлестері мақтан тұтып, «Сырағаң біздікі, біздің ауылдан!» демей ме? Сол сәтте Фариза Оңғарсынова бір шумақ өлең шығарыпты.
«Дүрілдеп торғайлықтар үй бұзардай,
«Сырбай біздікі» деп тұр қызармай.
Бір ауыл меншіктейді,
Жүрсек сізді
Қазақтың аспанына сыйғыза алмай!».
…Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген Ханбибі Есенқарақызы Атыраудың аспанына әрең сыйып қайтты. Атырау жұрты ақынын аялап, аспанға көтерді.
Ұшақпен бірге ұштық. Атыраудан Шымкентке. Жол жөнекей не жазып жүрсің дегендей шығармашылық жоспарын сұрап, суыртпақтап сыр тартып ем:
– Бір кездесуде дәл осындай сұрақты Мархабат Байғұтқа қойғанда, оның не дегенін білесің бе? – деді Ханбибі.
– Не деді?
– «Жоспарлаған дүниемді алдын ала айтып қойсам, жаза алмай қалам» деп оңай құтылды.
– Өзің ше?
– Мен бе? Өйтейін деп жатырмын, бүйтейін деп жатырмын деп жарты әлемге жар салатын әдетім бар. Қазір оны қойдым. Осыдан он жыл бұрын «Оһо-о, повесть бастадым!» деп елдің құлақ шөбін көтердім. «Бітірдің бе?» десе, не деймін. Біткен жоқ әлі. Негізі Мархабаттікі дұрыс екен.
Лев Толстой аяқталмаған дүниесінің соңына «ЕБЖ» деген үш әріпті түртіп қояды екен. Онысы қысқарған сөз, «Если буду жив» деген белгі болса керек. Ендеше, Ханбибі «ЕБЖ» болса, таңдай қақтыратын талай шығарманы туындатары хақ. АБХ! Бұл не белгі? Бұл да қысқарған сөз.«Аман бол, Хан-бибі!».
Көпен ӘМІРБЕК