Абай елінде…
24.09.2024
262
0

Жуырда Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов пен Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлымен кездесу өтті. Аталған шараға әдебиет әлеміне қадам басып, ақындыққа талаптанған жастардан бастап, бүгінде аймаққа ғана емес, тұтас елге белгілі қара сөздің қаймағын қалқыған жыр жампоздары жиылды.

Әдеби ортаның басын бір арнаға тоғыстырып, осынау кездесуді ұйымдастырып отырған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облысы филиалының төрағасы Мерей Қарт сахна төрінде сөз сөйлеп, шығармашылық бағыт жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Аталған жүздесуде аймақтағы ақын-жазушыларымыздың ахуалы жөнінде әңгіме өрбіп, кездесуге келген көпшілік көкейде жүрген сауалдарын Мереке Әбдешұлына жолдады. Сондай-ақ, осы отырыста «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарыққа шыққан кітаптар топтамасы қонақтар назарына ұсынылып, «Абай өңірінің ақын-жазушылары» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі жасақталды.
Жиын үстінде осы өңірдің тумасы, жас ақын Жақсылық Асқарбек Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Кездесуге келген басқа да ақындар жүрекжарды жырларын жарыса оқып, көпшіліктен өз бағасын алды. Аға буын поэзиялық туындылардың көркемдік қырын таразыға салып, қазіргі өлеңдердің құрылымы мен мағынасына баса назар аударды. Жас ақындардың қалыптасып, шығармашылық тұрғыда өрлеуіне осындай игі шаралардың септігі мол болмақ деген ниетпен, әдеби-мәдени шаралар легін ұйымдастыру алдағы уақытта да басты назарға алынбақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір