КІТАП ДАУЫ: ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ НЕГЕ АШУЛАНДЫ?
09.08.2024
88
0

«AmalBooks» баспасы шығарған «Как управлять казахами» кітабы үлкен дауға арқау болды. Қазақ қоғамының жаппай қарсылығын туғызған бұл жинақ патшалық Ресейде обер-секретарь қызметін атқарған Иван Кирилловтың қазақ даласына жасаған сапары негізінде жазылған екен. Орта Азия халықтарын, оның ішінде қазақтарды бағындыруға қатысты империяның астыртын саяси ұстанымдары мен ашық әрекеттері сөз болатын кітап тұңғыш рет 1730-жылдары басылған-мыс.

Енді «осы бір ескі кітаптың Қазақстанда қайта басылып, сатылымға шығуы неге елдің ашу-ызасын туғызды?» деген сұраққа келейік. Әуелгіде «Компас» жанармай құю стансалары желісінде саудаға түскен кітапты Нұрқожа Бауыржанұлы мен Елзат Мұқашев есімді екі блогер жігіт көріп, атауына қатысты алаңдаушылық білдіріп, бейнежазба жариялаған болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желіде қозғалыс туып, әртүрлі пікірлер айтыла бастады. Ғаламтор қолданушылардың ашу-ызасын туғызған – кітаптың «Как управлять казахами» деген атауы мен мұқабасында бейнелеген сурет болып шықты.
«Кітапты жанармай құю стансасынан көріп қалып, ойландық. Бірінші, атауы көзге қораш көрінді. Өзін қазақпын деген әр азаматты мұндай атау таңқалдырады. Мазмұнымен таныса келе, кітапта жазылған дүние сауатты адамның ашуын туғызатынын байқадық. Иә, өте ертедегі тарих болғанымен, дәл қазіргі кезеңде мұндай атаумен әрі анандай мұқабамен шыққан кітапты оқырман қалай қабылдауы керек? Бізді осы нәрсе ойландырып, бейнежазба жарияладық. «Компас» желісіне көп адам келеді, оның ішінде туристер де бар. Олар бұл кітапты оқыған соң, қазақтардың орысқа бодан болғаны туралы жаңсақ пікірде кетуі мүмкін ғой…» – деді бейнежазбада блогерлер.
Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі де осыған саяды. Өкініштісі, кітап туралы ақпарат жария болысымен қызуқанды ортада әртүрлі сөздер айтылып, оны жарыққа шығарған «AmalBooks» баспасының басшысы Бақытжан Бұқарбайдың атына қоқан-лоққы жасалғаны да белгілі болды. Бұл туралы баспагердің өзі айтып, бейнежазба жариялады.
«Біз бұл кітапты шығару арқылы қазақ қоғамында дау шығаруды ойлаған жоқпыз. Керісінше, отарлау саясатының өте ерте кезеңде басталғанын, қазақ халқын жаулап алудың әртүрлі айла-шарғысы жасалғанын Кирилловтың жазбалары арқылы көрсетіп, тарихтағы қателіктерді көрсеткіміз келді. Жалпы, мені отарлау саясатының жұмбағы бұрыннан қызықтыратын еді, кітаппен танысу кезінде қазаққа қарсы жасалған айла-әрекеттердің өте арыдан ойластырылғанына көзім жете түсті. Қазір біз тәуелсіз ел ретінде деколонизация үдерісінен өтуді бастадық. Бұған әркім қолынан келгенше үлес қосуда. Біз ағартушылықпен айналысып жүргендіктен, тарихи дәйектерді оқырманға жеткізуді парыз санаймыз. Мақсатымыз сол ғана. Өкінішке қарай, әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан ауыр сөз естуге тура келді. Жеке басыма, отбасыма қатысты қоқан-лоққы да болды. Құқық қорғау органына жүгінуге мәжбүр болдым. Ең ауыры, адамдардың кітаптың мазмұнымен таныспай жатып, ашуға ерік бергенін көру болды. Мен кітаптағы деректер туралы тарихи талдау, сараптау күтіп едім. Пікір екіге жарылды. Бізді қолдап, пікір жазушылар да жеткілікті. Мен екі жақтағы пікір иелерінің көбін танымайды екенмін. Дегенмен, халық пікірімен санасып, кітапты сатудан алып тастадық. Сыннан қорытынды шығарып, кітаптың мұқабасын өзгертіп жатырмыз», – деді бізге берген сұхбатында баспагер Бақытжан Бұқарбай.
Айтпақшы, кітаптан шыққан дауға қатысты өз пікірін Facebook желісіндегі парақшасында жариялаған тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаев кәсіби тарихшылар үшін Иван Кирилловтың аты мен жазбаларының таңсық емес екенін айтады. Автор өз жазбасында: «Иван Кириллов I Петр нөкерлерінің бірі, жан-тәнімен империяға қызмет еткені барлық еңбектерінен көрінеді, – дей келе – Қазақтың қарсылығы кітаптың мұқабасындағы сурет пен атауына қатысты айтылып жатқан сияқты, мазмұны мынадай еді дегенді оқымадым. Расында да мұқабадағы «Как управлять казахами» атауы және орыс әскерилерінің алдындағы мүсәпір хан мен тізерлеп отырған ханым намысқа тиеді. Егер осы мұқабамен Кириллов кітабы 1930-1980 жылдары шықса, оны сол заманның қазағы қабылдар еді. Мысалы, Т.Шойынбаевтың «Добровольное вхождение казахских земель в состав России» атты кітабы 1982 жылы жарық көрді. Бір қазақ «неге вхождение?», «неге добровольное?» деп қыңқ еткен жоқ, ал қазір Т.Шойынбаевты ұстап алып сазайын берер еді. Қарапайым қазақ оқырманы біздің тарихшыларымыздың совет заманында қорғаған кандидаттық диссертацияларының тақырыптарын біле қоймайды, білсе, олар да жақсылап таяқ жер еді…» – деген ой түйеді.
Жалпы, «AmalBooks» баспасы шығарған «Как управлять казахами» кітабына қатысты туындаған даудан кейін бірнеше түйін жасауға болатын сияқты.
Біріншіден, қазақ қоғамының отарлау тарихына қатысты қандай да бір деректерге деген қызығушылығы мен қырағылығының артқаны байқалады. Демек, ұлт жадындағы тарихи жаңғыру үдерісі жылдам жүріп, адамдардың өткен мен бүгінге қатысты көзқарасында әділет ұстанымы қалыптасты.
Екінші жағынан, ұлт тарихын зерделеуде біржақты ұстанымдарға жол беруге болмайтыны да айқындала бастағандай. Енді мамандар тарихи дүниені жазу, жариялау барысында, әсіресе, отарлау саясатына қатысты деректерді таразылағанда мұқият болуы тиіс.
Үшіншіден, осы оқиға отандық кітап нарығында оқырман назарына ұсынылып жатқан еңбектерге қатысты қатаң талдау, іріктеу, сұрыптау жұмысының мүлдем жоқтығын да көрсеткендей. Әсіресе, қазақ рухани ортасында көрші елдің баспа және ақпараттық өнімдері ашық әрі шектеусіз айналымда жүрген бүгінгідей уақытта бұл аса маңызды болса керек…

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір