ЗАМАНАУИ РОМАН
19.07.2024
173
0

Мың сан құбылған мына әлем-жәлем дүниеде өзгермеген не қалды екен өзі?! Ақпарат тасқыны, сығымдалған уақыт, күтпеген сағат тілінің жылжуы … әп-сәтте болып жатқан қат-қабат өзгерістердің өзін байыптап та үлгере алмай жатамыз. Сондай өзгеріс-жаңалықтар қазақтың кітабына да, оның ішінде қабырғалы жанр – романға да келіп жеткендей. Қолымызға белгілі қаламгер Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» романын алып отырмыз. Ия, роман – тарихи роман. Бар-жоғы 11 баспа табақ. Тоғыз тараудан тұрады. Прологы мен эпилогын қоссаңыз, әр тараудың есебі бір баспа табақтан-ақ келетін, шай қайнатымда-ақ оқып тастайтын шағын тарихи баян. Әдетте «тарихтың жүгі ауыр» деп жатамыз, көз көрген, көңілге ұялаған тарихи романдар әдетте үш, төрт том, болмағанда кереқарыс киіз кітап болушы еді… 

Бес жыл университетте «әдебиет теориясын» оқығанбыз, жүздеген романды парақтадық, тарихи роман да жазып көргенбіз. Бізді мазалаған сұрақ – шынашақтай баян зілмауыр романға артылатын барша қанұндарға сәйкесе ме, оның бойында «ауыр» жанрдың барша атрибуттары бар ма? Жаңа туындыны қазақ әдебиетінің қоржынына олжа салған жыл құсындай жаңалық дей аламыз ба?..
Романда ғасыр жасаған Бопай ханымның бейнесі шынайы, толымды бейнеленген. Оның шыр етіп дүниеге келгенінен бастап, алғашқы қыз махаббаты, ұзатылуы, балалы-шағалы болуы, салиқалы бәйбішеге, соңында ақылгөй кейуанаға айналуына дейінгі тағдырлы жолы құр жазушылық суреттеумен емес, тартысты оқиға, шешімді іс-әрекет үстінде көрініс тапқандықтан бірден есте қалады. Табиғи жаратылысында айдай сұлу ару өзгеге ұқсамайтын, жаратқанның оң көзі түскен қасиеттерге де ие. Оның «арқасы» бар, сынық та салады, ауруды да жазады. Жас кезінде еркекшора болып өсіп, садақ тартады, жауға да шабады. Күйеуі қаза болған соң генерал-губернаторға, тіптен Ресей патшайымына арнайы хат жазып, астана Петерборға дейін даңқы жетеді. Заманында Әбілқайыр ордасында болған еуропалық суретші Д.Кэстльдің тарихи картинасы да «сөйлейді»: «Патшайым Бопайдың ашық бояулардың жұмсақ та жылы реңімен кескінделген бейнесінен көз алмай ұзақ-ұзақ қарады… «Далалық мадонна дейсіз бе, әлде номад сұлуы ма? … Ал сіз мына мадонна ханымның нәзік сұлулығын да, өжет қайсарлығын да соншама дәл таныпсыз. Әрі сұлу, әрі нағыз ақылды және қайсар әйелдің бейнесінде тамаша көрсете біліпсіз!» (80-б.).
Әлемдік әдебиет дәстүрінде тарихи роман миф-аңыздарсыз, ұлттық ырым-сырымсыз, этнографиялық дәйек­темесіз жазылмайтыны белгілі. Қашанда тарихи романның тілі туралы арнайы сөз болуы шарт. Біз бұл арада суреткердің Әбілқайыр заманының тарихи фонын жұтаңдатпай қоюлата түскенін, сөзді екшеп-екшеп қолданғанын ғана көрсете кетпекпіз. Мәселен, елшігер, мәмілегер, дәругер, (хан отырған) орынтақ, (ханым отырған) емен нар, (батырлар жекпе-жекте) мәрелесті, моншақтағар, қарсақ қалпақты қалмақ, т.б. тілдік қолданыстар жазушы қаламының табысы деп білеміз.
Туындының тұздығы есепті деталь­дарды жазушы көзден таса қылмай, романға орынды кіріктіре білген. «Жау­гершілік жайлаған, жоңғар-қалмақтың алғашқы анталай ұмтылған тұстардағы қантөгісті бастан өткерген бұл мекенде қалған қасіретті, киелі аңыз-белгі осы – Мәні шыңы. Осында Ақбілек қыз мәңгілік байыз тапқан Мәні қорымы бар» (111-б.). Жау қолынан қашып шығып, қапияда айдаһардың аранына түскен Ақбілек қыз туралы көне аңыздың өзі бір арнаулы баянға жүк болғандай. Қарақалпақ Жиен жыраудың «Қырық қызды» жырлауы, Ноғайлыдан қалған елдің жадында сақталып, бүгінге жеткен қыр қыздарының басшысы Гүлайым туралы аңызды тарқата айтуы, болмаса хан Әбілқайырдың орыста аманатта жүрген баласы Қожахметтің кісі есігіндегі ноғай қызының: «Еділді алса – елді алар, енді алмаған не қалар?…Қара мауыты мұшақат бүтін тоғай жерді алар… Жаз кіреге жақсы деп, дулығалы нарды алар…», – деп салған мұңлы әні ошақтың үш бұтындай қарындас ағайынның ортақ тарихынан, зарлы-запыранды тағдырынан сыр шертеді. Осыған жалғас күні бүгінге шейін адайдың бір атасына аруақты ат болып келе жатқан, түгел тау атын иеленген батыр қыз Ақбота туралы аңыз да оқырманды тебірентпей қоймайды. «Жас арудың кіршіксіз тәнін ұшар биігіне алған көркем таудың өріне барып, бет сипап зиярат еткен Әбілқайыр мен Бопай Жем алқабының кең жазирасына, көкжиекпен ұштасқан ұлы қиырына көз тастап, бір әудем мезгіл мұңайып үнсіз тұрды. «Бұл енді өзінің мәңгілік мекенін заңғар ұшарынан тапқан ару қыздың, Ақботаның тауы ғой!» – деп сәл күрсінген Бопай…» (149-б.).
Ханның жолын тосып, бір кездегі біртұтас қазақ қолының Бас қолбасшысы Әбілқайырды қапияда қаза қылған Барақ сұлтанды жазалау эпизоды бұрын көркем әдебиетімізде кездеспеген ерекше этнографиялық дерек-бояулармен бейнеленген (167-170-бб.). Барынша ықшамдалып, сығымдалған шағын баянда қарт Бөгенбай батыр, атақты Әжібай би, Есет пен Шотан батырлар, Мырзатайлардың образдары іс-әрекет үстіндегі қимылдарымен, дастарқан басындағы салиқалы әңгімелерімен де көркем кестеленіп, оларды даралап көрсетіп тұр. Бесінші тараудағы жасы жетпістен асқан Бөгенбай батырдың жәуміт-түрікпеннің Бөрі, Қаһар, Қылыш және Бердіоғлан батырларымен шайқасы, жан түршігерлік жекпе-жектер, оның қара саннан жаралануы, қаралы қазасы өте әсерлі суреттелген.
Кітаптың аты – «Бопай ханым». Бопай аты аталғанда хан Әбілқайырды аттап өте алмайтынымыз тағы ақиқат. Ал қалың қазаққа Әбілқайыр есімі – айға-жылға азық болар алапат айтысты тақырып. Тіптен бүгінде қаулап тұрған «Шыңғыс хан» дау-дамайынан бірі кем емес өртті мәселе. Біріміз оны атаңа нәлет ата жау жоңғарды талқандаған Бас қолбасшы десек, екіншіміз алты Алаштың жолын кесіп, қазақты орысқа бодан қылған сатқын деп өзеурейміз. Әрине, ол күнді көріп-білгендерден ортамызда бүгінде еш пенде жоқ, десек те айтысуы аздай, жаға жыртысуға дайындар да табылады. Бұл да болса көпшіліктің рулық деңгейде ойлануынан аспай, тарихи санамыздың жер бауырлап жатқанының бір белгісі.
Бопай болса, ханның жалғыз жары емес, оның тағы қабат алған қос ханым-қатыны бар. Олардан тараған, өзіне тартқан көкжал сұлтан ұлдары да баршылық. Қай халықтың да хан (патша) ұлдарының, олардың мұрагерлерінің тағдыры қашан да қыл үстінде, қылыш жүзінде шешіліп жатады. Осының бәрін қаузаса жазушының оймақтай романы дилогияға, тіптен трилогияға айналып шыға келері сөзсіз. Екінші жағынан тарихи шындыққа жақындау үшін тарихи тұлғаларды сөз етпеу тағы мүмкін бе?
Хан иесінің қасы мен қабағына қараған Бопай ханым қашан да Әбілқа­йырдың қасынан табылады. Ол қабағы қарс түйілген, үнемі уайым кешіп, күйзелісте жүрген хан Әбілқайырдың жұбанышы, демеушісі болуға тырысады. Күш-қайраты тасыған әуелгідегі бұла батыр сұлтан, кейіннен қаһарлы хан ғұмыр бойы, қырық жыл аттан түспейді. Айналасы анталаған ата жау. Бопай ханым жігерлі сұлтан Нұралыға айтады: «Иә, хан иемізге, әкеңе оңай тағдыр бұйырмай тұр. Ту сыртынан сан жыл шүйліккен жоңғардың бетін қайыруға бар қайратын салған оның енді елінің теріскей батысын бекемдеудің жолындағы әрекеті де, міне, талай жылдан бері арпалыспен, соғыспен өтіп келеді. Еділ бойы мен Жайықты жайлаған елдің шетіне келген орыс-казагы мен қалмағы, қол астындағы естегі аралас жаулардың неше мәрте шайқаста бетін қайтарды. Әкеңнің: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды», – деген жанайқайының тегіннен-тегін айтылмағанын өзің де сезесің ғой» (90-б.).
Сыр жағалаған Әбілқайыр бірде естек-башқұртқа барып иелігіндегі елдің шетіне аяқ басқан жаудың бетін қайтарады, бірде қарақалпақты арашалайды. Торғауыт-қалмақпен, көбінше іштен шыққан жау, діні алмасқан «аузы түкті кәуірмен» арпалысады. Тып-типыл болған Сарайшыққа барып ер Едіге мен Қасым ханның аруағынан медет тілейді. Қырық жыл бойғы қырғында аттан түспей, елін, жерін қорғаған бұл ұлы айқас жолында ол жалғыз емес, жанында ағасы ер Бөгенбай, Есет батыр, Шақшақ Жәнібек және басқа сенімді серіктері, ержүрек қолбасшылары бар… Шақшақ Жәнібек сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: «Артыңда елің бар, өзіңді қолдап, демейтін біз бармыз. Талай қиын-қыстауда бірге болдық, іргеміз алшақтамады, мұны, қатарласым, Әбекем, өзің де білесің. Арқа мен Сыр бойын, Сауран мен Жетісу жерін жоңғардан қорғағаныңда қасыңнан табылған талайғы серігің, мына мен де теңселмес тірегің емеспін бе? Осыны жадыңнан шығармасаң болғаны деген тілегімді де айта келдім!..» (129-б.). Қан майданда батыр ағасынан айырылып қан жұтып отырған ханның аузына да жазушы елдіктің, бірліктің сөзін салады: «Бөкеңдей ағаның қазасын бөлісе келіп білдірген достық айнымастығыңды қабыл алдым, Жәнібегім! Жастық дәуренімізден бірге келе жатқан, бірге өскен қадірлесімсің ғой! Дұшпанға дес бермес ерлігіңді еліңнің мүддесіне арнайтын өзіңдей ердің болғанына тағы да мың тәубе деймін! Орданың билігін ұстаған хандық мұратымды ғана місе тұтпас мына замандағы тірлігімде елімнің басын төмен игізбей, жат жұрттың табанына салдырмау жолында алысып-жұлысқан күрес амалымды ер Бөкеңмен бірге өзің де қолдадың ғой. Кеше де, бүгін де, одан былайғы уақыттарда қасымнан табылатыныңа қашаннан бек сенімдімін!..» (130-б.).
Тарих қайталанады деп жатады, біз қадірлі де қастерлі Шежіре-тарих ақсақалдың айтқанының қайта қайталануынан шошимыз. Осыдан нақ бір ғасыр бұрын ұлы ағартушымыз Халел Досмұхамедұлы атамыз жазып еді: «Он сегізінші һәм он тоғызыншы ғасырдағы патша хүкіметінің саясаты қазақты әбден көндіріп алу болды, қазақтың еткен амалы орыстан құтылу болды. Өткен жүз жарым жылдағы Кіші жүздің тарихы қанмен жазылғандай деп айтса болады». Нақ бүгінде, мынау өзгерген, өркениетті жаңа заманда бұл қауіп толық сейілді деп айта алмаймыз. Әрине, жаманшылықтың бетін аулақ қылсын, бірақ біз сөз етіп отырған жазушы Мәди Айымбетовтың жаңа романында дау-дамайға орын жоқ, ханы сатқындық жасамайды, батырлары елін-жерін жан алысып-жан берісіп қорғайды, олар бүгінгі біздің беймарал тірлігіміз үшін опат болады.
Әрине, Мәди Айымбетовтың «Бопай ханымы» заманауи жаңа романның басы да емес, соңы да емес шығар. Бұл соны дәстүр өміршең болар ма, әлде тағы да түрленіп құлпырар ма, оны өмір көрсетер. Десек те осы жаңа үрдісті, қысқа да нұсқа жазуды, оны ұлттық асыл идея мен құндылықтармен айшықтауды, жас ұрпаққа өткен тарихына көңілі толып, оны жанына жалау ету жолына бағыштай білуді сақа жазушымыздың алдымен қолға алғаны бізді қуантады. Жаңалығы мол, алтын сақадай сом шығарманы Мемлекеттік сыйлық алуға әбден ла­йықты деп білеміз.

Ғарифолла ӘНЕС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір