Фариза апайдың ұлағаты
12.07.2024
60
0

1976 жылдың 25-маусымында Алматыға келдім. Газет-журналдарда бос орын жоқ. Тек «Ұлан», бұрынғы «Қазақ­стан пионері» газетінде бір саңылау көрінді. Редактор Фариза Оңғарсынова іссапарда екен де, газет­тің жауапты хатшысы, жаны жайсаң жігіт Бейбіт Қойшыбаев ескі досындай қабылдады. Бірінші кез­дескен адамын осыншама мейіріммен қарсы алғанына таң қалдым. Сөзінен аңғарғаным, Қапшағай қаласының маңындағы әскери полигонда пионерлердің республикалық «Жас қыран» әскери-спорт­тық ойындарының финалы өтіп жатыр екен. Соған баратын ешкімнің реті келмей, маған қолқа салды. Бұрын-соңды балаларға арнап мақала жазып көрмегенмін. Нартәуекел, келісуге тура келді.
– Мына жігіт – Рахымбай Ханалы, біздің фототілшіміз. Екеуің бірге барасыңдар. Жөн-жобаны түсіндіреді, – деді жауапты хатшы. Рахаңның моторолеріне мінгесіп, Қапшағайға тарт­тық та кет­тік. Құпиясы мол, қызыққа толы балалар журналистикасының есігін осылай аштым.
Рахаң екеуміз дайындаған материалдар топтамасы газет­тің келесі санына бір бет болып шықты. Ертеңіне Фариза апай келіп, менің жазған материалымды оқып, енді қолжазбамды сұратып жатыр екен. Ойы белгісіз журналистің жазған мақаласына сын көзбен қарап, салыстырып көру. «Біреу-міреу жазып берген жоқ па?» – деген күдік те болған сияқты.
Сен туралы апайға айт­тық. Факең: «Мұндай балалар журналисін танымаймын» деп жатыр, – деді бөлім меңгерушісі Сайлаубай Жұбатырұлы. – Қазір редакторге кіресің. Бастықтың сөзін бөліп, қарсы шықпа. Бізде босаған бір орынға жарты ставкадан екі адамды қабылдап, жарыстырып, жарты жылдан ке­йін талант­тысын қабылдайтын үрдіс бар. Абайла, апайдың мінезі шатақ. Қарсы сөз қайтарғандардың «жотасын тіліп, тұз құйып» жіберетін әдеті бар!
Бір кез­де редактор шақырып, бөлмесіне кірдім. Иә, шынында да Фариза апайдың жүзі суықтау екен. Жақтырмағандай сыңай танытып, салқындау қарсы алды.
– Сүлейменов деген балалар журналисін естіген жоқпын!
Мұндай қатқыл сұрақты күткен жоқ едім. Жігіт­тердің ескерткені есімде, барынша шыдап бағудамын.
Мен облыстық, аудандық газет­терде жұмыс істегенімді, балалар тақырыбына мақала жазбасам да оларды жақсы көретінімді айтып, сандырақтап жатырмын.
– Сені жарты ставкаға қабылдаймын, – деді редактор қатқыл үнмен. Жігіт­тердің «апайға қарсы шықпа!» дегені есімнен шығып кетпесі бар ма?
– Мен жарты ставкаға істемеймін, – дедім. Әше­йінде «қой аузынан шөп алмайтын» сабырлы мінезіме жан бітіп, қайдан батылдық пайда болғанын өзім де түсінбей қалдым. Факең жақында ғана еркінсіп, мінез көрсеткісі келген бес-алты журналисті бір күнде жұмыстан шығарып тастапты. Бұл оқиғаны естіген жұрт көпке де­йін есеңгіреп жүріпті.
Факең менен мұндай жауап күтпеген еді. Бұлқан-талқан болып ашуланды. Сұрғылт тартқан кірпі инесіндей тікірейген шаштары міне, міне, маған жебедей атылуға дайын тұрғандай еді! Мінезі қатал редакторға қарсы сөз қайтарып нем бар-ды?! Өзіме де обал жоқ! Жұмыссыз, сеңше соғысып жүрген журналистер қаншама десеңізші!..
Фариза апай маған үнсіз қарады да, арызыма қол қойып берді.

Сурет­те: солдан оңға қарай – Бейсенбай Сүлейменов, мәскеулік ғалым-антрополог Наиль Шаяхметов, Фариза Оңғарсынова, Мәди Айымбетов, Дәуітәлі Стамбеков, Тынышбай Рахым. Сурет­ті түсірген Рахымбай Ханалы

Редактордың бөлмесінен шықсам бір топ болашақ әріптестерім тағатсыздана күтіп тұр екен. Олар қолымдағы арызымды оқып, Фариза апайдың маған мейірімділік танытып, толыққанды қызметкер етіп қабылдағанына аң-таң. Сөйтіп, балалар газетінде қатардағы тілшіден Бас редакторлыққа де­йінгі ұзақ та қызыққа толы, бір мүшел жас өмірім осылай басталды. Ке­йін ойлап қарасам, редакцияда кілең талант­ты, ақын-жазушы қыз-жігіт­тер жұмыс істейді екен. Күләш Ахметова, Сайлаубай Жұбатырұлы, Мәди Айымбетов, Мереке Құлкенов, Тынышбай Рахым, Дәуітәлі Стамбеков, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханов, Болат Қанатбаев, Алпысбай Шымырбай… Ал, Фариза Оңғарсынова менен бала жанын түсінетін тәп-тәуір журналист шығатынын сол кез­де білген екен.
Сол жылдары мазасыздау, «қылышынан қаны тамған» Қазақ­стан Комсомолы Орталық Комитетінің, талабы таудай, ал жақын араласа қалсаң көңілі мейірім шуағына толы Фариза апайдың тапсырмаларын орындап, еліміздің түкпір-түкпірін араладым. Шаршауға да, босаңсуға да уақыт жоқ-ты. «Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін» балалар журналисі, ке­йін балалар жазушысы болып қалыптасуыма ең алдымен Фариза апайдың ұлағаты, балалар басылымының қара шаңырағы «Ұлан» газетінің өмір мектебі еді.
Балалар журналистикасында өзімнің ең таңдаулы, жүрегіме жылы, оқырманның ризашылығына бөленген тамаша, өміршең мақалаларым осы газетпен тікелей байланысты. Бірде 9-мамыр – Жеңіс күні қарсаңында редакторымыз Фариза Оңғарсынова барлық қызметкерлерді бөлмесіне шұғыл шақырып, Бауыржан Момышұлынан сұхбат алу керектігін айт­ты.
– Бөлім меңгерушілері, жазуға қайсың барасыңдар?
Үнсіздік.
Бір кез­де мүлгіген тыныштықты Сайлаубайдың дауысы бөлді.
– Баукеңнен Бейсенбай ғана сұхбат ала алады. Мінезі жұмсақ. Ақсақалдың қаһарына шыдап, тіл табыса біледі.
Сәкеңнің ұсынысын Мәди аға да, Мереке құрдасым да қолдады.
Ойламаған жерден Бауыржан Момыш­ұлының өзінен сұхбат алатын болдым. Бұл сенiмге iштей қуансам да көңiл қобалжулы едi. Кей журналистерге айт­қандай «Кругом, шагом марш!» десе ше? Оның үстiне iссапардан шаршап-шалдығып, таңертең ғана келгенмiн. Шаштың ұшы да еркiнсiп, бұйралана бастаған. Мұндай журналистердi Баукеңнiң жақтырмайтынын, тiптi қуып та жiбергенiн талай естiгенмiн. Сұхбат ойдағыдай шықпаса Фариза апайдан да ұят қой.
Тәуекел. Баукеңнiң үйiне телефон соқтым. Өзiмдi таныстырып, алдағы келе жатқан Жеңiс күнiмен құт­тықтадым. Одан соң газетке сұхбат беруге келiсуiн өтiндiм.
– Онда тез жет, егер тез келмесең айнып қалуым мүмкiн! – Баукеңнің дауысы гүрілдей естілді.
Екi өкпемдi қолыма алып, Баукеңнiң үйiне де жет­тiм. Ақсақал таңертеңгi шә­йін iшiп отыр екен. Менi салқынқанды, сұстана қарсы алып, қолының ұшын ғана бердi. Үстiнде қарапайым қара шекпен. Ал, Баукеңнiң өткiр көздерi өңменiмнен өтiп барады. Сұрғылт тартқан мұрты тiкiрейiп, тура мiне, мiне, маған қарай атылатын сияқты.
– Әлгi телефон соққан бала сенсiң бе?
– Иә, иә.
– Мына жерге отыр.
Баукең төрдегi мамық орындықты нұсқады.
– Апа, мына балаға көже берме, тек қана шәй бер, – дедi. (Әйелiнiң шешесi бірге тұрады екен).
Әже маған шәй құйды.
– Қағаз, қаламдарыңды ал. Сұрақтарыңды қой. Мен дайынмын.
Мен қойын дәптерiмдi алып, жазуға ыңғайлана бергенiмде:
– Журналист, ыхм, қағазың жоқ, қалай жазбақшысың? – деп Баукең мысқылдай сөйледi. Одан соң орнынан тұрды да, көршi бөлмеден отыз шақты парақ ақ қағаз әкелiп бердi.
Жазушымен әңгімеміз кешке де­йін жалғасты.
Бүрсігүні мақаланы жазып, машикаға бастырып, Баукеңмен қайта хабарластым. Газет­тің бет­тері қат­талып жатқан. Мен мақаланы көрсетіп, рұқсатын алуым керек еді.
Баукең бұл жолы жылы қабылдады. Мақаланы оқып бердім. Риза болып, ақ батасын берді. Көпке де­йін жібергісі келмеді. Өткен жолғы үзіліп қалған сұхбатымызды қайта жалғастырдық. Асығып, әрең шыдап отырмын. Баспаханада газет бет­теліп жатыр. Ал менің сұхбатым әлі терілмеген. Баукең сағат төрт­тен аса қайтуыма рұқсат берді. Редакцияға тарт­тым. Қуанғаным соншалық редактордың бөлмесіне жүгіре кіргенім сол еді, Фариза апай екі тілшіге қат­ты ұрысып отыр екен. Жазған мақалаларына көңілі толмаған болуы керек. Мен бөлмеге рұқсатсыз кіргеніме ыңғайсызданып, босағада тұрып қалдым. Жаңа ғана арыстандай айбат­ты Бауыржан Момышұлының алдынан сытылып, әрең шығып едім, енді міне, көкжал қасқырдың алдында тұрғандай күй кештім.
Орайы келгенде айта кете­йін, күні кеше ғана Баукеңнің қаһарына ілігуге сәл-ақ қалып едім. Сол көрініс есіме еріксіз оралды. Мен ең соңғы сұрағымды қойғанмын.
– Бүгiнгi жеткiншектерге аталық қандай бата берер едіңіз?
– Бұл сұраққа мен жауап бермеймiн, жауап беретiндер бере берсiн!
Баукең шындығында да шаршаған екен. Қат­ты ашуланды.
Әңгiмемiздiң соңы осы болған шығар. Қайтуға дайындала бастадым.
– Жаз. Жаңа жолдан! – деген қарт командирдің бұйрықты үні қатқыл естілді.
Мен 43-шi бет­тi бастадым…
– Бүгiнгi жас ұрпақ – бiздiң болашағымыз. Оларға тiлегiм: бiзден асып кетсеңдер ешқандай дауым жоқ. Оған қуанам. Бiзден кем болмайды деп ойлаймын. Аға ұрпақтың өз замандарында iстеген еңбектерiн түсiнiп, бағалап, бұдан былай да табыстың үстiне табыс қосып, адал азамат, еңбекқор болатындықтарына сенемiн…
Баукең тiлектерiн айт­ты да, менен ке­йінгі жазылған сөйлемдердi қайталап оқып беруiмдi өтінді. Оқи бергенiм сол едi, соңғы бет­тi сұрап алды да:
– Мен бұлай деп айт­қан жоқпын! – дедi.
Не iстерiмдi бiлмей, аңтарылып тұрып қалдым. Баукең үстел үстiнде жатқан сiрiңкенi қолына алды. Әлдеқашан сөнiп қалған темекiсiн тұтататын шығар деп ойлағанмын. Жоқ, ол жаңағы параққа от қойып, жоғары ұстап тұрды да, текемет­тiң үстiне лақтырып жiбердi.
– Дұрыстап жаз, түсінбейді деп ойлама!
Бұл жолы Баукеңнiң даусы қырылдап, қатқыл шықты. Орнынан тұрып, бөлмеде теңселiп, сұстана, ерсiлi-қарсылы жүрдi де қойды. Мен кiреберiсте не iстерiмдi бiлмей аң-таңмын. Ойымда таңертеңнен кешке дейiн жазған 42 бет қағазды ақсақалға бермей, аман сақтап қалу, лажы болса қашып шығу жоспары тұрды. Терезеде темір тор. Шыға алмайсың. Ал, кіреберістегі есіктің алдында қаһарына мініп, көздерінен от шашып, кешегі даңқты қолбасшы, бүгінгі ақсақал тұрды. Түсі сұп-суық, мұздай. Мәскеуге де­йін тоқтаусыз жеткен фашистердің Баукеңнен сескенгені рас-ақ екен!
– Мақаланы жазған соң заңды түрде көрсетесiң. Есiт­тiң бе? Көрсетесің!
Қуанып кет­тім. Қолымдағы қолжазбаны аман алып шығу үшiн уәденің бәрiне дайын едiм.
– Әлбет­те көрсетемін! …

* * *

… Редактордың бөлмесінде, кіреберісте әлі тұрмын. Бір кез­де Факең ашуына қайта басты да, әлгі әріптес жігіт­тердің қолжазбасын босағаға қарай лақтырып жіберді.
– Дұрыстап жазып келіңдер! Балаларды шимай-шатпақпен алдауға болмайды!
Факең басын жоғары көтеріп еді босағада үнсіз тұрған мені көрді. «Сен не қылып тұрсың?» дегендей иегін көтерді.
– Баукеңнің материалын алып келдім. Басуға рұқсат берді, – дедім.
Факең қолын созды.
Менің мақалама оқымай-ақ қол қойды.
Баукеңмен сұхбат газет­тің ертеңгі нөмеріне шықты. Даңқты қолбасшы үш-төрт күннен ке­йін телефон соғып, редакторға рахмет айтыпты. Фариза апай мені өзіне шақырып, Бауыржан Момышұлының ризашылық сәлемін жеткізді.
Көп ұзамай «Ақ желкен» журналы жеке шаңырақ көтерді. Фариза апаймен сыйластығым көпке де­йін жалғасып қала берді.
Дүниені дүр сілкіндірген сексен алтының 19-желтоқсанында шұғыл партия жиналысы шақырылды. Қазақ­стан Комсомолы Орталық Комитетіне қарайтын балалар мен жасөспірімдер басылымдарының журналистерін ауыздықтайтын да кез келіпті. Жастарға жол сілтеп жүрген ұйым ойламаған жерден нокдаун алғандай жағдайда жүріпті.
Партия жиналысының күн тәртібінде – Желтоқсан оқиғасына партбюроның бағасы.
Таңертең бір жайсыз хабар естігенбіз. «Ақ желкен» журналының қызметкері, ақын Мейірхан Ақдәулетовтің партия қатарынан шығарылғаны жайлы-тын. Әше­йінде жайма-шуақ жағдайда өтетін партбюро отырысы өте қатқыл түрде жүрді. Оның барысына аудандық партия комитетінің хатшысы Күләйхан Шойбекова қатысты. Қасында нөкері бар. Ме­йірханның жағдайына араша түсу мүмкін болмады. Қайта, біздің ұйымға түскен қара дақ деген сөздер айтылды. Ауданнан келген өкіл: «Ақдәулетовке партиялық кепілдемені кім берді, солардың да мәселесін қарап, олар да партия қатарынан шығарылсын, жұмыстарынан аластатылсын!», – деген ұсыныс жасады. Мейірханға кепілдемені бергендердің бірі Фариза Оңғарсынова, екіншісі мен едім. Факең екеуміз бір-бірімізге таңырқай қарастық. Бізге де тығырық тірелгені ме? Бірақ, іс насырға шапқан жоқ. Әлгі ұсыныс ұйым коммунистерінің табандылығы арқасында қабылданбай қалды. Жиналысты жүргізіп отырған, кеше ғана Мәскеуден «Лениншіл жас» газетіне Бас редактор болып бекіп келген Уәлихан Қалижанов Мейірхан жайлы жылы сөздер айтып, қорғап қалуға тырысты. Бірақ ауданнан келген өкілдер бой бермеді.
Әлі есімде, Мейірханды ертіп, бірнеше рет аудандық, қалалық парткомиссия отырысына бардым. Оны қорғап, жақсы мінездеме беріп, қайта қабылдануын өтіндік. Бірақ, біздің бұл әрекетімізден ештеңе шықпады.
Факеңнің кімді де болса қағып тастайтын өр мінезі, сұсы бар-тын. Әсіресе, танымайтын, ол кісінің сырын білмейтін адамдар сескеніп жүретін. Шындығына келгенде Фариза Оңғарсынованың жүрегі нәзік, пейілі кең, жүзі мейірім шуағымен нұрланып тұратын.
Әлі есімде, Факең анда-санда қызметкерлер отырған бөлмелерді аралап, жігіт­тердің жағдайын сұрайтын. Ең алдымен әдебиет және өнер бөліміне кіріп:
– Дәуітәлі, бүгін қандай өлең жаздың? «Жалаңаш» туындыларыңның біреуін оқы, – деп қаннен-қаперсіз отырған ақын жігіт­тің ойын тығырыққа тірейтін. Мұндай сәт­те Дәу-ағаның бір өлеңі дайын тұратын.
Фариза апай Дәукеңнің өлеңіне риза болып, Тынышбай Рахымға кезекті ұсынады. Тын-ағаң ақындығына сазгер-әншілігі сай, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат қой. Домбырасын қолына алып, құйқылжыта ән шырқайды…
– Осы Сайлаубай, сені жаңа пәтер алды деп естіп жатырмын. Үндемейсің. Келінге сәлем айт, алдағы сенбіде құт­ты болсын айтып барамыз. Дайындықтың керегі жоқ. Өзіміз ішіп-жейтін тамағымызды алып барамыз,–дейді Факең келесі бөлмеге кіргенде. Редактор айт­ты біт­ті. Шегінуге жол жоқ. Ал, Сәкең болса, келіскенін білдіріп, мұртын қайта-қайта сипап, басын изеп тұрады. Ертеңіне көк базардан керекті зат­тарды көтеріп, Сайлаубай ағаның үйіне жеткіземіз. Екі қыз көмекке барып, дастарқанды жайнатып қояды. Алақандай газет ұжымындағы үлкенді-кішілі қуаныштар осылай аталып өтілетін. Ортамызда бала көңіл, дана пейілді Фариза апай жүргені бір ғанибет еді. Әнше­йінде іздесең таба алмайтын, фототілші Рахымбай Ханалы бақыт­ты сәт­терімізді аңдып, суретке түсірумен әлек болатын. Қайран уақыт, көз алдыңнан сағымдай болып өтсе де, жүрегіңде мәңгі сақталып қалатыны заңдылық екен ғой!..

* * *

Арада он шақты жыл өт­ті. Бір күні Фариза апай жұмысыма іздеп келді. Екеуміз шешіле әңгімелестік. Сөз арасында әкем Жолдасбек Сүлейменовтің 70 жылдығына ас беруге дайындалып жатқанымды, әкем атындағы орта мектепті жөндетуге кіріскенімді, тас мүсін бейнесін жасатып жатқанымды, естелік кітап дайындағанымды айт­тым. Апай менің әкемді жақсы білетін. Ол кісі Алматыға келген сайын қарындасым деп Факеңе, ұлымның ұстазы деп академик Рымғали Нұрғалиевке, өзінің өкіл інісіндей көретін Уәлихан Қалижановқа соқпай кетпейтін. Сонау сексенінші жылдардың соңында Фариза апай біздің ауылға арнайы барып, нау­қастанып жатқан әкемнің көңілін сұрап қайт­қаны да есімде. Ал, кешегі әңгімемізден соң араға екі-үш күн салып, Фариза апай әкем жайлы тамаша естелік-эссе жазып әкелмесі бар ма. Естелік кітаптың алғашқы бетінен орын алды.
Шығармашылықтың қай саласында жүрсем де өзімді қазақ балаларының аманатын арқалап жүргендей сезінемін. Өйткені, осы бір киелі де қастерлі шығармашылыққа келуіме, балалар әлеміне жетелеп, бағыт-бағдар берген де – Фариза Оңғарсынова. Бұл – ұлы ұстаздың ұлағаты болса керек!

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты,
«Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір