«Фариза — рух жанартауы»
Сен де, тас та – қастерлі, аспан да – алау,
Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.
Менің мынау өмірге құштарлығым,
Сені жақсы көруден басталған-ау, –
деп басталатын әйгілі жырдың кейіпкері айбынды Атыраудың аяулы перзенті, көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толу мерекесін атап өтті. Бұйығы жатқан Нарынның бүйрегіндей кішкентай Манашта туып, алашқа әйгі болған асқақ рухтың иесі өзі дүниеден өтерден бірер ай бұрын жерлестеріне бейнесәлем жолдаған еді. Сол шағын бейнеролик «Адам баласы жердің қай түкпірінде жүрсе де өзіне тартатын бір ыстық нүкте болады. «Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһары» деген сол…» деген тебіреністі сөздерден басталған еді… Күні кеше Атырауда облыс әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Фариза күндері өтті.

Патша сөздің Фаризасы
«Фариза – рух жанартауы» атты Ф.Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына арналған апталық Ш.Сариев атындағы Көркемсурет музейінде сурет көрмесімен ашылды. Көрмеге ел суретшілерінің Фариза ақын бейнесі мен жан әлемін сомдаған әралуан жұмыстары қойылды. Көрме жұмыстарын Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов бастаған зиялы тұлғалардан бөлек қала тұрғындары, студенттер мен оқушылар еркін тамашалады. Осыдан бес жыл бұрын өткен ақынның мерейлі мерекесінде республикалық симпозиум ұйымдастырылған болатын. Сол кезеңде салынған кәсіби туындылар музейдің алтын қорына қосылып, өнерсүйер көпшіліктің көзайымына айналып кетті.
Өңірдің бас рухани ғибадатханасы – Ғ.Сланов атындағы Облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана жыл басында «Патша сөздің Фаризасы» атты аймақтық эсселер байқауын жариялаған болатын. Көркем сөз бен кестелі ой додасына батыс өңірлерден жүзден астам шығарма келіп түсті. Поэзия падишасының асқақ та, тылсым болмысын барынша суреттей алған туындылар жүлдеге ие болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хатынан:
– Фариза Оңғарсынова – ұлт мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол төл әдебиетімізге жаңа леп әкеліп, қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Халқының ыстық ықыласына бөленіп, поэзия падишасы атанды. Қайсарлық пен қайраткерліктің символына айналған сыршыл ақын өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланды. Теңдессіз туындылары арқылы адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеді. Қазақ аруының биік болмысын, оның қоғамдағы рөлін шеберлікпен суреттей білді.
Фариза Оңғарсынованың шоқтығы биік шығармалары мен өнегелі өмірі әлі талай ұрпаққа тағылым берері анық. Оның есімін ел жадында сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Ақын қыздар Атырауда
Жайық жағасындағы жыр мерекесін ақын қыздар ашты. «Фариза және ақын сіңлілері» деп аталатын бұл поэтикалық жобаның авторы Фариза ақынның өзі болатын. 2009 жылы 70 жылдық мерейлі жасына орай елорда төрінде осынау атаумен кеш өткізіп, елдің әр қиырынан артынан ерген ақын қыздарды жинаған еді. Қазақстан Жазушылар одағы арада он бес жыл өткенде, ұлы ақынның бастамасын жаңғыртып, Атырау облысы әкімдігінің ұсынысымен, Республикалық Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен ақын қыздарды Атырауға шақырды. Фариза туған мекенге өлең туын көтеріп келген қыздардың қатарында белгілі ақындар Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Танакөз Ілиясова, Бақытгүл Бабаш, Ғайни Әлімбекқызы, Жанайым Ауғанбай, Гүлманат Әуелбек, Эльмира Есқожаевалар болды.
Маруся Асаубаева атындағы Креативті орталықта өткен поэзия кешіне жеті жүзге тарта жырсүйер көрермен жиналды. Іс-шараны Атырау облысы әкімінің орынбасары
Д.Шамұратов ашып, қатысушыларды өңір басшысының атынан құттықтады. Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының артистері кеш шымылдығын ақын жырларымен ашты. Ақын қыздар тебірене жыр оқыған өлең мерекесінде Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндер орындалды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ақын қыздарға алғысхаттар табыс етіп, поэзия падишасы туралы естеліктерімен бөлісті.
Атырау жеріне аяқ басқан ақын қыздар аймақтың басты оқу орындары Х.Досмұхамедов атындағы және С.Өтебаев атындағы Мұнай және газ университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Табиғаты тылсым өлкенің киелі нүктелері хан ордалы Сарайшық пен рух дауылпазы Махамбеттің сүйегі жерленген Қаройдағы мұражай-қорыққа экскурсия жасады.
Поэзия кешінен жыл өткен сайын асыл бейнесін шаң баспайтын, заман ауған сайын жаңғыра түсетін алдаспан мінез ақынның рухына арналған ақын қыздардың жыр керуені жалғаса беруі керек деген оймен тарадық.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
Фариза тірі болса, желтоқсанның 25-жұлдызында 85-ке толар еді. Ертелеу кетті. Жалпы, желтоқсан – атыраулықтардың жанына жақын ай. Тоғызыншы желтоқсанда мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов дүниеге келсе, 12-сі сұлу сөздің сүлейі атанған жазушы Зейнолла Қабдоловтың
туған күні еді.
Фариза, шынында, қазақтың рухы. Фаризаның өлеңін оқыған адам рухтанады, жігерленеді.
Манаш деген кішкентай ауыл бар, Манашта біраз жақсы жандар дүниеге келген. Соның бірі – біздің Фариза апай. Фариза дүниеге келгенде ондағы құмның да ықыласы мен махаббаты бөлек болыпты. Манашты «Фаризаның жері» деп ұлықтайтын уақыт жетті.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов:
– Фариза – әдебиет ауқымына, мәдениет ауқымына, жалпы руханиятқа сыймайтын тұлға. Ол басқаша құбылыс, өйткені біз Фариза арқылы «қазақ қызы осындай болған, осындай болған» деген ғасырлар бойы келе жатқан сан түрлі аңыздардың барлығының дәл солай екенін өз көзімізбен көрдік. Қазақтың қызының еркін болғанын, рухты болғанын, қанымен, жанымен батыр болғанын, мінезді болғанын… Қазақ қыз баланы ерекше қастерлеген, қадірлеген. Даңқты дәстүр, ғажайып дәстүр Фаризаның талантының қайнар бастау бұлағы сияқты болып көрінеді. Фариза Атыраудың да, тіпті қазақтың аспанына сия алмайды. Егер қадіріне жетіп, жеріне жеткізіп айта алсақ, негізінде, Фариза – түркі дүниесінің ортақ мақтанышына айналатын тұлға. Әлемдік категориялар бойынша қарағанда да, Фариза Оңғарсынованың өлеңдері ешқандай кемдігі жоқ, әлем әдебиетінің ең жауһар иелерінің қатарына қосылады.

«Жыр – менің планетам»
21 қараша күні Атыраудағы ақын тойының негізгі іс-шаралары басталды. Құба таңмен оянған жырсүйер көпшілік мұнайлы астананың жүрегінде орналасқан Фариза Оңғарсынованың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға асықты.
Н.Балғымбаев атындағы орталықта Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы М.Құлкенов, көрнекті әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Абдрахманов, белгілі заңгер И.Елекеев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Бақтыгереева, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Нұржандардың қатысуымен Республикалық әдеби-танымдық конференция өтті. Алқалы жиында сөз алған алаштың рухани тұлғалары ақын туралы сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті. Конференцияда Ф.Оңғарсынова атындағы Орта мектептің оқушылары және С.Мұқашев атындағы Жоғары политехникалық колледжінің студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Белгілі ғалымдар Оңайгүл Тұржан мен Жанат Әскербекқызының ақын шығармашылығы турасындағы тұшымды баяндамалары тыңдалды.
Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының сахнасында өткен «Фариза – рух жанартауы» атты әдеби-сазды кешті облыс әкімі С.Шапкенов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтауымен ашты. Ақынын сағынған жерлестері оның ыстық бейнесін экраннан көргенде, көз жасына ерік берді. Қайсарлық пен асқақтықтың, ақиқат пен ерліктің, махаббат пен сұлулықтың мәңгі жыршысына айналған найзағай мінез Фариза жырлары сахнадан саңқылдай естілді. Жиылған жұртшылық назарына әдеби-театрландырылған музыкалық-мультимедиалық композиция ұсынылды. Фариза ақынның ұлдары Айвар, Алмас Оңғарсыновтар, бауыры Алмагүл Оңғарсыновалар елдің ықыласына бөленді. Ақын туралы естеліктерін алғаусыз ақтарған, шынайы тебіренген Мереке Құлкенов пен Сауытбек Абдрахмановтың сөздерін атыраулықтар ұйып тыңдады. А.Бақтыгереева мен С.Нұржан жыр падишасы туралы толғана сыр шертті. Кеште ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, көрерменді сағыныш пен махаббаттың толқынында тербетті.Зула, менің жыр-күймем шабыт жегіп,
Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп.
Жүректердің құрсауын ағыт келіп,
Зорлықтардың зардабын шеккендерге,
Әділеттен сыбаға алып беріп! – деп өзі жырлағандай Фариза жырларының миссиясы мәңгілік, мәртебесі тым биік. Оның салтанатты да сұсты, сұлу да дәулетті керуені кең байтақ Отанының бар түкпіріне уақытпен бірге төрлей бермек…
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,
Атырау қаласы