РЕФЕРЕНДУМ – РЕТТІЛІК ПЕН ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ТЕТІГІ
12.07.2024
85
0

Мемлекеттің маңызды мәселелерін шешуде халықтың пікірімен санасу қай жағынан да тиімді. Бұл – көп елдерде қалыптасқан дәстүр. Біздің елде де референдум өткізу қалыпты жағдайда өтіп келеді. Біз мұның айқын көріністерін заң қабылдау, мемлекеттік деңгейдегі күрделі мәселелерді шешу, басқа да жағдаяттарда сезініп келеміз. Иә, референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің бірден бір жолы. Референдум өткізу арқылы алдағы атқарар жолымызды белгілеп аламыз, әрбір әрекетімізді, атқарар істерімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді ақылдаса отырып, таңдаулы жол табамыз. Кемеліне келген, халық болып ақылдасып шешкен мәселе қашанда жеңістерге жетелейді. Осы ретте мемлекетіміздің әрбір адамы өз ұстанымының ел мүддесі үшін маңызды екенін жете түсіне білгені ләзім. Біздің әрқайсымыздың жеке пікіріміз, ұсынысымыз мемлекет үшін аса маңызды. Ортақ Отанымызда әрбір адам өзін мемлекеттің бір бөлшегімін деп санауы тиіс. Сонда ғана ақылдасқан тірлік оң нәтиже береді.

Түптеп келгенде, халықпен ақылдасу, көшелі кісілердің кесімді шешімдеріне құлақ асу бағзыдан бар. Біздің ата-бабаларымыз бір ауыз сөзге тоқтаған. Осы ретте кешегі хандарымыз іргелі істерде халықпен кеңес құрған, бұқарасының батасын алған. Қай кезеңде де қазақ көсемдері Мәңгілік ел құру жолында бас біріктіріп, бір тудың астына жиылған. Кешегі ұлылар өз мақсат-мүдделерін, арман-тілектерін Қаратаудағы, Ұлытаудағы жақпар тастарға қашап қалдырған. Бұл бірлік пен танымның белгісіндей бізге жетті. Біз осы таңбалы тастағы жазулар мен бейнелер арқылы бабалар аманатын аңғарып отырмыз. Олар мұны еріккеннен істеген жоқ. Тұтас қазаққа айтар сөзін тасқа жазды. Оны әрі өткен, бері өткен халық оқып, ортақ шешімге келді.
Бабалар жолымен халықпен ақылдасып барып, іс жасау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да дара жолы болып келеді. Президент осы уақытқа дейін бірнеше рет референдум өткізді. Әрбір қазақстандықтың таңдауы маңызды. Олар біріге, тұтаса келе, біртұтас елдің таңдауына айналады.
Бір мысал. Елімізде Конституциялық реформа жасалғаны белгілі. Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгерді. Конс­титуцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы – халықтың меншігі, байлығы» деген бап енгізілгені белгілі. Бұл – халқымыздың басты талабының бірі еді. Президент Жаңа Қазақстандағы әділеттіліктің орнауы туралы әрдайым айтып келеді. Қолданыстағы Конституцияда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп жазылған. Әрине, бұл –дұрыс таңдау. Табиғи ресурстардың қызығын қарапайым халық та көруі керек-ақ.
Сонымен қатар, Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартты. Тәуелсіздікті қалыптастырудың, мемлекет құрудың бастапқы кезеңінде бұл даму үрдісі қажет болатын. Дегенмен, заман бір орнында тұрмайды. Өзгерістерге сай оң бетбұрыстар керек. Сондықтан суперпрезиденттік басқарудан дамыған елдердегі секілді мықты Парламентке сүйенген президенттік республикаға көштік. Осыдан барып Парламенттің құзыры мен рөлі күшейді. Мұндай жүйе биліктің үш тармағының (Парламент, сот және атқарушы биліктің) оңтайлы тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септесуі тиіс еді. Қазір суперпрезиденттік басқару келмеске кетті. Биліктің бір тармағы Үкіметке берілді.
Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы өзіне қатысты салмақты шектеулерді қабылдады. Әуелі «Amanat» партиясының кезектен тыс XXIII съезінде Қ.Тоқаев билеуші партияның төрағасы өкілеттігінен бас тартты. Сондай-ақ Конституциялық түзетулер нәтижесінде Президент өз өкілеттігін атқару кезеңінде кез келген партияға мүшелігін уақытша тоқтата тұруды жөн деп тапты. Бұл елдегі саяси бәсекені арттырып, саяси монополияны жояды, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасалады деген ізгі тілекпен жасалған қадам. Әрине, сайлауға қатысатын әрбір күшке тең мүмкіндік ашылады. Мұның жарқын көрінісін кешегі сайлау кезінде көрдік. Депутаттыққа барлық партиялардың өкілдері енді.
Барлық өкілеттік бір қолға шоғырландырған жағдайда теңсіздік белең алатыны белгілі. Қолында барлық билік бар адам білгенін жасамақ. Сондықтан бұған тосқауыл қою үшін барлық әкім мен орынбасарына партия филиалдарына төраға болуға тыйым салынды. Бұл көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға жол ашып қана қоймай, өз тиімділігін танытты.
Бүгінде ауыл, аудан әкімдері сайланып барып тағайындалып жатыр. Бұл кімнің қолынан іс келеді, соны басшылыққа тағайындау деген сөз. Әрине, жергілікті тұрғындар өздері қалап, сайлап алған әкімнен көп үміт күтеді. Осы тәжірибе қолданысқа енді. Бұдан былай облыстардың және мегаполистердің әкімдерін тағайындауда сайлау арқылы жүзеге аспақ. Осыған дейінгі қалыптасқан тәжірибе бойынша өңір әкімдерін мәслихат келісімімен Президенттің өзі тағайындап келгені белгілі. Қазір әкімдердің кандидатураларын келісімнен өткізудің жаңа тетігі жүзеге асырылуда. Бұдан былай Мемлекет басшысы қандай да бір облыс не республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына жалғыз емес, бірнеше кандидатты баламалы негізде ұсынады. Оларды облыстық немесе қалалық мәслихат депутаттары қарап, арасынан біреуін таңдайды. Демек, бұдан былай облыс әкімі де сайланады. Қалай дегенде де нақты іс жүзінде аймақ басшысы кім болатынын жергілікті депутаттар таңдайды. Ендігі кезекте Мемлекет басшысының жұмысы да жеңілдейді. Ол көпшіліктің дауысын жинаған үміткерге тағайындау туралы жарлық жазады. Әрине, бұл демографияның бір көрінісі әрі референдумның өзектілігін көрсетеді.

Бұрынғы Мемлекет басшысы көрпені өзіне қарай көбірек тартқанын бүгінде халықтан жасыра алмайсыз. Бұл ретте Қ. Тоқаев өзінің туыстарына қатысты да қатаң шектеу қабылдады. Оның жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші бола алмайды, квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда басшылық лауазымдарды атқаруға да шектеу бар. Президент бұл шешімнің қаңтар оқиғаларының сабағынан соң туындағанын ашық айтты. Өйткені, мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы түрлі келеңсіздікке ұрындырады. Нақтысы, оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтері анық. Мемлекет ешқашан жекенің қолында болмауы керек.
Қазақстан халқының референдумда Ата Заңға жаңа қосылған түзетулері арқылы Президенттің өкілеттігі біршама азайды. Ендігі жерде, Мемлекет басшысы облыстардың, мегаполистердің әкімдері қабылдаған шешімдерді, шығарған актілерді жою, ол құжаттардың күшін тіпті уақытша болса да тоқтата тұруға да араласпайды. Мұны былай қойғанда Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін де лауазымынан босатпайды. Өйткені Қ.Тоқаев бастамашы болған саяси жаңғырулар аясында елімізде ауыл және аудан әкімдері сайланады. Қажет болғанда және басқалай жағдай туындағанда, ауыл, аудан жұртшылығы өзі сайлаған әкімін қызметінен өздері алып тастай алады. Жаңа референдумның тиімді жақтарының бірі осылай көрініс тауып отыр.
Жасырып-жабулайтын ештеңесі жоқ, бізде отыз жыл бойы билік бір ғана адамның қолында болды. Барлық мәселені бір ғана адам шешіп отырды. Мұның өзі терең ойластырғанда бір ғана адамның билігін нығайтып қана қоймайды. Ол қанша жерден ақылды, физикалық жағынан мықты адам болғанымен, барлығына бірдей араласуға мүмкіндігі жетпейді. Ал, жергілікті жерде қандай да бір мәселені тұрғындармен ақылдасып шешсе, ықпалы да әсері де мол болады. Жергілікті биліктің дербестігі ілгерілеу тетігі болмақ.
Президент бастамашы болған Ата заңға түзетулер мемлекетіміздің басқару моделін және саяси жүйесін түбегейлі өзгертті. Нәтижесінде қазіргі «геосаяси дауылға» тап болған аумалы-төкпелі әлемде қазақ елінің қуаттануына, тұрақтылығының нығаюына, экономикасының өркендеуіне қажетті жағдайлар жасалып келеді. Ал осы өзгерістер қарапайым адамға не береді? Жаңа Қазақ­станда жас ұрпақ үшін мемлекеттік дамудың ең озық моделі енгізілді. Мемлекетте жасалып жатқан барлық жаңғыру жарқын болашаққа, демек жастарға арналады.
Сонымен, референдум – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру екен. Елімізде осы уақытқа дейін төрт референдум өткен екен. Алғашқы референдум 1995 жылдың 29-сәуірінде өтті.
Соңғы референдумнан соң неге қол жеткіздік? Жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болды. Қазақстандықтар тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алады. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеу жолдағаны белгілі. Ол Референдум нәтижесінде билік, тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға, мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға мүмкіндік туғанын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғанын атап көрсетті.
Қалай дегенде де референдум – халық таңдауы. Біздің халық «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Келелі келісімдер, шымыр шешімдер, ордалы ойлар халықты барлық тығырықтан алып шығары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуде халық тығыз топтаса алғанда, адаспаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басты ұстанымы – күн дидарлы Қазақстанды әлем жұртшылығы алдында көшбасшылар қатарына қосу. Сайып келгенде, референдум – халықтың үні, халықтың мүддесі.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір